Қарттарым, аман-сау жүрші

Қарттарым, аман-сау жүрші

Міне, елімізге көл-көсір табыс пен шаттық сыйлаған тауық жылы да тарихтың еншісіне айналды. Жаңа жылдың келуіне санаулы күндер қалғанда облыс басшысы Амандық БАТАЛОВ қалыптасқан дәстүр бойынша жер жаннаты Жетісу өлкесінің дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлерін Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақүйінің «Grand Ballroom» дәмханасына шақырып, сый-құрмет көрсетті.

Міне, 30-шы желтоқсан күні Алматыға жиналған қарияларымызды қыс мезгілі шуақты да жылы ауа райымен қарсы алды. Салтанат сарайының кіреберісінде «Құлансаз» ансамблінің орындауындағы ұлттық нақыштағы әуен көңілдерін тербесе, бір-бірін көптен бері көрмеген ақ сақалды қарияларымыз бен ақ жаулықты аналарымыз амандық-саулық сұрасып, әңгіменің көрігін қыздырған. Көпшілігі осындағы үлкен экраннан Алматы облысының бір жылда жеткен жетістіктерін баяндайтын бейнефильмді тамашалауда.
Аға буын өкілдері жайлы айтқанда дәстүр бойынша «ақ сақалды» деген тіркесті қолданғанымызбен, күні кеше ғана ел басқару ісіне араласып, өлкеміздегі ірілі-ұсақты ұжымдарға жетекшілік жасаған жандар өздерін әлі де қунақ, өте сергек ұстайды. Қажет болған жағдайда еңбек майданына қайта оралуға дайын кейіп танытады. Тағдыр-талайына соғыстан кейінгі базары аз балалық, күйреген шаруашылықтарды қалпына келтіру, тәуелсіз Қазақстанның саяси және экономикалық дербестігін қалыптастыру міндеті жүктелген күрделі кезеңнің ардагерлері ата-баба аманаты мен болашақ ұрпақ алдындағы парыздарына адалдық танытқаны дау туғызбайды. 
Кеш қонақтары дастарқан басына жайғасқаннан кейін қазыналы қарияларымыздың бірі, «Тақиялы періште» фильмі арқылы бүкіл қазақ жұртының сүйіктісіне айналған Әлімғазы Райымбеков  жиналған жұртшылыққа ақ батасын арнаған. Осыдан кейін өлке басшысы Амандық Баталов қонақтарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, облыста атқарылған іргелі істерге қысқаша тоқталып өтті.
– Бүгінгі дәстүрлі кездесуге келіп отырған баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін. Өздеріңізбен кездесіп, ыстық ықыластарыңызды көргенде бір марқайып қаламыз, – деді ол сөзінің басында. – Қазақта: «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген  асыл сөз бар. Сіздердің туған жер үшін, халық үшін атқарған игілікті істеріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі. Облыстың қай түкпіріне барсаңыз да сіздердің қалдырған іздеріңізді көруге болады. Көптеген азаматтар сіздерден тәлім алып, ел басқару ісіне араласып жүргендерін мақтан тұтады. Сол үшін де сіздерге айтар алғысымыз мол!
Жетісу өңірі сол өздеріңіз бастаған игі істерді жалғастырып, өсіп-өркендеп келеді. Биыл облыс тұрғындарының саны 2 миллионнан асып, экономикасы ғана емес, халық саны жағынан да ірі өңірлердің біріне айналды. Өнеркәсіп пен аграрлық саладағы табыстарымыз мол. Жалпы республикалық деңгейдегі үлесіміз 4,7 пайызға дейін өсіп отыр.
Өнеркәсіп саласында 1800 кәсіпорын жұмыс істесе, олардың 20-сында трансұлттық компаниялардың үлесі бар, өнеркәсіп өнімінің үштен бірін шығарып отырған ірі және танымал кәсіпорындар. Бұларға «Кока – Кола», «Данон», «РДжиБрэндс», «Эфес», ДжейТи Ай», «Филип Моррис», «Кнауф», «Тикурилла» компаниялары жатады. 
Өңдеу секторының үлесі 85 пайызға жетіп отыр. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Еліміздегі ауылшаруашылығының жалпы өнімінде 17 пайыз үлеспен облысымыз алғашқы орында тұр.
Биыл агроөнеркәсіп  кешеніне 36 млрд. теңге инвестиция тартылды. Ауылшаруашылық дақылдарының аумағы 948 мың гектарға жетіп отыр. Озық технологияны пайдаланудың нәтижесінде гектар өнімділігі орта есеппен 34 пайызға артты. Облыс еліміздегі қант қызылшасын өндіруші өңір атағын қайтарды. 9 мың гектар алқапқа қант қызылшасы өсіріліп, 330 мың тонна өнім алынды. Соның нәтижесінде 30 мың тоннадан астам қант алынып отыр. Мал шаруашылығы да қарқынды дамып, барлық бағдарлама жүзеге асырылуда. Биылғы жылы ғана 17 мыңнан аса адам тартылған 196 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды.  
Облыстың білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, шағын және орта бизнес салалары мен басқа бағыттарда оң нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. Биылдың өзінде ғана өңірде 130 білім беру нысаны, оның ішінде 28 орта мектеп және 96 жекеменшік балабақша пайдалануға берілді. 
Облыс орталығы – Талдықорған қаласын көркейту назардан тыс қалған емес. Жуықта ғана Салтанат сарайы, Көрме кешені ел игілігіне берілгенін жақсы білесіздер. Ал алдағы уақытта қалада жаңа Драма театры, әлемдік стандарттарға сай жабық жүзу бассейні, өзге де халық игілігіне қажетті ғимараттар ашылатын болады. Осының бәрі  – Алматы облысы экономикасының өсіп, биік белестерге жеткенін айғақтаса керек.
Құрметті ардагерлер! Әр жылдары облысымызға қызмет еткен өздеріңізге құрмет көрсету – біздің інілік парызымыз. Биыл ардагерлер ұйымының 30 жылдық мерейтойын атап өттік. Алдыңғы буынның жүріп өткен жолы – болашақ үшін үлкен өмірлік мектеп. Ал, еліміздегі өнегелі дәстүрді ұстанған, әрқайсысы бір «даналық университеті» бола алатын қарияларымыздың берері әлі де мол. 
Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген қанатты сөз бар. Сіздермен Жаңа жыл қарсаңында кездесіп, ақ баталарыңызды алу жақсы дәстүрге айналып келеді. Өздеріңіздей ақылшы аға буынның тілегін тыңдау, пікір алмасу біз үшін бір ғанибет. Сіздер барда біз талай биік, белестерді бағындырамыз. Алдағы жылымыз да жеңісті болсын. Жаңа 2018 жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасында береке-бірлік, бақытты тірлік болсын! Ел абыройын асқақтату жолында жетісулықтарға табыс тілеймін!
Әрине, мұндай кездесулер аға буын өкілдерінің ізгі тілек, ақ батасынсыз өтпейтіні белгілі. Бұл жолы да Алматы облысын басқарған, елімізді өркендетуге елеулі үлес қосқан танымал ардагерлеріміз сөз алып, ақжарма тілектерін ақтарған. Солардың қатарында Кеңес Аухадиев, Серік Ахымбеков, Шалбай Құлмаханов бастаған еңселі ел ағалары тілектің тізгінін алса, Асылмұрат Тұрғанбеков, Наурыз Қылышбаев, Ермек Келемсейіт ағаларымыз, Фатима Асқарова, Шәмшә Беркімбаева, Күмісжан Өмірбаева, Бижамал Рамазанова сынды бүкіл бір ұрпаққа үлгі болар ақ жаулықты аналарымыз, Виктор Долженков, Александр Судьин, Әлихан Тойбаев, Тоққожа Естенов, кешегі Кеңестік кезеңнің Еңбек Ерлері Күләш Айтжанова мен Төлеген Құлахметов, кеше ғана Елбасының қолынан жоғары марапатты алған тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров және өзге де жұртшылық назарында жүрген танымал ел ағалары жиналған қауымды Жаңа жылдарымен құттықтап, облыс басшысы Амандық Ғаббасұлының атқарып жатқан жұмысына жоғары баға берді.
Бұл күн аға буын үшін жарқын жүздесулер мен ақжарма тілектер күні болғаны ақиқат.  Олар дастарқан мәзірінен дәм татып қана қоймай, елімізге танымал өнер жұлдыздары дайындаған тамаша мерекелік концертті тамашалап,  арқа-жарқа болып тарасты. Осылайша, жақсылықпен бастау алған ит жылы қазағымызға берекелі болсын деген тілек жұртшылық жадында қалды.

Қуат Қайранбаев.

Алматы қаласы.

Оқи отырыңыз