ҚАУІПСІЗДІК САРДАРЫ

   Өткен шаққа көз жүгірткен сәтіңде міндетті түрде сол уақытта үзеңгілес, әріптес, замандас болған жақсы адамдар бірінші еске түседі. Солармен бірге өткерген керемет күндерің, жаны жайсаң адамдардың қалдырған әсері ойға оралады. Алғашқы таныстықтан бастап-ақ биік адамгершілігімен жадымызда жатталып қалған жандардың бірі – Амангелді ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.

 

   Менің ол кісімен таныстығым 1975 жылдың қаңтар айынан басталды. Бұл уақытта А. Құрманғалиев қауіпсіздік органының Талдықорған облысындағы басқармасында жедел уәкіл тобында жұмыс істеп жүрді. Кейін ол МҚК Текелі қалалық бөлімшесінде жедел уәкілі болып тағайындалды. Жаңа кадр шешімталдығымен танылды да, оған әу бастан-ақ жауапкершілігі үлкен жұмыстар жүктелді. Екі жыл өтер-өтпесте ол МҚК Текелі қалалық бөлімшесінің аға жедел уәкілі болып жоғарылайды. Қандай істі қолға алса да табандылықпен орындайтын А. Құрманғалиев жастайынан алғырлығымен, ақылдылығымен басшылық назарына ілікті. 1981 жылы Мәскеу қаласындағы СССР МҚК Жоғары мектебі жанындағы жетекші құрамдарды даярлайтын курсқа оқуға жіберіледі. Оқуды үздік аяқтаған соң МҚК Киров аудандық бөліміне басшы болып тағайындалады. Басшылық қызметте ұйымдастырушылық, жетекшілік қырларымен әріптестерінің алғысына бөленіп, мол тәжірибе жинақтайды.
   1985 жылдың наурыз айында Киров аудандық ішкі істер бөлімінде қолдан жасалған жарылғыш жат іске қосылды. Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру және тергеу амалдарының нәтижесінде қылмыскер қолға түсіп, тиісті жазасын алды. Осы істің жүргізілуіне Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің Киров аудандық және Талдықорған облыстық бесінші бөлімше қызметкерлері көп көмек көрсетті.  Бір жыл өткеннен кейін А. Құрманғалиев жұмыстағы жемісті еңбегі үшін жоғары мемлекеттік марапат – Қызыл Жұлдыз орденін тақты. Бүгінде қауіпсіздік саласында еңбек еткен ардагердің кеудесінде 12 медаль жарқырайды. Сонымен бірге, мемлекет тарапынан берілген Алғыс хаттар саны өте көп.
   Ол әріптестерінің қабілет-қарым деңгейін анықтап, қызметте өзін көрсетуіне, сапалы жұмыстар атқаруына мол мүмкіндіктер берді. Қызметкерлердің біліктілігін ұштауға көмектесті. Соның арқасында оның ұжымы үйлесімді еңбек ететін, бәрі шетінен батыл да қайсар болды. Тіпті, басқа қызметке ауысқан сәтте де сенім артқан ұжымы үлкен жетістіктерге жетіп жатты. А. Құрманғалиев жүрген жерде тапсырылған жұмысты жоғары жауапкершілікпен орындау тәртібі қалыптасты.
   Оның бойында табиғатынан дарыған ерекше талант болды. Өмірге құштар, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын ақжарқын жан ретінде көпті өзіне баурайтын. Салауатты өмір салтын шын ниетімен сүйді. Адамдармен араласқанда әрқашанда сыйластықты жоғары қойды. 1994 жылдың шілдесінде ол ҚР ҰҚК Маңғыстау облыстық департаменті басшысының орынбасары, бір жыл өткен соң аталған департамент басшысы қызметіне ауысты. Ал 1999 – 2002 жылдар аралығында ҚР ҰҚК Қостанай облыстық департаментінде басшылық қызметте болады. Осы жерден құрметпен зейнеткерлікке шығады.
   А. Құрманғалиев мемлекетке қауіп төндіретін түрлі іс-әрекеттердің алдын алу мақсатында құрылған барлау операцияларына жетекшілік жасады. Төрт жылдық жұмыс нәтижесінде 1998 жылы шығыс елдерінің арнайы қызметімен жүрген үш адам ұсталады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік мекемелерінің бұл еңбегі еленіп, баспасөз беттерінде жарияланды. Бұл жаңалық шет мемлекеттерге де тарайды. Аталған істің басында тағы да А. Құрманғалиев тұрғанын бірі білсе, бірі білмес.
   Үлкен еңбектің нәтижесінде ҚР ҰҚК Маңғыстау облыстық департаментінің 32 қызметкері мемлекет тарапынан марапатталып, полковник А. Құрманғалиевке Президент Жарлығымен генерал-майор шені тапсырылды. Ол өзін қызметте жүрген жылдары тек жақсы жағынан көрсете білді. Ұстанымы берік, мақсаты айқын, талап қоя білетін басшы ретінде танылды. Қызмет бабымен Үндістанға және АҚШ-қа іссапарға шығып қайтқан жоғары білімді, білікті маман, ел мақтанышы.
   Қазіргі таңда ел ағасы құрметті демалыста. Зайыбы Күләш Қожахметқызы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Алты немересі, екі шөбересі бар. Күләш апайымыз дәрігер-кардиолог болып жұмыс істеді. Бүгінде еліміздің әр өңірінде А. Құрманғалиевтен тәлім алған шәкірттер абыройлы қызмет етуде. Мен бұл мақаланың кейінгі жастар үшін берер тәлімі зор екеніне сенімдімін. Өйткені, Отанына адалдық танытқан нағыз патриоттың өмірінен бір үзік сыр шертіп отырмын.

М. ӘБДІҚАДЫРОВ,
ҚР ҰҚК отставкадағы подполковнигі

Оқи отырыңыз