Журналистикадан басталған жол

Журналистикадан басталған жол

   «Мен жастарға сенемін», – деп кешегі Алаш арыстары үлкен үміт артқан еді. Үміт жібі үзілмеді. Сенім ақталды. Алға қадам басқан жас еліміздің болашағы жолында жалынды жастар еш аянып жатқан жоқ. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жастар үшін білімнің алтын қақпасын айқара ашты. Мұны жасалған жақсылықтың бір ғана бөлігі деуге болады. Осы тұста аймақ идеологиясының тізгінін таяуда ғана қолға алып, әрбір істі асқан жауапкершілікпен, зор сеніммен атқарып келе жатқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаевпен сұхбаттасқан едік.

 

  • Алғашқы қадамыңыз журналистикадан бастаған еді. Әңгімені осыдан өрбітсек?
  • Ең алдымен әрбір адам алдына мақсат, жоспар қоя білуі тиіс. Сонда ғана ол өзінің діттеген межесіне жете алады. Сол секілді мен де мектеп қабырғасында жүрген кезімнен бастап әдебиетке қатты қызықтым. Өз еліміздің ғана емес, шетел әдебиетімен де етене таныстым. Таңды таңға ұрып кітап оқыған кездерім де болды. Қай шығарманы оқысам да ең бірінші ондағы оқиғаға терең мән беретінмін. Оқиға желісінің басы, шарықтау шегі, соңы аяқталғанша кітаптан бас алмайтынмын. Көп оқығанымның нәтижесінде өзім де түрлі тақырыптарда қалам тербей бастадым. Әрбір автордың шығармасы менің шабытымды ашты десем қателеспеймін. Араға уақыт сала ойлау, жазу кеңістігімнің ауанын қызықты тақырыптармен алмастырғым келді. Күнделікті өмірде болып жатқан жайттарды өзімнің жеке көзқарасымнан өткізіп, оның болашақта немесе бес, он жылдан кейін қалай болатынын, оқиға немен түрленетінін қағазға түсіре бастадым. Осы арқылы мен сыртқы құбылыстардың қаншалықты адамның жеке басына әсер ететінін білдім. Бұл адамның ой-өрісін кеңейтеді. Мұны – өзімнің алғашқы мектебім деуге болады. Маған тағы да ықпал еткен өзімнің ағаларым болды. Олар күнделікті газет-журналдардан қаржы, экономика, жаңа технологиялар тақырыбында жарық көрген мақалаларды күн құрғатпай оқитын. Бірақ мені мүлде басқа тақырыптар қызықтырды. Тарих, әдебиет, спорт тақырыптарын үзбей оқуды әдетке айналдырдым. Қаладағы ең алғашқы қазақ тілінде балаларға білім берген Б. Жолбарысұлы атындағы №18 мектеппен қоштасып, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде шығыстану мамандығы бойынша білім алдым. Алғаш студент атанғанымда-ақ бакалавр, магистрант, докторант дәрежесіне дейін оқуды жоспарладым. Осы тұстан бастап ауқымы кең, саяси тақырыптарды оқуғаден қоя бастадым. Халықаралық дәрежедегі саясат тақырыптары менің қызығушылығымды оятты. Содан бастап мен университет көлемінде өтетін халықаралық ғылыми конференцияларға мақала жаздым. Бір күні жиын біткен соң сонау мектеп жасымда оқып жүрген «Деловая неделя» газетінің тілшісі менен алғаш сұхбат алды. Сонда: «Сіздің мақалаңыз ғылыми емес, әдеби, журналистиканың тілімен жазылған екен. Бізге жұмысқа келесіз бе?», – деп ұсыныс білдірді. Шыны керек, қатты қуандым. Екінші курста тәжірибе алмасуға барамын деп жүргенімде университет тарапынан үздік студенттерді Мысыр Араб республикасына оқуға жіберді. Сол жақтан оралған соң штаттан тыс тілші болып, жұмысқа орналастым. Орыс тілінде жарық көретін басылымға түрлі тақырыпта мақала жаздым. Алғашында қазақ мектебін бітірген мен үшін орыс тілінде мақала жазу қиын болды. Бірақ менің ортам, достарым көбіне орыс тілінде сөйлейтін. Соның пайдасы тиді. Бастапқыда бір мақала жазуға екі апта уақытым кететін. Уақыт өте келе өз стилімді қалыптастырдым. Мен саясат, әлеуметтік тақырыптарды қозғағандықтан, көбіне мақалам газеттің соңғы бетінде жарияланатын. Содан мен қозғайтын бағытымды ауыстырдым. Газеттің алғашқы бетіне мақаламды жариялау үшін аянбай еңбек еттім. Сөйтіп, басылымның алғашқы бетіне мақалаларымды суретімен жариялайтын дәрежеге жеттім. Бұл мен үшін үлкен жеңіс болды. Демалыс уақытында үйге келгенімде газет редакторының орынбасары болғанымды естіген мұғалімдерім таң қалған. 2003 жылы тәжірибемді бастап, 2006 жылы ресми «Деловая неделя» газетіне жұмысқа орналастым. Алғаш қаламақым 7 мың теңге болды. Әрине, ол кезде ол тек ары-бері жүрген жол шығынымды ғана ақтайтын. Бұл – мен үшін үлкен мектеп еді. Еш өкінбеймін. Әріптестеріммен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Мұндай мектеп әрбір жасқа да керек-ақ.

 

  • Әу баста журналист болған жігіттің саясат сахнасына көтерілуіне не себеп?
  • Әрбір адам өзіне қажетті мамандықты, қажетті саланы білімі, тәжірибесі жетсе қолға алғаны дұрыс. Сол секілді мен де саясат сахнасында өзімнің қолтаңбамды қалдыруға тырысамын. Жақсы жаңалықтармен, тың ойлармен халық үшін қызмет етемін. Әрбір адамның жүрегінде Отанына, еліне, жеріне деген патриоттық сезімі болса, ол кез келген бағытта қызмет ете алады. Қазір біз жаспыз. Бізде мүмкіндік те мол. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ел ағасы. Бүгінгі алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар артында өсіп келе жатқан жастар екені даусыз. Яғни, біздер. Еліміздің ендігі дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты. Әрі білімді, бәсекеге барынша қабілетті, сонымен қатар дені сау, яғни салауатты өмір салтын ұстануы алғы шарт болып табылады. Сондықтан еліміздің өркендеп, өсуіне бір кісідей атсалысқанымыз жөн. Елбасының өзі жастарға сенім артып отырғанда біз неге кері шегінуіміз керек. Сол себепті де, жастарға барынша қолдау білдіргендіктен, артылған сенімді ақтау – біздің азаматтық парыз деп ұғынуымыз қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жастар мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Жігер беретін тапсырмаларды бірауыздан қолдаған олар да аянып қалып жатқан жоқ. Жоғары жалақы, жоғары шәкіртақы, білім берудің жаңа жүйесі – барлығы да келешек ұрпақтың болашаққа деген сенімін арттырды. Сондай-ақ, бақытты елдің бақытты ұрпақтары Қазақ елінің Мәңгілік Ел болуына жұмыла еңбек етуде. Міне, осындай артылған сенімді ақтау – менің бірінші міндетім деп білемін.

 

  • Бұған дейін сіз облыстық жастар саясаты басқармасын басқардыңыз бағыты бір болғанымен облыстық ішкі саясат жауапкершілігі жоғары, жүгі ауыр сала. Қалай сезініп жатырсыз?
  • Жастар саясаты басқармасының қиындығы мен қызығы өз алдына жеке әңгіме. Ол облыстағы жастармен тығыз байланысты жұмыс болса, ішкі саясат дегеніңіз облыстың барлық тыныс-тіршілігінен толықтай хабардар болу. Облыс ішіндегі әлеуметтік топтар мен үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттардың қарым-қатынасын білдіретін саясат, облыс іс-әрекетінің және билеуші партиялардың негізгі бағыттарын қамтиды. Елбасы идиологиясын түбегейлі халыққа түсіндіру, жеткізу де біздің міндет. Облыс әкімі Амандық Баталов осы жауапты саланы маған зор сеніммен тапсырды. Ішкі саясат – облыстың тыныс-тіршілігі. Бір сөзбен айтқанда, адам бойындағы күре тамыр іспеттес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жасампаз, білімді жастарға қолдау білдіруді тапсырған. Аталған тапсырманы жоғары деңгейде жүзеге асыру мақсатында облыс басшысы да бізге, яғни жас мамандарды қанатының астына алды. Біз мұны қамқорлық пен жанашырлық деп қабылдаймыз. Осы арқылы біз болашаққа бағдар аламыз. Біздің алдыңғы буын ағалар біздің бағдаршам іспеттес. Сондықтан да жастар Ұлт Көшбасшысына, өңір басшысына қарап бой түзеп келе жатырмыз. Осының барлығы да ішкі саясаттың бір бөлігі. Сонымен қатар, мұнда біз БАҚ өкілдерімен тығыз жұмыс жасаймыз. Билік пен халық арасында алтын көпір орнататын төртінші билік өкілдерінің орны қашанда жоғары. Кейінгі уақытта интернет кеңістігінің қарыштап дамуы, сол арқылы халыққа ақпараттың жылдам әрі тез жетуіне баса көңіл бөлудеміз. Жақында ғана осы саланың тізгінін қолға алдым. Бұл саланы басқаруда өзімді өте жаспын деп санаймын. Дегенмен тың ойлар мен идеяларды іске асыруға тырысамын. Жақсы жаңалықтар алып келемін деп ойлаймын. Расымен де жауапкершілігі тым ауыр. Бірақ бұл саланың соңында қаншама халық тұр. Осыны үнемі есімде ұстаймын. Сондықтан шаршамай, талмай еңбек етеміз. Бүгінде бұл саланың қыры мен сырын меңгерудемін. Біз тікелей халықпен жұмыс жасау арқылы шыңдаламыз.

 

  • Бүгінгі жас тішілерге айтар кеңесіңіз
  •  Бұл ғасыр – жастардың заманы. Оларға барлық жағынан да жағдай жасалған. Оқимын десе, тіпті шетел асып оқуларына да болады. Кейінгі уақытта ғаламтордың қолжетімділігінің нәтижесінде «блогер» деген маман пайда болды. Ол ақпаратты өз парақшасында немесе блогында жылдам жариялай алады. Халық сол арқылы болған жайттан хабар алады. Дегенмен, ақпаратты тез таратамыз деп кемшіліктерге де ұрынып жататынымыз жасырын емес. Сондықтан да, ақпарат дегеніңіз, ол лаулап тұрған от деп ұғуымыз керек. Бір сөйлем болса да оны толық зерттеп, деректің мәні мен мағынасына толықтай көз жеткізіп болған соң жариялау керектігін естен шығармаса екен. Қазақта «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген сөз бар. Жастарға айтарым, ақпараттың тез жетуіне емес, оның сапасына, дәлеліне баса көңіл аударса. Олардың айтқан бір ауызсөзі халық үшін маңызды екенін ұмытпаса.

 

  • Мерекелік лебізіңіз?
  • Әрбір адамның иеленген мамандығы тікелей халыққа қызмет ету. Мәселен, дәрігерлер адам тәнін емдейтін, ұстаздар оқушының сауатын ашатыны секілді журналистердің де қоғамда ойып алған өз орны бар. Өйткені, олар халықтың ойын, мұңын, пікірін билікке жеткізу мақсатында жұмыс істейді. Сол арқылы қоғамның санитарына айналды. Журналистика әлеміне ену үшін олардың бойында әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен берілген туа бітті қарым-қабілет болуы шарт. Журналист үнемі ізденіс үстінде жүреді. Өзінің ойындағы, мақсатындағы тың ойдан ол тренд жасауы керек. «Кім ақпаратты иемденсе, сол әлемді билейді» – деген сөздің астарында біраз дүние бар. Журналистика – қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін кәсіп. Сіздер жекелеген адамдардың тағдыры да, қоғамның рухани ахуалы да адал, шынайы журналистік сөзге байланысты екенін жақсы білесіздер. Сол арқылы халық пен билік арасын жақындатып келесіздер. Осы тұста облыстың билік органдары мен БАҚ арасында қалыптасқан қарым-қатынастың сындарлы сипат алғанын атап өткім келеді. Сіздердің салмақты сөздеріңіз бен салиқалы пікірлеріңіздің арқасында халық билікке өз сөзін жеткізіп отыр және баспасөзбен тығыз байланыстың нәтижесінде атқарушы билік органдарының қызметі туралы облыс тұрғындарына жедел және дәлелді ақпараттар жеткізіліп келеді. «Журналистика – қайнаған өмірдің өзі».  Міне, сол қайнаған өмір иелерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Еңлік САҒЫНДЫҚОВА

Оқи отырыңыз