САҒЫНДЫҚ ТӘНЕКЕ атындағы сыйлық

САҒЫНДЫҚ ТӘНЕКЕ атындағы сыйлық

Саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған жандар көп-ақ. Олардың жазғаны мен айтқаны тасқа қашап жазылғандай келер ұрпаққа өмір бойы сақталып қалады. Сондай құрметке лайық жандардың бірі – өмірінің соңына дейін ақ қағазы мен қаламын қолынан тастамаған Көксу ауданының Құрметті азаматы Сағындық Тәнеке.

Сағындық Байдырахманұлы Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылында 1936 жылы дүниеге келген. 1964 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алған. Еңбек жолын 1956 жылы аудандық газетте жауапты хатшылықтан бастаған. Сол уақытта Талдықорған облысында жарық көрген «Жетісу шұғыласы» басылымында редактордың орынбасары, Көксу аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарады. 1998 жылдан 2012 жылға дейін өзінің туған жерінен үзіліссіз шығып тұрған «Көксу таңы» газетінің бас редакторы болып еңбек етеді.

Қаламгер қандай қызметте болмасын білімді, адамгершілік қасиеті жоғары, білікті басшы бола білген. Бұл туралы әдемі естеліктерді облыстық журналистер үйінің мәжіліс залына жиналған замандастары мен қызметтестері айтты.

Саналы ғұмырында қарымды қаламымен түрлі тақырыптарды жаза отырып, өскелең ұрпаққа мол мұра қалдырған белгілі журналист Сағындық Тәнекенің құнды дүниесі алтыннан да қымбат. Осы орайда Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы төрағасы Мейрам Жанәділовтың бастамасымен өңір баспасөзінің өркендеуіне қомақты үлес қосып, баспасөз дамуында өзіндік із қалдырған ақын Сағындық Тәнеке атындағы сыйлықты өңірдегі бір топ тілшілер қауымына салтантты түрде табыс етілді. Сонымен қатар, тоқсан жылдық тарихы бар Ескелді аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінде тер төккен бас редактор Сәбит Биболов «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағына ие болды.

Басқосуға келген қаламгердің туған қарындасы Гүлсағира Байдарманқызы бауырына деген сағынышын жеткізіп, қалам ұстаған тілшілерге өзінің аналық алғысын айтты. Ал ұлы Нұрлан Сағындықұлы болашақта мұндай шара үлкен көлемде өтетіндігін тілге тиек етіп, журналистерді төл мерекелерімен құттықтады. Міне, өзі өлсе де артында өлмейтұғын ізі қалған қаламгердің әрбір сөзі баршамыз үшін үлкен олжа.

Еңлік САҒЫНДЫҚОВА

Оқи отырыңыз