Жаңғырудың жаңа орталығы

Жаңғырудың жаңа орталығы

Жетісулықтардан тағы да сүйінші сұрамақпыз. Жаңа жылдың жарқын көрінісіндей жақсы жаңалықтар лебі толастар емес. Қаламыздың кіреберісінде орналасқан жасыл алқап «Жастар» саябағында мәдени-танымдық «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды.     

Рухани орталықтың ашылуына арнайы келген облыс әкімі Амандық Баталов көпшілікті алда келе жатқан Жаңа жылымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Құрметті ағайын, жиналған қауым! Саналуан ұлт пен түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған облысымыз бүгінде қарқынды дамып, алға нық қадам басып келеді. Жеткен жетістігіміз бен бағындырған белестеріміз қазақ халқының бірлігі мен тірлігінің нәтижесі екені баршаңызға аян. Елбасының мақаласы аясында қаланған бұл орталықтың елге берер пайдасы көл-көсір. Өткенімізді жаңғыртпасақ, келешегіміз бұлыңғыр болмақ. Сондықтан егеменді ел ретінде рухани түлеуіміз керек. Бүгінде керегеміз кең, босағамыз берік. Осы нысан құндылықтарымыздың қайта оянуына жол ашады деген ойдамын, – деді өңір басшысы.
Осыдан кейін облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында ұйымдастырылған «100 жаңа есім» жобасына енген облыс жастарының ерен еңбегін сөз етті. 
– Қазақ қырандай биікке құмар халық. Оның дәлелі бүгінгі белсенді жастар. Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз жаңарып, жанданып келеді. Әлі де алға қойған мақсатымыз өте көп. Соны іске асыру келешектің қолында, – деді Ермек Әбілмәжінұлы.
Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Дигай Дамир армандарының біртіндеп жүзеге асып келе жатқанын мақтанышпен жеткізді.
Бұл орталық ұлттық құндылықтарымыз бен еліміздің тарихи мұраларын жастарға насихаттап, осы бағытта студенттер мен қала тұрғындарына қажетті ақпарат беретін болады. 
Жалпы, қоғамның ішкі болмысы мен бабалар салған сара жолды батыстық әуендердің барымталап алғаны көпке мәлім. Озығынан тозығы көп шетелдік құндылықтарға ырық беріп, ұлттық ұстанымымыздан бір сәтке ажырағандай едік. Осы жайтты Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында өте әсерлі жеткізген. «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заман болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Біздіңше, Елбасы айтқан сол ұлттық кодтың бір кілті – білім мен ғылымда жатқандай. Сондықтан бүгінде жаңа ашылған мәдени-танымдық «Рухани жаңғыру» орталығында Елбасы мақаласында айтылған білім мен ғылым насихатталатын болады.
Салтанатты шараға келген қадірлі қонақтардың назарына суреттер және мәдени көрме ұсынылды. Облыс әкіміне әртүрлі ұлттық бұйымдар мен аспаптарды тамашалауға мүмкіндік туғызғанына халық ризашылық білдірді. 
Алдағы уақытта жаңа ашылған «Рухани жаңғыру» орталығында Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, түрлі шаралар мен игі кештер, тәрбиелік мәні жоғары жиындар ұйымдастырылатын болады.

Мұхтар КҮМІСБЕК.

Оқи отырыңыз