Жетісу жетістігімен желпінтті

Жетісу жетістігімен желпінтті

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов өңір ақсақалдарымен кездесті. Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселелер сөз болды.

Ардагерлер үйінде өткен басқосуға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсеиіт, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев қатысты. Кездесу барысында латын әліпбиіне көшуге ерекше назар аударылды. Оның мән-мағынасы мен мемлекетіміздің ілгері дамуындағы алар орны, тарихымыз бен әлемдік деңгейдегі рухани үдеріске қосар үлесі тұрғысында әңгіме өрбіді.
– Жыл басында барлық депутаттар ел аралап, халықпен кездесіп, өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарға көз жүгіртуде. Іссапармен туған жеріме табан тіреп, алдымен ардагерлермен кездесуді жөн санадым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың істеп жатқан жұмыстары жайында хабардар еттім. Қарттардың көңіл-күйі өте жақсы. Өңірдің даму қарқыны жоғары, оны нәтижелі жұмыстарға қарап аңғаруға болады. Қазақта «Ай түнде керек болса, ақыл күнде керек» деген нақыл бар. Сондықтан қарттармен кездесіп, ой бөлісу негізгі мақсатымыз, – деген Серік Әбікенұлы барлығын жаңа жылдарымен құттықтап, дендеріне саулық тіледі.
Халық қалаулысы мақалада айтылған «Туған жер» бағдарламасын ерекше атап өтті. Өйткені, кіндік қаның тамған жер қашанда ыстық. Ал оның өркендеуі үшін кімде-кім болмасын аянбай еңбек етуге әзір екендігін жеткізді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып, елінің дамуына үлес қосып жатқан жастарды да назардан тыс қалдырмады. Әсіресе, үштілділік мәселесіне мән беріп, салт-дәстүрдің сақталуы жөнінде кеңінен сөз қозғады. Өңірдегі жолдардың жақсарып жатқандығы мен Талдықорған қаласына газ келіп, халыққа қуаныш сыйлағанын мақтанышпен айтты. Жақында ғана «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Жақсылық      Үшкемпіровтың ұлты үшін маңдай терін төгіп еткен еңбегін мысалға келтірді. Сөз соңында билік пен халықтың арасындағы алтын көпір атанған бұқаралық ақпарат құралдары жұмысының маңыздылығына тоқтады. Қоғамдағы журналистердің алар орыны ерекше екендігін де тілге тиек етті. 
Жиынға қатысқан қазыналы қарттар мінбеге шығып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Көтерілген мәселелердің өте орынды және жұртқа берері мол екендігін айтты. Береке-бірліктің нығая түсуін  тілеген ардагерлер «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп тарқасты.
***
Көпшіліктің қуанышын еселеп, қайта іске қосылған Ақсу қант зауыты, шынтуайтында, облыстың ауыз толтырып айтарлық ең  үлкен жетістігі. Бұл туралы  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Қылышбаев айтты. Аталған аймақтың алға басқан шаруасымен танысуға Астанадан арнайы келген мәжілісмен зауыттың бүгінгі бет-бейнесіне өз ризашылығын білдірді.  
Осы барыста Нұрлан Наурызұлы алып кәсіпорынның күні кеше-ақ есік-терезесі тозған, талай инвестордың талабына сыймаған, көрер көзге қораш нысан болғанын айта келіп, оның он жылдық үзілістен кейін бойына қан жүгіріп, қайта жандануы өңір үшін үлкен тарихи оқиға екенін атап өтті.
– Бұл зауыт – Ақсу, Сарқан аудандарының шаруашылықтары арқа сүйер ірі кәсіпорын. Саладағылардың салы суға кетіп жүрген еді. Енді, міне, қызылша алқаптарын ұлғайтып, өңдеу ісін ілгерілетпек. Тіпті, бұл – Ақсу мен Сарқан экономикасы үшін локомотив сынды. Осы елдің азаматы ретінде мен оның жаңғырып-жанданғанына айрықша қуаныштымын, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. 
Қысқа мерзімде аяғынан тұрған кәсіпорынға кәсіби кадрлар керек. Кездесу аясында Нұрлан Қылышбаев білікті мамандар даярлау барысымен танысты. Зауыт науқанды ойдағыдай аяқтады. 80 мың тоннадан аса тәтті түбір өңдеді.  «Энергомост» консорциумы 15 млрд. теңге инвестиция құйған. Модернизация алдағы жылдары да жалғаспақ. Бұған орай,  қызылша алқабының көлемі де ұлғайтылмақ. 
Кездесу аясында журналистерге арнайы уақыт бөліп, өзара пікір алмасуға мүмкіндік туғызған депутат соңғы уақытта Мемлекеттік сатып алу заңы жобасы бойынша жұмыс жасап жатқанын тілге тиек етті. Халық қалаулысы сапар аясында тағы бірнеше ауданда  болмақ.
***
Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Марат Бопазов пен Серік Сәпиев облыс орталығында бірнеше кездесу өткізді. Сол қатарда Алматы – Талдықорған жолының бойында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан коттеджді қалашықтағы құрылыс жұмыстарының барысымен де танысты.  
Жалпы, екіқабатты 30 үйден тұратын, 90 пәтерлі коттеджді қалашықты салу жоспары  бірнеше жылдан бері сөз болып келе жатқан еді. Жоба жоспары жасалып, қаржысы бөлініп дегендей, дайындық жұмысы толығымен аяқталған соң өткен жылдың соңғы тоқсанында құрылыс жұмысы ресми қолға алынды. Бүгінде мұнда онға тарта үйдің тағаны құйылып, қабырғасы қаланып, шатыры жабыла бастады. Жұмыс қарқынына қарап, жобаның жоспардағы уақыттан ерте бітетіндігіне сенім мол. Әрине, депутаттарды осы және басқа да сұрақтар қызықтыратын болып шықты.
Марат Бопазов Талдықорған қаласында лауазымды қызметтер атқарғандықтан қаланың ой-шұқыры оған бес қолдың саласындай белгілі. Соған орай халық қалаулысы мердігер компания өкілдерінен құрылысқа керекті материалдардың қайдан тасымалданатыны мен құрылысшылардың қай өңірден тартылғанын сұрап білді. Мердігер компания өкілдері қалашыққа отандық құрылыс материалдарының қолданылатындығын жергілікті құрылысшы жігіттердің күшімен тұрғызылып жатқанын жеткізді. Ал Серік Сәпиев болса, қалашықтың басқа да инфрақұрылымы, әсіресе спорттық нысандардың жоспарда бар-жоқтығы туралы білгісі келді. Талдықорған қалалық құрылыс бөлімінің мамандары қалашықта мектеп, емдеу орталығы, балабақша, спорттық жаттығу алаңдарының салынатынын тәптіштеп түсіндірді. 
Құрылыс алаңын аралап шыққан көпшілік көп өтпей қалаға кіреберіс тұстан сәулетіне салтанаты сай тағы да бір жаңа қалашықтың бой көтеріп, қалаға көркемдік, ары-бері өткен жолаушыларға көңілді күй сыйлайтынына сенім білдірісті.

Мәулен Әнербай,
Қозыбай ҚҰРМАН,
Қажет АНДАС.

Оқи отырыңыз