Аграрлық сала басты назарда

Аграрлық сала басты назарда

Елбасы кезекті Жолдауында «Ауылшаруашылығы ел экономикасының негізгі қозғаушы күші болуға тиіс» деп отандық агроөнеркәсіптік кешенді жаңаша бағытпен дамытуға байланысты нақты тапсырмалар берді. Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ҚР Парламенті Мәжілісі аграрлық комитетінің көшпелі отырысы өтті. 

Жиынға Мәжіліс Төрағасының орынбасары В. Божко қатысты. Маңызды басқосу «Агроөнеркәсіптік кешен саласына білікті маман даярлау және ауылшаруашылық өндірісіне IT технологияларды енгізу» тақырыбына арналды.
Көшпелі отырыстың Мемлекет басшысы айқындаған міндеттемелерді жүзеге асыру барысында ауылшаруашылығы өндірісіне IT технологияларды енгізу, еліміздің аграрлық саласын инновациялық бағытта кешенді дамыту, ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану, инвестиция тарту және ауылшаруашылығына білікті мамандар даярлау ісін дамытуға арналды.
Ауылшаруашылығы білімі мен ғылымының қара  шаңырақ оқу орнына келген қонақтарды «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КеАҚ басқарма төрағасы – ректор Тілектес Есполов қарсы алды. Осы ретте ректор отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бүгінгі мәселелері мен алдағы мақсат-міндеттері турасында кең көлемді баяндама жасап, университет аясында аграрлық білім-ғылым-өндіріс интеграциясы тиімді іске асырылып отырғанын атап өтті. 
ҚР Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы С. Омаров көшпелі отырысқа төрағалық жасап, саланың түйткілді проблемаларын ортаға салып, аграрлық саланы инновациялық дамыту мәселелерін саралады. 
Көшпелі отырысқа қатысушылар оқу орны базасындағы Агротехнологиялық хаб құрамына кіретін Қазақстан–Жапон, Қазақстан–Беларусь агроинженерлік, Су, Тұрақты егін шаруашылығы, Агроөнеркәсіптік кешенге сандық технологияларды енгізумен айналысатын Ситуациялық орталықтарымен, Инновациялық жылыжай, Коллекциялық бақ, Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы (МИИДБ) шеңберінде мамандар даярлауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларымен, «Н. Назарбаев білім және ғылым орталығының» жұмысымен және «Аграрлық білім-ғылым-өндіріс интеграциясы» көрмесімен, университеттің жалпы оқу-ғылыми инфрақұрылымымен танысты.
Жиын барысында сөз алған ҰҒА академигі Тілектес Есполов:
– Еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне білікті маман даярлау бойынша  университетте халықаралық студенттік тәжірибе алмасулар, жас ғалымдар конференциялары, жазғы және қысқы мектептер және стартап-жобалар байқаулары ұйымдастырылып келеді. Тек ағымдағы жылда 200 стартап жобасы ұсынылды. Оның ішіндегі ең үздіктеріне 150-1000 АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды. 
Өткен жылдың ішінде университет ғалымдары ауылшаруашылық өндірісіне енгізуге арнап 25 монография, 39 ұсыныс шығарып, патент алуға 24 оң шешім берілді. 1074 ғылыми мақала, соның ішінде импакт-факторы бар 70 мақала жарық көрді. Осы жылы байқауға қатысуға 112 өтінім берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есе артық
, – деді.
Өз кезегінде ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев сөз алып, қатысушылардың жұмысына сәттілік тілесе, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Ұлан Тәжібаев өздері қолға алып, жүзеге асырып жатқан тың жобалар жайында баяндады. Ал ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚҰА академигі Ғани Қалиев еліміздің аграрлық саласын дамытатын ғылым мен білім жүйесіндегі орын алып отырған келеңсіздіктерді сын тезіне салды. 
Бұдан соң отырыс мүшелері ҚазҰАУ ұстаз-ғалымдарымен, білім алушы жастарымен кездесіп, пікірлесті. Халық қалаулылары университет ғалымдары мен студенттерінің жинақтаған тәжірибелерімен, ғылыми-зерттеу жұмыстарының өндіріске енгізілгеннен кейінгі нәтижелерімен, жаңа стартап-жобаларымен танысты.
Жиын қорытындысы бойынша «Агроөнеркәсіптік кешен саласына білікті маман даярлау және ауылшаруашылығы өндірісіне IT технологияларды енгізу» бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.
***
Жетісуға ат басын бұрған ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары В. Божконың қатысуымен өткен көшпелі отырысқа қатысқан бір топ депутаттар Талғар ауданында болды. Олар ондағы ірі өндіріс ошақтары – «Амиран-Агро» тауарлы-сүт фермасы мен «Байсерке-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды.
Кездесу барысында Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров, ҚР Ауылшаруашылығы бірінші Вице-министрі Арман Евниев, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» басқарма төрағасы Ұлан Тәжібаев бастаған арнайы топ мүшелері алдымен Қаратоған ауылындағы «Амиран-Агро» сүт фермасының тыныс-тіршілігімен танысты. 
Қазақ тағамтану академиясының «Амиран» зауыты табиғи сүттен дайындалған жоғары сапалы балалар тағамын шығаратын Қазақстандағы бірінші және жалғыз сүт зауыты саналады. Зауыт құрылысына              1 млрд. 300 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылып отыр. «Амиран» компаниясының қызметі қазақстандық балалардың денсаулығын нығайту сынды маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. 
Қазір озық технологияға негізделген «Амиран-Агро» сүт фермасында сүтті бағыттағы асыл тұқымды сиырлар өсіріледі.  Автоматтандырылған өнеркәсіпте өз ісінің нағыз білгір мамандары қызмет етеді. Олардың арасында Алматы аграрлық университетін тамамдап, алыс-жақын шетелдерде білімін толықтырған жастар да жетерлік. 
Тауарлы-сүт фермасының еңбек ұжымымен кездескен халық қалаулылары ІТ технологияларды ауылшаруашылығына енгізудің тиімділігі жайында әңгімеледі.
Қонақтар келесі кезекте «Байсерке-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Бұл серіктестік қазір ауылшаруашылығындағы инновациялық әдісті компания, ғалымдар мен шаруаларды біріктіретін кластерге айналған. «Байсерке-Агро» ет және сүт бағыттарында асыл тұқымды ірі қара мал өсірумен, өсімдік шаруашылығымен, бал ара шаруашылығымен және ауылшаруашылығының басқа да салаларымен айналысатын көпсалалы агрохолдинг. Кәсіпорынның негізгі мақсаты – жоғары тиімді жаңа техниканы қолдана отырып, ғылыми негізделген технологияларды ұйымдастыру есебінен отандық ауылшаруашылығы өндірісін дамыту екендігін қоғам қайраткері, «Байсерке-Агро» агроөнеркәсіптік холдингтің басшысы Темірхан Досмұханбетов баяндады.
– Біздің серіктестіктің міндеті – практикалық және ғылыми тәжірибені пайдалана отырып, Қазақстандағы жұмыс жағдайына түрлендірілген жаңа әлемдік технологияларды енгізіп, АӨК-дегі инновацияларды өңдеу және тарту бойынша Қазақстан ауылшаруашылығы кәсіпорындарының арасында көшбасшы болу, – деді ол.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында «Егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есеге арттыруға болады» делінген. Осыған орай, басқосу аясында ауылшаруашылығы саласын дамытуда ІТ технологияларын енгізудің тиімділігі турасында жан-жақтылы түсіндірілді.

Қуат Қайранбаев,
Ұлбосын ИСАБЕК

Оқи отырыңыз