Дайындық деңгейі жоғары

Дайындық деңгейі жоғары

Шаруа адамдары бүгінде көктемгі егіске қызу әзірлік үстінде. Аграрлы аймақ Жамбыл ауданында ауылшаруашылығы жұмыстарына техниканың сексен пайызы дайын. Шаруалардың көктемгі науқанға сақадай-сай әзірлікпен кірісуі алдағы мол өнімнің кепілі болмақ.

Осы орайда қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген шаруашылықтардың бірі – аудан орталығындағы «Светлана» шаруа қожалығы. Құрылғанына биыл 17 жыл толатын шаруашылықтың төрағасы «Ерен еңбегі үшін», Тәуелсіздіктің, Конституцияның 20 жылдығы мерекелік медальдарының иегері, ауданның Құрметті азаматы Александр Назаренко (суретте оң жақ шетте). Айналасына іскерлігімен танылған ғалым-агроном салада ұзақ жыл жемісті еңбек етіп келеді. Егін өсірумен айналысатын қожалықтың табысы толымды. Тиісті агротехникалық шараларға сай өңделген егістік алқабынан жылда бітік өнім алады.
Шаруашылық қажетті техникамен түгел қамтамасыз етілген. Қуатты «К-700» тракторының екеуі, «МТЗ-82»-нің бесеуі, астық тасымалдайтын «ЗиЛ», бірнеше «КамАЗ» жүк көліктері мен егін оратын алты комбайн бар. «ҚазАгроҚаржы» ұйымы арқылы алынған су жаңа «Нива-Эффект» комбайны машина-трактор паркін толықтыра түсті. Техниканың науқандық жұмыстың қай-қайсына да сақадай-сай дайын болуы мұнда айнымас дәстүрге айналған. Осы ретте Аманғали Әбілешев, Қырықбай Ізтілеуов, Сергей Язигин, қожалықтың көп жылдан бергі білікті механигі Анатолий Язигин секілді механизаторлар өз ісінің шеберлері.
– Күзде бес жүз гектар жерге бидай егілді, енді осы көктемде мың жарым гектарға арпа себуді жоспарлап отырмыз. Оған қоса суармалы алқаптың үш жүз гектарына майбұршақ, жүз гектарына жоңышқа себеміз. Қазір қолда бар техниканың сексен пайызы көктемгі дала жұмыстарына да-  йын. Науқан басталғанға дейін әзірлікті жүз пайызға жеткіземіз деп сеніммен айта аламын. Өйткені, мұндағы жұмысшылар еңбекқор және өз ісін жетік меңгерген кәсіби мамандар, – дейді ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік үлесі бар шаруа қожалығының төрағасы.
Александр Николаевичтің ұжымы шетінен еңбекқор жандар. Техника тіліне жетік мамандар бұл жерде жыл он екі ай тұрақты жұмыс істейді. Уақытылы жалақы, малына керекті жемшөбін, өнімділікке қарай жылдық сыйақы алып тұрады. Тұрақты жұмыстағылар сегіз адам болса, науқан кезінде уақытша еңбекке тартылатындар саны екі-үш есеге артады. Ұзынағаш пен Қарақыстақ ауылы маңындағы мыңдаған гектар жерге егін еккен ол халықты жұмыс және азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіне осылайша атсалысуда.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы

Оқи отырыңыз