БЕРЕРІ МОЛ БАСҚОСУ

БЕРЕРІ МОЛ БАСҚОСУ

   ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитеті өткен жұмада салық және кеден саясаты мен әкімшілендіру, инвестициялық ахуал және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА  қызметінің мәселелері бойынша «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының» әкімшілік кеңсесінің жиынжайында көшпелі отырыс өткізді. Мемлекеттік органдар басшылары және бизнес қауымдастығының өкілдері қатысқан бұл басқосуда қосымша құн салығы, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.

 

   Шараны Сенат депутаты, ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Ольга Перепечина ашып, бизнес, экономика салаларын дамытудың келешегі мен жаңа салық және кеден кодекстерінің кәсіпкерлік қызметке әсері жөніндегі өзекті мәселелерді талқыға салды. Комитет мүшелері салық және кеден саясаты мен әкімшілендіру, сондай-ақ инвестициялық ахуал мәселелері бойынша жергілікті жерде мемлекеттік органдар басшыларымен және бизнес қауымдастығының өкілдерімен арнайы кездесіп отырғанын сөз етті.
   Сонымен қатар О. Перепечина сенаторлардың «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» қызметінің қазіргі жай-күйі мен өзекті мәселелерін зерделеу жөнінде сөз қозғады. Шара барысында депутаттар «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы аумағындағы «Нұр жолы» көлік-логистика орталығындағы құрылыс қарқынымен және «Алтынкөл» халықаралық  теміржол бекеті мен Құрғақ айлақ қызметімен танысты. Жұмыс барысында кеден бақылауы мен әртүрлі инновациялық және инвестициялық жобалардың іске асуы туралы пайдалы ақпараттармен бөлісті. Мәселелерді жан-жақты талқылау үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен ҚР Қаржы министрлігінің өкілдері кездесуге шақырылды. Олар жаңа Салық және Кеден кодекстерінің жобасын әзірлеуге қатысқан болатын.
   Шараға қатысушылар алдында ҚР Ұлттық экономика министрлігі салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмрин, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғұсман Әмірин,  ҚР Инвестициялар және даму министрлігі инвестициялар комитеті арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар басқармасының жетекшісі Арсен Меңдіғазиев, облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА БК» АҚ бас директоры Мұрат Баймұханбетов, «Қорғас» ШЫХО» АҚ президенті Қаһарман Жазин, «Қуаныш Шыңғыс» ЖШС директорының орынбасары Ұлан Аренов, «Horgos Logistics» ЖШС өкілдері Сымбат Темірұлы мен Серік Қожаев сөз сөйледі.
   Отырыс барысында шараға қатысушылар инвестициялық компанияларға қосымша құн салығын қайтаруға, импортталатын тауарларды қосымша құн салығынан босатуға қатысты, сондай-ақ бизнес ахуалын жақсарту, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары жөніндегі маңызды мәселелерді талқылады. «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығынан» саудагер саяхатшылардың тауар алып  шығуына байланысты проблемаларды шешу жолдарын  қарастырды.
   Көшпелі отырысты Ольга Перепечина қорытындылады. Оның айтуынша, комитет отырысында айтылған ұсыныстар мен ескертпелер салық және кеден саясаты мен әкімшілендіру, инвестициялық ахуал мәселелерін реттеуге арналған заң жобаларын қарау барысында пайдаланылады. Сенаторлар, сондай-ақ, жазиралы Жаркент өңіріндегі көрікті жерлер мен тарихи, табиғи   ескерткіштерді аралады. Сапар Ұйғыр ауданындағы  «Қалжат» кеденінде жалғасты.

Мырзағали  Нұрсейіт
Панфилов  ауданы

Оқи отырыңыз