"Жетісу" - ең үздік газет

Зәу биіктен тұғыр сайлаған рухты ұлттың үнпарағы – «Жетісу» газеті күні кеше ғана аттай жүзжылдық ғұмырына негізделген ұлы тойын алты Алашымен атап өтті. Тотыдай түрленген Талдықорған шаһарының  қақ төрінде дүбірлеген бұл думанның дүйім жұртқа аты жайылып, Сағынайдың асындай дақпырты тарады. Тарихтағыдай арғымаққа айбалта сілтеп емес, керісінше, қара сөз Құлагерлерінің қарышты қадамына қолдау білдіріп, зор құрметке бөлеп, олардың арнасы арда абыз басылымда төккен терінің өтеуін көрді. Жалынды жастар баспаналы болды. Тарихи тойдың нышаны мен жосыны да шежіремізде қатталып қалатындай тиянақталды.

Енді міне, сол абыз басылымның ұжымы жаңа ғасыр парағын тағы бір зор белесті бағындырумен ашуда. Ол белес – «Үркер» қазақ ұлттық сыйлығының лауреаты атануы еді.
Күллі жетісулықтардың жеңісі саналар осы қуанышқа орай облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР Журналистер үйіне арнайы ат басын бұрып, «Жетісу» газетінің ұжымымен кездесті. Жылы жүздесу басында сөз алған өңір басшысының орынбасары:
– Мұқым елдің ұлы мұраты жолында, руханиятының қазыналы қамбасын байыту тұрғысында, бабалардың асқақ арманын келешек ұрпаққа үлгі етіп, аманаттау барысында «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білген арда басылымның бұл жетістігі көпке ортақ! Тек өңірдің ғана емес, жалпы халықтың  көзайымына айналған ата басылымның қазақ журналистикасында алатын орны тым бөлек әрі асқақ. Бұл жеңіс билік пен бұқараның арасына алтын көпір болған, жайдарман жаңалықтарды ақжолтай ретінде жолдап жатқан, тарихты безбендеп, ел мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білген сіздерге, сіздерді асыл арналы жолға бастап, қайраткер, қаламгерлігімен басылымды көркемдік, мазмұндық тұрғысынан айрықша әсем етіп халқымен қауыштырып жатқан басшыларыңыздың еңбегінің жемісі, – дей келе, берекелі ұжымның осындай абыройлы марапаттарға әлі талай ие болатындығына сенім білдіріп, «Жетісу» газетінің «Үздік аймақтың баспасөз басылымы» аталымы бойынша «Үркер» сыйлығының лауреаты атануымен құттықтап өтті. Сонымен қатар, облыс әкімі Амандық Баталовтың айрықша сәлемін жеткізді. 
Өз кезегінде сөз алған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін:
– Ғасырлық тойда сөзімнің басын «Бүгін аспаннан шұға жауған күн!», – деп бастаған едім. Шын мәнінде аспаннан шұға жауып, зор құрметке бөленіп, алты пәтер алғанымыз алты Алашқа жайылды. Ал бүгін аспаннан дұға жауғандай күйге бөленіп отырмыз. Ұлттық «Үркер» сыйлығының лауреаты атану біздің ұлттық рух, руханият пен журналистиканың дамуы үшін ерен еңбек етіп жатқанымызды білдіреді. Шын мәнінде біз газеттің шығуын өзгерттік. Бұрынғы қалыптасып кеткен құлаш-құлаш мақала, еспе, төкпе сөйлемдерді ысырып тастап, Елбасы айтқандай ақпаратқа нақ, жақсылыққа жақ болуға баса мән бердік. Соның арқасында әрбір жазылған мақала тағылымды, мазмұндылығы һәм мөлдірлігімен ерекшеленіп, оқырманға жолданып жатыр. Осындай сан бағыттағы еңбектің арқасында осы марапатқа бөлендік, – деген рухты сөзімен игі шараға жиналғандарды жігерлендіріп өтті.
Ақиқатында, бұл жеңіс күллі жетісулықтар мен қазақ оқырмандарына ортақ десек, әсірелеу мен әспеттеуге бой ұрғанымыз емес. Өйткені, өткен жылы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Тұмар» және «Үркер» сыйлықтарын тағайындаған болатын. Ағымдағы жылдың наурыз айында өткен «Тұмар» ұлттық сыйлығы қазақ телевизиясына, «Үркер» сыйлығы отандық басылымдар мен радиоға  арналып отыр. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, осы дүбірлі додаға әр аталым бойынша 700-ге жуық өтініш қабылданған. Солардың ішінде ғасырлық тұғыры мен тұрқы, ғұмырлық ғұрпы бар «Жетісу» газеті «Үздік аймақтың баспасөз басылымы» аталымы бойынша «Үркер» сыйлығының жеңімпазы атанды. Ал, бұл жалпақ жұртқа ортақ жетістік емей немене?!
Хош, қазақ журналистикасының тегеурінді тегершігі саналған ата басылымның жеңісіне орай өткен рухани кездесу барысында «Өлке тынысы» ЖШС-нің басшысы Мейрам Жанәділов, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов ақжарма лебіздерін білдірді. Өз кезегінде ата газеттің жауапты хатшысы Гауһар Дүйсенбаева сөз алды. Ол тас көшесін түрлентіп, тоқым жерін гүлдентіп, зәулім ғимараттар салып, әсем шаһарға айналдырған өңір басшысы Амандық Ғаббасұлының іскерлігіне, қаламгерлерге деген қамқорлығына алғыс білдірді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы телеарналар мен телеарна журналистері арасында өткен «Тұмар» байқауында «Үздік өңірлік телеарна» аталымы бойынша «Жетісу» телеарнасы жеңімпаз атануын, баспасөз, радио және интернет-журналистика саласы бойынша өткен «Үркер» ұлттық байқауында айбыны асқақ «Жетісу» газетінің жеңімпаз атануын, өңір журналистикасының деңгейінің асқақтығына әрі қазақ ақпарат кеңістігіндегі орнының  айтөбел екендігіне мысал деп атап өтті. Сонымен қатар, белгілі журналист Ғалым Жазылбеков пен «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Серік Әбікенұлы да арналы басылымның ел алдындағы абыройына тоқталып, жеңістерімен құттықтады.
Расында өңірдің бас басылымы мен телеарнасы қос ұлттық байқау бойынша лауреат атануы өңір журналистикасының биік деңгейін танытса керек. Алайда Алаш арыстарының айбынынан оянып, сол кезеңнен-ақ асыл арнасымен елді рухани сусындатып келе жатқан «Жетісу» газеті жалпыхалықтық беделді басылым екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Сол айдынды газеттің жас журналисі Мәулен Әнербай шырайлы шараның қорытынды сөзін алып, Жақсылық Мұқашұлының арнайы келіп қуанышпен бөліскендігіне алғыс айтты. Сонымен қатар ғасырлық той қарсаңында баспаналы болғандығын мақтаныш тұтып, қаламгерлерге қолдау мен қамқорлық көрсеткен облыс басшысына деген лебізінің бөлек екендігін де тілге тиек етті. Сөз соңында жас жазушы әрбір жетістігінің «Жетісу» газетіне әрі оны басқарып отырған айбоз ақынға тікелей байланысты екендігін ойына орамды арқау етіп өткен-ді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Оқи отырыңыз