ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТТІ ПЕРЗЕНТІ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТТІ ПЕРЗЕНТІ

    Әлемдік деңгейдегі бедел иесі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірі мен еңбек жолы жасампаздық өнегесі екені ақиқат. Осынау ұлы бабамыз бүгінгі күні 106 жасқа толып отыр. Оның есімі уақыт ілгерілеген сайын асқақтап, мәңгілікке адымдап бара жатқандай көрінеді.

 

    Қандай қызметте жүрсе де үлкен-кішімен ашық-жарқын сөйлескен үлкен парасат иесі, адам баласын жазғырып, сыртынан ғайбаттауды білмеген Димаш Ахметұлы өмірін еліне, халқына қызмет етуге арнаған қайраткер еді. Тіпті өзіне негізсіз айып тағып, сыртынан лақап таратқандарды біле тұра кешірім еткенін елі-жұрты біледі. Бұл кеңпейіл, жаны таза азаматқа ғана лайықты ерекшелік болып саналады.
    Димекең өзінің «Сталиннен Горбачевке дейін» деген еңбегінде: «Осы кезге дейінгі ұзақ өмірімде көптеген жайттар кездесті, оның жақсысы да, жаманы да бар. Бірақ, бұл – менің өмірім. Басқалар сияқты менің басымда да «қаралы» күндер болды, бірақ мен олардың бірде-бірін жадымнан сызып тастаған жоқпын. Сондай-ақ, ештеңеге өкінбеймін және ешкімге өкпелемеймін де», – деп тебіреніп сыр шертеді. 
    Бұл – ақиқат, дананың сөзі. Дінмұхамед Қонаевтың жекебасына қою қара бұлт үйірілген жылдар Одақ билігін Н. Хрущев, М. Горбачев, Қазақстан тізгінін  Г. Колбин иеленген жылдар болды. Соның өзінде Димаш ата жеңіске жетті. Елу жылға жуық ел басқарған ұлы перзент халқына адал қызметкердің қандай болуы керектігін көрсете, дәлелдей алды. Ол еңбек жолын тау-кен инженері болып бастап, Балқаш мыс қорыту комбинаты мен Лениногор қорғасын-мырыш комбинаты сияқты одақтағы танымал өндіріс орындарында қызмет істеді.
    Дінмұхамед Қонаев 1942–1952  жылдар аралығында Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, 1952–1955 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қызметтерінде болды. Мұнан соңғы өмірінің бәрі-бәрі тұтасымен партия мен кеңес қызметіне арналды. Атап айтқанда, Қазақ КСР министрлер кеңесі төрағасы қызметінде сегіз жыл, Қазақстан  Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы міндетін 24 жыл атқарды. Сондай-ақ, СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросы құрамында 16 жыл еңбек еткені белгілі. КСРО Жоғарғы Кеңесі мен Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаттығына бірнеше мәрте сайланды.
    Ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарғанда елімізде жаңа өнеркәсіптік аудандар пайда болды. Жаңа қалалар мен ірі елді мекендердің іргесі қаланды. Бәрін емес, кейбір маңызды дегендерге қысқаша тоқталып өтетін болсақ, Павлодар-Екібастұз отын-энергетика кешені, Қарағандыдағы ГРЭС-2, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су-электр стансысы, Павлодар зауыты, Маңғыстаудағы мұнай кені орындары, т.б. алыптар іске қосылды.
    Қазақстанда егіншілік пен мал шаруашылығы бұрын-соңды болмаған биікке көтерілді. Қазақстанның Одақ қоймасына бірнеше мәрте бір миллиард пұттан астам астық құюы ешқашан ұмытылмақ емес. Бұл Мәңгілік Ел тарихында алтын әріппен айшықталып қала бермекші. Осынау көрнекті тұлғаның еңбегі ескеріліп, Одақ көлемінде лайықты мадақталып, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері (1972, 1976 және 1982 жылдар) атағы берілді. Осы кісінің республикаға танымал, одаққа белгілі іскер басшы кадрларын тәрбиелеп, іріктеп, орналастырғанын айтудың өзі сүйінішті.
    Халқымыз: «Мәңгі өмір жоқ, мәнді өмір болады» деген ғой. Бұл ұлағатты қағида Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа арнайы айтылған сияқты. Осынау Үлкен кісі қайтыс болған соң есімін ел есінде, ел тарихында мәңгілік ету үшін бірқатар шаралар атқарылғаны белгілі. Атап айтар болсақ, еліміздің бірқатар мектептері мен көшелеріне, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының тау-кен және түсті металлургия институтына Қонаев есімі берілді. Оның туған қаласы – Алматыда Қонаев атындағы университет барын да білеміз. Осылардың бәрін тізбектеу шарт емес, игі істер әлі де өрісін кеңейте берерін түсінеміз.
Дінмұхамед Қонаевтың әлемге әйгілі тұлға екендігін АҚШ-тың    34-ші президенті Дуайт Эйзенхауердің: 
– Мен бүгін зор тұлғамен таныстым. Ол – терең  саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол – КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы», – деген сөзінен танимыз. 
    Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов былай дейді: 
– Ширек ғасырдан астам үздіксіз ел басқарған жылдарында республиканы Кеңес одағы көлеміндегі      14-ші орыннан алдыңғы үштіктің қатарына шығарды.Одақ бойынша екінші астықты алқапқа және көпсалалы өнеркәсіп аймағына айналдырды. Осы мерзім ішінде республиканың өндірістік ауқымы 10 есеге өсті.
    Димаш Ахметұлы жас шағынан бастап тау-кен инженері болуды мақсат еткен деседі. Олай болатын себебі, мұндай мамандықты меңгерген адам қазақта өте сирек болып тұр. Сондай-ақ, ол тұңғыш қазақ инженері Мұхаметжан Тынышпаевтай болуды парыз санаған  көрінеді. 1906 жылы Санкт-Петербургтен қатынас жолдары инженерлерін даярлайтын институтты ерекше дипломмен  тамамдап, Түркістан – Сібір теміржолын салуға қатысқан Мұхаметжан ағасының игілікті істері Димаш ағамыздың арманына қанат бітіргендей болады. Ақыры өршіл талант иесі «осы кісідей болсам» дегеніне жетеді. Тағдырдың жазуы-ай, Д. Қонаев данамыз 1993 жылғы 22 тамызда қайтыс болса, соның алдында Сарқан ауданында М. Тынышпаевтың мүшелтойына қатысып, айрықша шабыттана сөйлеген еді.
    Иә, Димаш Ахметұлының мамандық таңдауына ілгерінді ықпал еткен М. Тынышпаевтың ұлы Ескендір Мұхаметжанұлы мен Димаш ата екеуінің арасында өмірлік достық тамырланған  еді. Мәселен, мен (автор – Б. Бисұлтанұлы) Ескендір Тынышпаев ағамен танысқанымды, ол кісі өзінің суретін ұсынғанын, орыс жеңгемен сұхбаттасқанымды ұмытпаймын.
Өзім ұзақ жыл облыстық газетте қызмет атқарғандықтан ол кісіні Жетісу жеріне келген қызметтік іссапарында бірнеше рет көрдім. Жиналыстарда сөйлеген сөзін тыңдадым. Газеттерге хабар жарияладым. Ол кісіні шын жүректен жақсы көргендіктен өмірі мен еңбегіне ықыласты болдым. Ол кісі  туралы білуге, оқығандарымды жұртқа жеткізуге құштармын. Соның бірі жайында айтатын болсам Д. Қонаев ағамыз 1912 жылы дүниеге келсе, сол жылы Жұмабай  атасы қайтыс болыпты, бірақ жарықтық Жұмабай ата немересін көріп кетіпті. Сол себепті Дінмұхамед Ахметұлының ата-анасы көпшілікке, әрине, жақын ағайындарына: «Бұл бала атасының батасын алды», – деп шаттанады екен.
    Айдынды әрі айбынды Д. Қонаев ата-анасына, ет жақын туған-туыстарына, құда-жекжаттарына, әрине, сүйікті жары Зуһра Шәріпқызына (1916–1990 жылдар) айрықша сый-құрметпен, сүйіспеншілікпен қараған екен. Бұлар жайлы да мән-мазмұнды әңгімелер жеткілікті. Мәселен, ұлы композитор Нұрғиса аға Тілендиев: «Зуһра жеңгем жақсының кім, жаманның кім екенін танытқан Қонаевтар әулетінің алтын кілті еді ғой. Әрине, Димаш ағам болмаса Зуһра Зуһра болар ма еді?! Татар қызы болып туып, қазақтың келіні болып ғұмыр кешкен, қазақтың Димекеңдей біртуар перзентін баласынан бетер алақанына салып әлдилеп өткен Зуһра жеңгемнің мейірім шуағын да, ықылас-пейілін де  сағындым», – деген екен.
Осынау Димаш ата мен Зуһра бибі жұптары жазылмай елу жыл, алты ай, екі күн өмір сүрген екен. Мұның өзі де кейінгі жас ұрпаққа тамаша өнеге болса керек. 
    Қазақстанның халқына, кең-байтақ елі мен жеріне адал, өнегелі еңбек етіп, қайрат-жігер көрсеткен алып азамат 1986 жылғы 16 желтоқсандағы пленумда қызметінен босатылды. Әлдекімдер осы жағдайдың әсерінен жүрегі сыр беріп, еңсесі түсетін, тізесі бүгілетін шығар деп шамалауы да мүмкін-ау!
    Бірақ, олай болмады. Ержүрек, еңселі Үлкен кісі басын тік көтеріп, маңдайы жарқырап пленумға қатысып отырып, тура сол қалпында пленумнан үйге оралды.
    Халқын сүйген, елін-жерін, ерін қастерлеген хас батыр деген осы емес пе?! 

Болат БИСҰЛТАНҰЛЫ,
Ақсу ауданының Құрметті азаматы, облыстық
 «Дінмұхамед Ахметұлы
 Қонаев» қоғамдық қорының басқарма мүшесі, баспасөз хатшысы

Оқи отырыңыз