Айдос Сарым: "Жуынып, тіс тазалаудың өзі "Рухани жаңғыру" болып кетті"

Айдос Сарым:

Бұл пікірді белгілі саясаттанушы Талдықорған қаласы Журналистер үйінде «Рухани жаңғыру және қазақ қоғамы» тақырыбында өткен жиында айтты. Сондай-ақ, ол модернизация ұғымы туралы ұтымды ойларын ортаға салды.

Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Smart Zhetysu» жобасы аясында қоғам қайраткері, саясаткер, журналист Әміржан Қосанов, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым, журналист-сарапшы Нұрлан Нұрғазинмен кездесу өтті. Алғашқы сөздің тізгінін алған Әміржан Сағидрахманұлы елімізде атқарылып жатқан мемлекеттік маңызы бар оқиғаларға тоқталды.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын халық қолдағанымен, орындалу барысында кейбір кемшіліктер бар. Оны ашық айтуға тиіспіз. Оған ұлттық, тарихи, қоғами жауапкершілік тұрғысынан қарауымыз керек. Бағдарламада ұлттық ұстаным, ұстын, қазақтың болмысына ғана тән нәрселер ашық айтылған. Бұл үлкен геосаяси жағдайдағы батыл қадам және мемлекеттік құрылымдарға бағдар, – деп  науқаншылық болмауын, кейбір жазушылар 60, 70 жылдық мерейтойды «Рухани жаңғыру» аясында өткізіп жатқандығын айтты. – Мен оған қарсымын. Көзқарас мейілінше салмақты, сарабдал және жауапкершілікті болуы қажет. Біз қазақ қоғамымыз, біздің келешегіміз қазақ халқының ертеңгі күні. Осы бағытта ұрпақ тәрбиелеу баршамызға артылған міндет, – деп ойын түйіндеді. Айдос Әміроллаұлы болса, қоғамда көңіліне жақпайтын жаман үрдістің, немқұрайлылықтың барын тілге тиек етті.
– «Рухани жаңғыруға» өте бір жеңіл көзқараспен қарап келе жатқан сияқтымыз. Модернизацияны кейбір азаматтар «евроремонт» деп түсінеді. Ешбір ел, қоғам модернизацияны жақсылақтан жасамайды. Ол түңілудің, рухани дағдарыстың нәтижесінде дүниеге келеді. Жақсы дамығымыз келсе, бүгінгі болмысымыздағы, тұрмысымдағы біраз нәрседен бас тартуға мәжбүрміз. Осыны істемесек, онда көптеген жұмысымыз нәтижесіз қалады. Модернизация – өмір мен өлімнің таңдауы. Сүреңсіз өмір ол да өлім. Бақытсыз ғұмыр кешу – өлудің ұзақ мерзімді түрі. Өмірге деген құлшыныс, пайым артқанда ғана жетістікке жетеміз. Сондықтан рухани күйзелістерді дұрыс қабылдап, түсінуіміз керек, – деп елге ұғындыру жолдары, жастардың санасына серпіліс жасау тұрғысында пікір білдірді. Елбасының мақаласында айтылған ұлттық құндылыққа қатысты тұстарды тереңінен түсіндерген Нұрлан Нұрғазин тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілінің әлі де дамымай жатқандығын жеткізді. Ол үшін алдымен ел ағалары осы мәселеге мән беру керектігін алға тартты.

Кездесу барысында әртүрлі сұрақ қойылып, соған сай тұщымды жауап берілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын бұқара халыққа ұғындыру жолдары баяндалып, осы тұрғыда өскелең ұрпақты тәрбиелеу тетіктері мысалға келтірілді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Оқи отырыңыз