Ел мүддесі ескеріледі

Ел мүддесі ескеріледі

Бабаларымыз батыстағы Қара теңізге де, шығыстағы Сары теңізге де ат суарып, айшықты із қалдырған. Қарт тарихтың қойнауында көк түріктердің кемел мемлекеті туралы талай айғақты дерек бар. Сенбі күні сан мың адамның басын қосып, келелі келіссөздер жүргізілген Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті дәл осы Сары теңіз жағасында өтті. Сегіз мемлекеттің Туын желбіреткен тарихи басқосуға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қатысып, алып Азияның назарын тез арада шешімін табуы тиіс жеті бағытқа аударды.

Саммитке Ресейдің,  Өзбекстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Пәкістанның, Ауғанстанның, Беларусьтің, Иранның және Моңғолияның басшылары келді. Сонымен бірге, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мохаммед қатысты. Саммиттің ашылу салтанатында Мемлекет басшылары бірлесіп естелікке фотоға түсіп, тарихи жиынның мақсатымен танысып шықты. Бұдан бөлек, мемлекеттер өзара жалпы құрамда шағын кездесулер өткізді. Циндао қаласында ту тіккен саммитте әлем экономикасының 30 пайызын құрайтын Шанхай ынтымақтастық ұйымының болашақтағы жаңа міндеттері талқыланды. Кездесуде сөз алған Елбасы жеті бағытты жеке-жеке тарқатып берді.
– Біріншіден, Шанхай ынтымақтастық ұйымының стратегиялық басымдығы саяси диалог пен сенімді бекемдей түсу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және осы ұйым аясында даму болып қала беруі тиіс. Осыған байланысты біз ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тату көршілік, достық пен ынтымақтастықтың ұзақмерзімді келісімдерін байыппен жүзеге асыруын қалаймыз. Бұл – Әріптестігіміздің негізін, мәнін құрайтын және онсыз өзге де алға қойған мақсаттарға жете алмайтын басты құжатымыз. Бүгін аталған келісімнің талаптарын жүзеге асырудың 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойылып, ол осы бағыттағы жол картасына айналады, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы екінші бағытта адами әлеуетті тиімді пайдалануды, екіжақтыдан гөрі үшжақты келісімдерді көбейтуді ұсынды. Үшіншіден, әлемдік валютаға тәуелділіктен арылудың жолдарын қарастыру қажет. Ол үшін ұйымға мүше мемлекеттер ұлттық валюталарының құнсыздануын тоқтатуды қолға алғаны жөн. Төртіншіден, цифрландыру заманында роботтарды іске қосатын тәжірибе алаңын құрып, технологияны дамытамыз. Бесіншіден, сапалы мамандарға тұрақты жұмыс орындарын ұсынып, мегажобаларды жүзеге асырамыз. Президент алтыншы бағытын «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына арнады. Ал жетінші бағытта Солтүстік Кореяны ядролық қарусыздандыруды бейбіт жолмен шешу керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, Елбасы Бейжің – Астана – Мәскеу – Берлин бағытында пойыз жүргізу туралы ұсыныс тастады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы соңғы 17 жылда үлкен беделге ие болды. Былтыр Астана саммитінде ұйым қатарына Үндістан мен Пәкістан кірді. Ұйымның құқықтық базасы қалыптасты. Ұйымның арқасында миллиардтаған адамға тиімді тың жобалар талқыға түседі. Мәдени, рухани және сауда-саттық байланыстар жаңғыртылып, өзара сенім мен татулық нығая түседі. Басқосуда әр елдің Президенттері сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын ортаға тастады. Сондай-ақ, саммит аясында бірнеше құжаттар қабылданды. Атап айтқанда, тату көршілік қарым-қатынас және достық, антитеррорлық құрылымдарды күшейту, туризм, білім, ғылым, мәдениет саласындағы ынтымақтастық бойынша бірлескен шешімдер шығарылды. Әрі ШЫҰ төрағалығы көршілес Қырғызстан Республикасына өтті. Басқосуда Елбасы Үндістанның Үкімет басшысы Нарендра Модимен, Моңғолияның Президенті Халтмагиин Баттулгамен кездесіп, өзара ынтымақтастық төңірегінде әңгіме өрбітті.
Саммит соңынан Елбасы журналистермен кездесіп, ұйымның жоспарларымен бөлісті. «Біз 51 жобаға қатысты уағдаластыққа қол жеткіздік. Индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Соның аясында 1200 кәсіпорын аштық. Біздің міндетіміз – шикізат ресурстарына тәуелсіз екінші баламалы экономика қалыптастыру. Сенім болған кезде барлық мәселе шешіледі. Кез келген жағдайда өз еліңнің мүддесін ескеру керек. Келіссөз жүргізу қашанда қиын, сол себептен оларға мұқият дайындаламын. Бұл – халқымның маған жүктеген жауапкершілігі», – деді Президент.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Оқи отырыңыз