СҮЙІНБАЙ АРОНҰЛЫ АНКАРАДА ағайындығымызды арттырып, түрік дүниесіне тіл қатты

СҮЙІНБАЙ АРОНҰЛЫ АНКАРАДА ағайындығымызды арттырып, түрік дүниесіне тіл қатты

Бумын қағаннан бермен Еуразия кеңістігін кернеген тұтас түріктің бірлігіне саяр манифесті қайталай жаңғыртып, аманат тұтқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың баянды іс, құтты қадамдарының жемісі барша түркі әлемінің игілігіне асқан бүгінде. Шырайлы шаруалары тіпті жаһандағы алпауыт мемлекеттердің де назарын аударып отырған ТҮРІКСОЙ, Астанамыздағы Түрік академиясы мен осынау бәденді белдеудегі өзге де риясыз шаралар легі көңіл демдеп, көз тойдырарлық. Түркиядағы Қазақстан күндері аясында кезекті делегация құрамының сапарға шығатындығымен құлағдар болған сәтте-ақ көп нәрсенің көңіліміздің төрінде көктеп кете барғандығы да содан еді. Енді, міне, заманында әлем өркениеті кіндігінен тараған сиқырлы Стамбұлдың жер шарының түкпір-түкпірінен тоғытылған ұшақтардың таласа қонып, асыға аспандап жатқан әйгілі Ататүрік әуежайында жүрек лүпілімізді баса алмай тұрған жайымыз бар. Дүниенің кез келген құрлығына самғар ұшақтар аталмыш әуежайға табандамай кетпейді! Ғажап-ақ! Жүзіңізге қуаныш лебі еседі, сүйсінерлігі – мұндағы мың сан жолаушылардың тарапынан да осы бір кеніш пейілді тапжылтпай аңғарар едіңіз!

Содан не керек, бір сағатқа жетер, жетпес шамада Анкарадағы Есенбұға бабамыздың атындағы әуежайға қуана қондық. Сол-ақ екен, Қазақ елі елшілігі мен бекі­тілген муниципалитеттің сайдың тасындай іріктелген жарасымды жігіттері қол-аяғымызды жерге тигізбестен ыстық құшақтарына баса берген. Ататүріктің шегенді шебіне айналған аңыз арқаулы Анкара бұл! Сенбі ғой, көлік кеп­телісі жоққа тән. Арлы-берлі жүйт­­кіген автокөліктер жүрісінен де ерек бір ізеттілік байқалғандай. Алдыңды кес-кестеген немесе белгі беру дауысын шектен тыс шыңғыртқан бірде-бірі жоқ. Кө­ше­­дегі адамдардың жүріс-тұрысы да орнықты әрі ширақ. Бәрі де айна­ла­дағы қалыпты тыныш­тық­ты сақ­тауға тырысқандай. Байып­ты­лық пен салмақтылық сезіледі бір­ден. Бұған қарап өзіңіз де жай­ла­на тү­се­сіз. Шуақты ойларға шо­мы­­ласыз. Иә, қай қырынан бағам­да­саңызда әлемді аузына қаратқан ал­­ғы топтың қатарынан емес пе бұл ел. Тәуелсіздігімізді жария қар­­сы алып, алдымен таныған да осы мемлекет. Бірер ғасыр үзіліп қал­ған ағайындық барыс-келі­сі­міз­ді барын сала жандандырып жатқан да аталмыш қуатты жұрт! Сабақты ой кеу-кеулеген осынау тәтті сәтімізді байырғы есті әріп­те­сіміз, көрген-білгенін зерде­леу­дің көмбесі саналар Жұмабай Шаш­тайұлының: «Айнала көз са­лыңыздаршы, не деген сәнді де күр­делі құрылыс бел алған. Жа­сам­­паздық жолы ғой бұл. Дәл қа­зір бар ма, менің топшылауымша, түрік бауырлар, қытай­лық­та­рың­ды да шаң қаптыруға шақ тұр-ау!» ‑ де­ген нысаналы лебізі бөле бер­ді. Өзіміз бастан кешіп тұрған ыстық әсер­дің әз ағамыздың айтарымен тонның ішкі бауындай қабысып жатқандығына және бір желпініп қалдық.

«Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен!»

Көпқабатты еңселі үйлер ор­та­сындағы былтыр ашылған «Сүйін­­бай бағының» іші ығы-жы­ғы тұр­ғындарға толып кеткен. Жас та, жасамысыңыз да осында. Жа­нар­ларынан құштарлық оты лау­лаған балдырғандардың жүздері бал­бұл жанады. Облыстық мәде­ниет бас­қар­масының басшысы Ақан Әбдуә­лиев Кечиөрен му­ни­ципа­литеті қызметкерлерімен бір­ге қонақтарды жайдары қарсы алып жатыр. Қайран қазағымның ұлт-аспаптары-ай десеңізші?! Ша­нақ­тан шарқ ұра құйылған қоңыр саз­ға құлақ құрышыңыз қана түсе­ді! Әуезді әуен жүрегіңізге қа­лық­тай қонақтайды. Анкараның ас­па­нын аса мерейлендіріп жіберген кейіп­те. Алғысөзді алған Ке­чи­өрен ауданының мэрі Мұстафа Ақ ай­лардың сұлтаны рамазан уа­қы­тында келген арнайы делегацияға ал­ғысын айта келе қазақтың даңқ­ты перзенттерінің екі елге бірдей ор­тақ екендігін мақтаныш етті. Бе­дел­ді елшіміз Жансейіт Түймебаев бас­қарған дипломатиялық кор­пус­тың екі бауырлас ел арасындағы сая­си-экономикалық, мәдени-ру­хани байланыстардың беки тү­суін­дегі берекелі істерін бедерлей тіл­ге тиек етті. Өткен жылы Сүйін­бай Аронұлының 200 жыл­дығы құрметіне «Сүйінбай бағы» ашылу салтанатына Алматы об­лы­сының бірінші басшысы Амандық Ба­та­лов мырзаның қатысып, риза­шы­лық білдіргендігін, сондай-ақ, бүгін ресми жағдайда ашылар ескерткіш бейненің екі ел ара­сын­дағы әдеби, мәдени байла­ныс­тар­дың одан әрі ширауына зор ықпал етіп, рухты көтеретіндігін, сон­дық­тан да осы тамаша үрдістің келешекте де өзіндік жалғасын табарына сенім білдірді.

Қазақ елі делегациясының же­тек­шісі, бәрімізді құстың бала­пан­дарындай бағдарлай қамқорлықпен бас­тап келген облыс әкімінің орын­басары Бақтияр Әлтайұлы Өнер­баевтың лебізін жиналғандар ерек­ше зейін қоя тыңдаған еді.

– Қазақстан Республикасы Тәу­ел­сіздігінің 25 жылдығы аясында Сүйінбай Аронұлының бюстін ресми түрде ашуымыз – Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғарғы мәдени байланыстардың, өзара ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Түркітектес елдердің рухани үн­дес­тігі сонау ерте ғасырдан басталып, бү­гінгі күнге дейін алтын арқауын үз­бей жалғасып келеді.

Қазақстан тәуелсіздігін жария­ла­ған шақта еліміздің дербестігін тұңғыш таныған түбі бір түрік бауыр­ларымыз болатын. Осы ши­рек ғасыр уақыт ішінде екі ел ара­сын­дағы көпжақты байланыс ел басшыларының жоғары деңгейдегі ресми сапарларының нәтижесінде дамып келеді. 2009 жылы Астанада Түрік мемлекетінің негізін қа­лау­шы Мұстафа Кемал Ататүрікке ес­керткіш қойылса, қазақ-түрік қа­ты­настарын жаңа деңгейде дамыт­қаны үшін 2010 жылы Анкарада Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевқа ескерткіш орнатылды. Сонымен қатар, Түркияда қазақ халқының ардақтылары Абай Құ­нан­баевтың, Мұхтар Әуезовтің, Мағ­жан Жұмабаевтың, Абылай ханның, Қабанбай батырдың ең­се­лі ескерткіштері бар екенін мақ­та­ныш­пен айтамыз. Тарихымыз бен мәдениетіміз, тіліміз бен қасиетті құндылықтарымыздың ортақтығы және түркі әлемінің осындай ұлы даналары екі елді жақындастыра түсуде. Осы қатардағы дара тұлға­ла­­рымыздың бірі – Сүйінбай Арон­ұлы. Түркі әлеміне ортақ тұлға Сүйінбай Аронұлының 200 жыл­ды­ғы аясындағы шаралар Түркия же­рінде былтыр да лайықты ата­лып өт­кен еді. Анкара қаласы Кечи­өрен му­ниципалитетінде ақынның асыл қа­­зынасын дәріптеу мақ­са­тын­да «Сү­йінбай Аронұлы» атын­да­ғы сая­бақ ашылған болатын. Со­ны­мен қатар, «Сүйінбай Аронұлы» ат­ты түрік тілінде кітап та жарық көр­ді.

Қазақ айтыс өнерінің классигі, көптеген көркем толғаулар мен дас­тан­дардың авторы, қазақтың түп ше­жіресін, тарихын, салт-дәстүрін терең білетін Сүйінбай – шебер тілді, жүйрік ақын.

Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен!

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен!

Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым! – де­ген Сүйінбай ақын жырындағы бө­рілі байрақ – түркі халықтарына ор­тақ құндылық.

Өмірі мен шығармашылығына жете ден қойған адам Сүйінбайдың айтыскер ақын ғана емес, хал­қының болашағын ойлаған кемең­гер би, терең тарихшы, шынайы ше­жіреші, қарымды қайраткер еке­нін де танып біледі. Оның жыр­ла­ры халықты бірлікке, елдікке ша­қыр­ды, батырлықты дәріптеді. Ел қорғаған жаужүрек ұлдар Қарасай, Өтеген, Саурық, Сұраншы батыр­ларға арнаған толғауларында эпи­ка­лық сарынмен, алапат теңеу­лер­мен ағыл-тегіл жырлады. Арқалы ақынның айшықты мұралары тек Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де биік бағаланады. Ақын мерей­тойына орай «ТҮРІКСОЙ» ұйы­мы­ның ұйымдастыруымен Түрік елін­де «Сүйінбай апталығы» өтті. «Сүй­ін­бай бағы» ашылып, халық­аралық деңгейде Елордамызда «Алатаудың ақиығы» ру­ха­ни-та­ным­дық конференциясы, Тал­ды­қор­­ғанда жоғары деңгейде «Менің пі­рім – Сүйінбай» атты айтыс ұйым­­дастырылды. Қазақта: «Ше­бер­дің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ», деген аталы сөз бар. Сол айтқандай, жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлына анкаралықтар төрінен орын беріп, мүсіні орнатылып отыр. Осы игілікті шара үшін түр­кия­­лық бауырларымызға қазақ ру­ха­ниятының атынан шын жү­рек­тен ри­зашылығымызды білдіреміз. Сүйінбай – рухтың ақыны, елінің бірлігін, халқының тұтастығын жыр­ларына тұғыр еткен жырау. Ақынның жырлап өткен елдік идея­­ сы –XXI ғасырға нық қадам басқан Қазақстанның Мәңгілік Ел мұ­ра­ты­мен үндес.

Сол секілді Халықаралық ТҮ­РІК­­СОЙ ұйымының Бас хат­шы­сы Дүйсен Қорабайұлы, Қазақ­стан­ның Түркиядағы Төтенше және өкі­летті елшісі Жансейіт Түймебаев, мем­лекет және қоғам қайраткері, қа­зақтың аяулы қызы Шәмшә Бер­кім­баева, Сүйекеңнің ұрпағы – Ғабит Садырбаевтың сөздері де көп­­ші­лік­ті ұйытып, ақынның ғұ­мыр­­­на­ма­лық көп қағидаттарының бет­пер­де­сін сыпырды. Сүйінбай атын­дағы об­лыстық филармония өнер ше­бер­лерінің ортаға шыға шабыттана орындаған шығар­ма­ла­ры­ның бә­ріне бірдей дүркірете қол ша­­па­­лақ­тал­ды.

Бұдан кейін елдігімізді білдірер Сүйекең ескерткіші ресми түрде ашылып, қазақы шашу шашылып, тойдың сәні одан әрі кіре түсті. Ба­бамыздың тас мүсініне тәу етіп, қа­сында естелік суретке түсу­ші­лер­де есеп жоқ еді! Бюстің авторы, бі­лік­ті мүсінші Нұрғалым Иса­баев­тың көңілі енді ғана жай таба бер­ген.

«Жамбыл – менің жай атым

Халық – менің шын атым»

Классик жазушымыз Мұхтар Мағауин айтпақшы, қазақты әлемге алдымен танытқан Жамбыл Жа­баев­тың 170 жылдығына арналған ғылыми конференция түріктің әй­гілі ақыны Жүніс Әміре атындағы мә­дениет орталығында ұйым­дас­ты­рылды. Анкара мен Стамбұлдың, өзге де шаһарлардың ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері молынан жиылған конференция ә дегеннен-ақ жібектей есілді, әуеге шырқау көтерілді. Ортаға шыққан діл­мар­лар мен ғалымдар, қоғам қай­рат­кер­­лері Жәкеңнің жаңа бір қыр­ла­рын өзінше ашуға ұмтылып-ақ бақты. Сонысымен ұтты, құн­ды­лығы арт­ты. Жалпы жыр жампо­зы­ның ме­рей­тойлық шаралары туған топы­ра­ғында жыл басында-ақ бас­тау алып кете барған. Негізінен мұның бә­ріне шырайлы халықара­лық жиын дем берген-ді. Жүйелі түрде әлі де жалғасын тауып келеді. Ал мына Анкарадағы конференция соның заңды жалғасы, байрақты шарпуы.

Ықыласты қауымды Жамбыл Жабаевтың әнші Бейбіт Мұсаев орындауындағы «Ақындарға ар­науы» бірден тебірентіп-ақ жіберді. Ендігі төгілер сөз мәйегі де осы алғысты арнадан шет кете қой­мады. Бұл ретте алдымен облыс әкі­мінің орынбасары Бақтияр Өнер­баевтің бүгінгі конфе­рен­ция­мыз түрік жұрттары бауырластығы мен достық пейілінің жарқын кө­рі­нісі деп басталар орнықты ой-пі­кірін айтар едік. «Көп түрік енші алы­сып, тарасқанда, қазақта қара ша­ңырақ қалған жоқ па?» – деп Мағжан ақын жырлағандай, бір кездері түрік атаулының түп атасы ту тіккен Алтай, Батыс пен Шы­ғыс­тың ортасында «Алтын көпір» бол­ған түркі елі, Тұран жері – біздің ортақ тарихымыз. Қазақ елінің азат­­тығын алғаш болып халық­ара­лық қауымдастық алдында таныған түрік бауырластарымыздың бүгін ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың есімін Анкара жерінде ұлықтауы – ұлылықтың белгісі. Тіпті Еуро­па­дағы Сербия мемлекеті де осы өне­гені жалғастырып, жақын күндерде Белград қаласында Жамбылдың ес­керткішін орнатуға мүмкіндік ту­ғыз­бақ. «Жақсының жаттығы жоқ» деген аталы сөздің айғағы бұл.

Мемлекет және қоғам қайрат­ке­рі Шәмшә Көпбайқызы былайша те­бі­ренді:

– Жамбыл ұрпақтары атынан елшіміз Жансейіт Қансейітұлына, Амандық Баталов басқарған облыс әкімдігіне, орынбасары, біздің же­текшіміз Бақтияр Әлтайұлына, Дүй­­сен Қорабайұлы мен Мұстафа Аққа алғыс айтамыз. Өте ұзақ баян­дамам бар. Оны оқып уақыт ұттыр­майын. Қазір бірнеше жайтқа ғана тоқталсам деймін. Жамбыл баба­мыз табиғатынан өте дарынды жа­ра­тылған. Өзінің «шекпенімнің же­ңі толған жыр, сілкіп-сілкіп жібер­сем, өлең төгіліп тұрады» деп айт­қаны бар бұл орайда. Заңғар жазу­шы­мыз Мұхтар Әуезовтің ақынды ерекше бағалағандығы баршаға аян. Қолынан домбырасы түспеген Жәкеңнің әндері мен күйлері, поэ­зия­сы қазақ өнері ан­тологиясына ен­ген. Қазақ өнерінің аспандағы жа­рық жұлдызы 97 жас­қа толған шақта алдына келген тағы бір асыл перзент, тума талан­тымыз Нұрғиса Тілендиев өз күй­лерін орындап беріпті. Сонда маң­дайынан сүйіп тұрып: «Балам, домбыраңды қолың­нан тастама, қазақтың мұңы мен қуанышы, тағ­дыры мен тәлейі осы қара дом­бырада», ‑ деп батасын берген екен. Өзі де күйшілік пен ай­тыс­керлікті домбыраның қос ішегіндей қатар өрген. Біз бал­дырған шағы­мыздан ақын баба­мыз­дың өзекті жырымен тәр­бие­лендік. Түрік дүние­сін тол­ған­дырған дүние­лердің барлығы шы­ғар­машы­лы­ғының арқауына ай­нал­ды. Айта­лық, «Көроғлы» поэмасы бәрімізге ортақ. Осы інжу-мар­жанды Жам­был Жабаев отыз күн жырлаған. Мұншама ғажайып да­рынның түп-төркіні неде дер бол­сақ, ата күші, ана сүтімен қатар, басқа ешбір халықта кездесе бермейтін қазақы педагогикалық аса бай мәуелі мәде­ниетті алға тартар едік. Бай қазы­наны кеңінен зерттей пайдаланған. Ұлы Дала халқының осындай қай­та­ланбас асыл мұрасын зерделей бойға сіңіру арқылы дегеніне жет­кен. Ең бас­тысы, бұл ата мұраға бір ға­сырға жуық қалтқысыз қызмет ете білді. Сөйтіп өзі де асылдың сы­нығына, мақтанышына айналған. Қазақстан мен Түркия – ежелден Ұлы Жібек жолының бойында тір­шілігі тоғысқан елдер. Қанша ға­сыр өтсе де бабаларымызға мекен болған кең даланың әуезді үні, күмбірлеген күйі үзілмейді.

Айтыстың қос қыраны Сүйін­бай мен Жамбыл бабаларымыздың есімдерін түрік топырағында ас­қақ­татып жатқан бауырлас ел халқына разымыз, алғысымыз шексіз, ең­селі Қазақ елі мен тұғырлы Түр­кияның бүгінгідей бет-беделі биік­теген қалыпта өзара ын­ты­мақ­тас­тықпен дами беруіне ақ тілегімізді біл­діреміз.

Түркиялық ғалымдар Жемиге Қынажы, Әкрем Аян, «Қазақ әде­биеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлының бұдан кейінгі сөздері де өнердегі Жә­кең­нің өзіндей жарқырап сала берді. Жұртшылық ықыластана қол ша­па­лақ­тады.

Елшіміз Жансейіт Түймебаев мырза үздік өнерлері үшін «Адыр­на» фольклорлық-этнографиялық, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамбльдерінің бишілері мен ән­шілері М.Тұрсынғазықызын, Ө. Ай­ниязовты, А. Искаковты, Б. Мұ­саевты, К. Ақжолованы, Г. Ахманованы, Ж.Тәкебаевты, А. Мәдиевті және Т. Нағымбаевты Ал­ғыс хаттармен марапаттады.

Атажұрттың амандығы

немесе мемлекетке де мінез керек

 Әдетте ескі тарих елдігіңді, ерендігіңді еске салады. Ара­лас­қа­лы аңғарып жүрміз, түркілік бауыр­лар тарихи сананың рухтық сана­мен етене сабақтастығын үне­мі жадыларында ұстайды. Мұны ба­рын­ша шегелеп кеткен Ататүрік екендігі белгілі десек те, сол үрдіс­тің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, қанға сіңіп кеткені қандай ғани­бет?! Тоқ­са­ныншы жылдар­дың ба­сында елі­міздің барша өңір­лерінде лицейлер ашылған мез­гілде жур­на­листік қызметпен ор­таларында жиі болу­шы едік. Сонда ғой, жыл­да көктем шыға бір байырғы дәс­түр­ді мін­детті түрде қайталайтын. Шама­лары кел­ге­нінше үлкендеу қара тас табады да әлгіні кезек-кезек бал­ға­мен ұр­ғылайды. Арғы баба­ла­ры­мыз, ер түріктер төрт жүз жыл бойына үлкен таудың ішкі жайлы жазығын паналап, кейін әбден көбейген тұста тауды жарып сырт­қа шыққан. Соны біз осындай дәс­түрлі көрініспен еске алып оты­ра­мыз деуші еді. Ол мекен – атақты Ергенеқон емес пе?! Біздің де ба­ба­ларымыз сол тауды айырып, тас­ты бұзып барып сыртқа шығып, жауларын жең­беуші ме еді, Ду­ла­ти, Жалайыри, Әбілғазы ше­жі­ре­ле­рінде. Елу мың үйлі қаңлының қайы тайпасымен Кіші Азия асқан Есенбұға баба­мызды, Түр­кіс­тан­нан тартып Ана­до­лыны жерсінген селжұқтарды, бергі Осман билігін тілге тиек етсек, туыстығымыз жұл­дыз­дар­дай жамырап кете ба­ра­ры хақ. Ең бастысы, түркілік қан­дастар мұның бәрін жадыларында берік тұтып отыр. Біздің де қа­ра­жаяу қалмағандығымыз жөн деп ұға­мыз!

Айтары не, нешеме күн бойы­на қасымыздан табылған Мұстафа Ақ мырза екі сөзінің бірінде: «Сіздер біздің өсіп-өнген жері­мізден келдіңіздер. Атажұрты­мыз­дың амандығын тілейміз Алладан. Та­мырынан айырылған жұрт се­міп қалады», – деп қайталай бер­ді.

Қуанарлығы сол, осынау алтын арқаулы әңгіме Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назар­баевтың монументі мен Ататүрік кесенесін аралаған тұста да, өзі­міз­дің елшілік пен ТҮРІКСОЙ ғимараттарындағы ыстық жүз­десулер үстінде де, Астана күні, сондай-ақ, Жамбыл бабамыздың құрметіне өткен үлкен концерттер мен Кечиөрен мэриясындағы кез­десуде де түрлі қырынан ауқымды көтеріліп отырды. Тарихты те­рең­нен толғай білер делегация мү­ше­лері – Абай атындағы ҚазҰПУ-дің аппарат басшысы, филология ғы­лым­дарының докторы Бақтияр Сманов, М.Әуезов атындағы әде­биет және өнер институтының бө­лім меңгерушісі, филология ғы­лым­дарының кандидаты Тоқтар Әл­беков толғақты тарихымыздан сыр суыртпақтап, тұздықтай да білді. Бұл енді жанға демеу!

Қасиетті қазақ жерін отының басы, суының тұнығына балар
            түріктік бауырлар қолынан келер жәрдемін мұқым түрік жұрт­шылығынан аянып отырмағаны аян. Қаншама атағы шығып, алапасы асса да, соншама өркендеп кетсе де ұрттап ішіп, шайқап төгуге тағы жоқ! Өзінікін қолай санаған қалпын, ұлттық мәселеде ұстаған жерден сынатындығын дәл бүгінгі саяси ұстанымдарынан әлем қайталай аңғарып және бір бағалады. Көріп отырмыз, қара емендей қарысып қалған қалпы бар қайсыбірлерге тартпасын тартып, айылын шаптап отыр. Дұрысы сол – мемлекетке де мінез керек.

Таудың өзін тесіп шыққан ергенеқондықтардың мәңгілік еркіндікті қалайтындығы ежелден хақ. Түбіміз бір, тілегіміз ортақ. Біздің де Мәңгілік ел мұраттарын әйгілеп алғандығымыз жер шарына белгілі. Қысқасы, бұл сапардан қанаттанып та, санаттанып та қайттық. Қайткенде де, біріміз Ата жұрт, біріміз Ана жұрт болып бейбіт тіршілігіміздің негізін бекіте түскенімізге не жетер?! Мал сүмесін мезгілімен тартқан қазақы қалпымыздан ауытқымай, олар онда, біз мұнда бақтиярлы орта, бағаналы ордамыздың мәртебесін биіктете бергеніміз абзал-ау!

Әміре ӘРІН

Талдықорған – Алматы –

Стамбұл – Анкара – Талдықорған.

Оқи отырыңыз