Айдынды Алакөлдің жағасында

Айдынды Алакөлдің жағасында

Алакөл ауданы Ақши ауылында Астана қаласының 20 жылдығына орай дуатлоннан «Алакөл – 2018» атты ашық республикалық турнир өтті. Жарысқа Қазақстан Республикасының  Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, облыс әкімі Амандық Баталов және «ZHERSU» корпорациясының президенті Бауыржан Оспанов арнайы барды. Сайысқа әр өңірден іріктеліп келген 100-ден аса спортшы қатысты. 

Салтанатты шара облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының алғы сөзімен ашылды.
 – Бүгінгі жарысты өткізуге Елбасының қоғам назарын саламатты өмір сүруге аудару, сонымен қатар, спортпен шұғылдануға жағдай жасап, мүмкіндіктер туғызу, Қазақстанның туризм саласын одан әрі дамыту туралы тапсырмаларын негізге алып отырмыз. Сондықтан спорттық сайыс халықтың денсаулығын нығайтуға, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға өз септігін тигізеді деп сенеміз.  Облысымызда дуатлон спорт түрінен жарысты осымен екінші рет айдынды Алакөлде өткізуіміз бекер емес. Өйткені Алакөл – туристердің қызығушылығын туғызып отырған еліміздегі ерекше көлдердің бірі. Елбасы Алакөлге келген сапарында Қазақстанның туризм саласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма беріп, Алакөл туристер ең көп келетін жерге айналу керектігін айтты. Бүгінгі өткізіліп жатқан «Алакөл – 2018» дуатлон жарысы осы мақсатта жұмыс істейтін жақсы бастама, – деді. 
Шара барысында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, әсем қала Астананың 20 жылдығына орай игі шаруалар жасап, спортшыларға қолдау көрсетіп жатқан облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы мен Бауыржан Оспановқа алғысын білдірді.
Осыдан кейін спортшылар жарысты бастап кетті. Әуелі велошабандоздар 20 шақырымға жарысты. Сайысқа әуесқой спортшылармен қатар грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, ауыр атлетикадан Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегерлері Карина Горичева, Денис Уланов, Фархад Харки де қатысты. Дүбірлі додада спортшылар жеңістің желкенін көтеру үшін барын салып өнер көрсетті. Жанкүйерлер де қиқу салып, қызу қолдап отырды. Қос дөңгелекті диірменше айналдырған велошабандоздардың сайысы көрерменді тамсандырды. Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Текелі қаласынан келген Дәулет Ибай жеңіп алса, Ескелді ауданынан Медет Жайзада күміс жүлдені еншіледі. Ал қола жүлде Алакөл ауданының спортшысы Ерсін Айтжановқа бұйырды.  
Дуатлон сайысында қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай төрт санат бойынша сынға түсті. Желмен бірге жарысқан желаяқтар мен велошабандоздардың бағын сынайтын додада әуелі ерлер құрамы 5 шақырымға жүгіріп, 10 шақырымға велосипедпен жарысып, үшінші кезеңде 2 жарым шақырымды жүгіріп өтті. Ал қыздар тобы 1 шақырымға жүгіріп, 10 шақырымға велосайыс және тағы да бір шақырымды жүгіріп бағындырады. Сайыс тартысқа толы болды. Бірінен-бірі озып, шашасына шаң жұқпаған желаяқ спортшылар көрерменге керемет әсер сыйлады. Жоғары дәрежеде өткен сайыста 15-19 жастағы ерлер арасында бас жүлдені Алмат Имашев жеңіп алса, Ерасыл Мұқай мен Тимур Баймұрат тұғырдың екінші және үшінші сатысынан көрінді. 30-49 жастағы ерлер арасында 1-орынды Назар Жұмабеков иеленсе, 2-орынды Қайрат Шаймурдан еншіледі. Ал Нұрбақыт Теңізбаев 3-орынды қанжығасына байлады.  50 жастан асқан ардагер спортшылар арасында  бас жүлдені Бақытжан Бекетов қанжығасына байласа, Мұратбек Алипов күміспен күптелді.  Николай Андреев қола жүлдені қанағат тұтты. 29 жасқа дейінгі қыздар арасында Мадина Керимова алтыннан алқа тақса, Альбина Уалиева тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Ал Диана Дүйсенова қола жүлдегер атанды. Жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар тапсырылды. Сондай-ақ, әйгілі велошабандоз Александр Винокуровтың велосипеді мен Олимпиада жеңімпаздарының футболкалары лоторея билеті арқылы ұтысқа салынды.
Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов Елорданың мерейлі мерейтойына орай салынған Үшарал қаласының шығыс беткейінде жеті гектар жер аумағы бар «ASTANA» саябағын аралады.  

 

Айдар ҚАЛИЕВ

Оқи отырыңыз