АДАМДЫҚТЫҢ КЕНІШІНЕН НӘР АЛҒАН

АДАМДЫҚТЫҢ КЕНІШІНЕН НӘР АЛҒАН

«Сайраған ізім жатыр жер бетінде...» деп дауылпаз ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, өзің дүниеге келіп, құлдыраңдап ойнап өскен жерде, туған елің азамат деп атқа қондырған алтын аймақта, өмір жолдарының бастауымен болған басқа да өңірлерде өзіндік қолтаңбаңды, ізіңді қалдырғанға, қалдыра білгенге не жетсін, шіркін!? Қашанда жақсылығыңа қуанып, сыртыңнан тілеулес болып отыратын ағайын-туған мен жора-жолдас, жалпы қалың көпшілік «Мына шаруаны азаматым атқарып кетіп еді, мына бір мәселе де соның бастамасымен шешілген болатын, өркені өссін!» деп марқайып отырса, сүйініштің көкесі, бақыттың нағыз өзі де сол емес пе? Бұл жағынан алғанда белгілі қоғам, мемлекет қайраткері, ел-жұртқа танымал азамат Серік Үмбетовті бақытты жан деуге болады.

Бүгінде «Жетісудың жауһар қаласы» атанып, уақыт өткен сайын құлпырып, жасаңғырай түсіп келе жатқан ару Талдықорғанның өткен тарихын Серік Әбікенұлынсыз көзге елестету қиын. Сонау бір жылдары шаруасы қожырап, тозыңқырап кеткен қаланың тіршілігі облыс орталығы статусын алғалы қайта жанданды. «Қайынына жүретін жас жігіттей, Талдықорған барады сұлуланып» деп кезінде Тұманбай ақын жырлағандай, шаһардың бүгінгі келбеті көңіл қуантып, көз сүйсін­те­тін­дей дәрежеге жеткен. Сол қаланың тұлабойына қан жүгіртіп, еңсесін тік­теуі­не көп еңбек сіңірген басшылардың бірі Үмбетов болатын.

БАРДЫҢ ТҮБІ ОҢАЛАР...

Жалпы еңбек етіп, қызмет атқарған жерлеріне балдай батып, судай сіңіп, сол өңірдің тумасындай болып кететін адам­дар болады. Біз білетін Серік Үмбетов те сондай текті азаматтардың қатарында. Мұны «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», яғни бір өңірдің немесе бір рудың ғана жоғын жоқтама, жалпы ел-жұрттың қамын же деген тұжырымды берік ұстанған басшының асыл қасиет­те­рінің арқасы десек, ешбір асырып айт­қан­дық бола қоймайды. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дегендей, Серік Әбі­кен­ұлының мұндай қасиеттері көршілес ау­дан­дардан ғана емес, Қазақстанның ба­тыс өңірінен, Түркіменстан мен Қара­қал­пақстаннан көшіп келген ағайындар қо­ныс­танған Күрті ауданында қызмет ат­қар­ған жылдары, Алматы облысын бас­қа­рып, Талдықорғанда тірлік кешкен уа­қыт­та, Жамбыл облысына әкім болып, көне тарихы бар Таразды түрлендірген кезеңде әсіресе жарқырай көрінген. Содан кейін де шығар, бүгінде өзі туып-өскен Жам­был ауданының жұртшылығы ғана емес, Күрті өңірі мен Талдықорғанның, көне Тараздың тұрғындарының қай-қайсысы да Серік Әбікенұлын өздерінің жерлесі, өздері өскен өңірдің азаматы санайды, соған орай орынды мақтан етеді.

Аудандар мен облыстар тарап, ірі­ле­ніп жатқан 1997 жылы аз да болса мәз тарихы бар Күрті ауданының да тара­ты­ла­тыны мәлім болды. Сол кезде осы уа­қытқа дейін айтарлықтай лауазымды қыз­меттер атқарып келген азаматтардың ал­дағы уақытта немен айналысып, қандай қыз­метке орналасатыны, қай өңірге қо­ныс аударатыны жөніндегі мәселе туын­да­ды. Шамасы келгендер Алматы сияқты ірі қалаларға қоныс аударып жатты. Әйт­се де тіршілігі қайнап жатқан үлкен ме­га­полистен бәріне бірдей қызмет пен жай­лы пәтердің табыла қоймайтыны ай­қын еді. Сондай бір қиын шақта осы өңір­дің туғанындай болып кеткен арқасүйер азамат Серік Әбікенұлының көмегі көп­ші­лікке тиген болатын. Бұған дейін де күр­тілік тұрғындар арасында бірнеше рет жиын өткізіп, жағдайды түсіндірген облыс әкімінің бірінші орынбасары ау­дан­ның тарауына байланысты Алматы қа­ласына немесе басқа да аудан орта­лықтарына көшіп барған азаматтарға қыз­метке орналасуға барынша көмек­те­се­ті­нін ашып айтты.

Мұның тамыр-таныстық немесе жа­қын­дарын лауазымды қызметтерге та­ғайындау деген мәселемен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны анық еді. Өйт­кені, ауданның тарап, ойламаған жерден қиындық көріп жұмыссыз қалған тұр­ғын­дардың, соның ішінде кешегі білікті деген қызметкерлердің жан-жаққа көшіп жатқанына ешкім де кінәлі емес қой. Олардың көпшілігі ертеңгі күніміз не болады дегендей дүдәмал, алаңдаулы күй­де болды. Дәл осындай жағдайда қол ұшын созғанды басшылық міндетін атқару ғана емес, тарап жатқан аудан азаматтарының алдындағы адамгершілік парызын өтеу десе болғандай еді. Осы аудандағы шаруашылықта еңбек жолын бастап, бригадирліктен кеңшар дирек­тор­лығына дейінгі қызмет баспал­дақ­та­ры­мен жүріп өткен, содан кейінгі жерде Тоқаш Бокин атындағы кеңшарды бас­қа­рып, ауданға жемісті басшылық жасаған Серік Үмбетов бұл орайдағы азаматтық парызын ойдағыдай өтеп, үлкен адам­гер­ші­лігін танытты. Алматы қаласы мен оның айналасындағы аудандарға көшіп бар­ған азаматтардың барлығы дерлік жұ­мыспен, қызметпен қамтылды. Олар­дың барлығы сол өңірдің жергілікті тұр­ғын­дары мен ауданға тағдырдың қалауымен жан-жақтан, соның ішінде, жоғарыда айтып өткеніміздей, басқа респуб­лика­лар­дан көшіп келіп қоныстанған қан­дас­та­рымыз болатын. Бүгінде олар кездесе қалғанда бір-біріне көптен көріспей кет­кен бауырлардай құшақ жаяды, сағы­ны­сып қалған туыстардай шұрқырасып та­бысады. Олардың бәрін біріктіріп жі­бер­ген де басшылықтың ешкімді алала­май қандай жағдайда болсын тең ұстауы, қыз­метке туыстық, жерлестік жағына емес, іскерлік қасиеттеріне қарап та­ғайын­дауы әсер еткендігі анық еді.

Ақшиге алыстан ат арытып көшіп кел­ген сондай қандастарымыздың бірі бұ­рындары Қарақалпақстанда тірлік кеш­кен Ал­пысбай деген азамат болатын. Ал­ға­шында шама-шарқынша қарапайым ғана баспана тұрғызып, қоршауын жергілікті материалдардан құрап алған Алпекең бо­ла­шақта кеңшар директорымен, аудан әкі­мімен көрші боламын деп ойламаған да шы­ғар-ау. Көрші болған кезде де аудан бас­шысымен күнделікті тілдесіп, жақын ара­ласып кетемін деген ойды көңіліне ұя­латпаған. Әйтсе де «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген тұжырымды берік ұста­натын Серік Әбікенұлы Алпекеңді жақын тартып, көмектесіп тұруды әдетке айнал­дырды. Ең алдымен көше жақтағы, екі ара­дағы қоршауын түзеп беріп, дүкен сөрелері бос қалған сонау тоқсаныншы жылдары көршісінің ұсақ-түйек керек-жарағына дейін көмектесті. Кейінгі жылдары Ал­пе­кеңнің бұрынғы көршісін іздеп Алматы мен Талдықорған, Тараз бен Астана қала­ларының арасында ап­талап сапарлап жүргеніне талай рет куә болдық. Аудан тарағаннан кейінгі жыл­да­ры ол Қарасай ауданының бір елді ме­ке­ніне қоныс ауда­рып, жайлы мекенге жай­ғас­ты.

Серік Әбікенұлы дәл осындай қара­пайым қалпынан аз ғана уақыт Кегенде тұрғанда да, қызмет бабымен Алматы мен Талдықорғанда, Тараз бен Астанада тірлік кешкенде де айныған жоқ. Ақшиде абыз қария Абылай ақсақалды қалай құр­мет­те­се, Жетісуды басқарған жылдары Сей­дах­мет Қосжанов, Наурыз Қыл­ыш­баев, Егеу­бек Далбағаев, Совет Оразаев, Әлімқұл Жам­былов, Әлмен Аханов секіл­ді қария­лар­ды да солай қадірлеп, бата­ла­рын алып, абы­ройларын асқақтатып отыр­­ды. Өмірдің ащы-тұщысын татып, көпті көрген, көңіл­деріне де көп нәрсе түйген қарияларға кө­шеде көлігін тоқ­та­тып сәлем беретін әде­тінен еш жамандық көр­ген жоқ. Соның жар­қын белгісіндей болып Серік Әбікен­ұлына деген шынайы алғыс пен ақ тілек арқалаған жылы лебіздер «Жетісу» газе­ті­не облы­сы­мыз­дың түкпір-түкпірінен ғана емес, көр­шілес Жамбыл облысынан да көп­теп келіп жататын.

«Бардың түбі оңалар, жоқтың түбі жоғалар», «Жоқ», «жоқ» дей берсең жоқ­шы­­лық төріңе шығып отырып алады». Серік Әбікенұлының өмірден түйген тұ­жы­рымдарының бірі осы ақиқатқа келіп сая­ды. Содан кейін де шығар, сонау тоқ­саныншы жылдардың өзінде ол кісінің ау­зы­нан «жоқ» деген сөзді естімеппіз. Аудан мен облысқа басшы болып жүрген жыл­да­ры қиындық көріп алдына келген адам­дар­дың тауанын қайтармайтын. Заң талабына сай қол ұшын созудың жөні келмесе, іскер азаматтарға өтініш жасап, көмектесудің әйтеуір бір ретін табатын. Содан кейін де шығар, ақын Рафаэль Ниязбек өзінің Серік Үмбетовке арнаған «Болашақтың төрінен көрем сені» атты поэмасында үй ала алмай тарығып, зарығып жүрген қарияға «Үм­бе­товке барыңыз» деген кеңес береді.

Қадіріңді ер жоқта білсін бе елің,

Күңіреніп, ақсақал, күрсінбегін.

Үмбетовке барсаңыз жағдай айтып,

Ашылады бұлтынан тылсым көгің, – деген тебіреніске толы жолдар көп жайт­тан хабар беретіндей.

Дәйім халықтың ішінде жүріп, көп­ші­ліктің ойын, көңіл-күйін дөп басатын ақын бұл поэмасында да сол көпшіліктің атынан сөй­лей келіп:

Серік мырза!

Жолыңды кім кеседі,

Көңіліңнен көктем боп жыр еседі.

Қайда сапар шексең де,

Ізіңе ылғи

Жақсылықтың тербеліп гүлі өседі, – деген түйін жасайды.

Шынында да Үмбетов жүрген жерде ізгіліктің гүлі өсіп, татулық пен береке шынарының тербелетіндігі рас.

Дәл осындай принципті зама­ны­мыз­дың біртуар тұлғасы Дінмұхаммед Ах­мет­ұлы Қонаев ұстанған деседі. «Қарапайым адам республиканың бірінші басшысына оңайлықпен кіре алмайды. Ондай адамдар басқа жерде шешімін таппаған өтінішімді енді осы кісі орындай ма деген үлкен үмітпен келеді. Содан кейін де ол адамның тілегін мүмкіндігінше қайтармаған жөн», – дейді екен Димекең.

Серік Әбікенұлының ұлтжандылығы, адамгершілігі бір көрген адамға да бай­қа­лып тұрады. Соған орай мына бір жайтты айтпай кетуге болмайтын секілді. Жол түсіп Қытайдың Үрімжі қаласына барған ол негізгі жұмысы аяқталғаннан кейін қала аралауға шығады. Ондағы ойы – қа­ла­мен, оның тұр­ғын­дарымен жа­қы­нырақ танысу, ре­ті келіп жатса сол жақта көптеп тұ­ратын қандас аға­йындармен әң­гі­мелесіп, жағ­дай­ларын білу. Ой­ла­ға­нындай-ақ кө­ше­ден екі қазақ жігіті кездесе кетеді. Шет жақта тірлік кешіп жүрген аза­маттардың жүздері жабырқаңқы, киім­дері де жүдеу көрінген соң қарсы болғандарына қа­ра­май екеуіне бір қабат киім сатып әпереді. Т­а­мақ­та­нып отырып ақ­та­рыла әң­гі­мелеседі.

– Аға, осы жер­дің тәртібімен тәр­биеленіп, қ­­а­зақтың бауыр­мал­ды­ғы мен қайы­рым­дылығын ұмы­т­а бастадық. Үл­кен­деріміз қа­зақ­тай қасиетті халық жоқ дегенді ауыз­дарынан тас­та­май­ды. Сізден сол на­ғыз қазақылықты танып, көріп тұрмыз. Өзіңізбен сөйлесе келе Қазақ­станға қоныс аударғандар қандай бақытты деген ойға қалдық. Алла бұйыртса, біз де елге же­тер­міз, – деп тебіренген жігіттер ойда жоқта кездескен ағаларын қонақүйге дейін шығарып салып, қимай қоштасқан.

 

ҰЛТ МӘДЕНИЕТІНІҢ

ЖАНАШЫРЫ

Алматы облысының орталығы өз­гергенде ең алдымен талды­қорған­дық­тар­дың қатты қуанғаны белгілі. Әйтсе де бірқатар шалғай аудандар тұр­ғындарының, әсіресе Алматы өңірі тұрғындарының арасында бұл шаһарды өмірінде көр­меген адамдар да жоқ емес еді. Олардың көңі­лін­де «Тал­ды­қор­ған қандай қала болды екен, шаһарда қандай өндіріс орын­да­ры, нендей оқу орындары бар, ол жаққа қалай жетуге болады?» дегендей дүдәмалы көп сұрақтар да болды. Өз кезегінде Алматы қаласының маңындағы аудандар мен қала­лардың жайын жетік біле біл­мей­тін жерлестеріміз бұл ай­мақ­тан да көптеп кездесетін. Ал­­маты облысында Үм­бе­тов­тің бастама­сы­мен өткізіле бас­таған аудандар мен қала­лар­дың мәдени күндері осы дүдәмалды ше­шу, екі өңір тұрғындарын осындай ша­ралар арқылы жа­қын­дастырып жіберу мақ­са­тымен ұйымдастырылған бо­ла­тын. Алға озып кетіп айтатын болсақ, бұл мақсат ойдағыдай орындалды.

Облыс орталығындағы азық-түлік ба­ға­сының ша­рық­тап кетпеуіне шар­уа­лардың өз өнімдерін еркін саудалауына мүм­кіндік беретін ком­му­нал­дық базар қазіргі кезде де үл­кен ықпал етіп отыр. Қала тұр­ғын­да­рының жайын ойлап бұл базардың да не­гізін қалап, ұйымдастырған Серік Үмбетов бо­латын.

Біраз күннен кейін еліміз бойынша Байланыс және ақпа­рат қыз­меткерлері күні аталып өтеді. Байланыс қызмет­кер­лерін қай­дам, жур­на­листердің кәсіби мерекесі Жетісу өңірінде өз­геше той­ланады. Жыл бойы жемісті, бел­сенді жұмыс іс­теген жур­налистерді облыс әкімі қабыл­дап, ма­ра­пат­тайды. Мерейлі шарадан рес­пуб­ли­калық бұ­қа­ра­лық ақпарат құ­рал­дарының бас ре­дак­торлары мен өңі­рі­мізде жұмыс іс­тей­тін мен­шікті тіл­шілер де қалыс қалмайды. Бір сөз­бен айтқанда Алматы қаласы мен об­лы­сы­ның жур­налистері осы күні кө­те­ріңкі көңіл-күйде бас қосып, арқа-жарқа бо­лып қалады.

Мұны айтып отыр­уы­мыз­дың да өзіндік себебі бар. Олай дейтініміз, игі дәстүрді лайық­ты жалғастырып, мерекелік бас қо­суға республикалық басы­лым­дардың бас редакторларын қатыстыру жөніндегі ше­шім­ді қабылдаған да Серік Әбікен­ұлы бо­латын. Осылайша мере­ке­лік шара түрлі мен­шіктегі ба­сы­лым­дар бас ре­дак­торл­а­ры­ның, өңірдегі жетекші жур­на­лис­тердің өзін­дік бір келелі кеңе­сіне айналғандай әсер қал­дыратын. Ондай бас­қо­су­лар­да басқа мәселелермен бір­ге өңір­де осы уа­қытқа дейін шешімін таппай келе жатқан өзекті мәсе­лелер де көтеріліп, небір сал­мақты ойлар ортаға тасталып, көп ретте кейін­дері жүзеге асырылып жататын құн­­­ды ұсыныстар да ай­ты­латын. Орайы кел­генде айтып өту керек, Серік Әбікенұлы қа­лыптастырған бұл дәстүр бү­гінгі күнге дейін жүйелі жал­ға­су­да.

Ұлт мәдениетінің жанашыры обл­ыс­тық «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттері таралымының айтарлықтай молайып, жағдайының жақсаруына да көп ықпал етті. Облыс әкімі лауазымына тағайын­далғаннан кейін араға шамалы ғана уақыт салып екі газеттің ұжымымен кездесу өткізген Серік Әбікенұлының назар ау­дар­ған ең басты мәселесі басылым жур­на­листерінің жағдайларын жақсарту бол­ды. Нә­тиже де көп күттіре қойған жоқ. Қос газеттің де материалдық базасы нығайды. Соған орай мазмұны да байып, оқыр­ман­дарының қатары айтарлықтай молай­ды.

Қай кезде де журналистердің мерейін асырып отыратын Серік Әбікенұлы ақын-жазушылар мен басқа да өнер адамдарына жағдай жасауды да ұмытқан жоқ. Сол жылдары облыс аумағында тұратын, қар­жы тапшылығына байланысты кітаптарын шығара алмай жүрген қаншама ақын-жазушылардың, суретшілер мен саз­гер­лердің шығармалары облыс әкімінің қам­қорлығымен кітап болып басылып шықты. Бұл мақсатқа арнап сол кезде жылына 30 миллион теңгеден астам қаражат бө­лі­нетін.

Дарынды қаламгерлерге, көп ретте жұмыссыз қиындық көріп жүрген ақын-жазушыларға облыс әкімінің стипендиясы тағайындалды. Облыс аумағында тұратын қаламгерлерді әр тоқсан сайын белгілі бір ауданда, табиғаты көркем жерлерде қабыл­дауы бүгінде ұмыт бола бастаған шығар­ма­шылық сапарларды еске салатындай еді. Ақын қауымы ондай сапарлар барысында шабыттарын шалқытып жыр нөсерін ағытса, жазушылар келелі ой толғап, тағылымды сыр шертетін. Ал енді оның жекелеген қаламгерлерге көрсеткен құр­ме­ті өз алдына бөлек әңгіме. Марқұм Ер­кін Ібітановтың мына бір өлеңі сондай бір құр­меттен кейінгі тебіреністің жемісі екендігі анық.

 

Мың алғыс саған бүгін, Серік інім,

Ұшырдың көкке қарай мені бүгін.

Өйткені Еркін атты тақыр ағаң,

Шалқайып ішінде отыр көлігіңнің.

 

Шынында мен пенде едім, пақыр едім,

Өмірімді өлеңге сатып едім...

Алайда жыр додасын сырттан бағып,

Тауымның шатқалында жатыр едім.

 

Өтті менің қия жол – белес күнім,

Белестерден жеткізбес елес қудым.

Серігім, соны сезіп қаладағы,

Апайтөс ақындармен теңестірдің.

 

Ол, рас, халқым мені желпін дейді,

«Мұқағали інісі – Еркін» – дейді.

Сондықтан да бұл ағаң кей кездерде,

Өлеңінің лебінен өрт үрлейді...

 

Сен сыйладың – Мен лаулап

жалындадым,

Бұл, сірә, жалқаулықтан арылғаным!

Сыйлағаның – сенгенің!

Түсінемін...

Сенгеніңді сертім деп қабылдадым.

 

ТІЛГЕ ЕСКЕРТКІШ

ОРНАТҚАН ТҰҢҒЫШ АДАМ

Әр қала мен әрбір облыс орталығының басқа елді мекендерге ұқсай қоймайтын өзгешеліктері, өзіне ғана тән айшығы мен ерекшеліктері болады емес пе? Сол сияқты Талдықорғанның да өзіндік ерекшеліктері жоқ емес. Бұл жайында сөз болғанда ойымызға облысты Серік Әбікенұлы бас­қарып тұрған кезде салынған немесе салына бастаған «Жастар» спорт сарайы мен Достық үйі, Тіл сарайы, орталық ме­шіт, теннистік корт пен көгал­да­ғы хоккей ста­дионы сияқты әсем ғи­ма­раттар, ұлттық салт-дәстүрлерімізді ар­дақ­тау мен са­лауатты өмір салтын на­си­хат­таудың жар­қын үлгісіндей болып көз тар­тып тұрған ақшаңқан киіз үйлерге ор­на­ласқан қы­мыз­ханалар оралады.

Аталған ғимараттардың қай-қайсысы да қала қонақтарына мақтана көрсететін сәулетті құрылыстар. Мәселен, қазақтың киіз үйінің шаңырағы үлгісінде дөңгеленте салынған, қаланың дәл кіреберісінде орналасқан Спорт сарайы шаһар қонақ­та­рының назарын бірден аударады. Аталған ғи­марат заманауи талаптардың қай-қай­сы­сына да сай келетіндіктен бүгінде мұнда об­лыстық қана емес, республикалық дең­гей­д­егі спорттық жарыстар да жиі өт­кі­зі­леді. Облыстық, қа­ла­лық деңгейдегі түрлі шараларды өткізуге де таптырмайтын орын.

Тіл сарайы рес­пуб­­ликамызда ғана емес, әлемнің ешбір елінде кездеспейтін өзгеше құрылыс де­сек, ешбір асырып айт­­­қан­дық бола қой­майды. Мұның өзі ең алдымен Үмбетовтің мем­ле­кет­тік тілге де­ген ай­рық­ша құрметін біл­ді­ре­тін­дей. Мем­лекеттік тілдің қол­данылу ая­сын ке­ңей­туге ба­ғыт­талған ша­ра­лардың бар­лығына қолдау біл­діріп оты­ратын әкім алқалы жиын­дарда, жұмыс са­­парымен бар­ған жер­­­лерінде дәйім ана ті­лінің ме­рейін асы­рып оты­ра­тын. Атал­ған ғи­ма­рат­та қазіргі уа­қытта да мем­ле­кет­тік тіл ме­рейін өсі­ре­тін шаралар көптеп өткізіледі.

Бүгінде мұнда 702 тың­даушы үш тілді оқып-үйренеді. Ғи­ма­раттың сәулетті дөң­гелек залында өтетін үлкен жиындарда жа­салынған баяндамалар мен сөйленген сөздер қажет болған жағ­дай­да қазақ, орыс, ағыл­шын тілдеріне тікелей аударылады. Әсем са­рай әдебиет пен өнер­ді насихаттап, жас да­рын­дарға қанат бере­тін өзіндік бір ор­та­лық­қа айналған. Сол сарайда тіл жана­шы­рына арнап жыр тол­ғаған ақын Ахмет Кен­дірбекұлы былай деп тебіренген бола­тын:

Көптен берi арылмай мұң-құсадан,

Туған тiлiм Күн емес, түн құсаған.

Сiз болдыңыз, жан аға, жер бетiнде,

Тiлге ескерткiш орнатқан тұңғыш адам!

 

Оң жағымда перiште тұрса дәйiм,

Қоржыныма үш тоғыз жыр салайын.

Қазақ тiлi қапаста қалмасын деп,

Тұрғыздыңыз таудай ғып Тiл сарайын!

 

Ақындардың соңында жыр қалмас па,

Жақсылардың соңында нұр қалмас па!

Тiл сарайы рухқа ескерткiш қой,

Не бар дейсiз киелi Тiлден басқа?!

 

Тiл деп, ел деп, еңбек қып кейiнгiге,

Жол аштыңыз әрдайым зейiндiге.

Алты асқардан алысқа көз салыңыз,

Көңiлдегi көк тұман сейiлдi ме?

 

Жайнап жатыр Жетiсу бақ орнаған,

Қайнап жатыр жетi өзен ақ арнадан.

Жетi құт босағаңды майлағанда,

Жатың да ешбiр кiнә таға алмаған.

 

Содан ба, жаныңызға ән құйылған,

Сондықтан алпыс арай таң бұйырған.

Алатаудың басынан қараңызшы,

Қолтаңбаңыз көрiнер әр қиырдан.

Ол – Сiздiң өнегелi өткенiңiз,

Алпысқа абыроймен жеткенiңiз.

Жетпiс, сексен, тоқсанға

тоқталмастан,

Жүз жасты қанжығаға бөктерiңiз.

Жамбыл-жаста болсыншы өткелiңiз!

Тіл сарайымен қатар орналасқан Дос­тық үйі де өзіндік сәулетімен көз тартады. Рас, мұндай ғимараттар басқа облыс орта­лықтарында да бар. Әйтсе де Тал­ды­қор­ғандағы Достық үйі алғашқылардың бірі бо­лып бой көтергендігімен, өзіндік әсем сәу­летімен ерекшеленеді. Мұнда да өңір­дегі саналуан ұлт өкілдерінің бас қосып, мә­дени орталықтарының жұмысын өріс­тетуге, салт-дәстүрлері мен тілдерін жаңғыртуына барлық жағдай жасалынған.

Үмбетовтің имандылықты берік ұста­нып, арақ-шарап пен темекі сияқты зиян­ды әдеттерден бойын аулақ ұстайтыны көп­шілікке белгілі жайт. Бұл әдетін бі­летіндер ол бар жерде дастарқанға спиртті ішімдіктерді жолата қоймайды. Ол кісі­мен сапарлас болудың сәті түсіп тұрған азаматтардың да бұл ретте он­дай әдеттерінен тартынып қала­тын­ды­ғы байқалады. Өз кезегінде Серік Әбі­кен­ұлы дәйім қымыз бен шұбат сияқты ұлт­тық сусындарымызды дәріптеп жүреді. Дә­ріптеп қана қоймай дертке дауа, тәнге қуат беретін ұлттық сусындарымызды тұр­ғындардың көптеп тұтынуына жол ашып, қолжетімді болуына қамқорлығын аямайды. Алматы облысына әкім болған жылдары Талдықорған қаласының өзінде бір мезгілде 19 қымызхана ашқызып, шаһардың әр тұсына орын тепкен ақшаң­қан киіз үйлер арқылы онсыз да сұлу қаланың айшығына айшық қосып, қай­та­ланбас ұлттық реңк бергені бұл сөзімізге дә­лел бола алады.

Сол жылдары мұндай қымызханалар Тал­дықорған қаласының ғана емес, об­лы­сымыздың басқа да елді мекендерінде көп­теп бой көтерді. Алғашында «оған кім ба­ра­ды?» дегендей күмәндана қара­ған­дардың күдігі көп ұзамай-ақ сейілген. Бір­те-бірте ондай дәмханалар тұрғындар мен қала қонақтарының, соның ішінде жас­тар­дың да қуана баратын сүйікті демалыс орын­дарына айналған. Мұнда тұсаукесер мен сүндеттой, тілашар мен құда күту, ту­ған күн сияқты аса көп адам қа­тыс­пай­тын шаралар жиі аталады.

Сыртқы ажары айшықты киіз үй­лер­дің іші де өзгеше көз тартады. Ұлттық на­қышпен әсем өрнектелген бұйымдар мен құ­рақ көрпелер, керегенің тұсына ілінген аң терілері мен домбыра, қобыз сияқты саз аспаптары, дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдар мен сусындар қалай дегенмен де қазақтық мақтанышыңды оятпай қой­май­ды. «Мың рет естігеннен бір рет көрген жақ­сы» дегендей, мұндай киіз үйлердің ба­лаларың мен немерелеріңе ғасырлар бойы бабаларың тірлік кешкен баспананы көр­сетіп, олардың ұлттық танымдарын кеңейтуге де таптырмайтын нысан екен­ді­гі анық.

 

ТАРИХТЫ ТАСПЕН

ЖАЗҒАН

«Өлі риза болмай тірі байымайды», «Өсе­тін ел тарихын таспен жазады, өше­тін ел тарихын жаспен жазады» дегендей тұ­жырымдардың астарында үлкен пәл­са­палық ойдың жатқаны анық. Расында тәуел­сіздікке қол жеткізген соң күні ке­шеге дейін әдейі бұрмаланып келген та­рихымызды қайта зерделеп, ел басына күн туған шақта қол бастаған кө­сем­деріміз бен сөз бастаған шешендеріміздің, батыр­ла­рымыз бен билеріміздің аттарын жаң­ғыр­тып, ескерткіш қойып жатқан жағ­дайы­мыз бар. Тарихты таспен жазу, соған орай өмірден өтіп кеткен асыл­дары­мыздың рухтарын риза ету, Аллаға сыйы­на отырып аруақ сыйлау деген тұжырым да, түптеп келгенде, осы ұғымның аясына сыймай ма? Халқымыздың өткен тарихын зерделей жүретін Серік Әбікенұлы осы тұжырымды мықтап ұстанады. Содан кейін де мемлекет, қоғам қайраткерінің бастамасымен, тікелей басшылығымен, же­келеген жағдайларда оның өз қар­жы­сымен тұрғызылған ескерткіштер Жетісу же­рінде де, көне Тараз өңірінде де көптеп саналады. Оның барлығын санамалап шығудың қажеті де бола қоймас. Тек бұл қатарда қазақтың қаншама руларының түп атасы Бәйдібек пен Қазыбек бек сынды билер мен Қарасай, Наурызбай, Райым­бек, Өтегендей батырлардың, Сүйінбай мен Жамбыл, Кенен секілді ақындардың, Тұрар Рысқұлов пен Дін­мұхаммед Қонаев тәрізді ұлт қай­рат­керлерінің, Зеріп пен Сыландыдай қа­сиетті аналардың, Бауыр­жан Момышұлы мен Қайрат Рысқұлбеков, Ер­бол Сыпатаев пен Ләззат Асанова сын­ды қазіргі заман қаһармандарының бар екен­дігін айта кетейік. Толықтай кел­ті­ретін болсақ, бұл тізімді ұзыннан ұзақ со­за беруге болады.

Ескерткіштердің бүгінгі ұрпақ өкіл­де­рі­нің өткен тарихқа деген құрметін оятып, мақ­танышын тудыру үшін ғана емес, ке­лер ұрпақты отаншылдық рухта тәр­биелеу үшін де қажет екендігін ескерсек, Серік Әбікенұлының еліміз ертеңінің жарқын болуы мақсатында қаншама тағылымды істер атқарғандығын бай­қаймыз. Түптеп кел­генде оның жер жан­наты Жетісу же­рінде біз санамалап өткен игілікті іс­те­рімен қоса Жамбыл об­лысында жүзеге асыр­ған жемісті жұмыс­тары да жа­ңа­ғы­дай ескерткіштердің қатарына жа­та­тын­дай. Басқасын айт­пағанның өзінде Үм­бе­товтің Жамбыл же­рінде Амангелді газ ке­нішін іске қосу мақсатында атқарған жұ­мыстарының өзі не тұрады? Көпшіліктің ал­ғысын алудың өзі сол көпшіліктің құрметіне бөлену деген сөз емес пе?

Бұл айтылғандар кезінде Алматы мен Жам­был сияқты іргелі облыстарды бас­қа­рып, ҚР Ауылшаруашылығы министрі, ҚР Президентінің Іс басқарушысы лауа­зым­­дарында жемісті жұмыс істеген, бү­гінде Қазақстан Парламенті Мәжі­лі­сінің депу­та­ты болып отырған Серік Әбі­кен­ұлы Үм­бетовтің атқарған жарқын іс­терінің бір па­ра­сы ғана. Елбасының се­нім­ді серігі атан­ған халық қалаулысының Пар­ла­мент­тегі бү­гінгі қызметі жайына келер болсақ, ол өз алдына бөлек әң­гі­менің тақырыбы.

Өмірбаян жолдарынан:

Жамбыл ауданының Прудки (қазіргі Аққайнар) ауылында 1950 жылдың 19 маусымында дүниеге келген.

Алматы зооветеринарлық институтын бітірген (1983), маман­ды­ғы зооветеринар.

1974 жылдан – Алматы облысы, Күрті ауданындағы Т. Бокин атындағы кеңшардың бригадирі, ферма басқарушысы, бас зоотех­нигі, партия комитетінің хатшысы.

1985 жылдан – Алматы облысы, Күрті ауданы, «Жел­то­раң­ғы» кеңшарының директоры.

1988 жылдан – Алматы облысы, Кеген ауданы, ААӨБ төрағасы.

1989 жылдан – Алматы облысы, Күрті ауданы, Т. Бокин атын­дағы кеңшардың директоры.

1992 жылдан – Алматы облысы, Күрті ауданының әкімі.

1994 жылдан – Алматы облысы әкімінің орынбасары.

1996 жылдан – Алматы облысының әкімі.

1997 жылдан – Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары.

1999 жылдан – Жамбыл облысының әкімі.

14.05.2004 жылдан – ҚР Ауылшаруашылық министрі.

08.2005 жылдан – Алматы облысының әкімі.

13.04.2011 жылдан Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы.

2012 жылдан – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

 «Парасат» (15.12.2002), III дәрежелі «Барыс» ордендерімен, «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, Ұлттық Олимпиада комитетінің алтын орденімен марапатталған.

 

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ

Оқи отырыңыз