Қарияларды қуантты

Қарияларды қуантты

Мемлекеттік қызмет саласында тер төккен бірқатар ардагер өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып, бүгінде ел қадірлісі атанып, төрден орын алып отыр. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Амандық Баталов ел анасы атанған Бәтима Сақауова мен беделді ақсақал Егеубек Далбағаевтың шаңырағына барып арнайы құттықтап қайтты. 

Қос қарияға деген ілтипат лебізін, құшақ толы раушан гүлдерін, азық-түлікке толы себетін арқалаған алқалы топ, алғаш болып қажыр-қайратын Жетісудың өркендеуіне жұмсаған Бәтима Есболатқызының шаңырағына бас сұқты. Тоқсанның төріне шыққан асыл ана төсек тартып жатса да, өзіне деген құрметтің ұмытылмағанына шексіз қуанды. Амандық Ғаббасұлы қашанда жер мен ел деген, теперіш көріп терлеген алақаннан ұстап, келе жатқан жаңажылдық лепті сездірді. Толағай тілегін жеткізіп, қуаныштан жүздеріне күлкі үйірілген қарияның ризашылығын иеленді. Шаттықтан шапағаттанған ана жүрегі әлі де жас. Бүгінге дейін қандай жағдай болмасын теледидар алдынан түспей, облыстағы ақпараттан хабар алып отырады екен. Ел анасы облыс әкімін алған атақтарымен құттықтап, өңірді дамытып жатқандығын тілге тиек етіп, амандық тіледі.  Ол өз сөзінде: Облысымыздың жыл сайынғы қорытындысына қатты қуанып отырамын. Айналайын, Амандық, ел үшін барлық жағдайды жасап жатсың. Талдықорған бүгінде адам танымастай өзгерген. Оны өткенде жиенім көлікпен қыдыртқанда байқадым, – деп ақжарма тілегін ақтарды.         
Облыс басшысы екінші болып даналықтың діңгегі Егебек Далбағаевтың үйіне ат басын бұрды. Жаңа жыл қарсаңындағы құрметке бұл қария да дән риза. Арнайы келген облыс басшысының құрметінен көңіл көкжиегі кеңейген Егеубек Даданбекұлының жары орден толы костюмді көтеріп, ел азаматының еңбегін айтып өтті. Иә, расымен де бұл ұрпаққа үлгі боларлық жайт. Өз кезегінде талай бейнет көріп, бүгінде соның зейнетіне бөленіп отырған қарияның төсіне тағылар ордендер әлі таусылмаған. Құттықтау барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт республикалық ардагерлер ұйымында «Құрметті азамат» ретінде 17-ші болып тіркелген Егеубек Даданбекұлының төсіне «Құрмет» орденін тақты. Ардагердің алғаш облыс құрылған кезде орталықтағы ғимараттарды жөндеуге, ескерткіштерді өңдеуге үлес қосқан еңбегін Амандық Ғаббасұлы айтып өтті. Немере, шөберелерінің шаттығына бөленіп отырған қария жастардың амандығын, облыстың өркендеуін, басшылардың беделі биіктей беруін тілек етті. 
Сөз соңында Амандық Ғаббасұлы ел тыныштығының артуына айрықша ықпал еткен Елбасын әңгіме өзегіне айналдырып, өткен жылдың жемісті болғанын айтып, келер жылдың тек жақсылықтарымен қуантуын  тіледі.

Құралбек СӘБИТОВ.

Оқи отырыңыз