ТІРШІЛІК ТАМЫРЫ

ТІРШІЛІК ТАМЫРЫ

 Көп жұрт әлі күнге Наурыз мейрамының мән-маңызын жылымықпен бірге жылт етер сыртқы келбетінен іздеп әлек. Мәселе жарыса, жамыраса киіз үй тігіп, ас ішіп, аяқ босату, күнде көріп жүрген артистерді алға шығаруда ма екен?! Бар асылымыз – “Ұлыстың ұлы күні” атты ұлы тіркестің аясына ұялап тұрғандығын жан-жүрегімізбен сезінетін де, түйсінетін де шақ жетті. Ұлыс дегеніміз – көне тұрандықтардан бермен құс жолындай жалғасқан биік дәрежелі мемлекет деген қасиетті ұғым. Сонда “Ұлыстың ұлы күні” – алып мемлекеттің ұлы күні, яки ұлы мейрамы деген түсінікті паш етеді. Түптің түбінде «Қазақ ұлысы» деп дәуірлер, Аллаға да, кәрі тарихқа да ұғынықты мемлекеттік атауымызға қайта оралып, қуана қауышарымыз және хақ!


    Әлқисса, өшпес жадымызға ден қоялық. Барлық тарихи бастау-деректер, Рашид ад-Дин, Бичурин, Дулати, Жалайыри, Әбілғазы мен Шәкәрім қажы да, ата шежіреміз де жаңа жылдық мейрамымыздың айналымға ену дәстүрін түркі жұртының Ергенеқоннан шыққан 22-наурыз күніне тән аңызбен, яки күн мен түннің теңелуімен байланыстырады. Олай болса, неге біз бабаларымыздан жалғасқан төл мейрамымызды өзгелердің қанжығасына байлап беруге тиіспіз. Дәл осы ауанда зерттеуші-ғалымдардың перзенттік һәм патриоттық белсенділігі қажет-ақ!
    Бұған дейін де бір айтқан едік. Ана жылы осы Талдықорған шаһарындағы қазақ-түрік лицейінің төл жаңа жылымызға тән қамдаған қуанышына қатысқанымыз бар. Әдеттегідей құттықтау лебізінен соң түркиялық қандас ұстаздардың өздері бас бола дайындаған сахналық көріністі тамашаладық. Ортаға дәу қара тас қойылған. Бір мезет айнала білектерін сыбанып тұрған шәкірттер қолдарындағы зілтабан балғаларымен әлгі тасты тұс-тұстан соққылап кеп берсін. «Бұларыңыз не, қара таста не кеткендеріңіз бар-ау?» дейміз ғой таңданысымызды жасыра алмай. «Заманында арғы даңқты бабаларымыз Ергенеқон мекенінен тауды жарып осы күні шыққан. Елдігіміздің сол бір негізгі ақ бастауын ұрпақтар жүрегіне ұялату үшін жылма жыл тарихты осылай жаңғыртуды әдетке айналдырғанбыз» – дейді әлгі ұстаздар жүздері жайнап!  «О-оу, – дейміз біз, бұл біздің де Ергенеқон ғой! Біздің де түп негіз, тұғырымыз емес пе! Біздің де ата-бабаларымыздың сол таудан шыққандығы тарихи шежіремізде қатталып қалған!»
    Сол жолы қызыл империя құрсауы салдарынан өзіміз адасып қалған бабалар жолын түркиялық бауырлардың ұмытпай, әспеттеп жүргендіктеріне шүкіршілік еттік, орны толған өкініштің оқасы жоқ дестік. Енді осынау ақиқатты аян етер Шәкәрім Құдайбердіұлының  «Хан шежіресі» атты еңбегінен бір үзікке ден қоялық: «Моғол ханның баласы – Қарахан, Өзхан, Көзхан, Көрхан дегендер. Моғолдың орнына Қарахан болды. Ұлытау, Кішітауды жайлап, Қарақұрым, Сырдарияны қыстап жүрді. Мұның хан болғанын мұсылманша шежіре кітапта да «біздің пайғамбарлардан 3400 жыл бұрын» дейді. Бұл Оғуз хан мықты хан болды, жер жүзінің талай жерін алған хан империя еді. Оғуз хан деген атақты хан болғанын барша шежіренің бәрі айтады. Бұрынғы заманда Тоғыз Оғуз, Тоғыз Ұйғыр деп аталған халық соның нәсілі дейді. Мұның алты баласы – Айхан, Күнхан, Жұлдызхан, Таухан, Көкхан, Деңізхан. Оғуз хан өлген соң Күнхан болды, онан соң Айхан болды, онан соң Жұлдызхан болды, оның орнына баласы Меңлі хан болды, онан соң Деңізхан болды, онан соң баласы Елхан болды. Осының уақытында татар ханы Сүйінішпенен соғысып, Сүйініш хан жеңіп, моғолды қырып, қалғанын құлданып, моғол атын біржола жоғалтты. Сол соғыста қолға түскен Елханның баласы Қиян мен інісі Нүгіз тұтқыннан қашып, қалған моғол менен малдарын жиып алып, бір қиын таудың ішіндегі айналасы жартас, кең дараға барып тығылды. Ол дараның атын Ергенеқон қойды. Мағынасы – «тіп-тік жартас» дегені. Себебі өздері келген жолдан басқа ешбір жолы жоқ, айналасы жартас еді. Келген жол да бек қиын, жаяулап азар келіп еді, тайып кеткен мал быт-шыт болушы еді.
    Төрт жүз елу жылдай сол дарада өсіп-өніп, онан соң сыймайтұғын болған соң, ақылдасып, бір енсізірек жартасты отпен өртеп қиратып шықты. Өздері келген жолдың топырақты жерлерін су бұзып, көп жыл өткендіктен жол болмай қалып еді. Сол дарадан шыққан күнді Моғол жұрты қатты құрметтеп, «байлаудан босанған күн» деп айт қылды. Бұл күнде Ергенеқон ішінде тұрған кездегі хан аталарын ешкім білмейді. Бірақ шыққандағы хандары Қиян нәсілінен Бөртешене деген кісі еді. Бұлар келіп татарды шауып, ата жұртын қайта алды». Мінеки, көріп отырсыздар, жарты әлемді жаулаған Бумын қаған да (Ел хан), одан асып түскен Шыңғыс қаған да (Наурызды қайта түлеткен!) осы Ергенеқоннан елін бастап шыққан Бөртешененің тікелей ұрпақтары. Осылайша тәуелсіз ел тарихы енді бәрін орын-орнына қойып, көк байрағымызды әуелетіп отыр! Мұны бір деңіз. Екіншіден, және ең бастысы – Наурыз Ұлыстың, мемлекетіміздің ұлы күніне айналды. Осы арада Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз де түбінде өз мерекемізге келуіміз керек» – деген уәлі лебізі ойға оралады. 
    Әз Наурызымыз адамзаттық құндылықтар қатарына жатқызылып, Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы Қарарымeн рeсми түрдe жeр-жаһанда аталып отырса, Ұлы Даламыздан көк аспанды көктей аттанар Қыдыр бабамыз барша әлемге Татулық пен Тіршіліктің, жарқын Өмір мен Жасампаздықтың, Ізгілік пен Достықтың  дәнін егіп, Ұлыстың Ұлы Күнін ұлықтатып жатса – озғанымыз емес пе өзгеден! 
    Иә, Азаттықтың арайлы таңы атысымен байырғы жанға шуақ шашар мейрамымызбен бірге төлтума атауларымыз да жаңаша сипат алды. Мұны мемлекеттік рәміздерімізден бастап, барлық дәстүр-салт, ұлттық құндылықтарымыздың түлей түсуінен айқын аңғарамыз. Және бір ғажабы, бүгінгі жер-жаһандағы ширек миллиардтан асар түркі жұртының ішінде “Ұлыстың ұлы күні” деген мейрамның бастапқы  төлтума атауы қаншама сыртқы қысымның теперішіне қыңқ етпестен біздің қазақтың санасында ғана сақталып қалған. Осының өзі-ақ Елбасымыз айтпақшы, мыңдаған жылдар мұғдарында Еуразия құрлығында өркениеттің интеграторына айналып, айдынды қалып, асқақ сезімдерін қара тасқа қашап қалдырған дауылпаз бабаларымыздың арқасында Наурыздың тұғырлы рухы мынау қасиетті мекенімізде мәңгілік өрелеп қалғандығын, әрі той ұлағатының қарт құрлыққа, Таяу Шығыс, көршілес елдердің бірқатарына кеңінен жерсінгендігін көрсетеді. Оның үстіне төл наурызымыздың жалпы түркі халықтарына тән “Ергенеқон”, “көкбөрі”, “жаңа күн” деген балама сөздердің бәрін бойына сіңіріп тұруы көкірегі ояу пенденің түйсігін бұрынғыдан да бекіте түссе керек.
    Сонау Нұх пайғамбар уақытынан Ұлы Даланың тулаған тiршiлiгi мен рухани дүниесiне сай туған төл мерекеге табиғатпен етене жұртымыз қоғами болмысын да көркем бейімдей білген. Бұл тұста күн мен түн теңесуімен бірге Сүмбiле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары секілді жұлдыздар да бiр түзудiң бойында түзіледі екен. Табиғаттың осы бір тылсым құбылысы да халқымыздың асыл арнасына  айналған. Ендеше, осы көкжиектен  сөз басындағы басты ойымызды одан әрі өрбітсек, қадымнан жеткен наурыз көрінісін дәл қазір тәуелсіз еліміздің бүкіл болмысы, алтын өзегінен іздеуіміз қажет-ақ. Айталық, біздің эрамызға дейінгі мыңжылдықтар межесінде тұрандық патшалар, кейінгі Түрік Қағанаты, Еке Моғол Ұлысы, Алтын Орда қағандары, хан-сұлтандар да жыл басында  көк күймелерге отырып алып  ел аралаған, халықтың әл-ахуалымен танысқан. Жұртқа жылы лебіздерін білдіріп, тентектерін тыйған, қайсібірлерін зынданнан шығарған.  Бай мен кедей теңескен. Құл-құтандар еңселерін көтеріп, бір дастарқаннан дәм татқан. Тіршілік тамыры жібіген.
Ұлыстың ұлы күнінде: бай шығады балбырап,
Қасында жас жеткіншек, тұлымшағы салбырап.
Бәйбіше шығар балпиып, сеукелесі салдырап, 
Қыз шығады қылмиып, екі көзі жаудырап, – деп желі тартар жыр жолдары көзайым  көнеліктің жауһар жәдігері.
    Көк пен Жерді бәрінен де жоғары әспеттеп, көк шыққанда жыл өтті деп, ай толғанда ай өтті деп тіршілік құрған арғы бабаларымыз құт-береке дарытар Қыдыр Ата бейнесi арқылы қой үстіне бозторғай жұмыртқалар заманда күй кешу ниетінен туған арман-мақсаттарын барынша үкілей білген. Қысқасы, бар жақсылық атаулы Жаңа күннің қарсаңында жасалынған. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл наурыз айының басында Үкімет пен Парламентті мемлекеттік тілде сөйлетіп қоюын, бес әлеуметтік бастаманы кескіндеген Үндеу қабылдап, ел-жұртты – жасымызды да, жасамысымызды да мәз-мәйрам еткендігін наурызнаманың жаңа дәуірдегі жаңғырған бейнесі демей, не дерсіз?! Әсіресе, онның бірін ғана ұстайтын табыс салығын айтсаңызшы! Мұндай салық жүйесі Ұлы Далада, тіпті адамзаттың  арғы да бергі тарихында тек Шыңғыс қаған және оның ұрпақтары кезеңінде бел алған!
   «Кездесуіміздің бәрімізге ортақ наурыз мейрамы қарсаңында өтуінің символдық мәні бар» – деп  Елбасымыздың өзі атап айтқандай, Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының тарихи саммитінің өтуі жене оның жыл сайын дәл осы мерзімде дәстүрлі жиынға айналатындығы, сондай-ақ Президенттердің шуақты Наурыз мейрамына орай  бірлескен мәлімдеме қабылдап, Қазақстандағы Өзбекстан жылының бітімі бөлек бәденді тойға ұласуы, сөз жоқ, ата салтымыздың жасампаздықпен жаңғыруы!
   Наурыз – мыңдаған жылдарғы түзілген әдет-ғұрпымыздың, жиған-терген інжу-маржанымыздың алтын көмбесі, сәулелі сәті. Тіпті, көне түркі күнтізбесі де осы жаңа жылымыздан бастау алады. Әлемдік қауымдастыққа қазақ деген елдің ұлттық құндылықтары жан-жақтылы таныстырылу үстінде. Жаһанның ең биік мінберлерінен ана тілімізде баяндама жасалынды, қазақи дәстүр-салт, өшпес өнеріміз паш етілді. Кешегі балпаң-балпаң басатын, құралайды көзге ататын Алпамыс, Қобыланды мен Ер Тарғындардың өнегесі спорт пен өнерде қайта тебіндеді. Атбегілік, құсбегілік, малшылық, егіншілік, қалақұрылысы сынды өзге де арналы ерекшеліктеріміз өрістей түсті. Меншігінде мыңдап жылқы айдау таңсық болмай қалды. Мыңдап кілең боз, құла,  қара және өзге де түсті жылқы өсіретіндер ондап саналады!
    Ата-бабаларымыз бұл тұста келісті наурызнама жасап, ағайын-туыс,  замандас, сыйлас, тілектес жандар бір-бірінің ауылын аралаған. Ал енді бұл реттегі сый-сияпат дегеніңіз асып, төгілген. Келген қонақтардың ешқайсысы құрқол қайтпаған. Алды бір тоғыз – түйе бастаған мал жетелесе, соңы ат мініп, шапан киген. Дәл қазір де Ұлы мейрамға орайластырыла мемлекет тарапынынан да, ел-жұрт, жекелеген демеушілер көмегімен де қаншама сый-сияпат жасалынуда. Облыс әкімі Амандық Баталов жуырда ғана кісі есігінде қиналып жүрген қаншама отбасыларына пәтер кілтін тапсырып, бақытқа бөледі десеңізші?!
Осы айшықтай айтылғандардың бәрі дерлік Ұлыстың Ұлы Күні ерекше алға тартылып, басқаларға баса көрсететін асыл құндылық, елді ертеңімізге үкілер ерен артықшылықтарымыз емес пе! Қашанда көңіл төрін кір шалдырмай, жүрегіне иман ұялаған періште қанат халқымызға бақыт деген – басымыздағы барымыз, басылмаған арымыз, баянды Тәуелсіздігіміз, мынау бостан күйіміз дер едім. Ғасырлар бойына бодандықта жүргендегі  Тәңірден үздіге тілегеніміз де осы еді ғой! Әз-Наурыз құтты, Ұлыс оң, ақ мол болсын!

ӘМІРЕ ӘРІН,
"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ.

Оқи отырыңыз