Барым да байлығым да балаларым

Барым да байлығым да балаларым

Әркімнің өзіне ғана тән кішкентай ғана мемлекеті болатыны заңдылық. Оған жүздеген, мыңдаған адамның көмегі қажет емес. Сондықтан да, отбасы – шағын мемлекет деп айтып
жүруіміз текке емес. Ол, әрине, оңайшылықпен құрыл­май­тыны кім-кімге болса да белгілі. Бірақ ең бірінші адам жүрегінде соған деген таза ниет, ақ пейіл, ыстық махаббат болуы шарт. Осындай ып-ыстық, тап-таза, тұп-тұнық сезіммен, сыйластықпен шаңырақ көтерген жастардың үйі бүгінде баланың былдырына, ойыншықтың сылдырына толы. Ауыз толтырып, көпшілікке үлгі етуге тұрарлықтай отбасына қы­зық­пайтын адам кемде кем шығар, сірә?! Олай болса, ұрпақ тәр­бие­леуде ұлттық құндылықтың жібін күні бүгінге дейін үзбеудің жолын көз­деген, отбасындағы әкенің рөлін, беделін үнемі жоғары қойып, ана­ның табанында жаннат барын тәй-тәй басқан балаларына күндіз-түні айтудан шаршамаған, әр баласын еліне адал да әділ қызмет ететіндей тәр­биелеп келе жатқан Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың шаңырағы турасында өрбіген әңгімеге құлақ салайық.

ҮНСІЗ ТІЛДЕСТІК

Мемлекеттік қызметкер дегенде бәрі­міз­дің ойымызға бірден шікірейіп киініп алған, тек қана мемлекеттік қыз­меткердің ғана атқаратын ісі жөнінде әңгіме өрбіте­тін адам деп ойлай­тыны­мыз анық. Ол қанша мемлекеттік қызметкер болса да оның табиғаты, бол­мысы, жаратылысы басқа екенін тек сөй­лесу, танысу бары­сында көз жеткі­зе­міз. Ондай ой айтуы­мызға біздің кейіпкер се­бепкер.

ЖАСТЫҚ ШАҚТА ОЙНА ДА КҮЛ ЖА­ЛЫНДА. Осы сөзді алдыңғы буын ағалар да соңғы буын інілер де естіп өсті. Естісі ойнаудың да, күлудің де өзіндік шеңберінен аспады. Есері ойнап жүріп от басты. Марлен Қапашұлының да жастық шақтағы күндері өз алдына үлкен әңгіме. Тіпті, оларды жинақтаса бір әдемі өрілген көркем туынды болары анық.

Әлқисса, Жетісу эко­номи­ка­лық инсти­тутына құжат тапсыруға бар­­ған­да көпші­ліктің сөзіне құлақ асып, ас­қан жауап­кер­шілікпен өз ісін атқарып отырған жас қыз құжаттарды қабыл­дай­ды. Бір көргеннен ол қызға ғашық бол­маса да өне бойын бір сезім шарпып өтуі де тегін емес еді. Ара­ға аз ғана уа­қыт са­лып, оқуға ілінген сту­дент­тердің кешкі бас­қосуында жалын­даған жанарға тағы да сол қыз ілінеді. Ал­ғашқы биді де осы ара­да билейді. Қос ғашықтай тіл­сіз тілдескен қыз бен жігіт осыдан бас­тап жақын ара­ла­са бастайды. Биязы, үл­кеннің бетіне тіке қарап сөз айт­пай­тын, тәрбиелі, текті әулеттен шыққан Сауле Марлен ағамыз­дың анасы­мен ат­тас болуы да өмірдің үлкен сыйы шы­ғар!?

Қос жүректен шыққан сыйластық пен сезім бір арнаға тоғысып, көкейде жылдар бойы сары майдай сақталған арман-ті­лек­тер орындала бастайды. Тал­ды­қорған қа­ла­сына іргелес жатқан Шы­мыр ауылының сұлуы арнасынан күндіз күміс, түнде ал­тын аққан Қара­тал­дың қайсар жігітінің дүр­сілдеген жүрегіне өзінің есімін алтын әріппен жазады. Асқар таудай әке балдай тәтті балалары­ның анасымен, сүйіп қо­сылған өмірлік жарымен танысқанын, бір­ге өткізген уақытын әдемі естелікпен есіне алады.

 

АНАҒА, АНАҒА,

ТАҒЫ ДА АНАҒА

АНА. Құдіретті де қастерлі сөз. Тас ем­­ше­гін жібітіп, түн ұйқысын  тоқсан то­­­ғыз рет бөліп, сенің болашағың үшін жан ұшыра уайым жейтін асыл адам­ның қадіріне жетіп жүргеніміз шамалы. Мені күні бүгінге дейін қынжылтатын дү­ниелер көп. Мен отбасын құруға қат­ты асықтым. Себебі, анам ұзақ жылдар бойы ауырған еді. Ол кісіге немеренің қолынан су ішкізсем деп армандап едім. Екі ай ғана уақыт жетпеді. Амал қанша? Ажалға қар­­сы келе алмаймыз.  Мен анама өмірім­де бір-ақ рет туған күніне гүл беріп кө­ріп­пін. Бір-ақ рет көйлек алып беріппін. Ал ол кісі маған одан он, жүз, мың есе жақ­сылық жасады ғой. Бүгінде анасын соғып, балағаттап, жылатып, тіпті, қарттар үйі­нің босағасына апа­рып өткізіп, «әй» деп дауыс көтеретін, тіп­ті, қол жұм­сай­тын ер азаматтар қап­тап келеді. Мен он­дай пасық, надан адам­дарды ер азамат қа­тарына қоса ал­май­мын. Олар қыл­мыс­тан да зор күнә жасап жат­қан­дарынан мүлде бейхабар. Ата-анаға деген құрмет­ті біз үнемі бәрінен жо­ғары қоюы­мыз ке­рек. Жақсы­лық­ты АНА­ҒА, АНАҒА, АНА­ҒА содан кейін ӘКЕ­ГЕ жасау керек­ті­гін де Пай­ғам­барымыз (с.ғ.с) өсиет ет­кен. Ой­ла­найық. Ата-ана­ның қадіріне көзі тірі­сінде же­тейік. Кейін өкініш өмір бойы өзе­гімізді өртемей­тін­дей әрекет жа­сауы­­мыз қа­жет.

Бұл жүрегін анасына суырып бере салу­ға дайын, АНА деген сөздің қадірі мен қасиетін терең түсінген, әлемді тер­бе­тетін асыл жанның бала үшін жасаған жақ­сы­лы­ғын өмірінің соңына дейін қайтара да ал­май­тынын жастайынан ұғын­ған Марлен Көл­баевтың сөзі. Иә, асқар таудай әкенің жөні бір басқа. Ал АНА ту­ралы жыр мүлде бөлек. Марлен ағамыз таң­ды таңға ұрып, күздің сарғайған жапы­ра­ғындай анасына деген сағынышын айт­қанда көздің жасына ерік беріп, дем ал­мас­тан тек АНА тақыры­бында жалық­пай, талмай әңгіме өрбітуге ойы да, санасы да, жүректен шығатын сөзі де жеткілікті аза­мат. Осыдан қарап-ақ жа­ны­ның тазалы­ғын, ниетінің ақтығын, пейі­лінің кеңдігін байқауға болады. Ал оны өмірге алып келген бақытты ананың есімін бүгінде қараталдықтардың еңкейген қа­риясы мен еңбектеген баласын бері қой­ған­да арысы еліміздің маңдайына біткен жұлдыздар да жақсы бі­леді. Себебі оның артында қалған ұрпақ­та­ры есімін елге танытты. Осыдан адам ұр­пағымен мың жасайтынын білуге бо­лады.

Анасының туған күніне, ар­нап жыл сайын өткізілетін еске алу кешін көпшілік асыға күтеді. Ол туралы ағамыз бен оның бауырларымен жолыға қалған кі­сілер айтады. Атақты кино және театр май­талманы Қаныбек Байсейітовтың атына бе­рілген алақандай ауылға көктемнің лебі се­зілсе Көлбаевтар әулеті сол ауылға жол тар­тады. Асқаралы әкесі жол бастаса, бауыр еті бауырлары қоштап, бала-шаға­лары ізін жалғастырады. Тек ойсыраған ор­ны бос қалған аналары ғана жетіспейді оларға. Сауле ананың шыр етіп дүниеге келген күні яғни, наурыздың төртінші жұлдызында Мәдениет үйінің есігі ауыл тұрғындарына айқара ашылады. Көлбаев­тар­дың «Көп балалы АНА», «Қарт АНА», «Ұстаз АНА», «АНА еңбегіне алғыс», «Туыс­қан ел АНАСЫНА құрмет», «Ұла­ғатты келін», «Өнегелі ұрпақ» номина­ция­сы бойынша ауыл аналарына көңіл бөліп, аз да болса өздерінің тарапынан сыйлық жасағандығын көрегендігінің нәтижесі деп білеміз. Міне, ауылдың үлкені мен жасын түгендеп, анасының атына құран бағыш­татып, үлкеннен бата алған ұрпақтары сол дәстүрден жаңылған емес. Бұл көпке үлгі бо­ларлықтай іс. Қапаш ата мен Сауле апайдан тараған жігерлі, рухты үш ұлы мен инабатты екі қызы өзара ақылдасып, анасының есіміне құрмет болсын деген мақсатпен отбасылық қағиданы қатаң бекіткен. Мысалы, олар ана есімінің ешқашан да шаң басқан архивте жатып қалмауы үшін былай жасаған.

С – Салима

А – Аружан, Алихан, Ариман, Аятали,                     Аймерей, Арәділ, Алисұлтан

У – Уалихан, Уасима, Уайс

Л – Лұқман, Линара, Луина

Е – Емірхан, Емран.

Алтын құрсақты ананың атын артында қалған ұл-қыздары осылайша әспеттеп келеді. Бір атадан, анадан туған бес бала аналарының есімінен бір әріптен алып, балаларының есімін сол әріптен бастап қоюды мақсат еткен. Екі қарындасын ұзатарда құдалар мен күйеубалаларымен жолығып, осындай ойлары барын, сол дәстүр бұзылмауын түсіндіріп, ол кісілер­дің рұқсатын алған. Анаға деген құрметті ерекше тұтатынын байқаған құдалар мен күйеубалалар бір сөзден түсінген, келіс­кен. «А» әрпінен басталатын жеті баланың әке­сі осы Марлен Қапашұлы. Бұл да көп­ші­лікке ой салар дүние екені анық.

 Марлен ағамыз балаларының есімін өзі қояды. Ол қайталанбайтын атты қой­ған­ды ұнататынын тағы айтты. Себебі, ер­тең ең бірінші ата-ана сұралатынын біл­ген отағасы әр баласының есіміне үлкен мәнмен қарайды. Мәселен, Алиханның есімі Алихан Байменовпен байланысты. Ал Ариманды ары таза, жүрегінде иманы бар азамат болса, Аятали қасиетті Құран кәрімнің аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) күйеубаласы Алидің есімін қосқан. Биыл бірінші сыныпқа аяқ басқан Айме­рей­дің де мағынасы зор. Айдай сұлу, ме­рей­лі болсын деп ырымдаған. Өмірде әділ­діктің туын көкке көтеруге тырысып, амал етіп жүрген пенденің ақ ниетінің нә­ти­жесінде өмірге келген баласына Арәділ де­ген ат берген. Қазақта кенже бала шаңы­рақтың иесі атанатыны бесенеден белгілі. Сол секілді ағамыз кенжесіне Алисұлтан деп азан шақырып ат қойған. Өз сөзінде: «Қара шаңырақ иесі болсын деген ниетпен Алиге сұлтанды қостым. Егер де Жара­тушым тағы да менің отбасыма нәресте сыйласа әкелік жауапкершілікті сезіне отырып, ертеңгі күні «неге маған осындай ат қойдыңыздардеп айтпайтындай, мағыналы да мәнді есім беруге тырыса­мын», деген еді. Тілек қабыл болсын де­мек­піз. 

Алдағы уақытта «Анам жайлы әңгіме» атты кітап та көпшілікке ұсынылмақшы. Он­да ана мен бала арасындағы махаб­бат­тың ыстық, теңдессіз екені жазылады. АНА деген  аяулы  адамды сыйлаудың, құр­­мет­теудің, қадірлеудің қаншалықты маңыз­ды екені де осы басылымда айтыл­мақ. Бұл да анасын бір көрмек түгелі қоңырау шалуға уақыт таппайтындар үшін үлкен сабақ. Міне, Сауледей ана есімі саналы да салиқалы ұрпақтары барда мың жасары анық.

АДАМНЫҢ

БІР ҚЫЗЫҒЫ...

Отбасын қазақы құндылықтармен сусындатып өсіретін әкенің рөлі қашанда жо­ғары. Орны қашан да төр. Бұл отана­сы­ның ақылдылығынан десек артық емес.

Жастайынан көп балалы болуды ар­мандаған жас жігіт бүгінгі таңда ойлаған арманына жетті. Шаңырағында бақытты әке әрбір баласының болашағына қатты алаңдайды. Ертең өкініп қалмайтындай көп дүниені бүгіннен бастағанды жөн санайды. Соның алдын алу мақсатында балаларын да біраз дүниеден тыйған.  Ға­ламды «телефономанияға» шал­дық­тыр­ған дерт бұл отбасында жоқ. Себебі ба­ла­ның ертеңіне алаңдаған ата-ана оларды «смарт­­фоннан» ада қылған. Биыл 11-сы­нып оқитын Аружан ғана қатарынан қал­май, жаңа үлгідегі телефонды қол­дануда. Ал қалғандары тіпті, «маған да алып бер­ші» деп айтудан аулақ. Есесіне өзде­рі­нің қабілеттеріне, табиғатына, икеміне қарай спорт түрлерімен айналысады. Әр бала­сы­ның жетістігіне бөркін аспанға атып қуан­ған әкенің қуанышы қойнына сый­май ке­теді. Ұлы Алихан күрес спортынан жо­ға­ры көрсеткішке қол жеткізсе, Аят­алиі бір жылдық еңбегінің нәтижесінде кара­тэ­ден көк белбеуді беліне байлады. Ари­маны күй шертуден байқауға қаты­сып, дипло­мант атанған. Балаларының жеңісі мен жетіс­тігі қай ата-ананы бол­сын шексіз қуан­тады. Қуанышты да жеңіс­ті сәттері көп болсын деп тілекші болыстық.

Жеті баласының бесеуі мектеп қабыр­ғасында білім алуда. Олардың тәрбиесі мен тәртібі, білімі тікелей әкенің де, ана­ның да жіті қадағалауында. Дегенмен, от­басының қамқоршысы, асыраушысы әке түздің адамы болғандықтан, көбіне бас-көз болатын отанасы. Егер де бала болып, айтқан тілді алмайтын болса кешкісін әке­сі қызметтен келісімен әке мен ұл ара­сында әңгіме өрбитін көрінеді. Сөз түсі­нер, ақыл ұғар балалар айтылған сөзден ертесінде нәтиже шығаратыны бізді де қуантты. Мектепте ата-аналардың қаты­суы­мен өтетін жиналысқа көбіне анасы жауапты.  Күнделікке де қол қоятын сол кісі.

Шаңырақ көтерген кезде тұрақты әрі нақты қызметі де болмаған. Сонда да көп балалы болу арманы мен мақсатының үзіліп қалмауы үшін күндіз-түні еңбек етті. Соңында асыл жары екеуі биік бе­лес­ті бағындырды. Әр баланың өзінің нә­сібі бар дегендей әр байлығының, қа­зы­насының нәсібі өзінде. Марқұм әжесі бал­дай тәтті немересінің түк басқан дене­сіне қарап: «Менің балам бай бола­ды», – деп отырады екен. Ойын баласы ол кезде бай­лықты тек материалдық құндылық деп түсінсе керек. Ал қазір байлығы да, ба­­ры да, нары да ол – отбасы, бала-шағасы.

Негізі бала екі жасқа дейін жыласа «Қой. Үніңді өшір» деп айтпау керектігін көпшілік түсіне бермейді. Шырылдаған шарана жылау арқылы Жаратқаннан ата-анасының күнәсі үшін кешірім сұрайды. Бұл үрдіс осы әулеттің қағидасына алтын әріппен жазылып, сақталған. Ал бес жас­қа дейін олардың айтқанын істеп, бал ба­лалықтың балдай дәмін таттыруға ықпал ету керектігін де ата-ана жадынан шығар­ған емес. Шығармайды да. Балалар бес жас­тан асқан соң әке айтқан темірдей тәр­тіпке бағынады. Атпал азамат үнемі жа­ры­на: «Шаңырақ көтерген жас отба­сыға тә­бәрік беруді ұмытпа. Оларға біздің жо­лымызды берсін. Жақсылы­ғы­мыз ар­қылы шапағатшы болайық. Халық санын көбейтуге әрбір азамат үлес қоссын. Құрылған әр шаңырақта сәбидің күлкісі естілсе бұл дегеніміз нағыз ба­қыт. Осыны барлық адам сезінсе дей­мін», – деп айтқаны да көрегендігінің, жан­ашыр­лығының бір айғағы екеніне көз жеткіздік. 

Қолы қалт ете қалса отбасына арнай­тын әкенің жеке жоспары да бар. Ол айы­на екі рет киноға отбасымен тұрақты барып тұруды міндеттейді өзіне. Сыртқа серуенге шыққанда көрген кісілер таңыр­қап: «Мынаның бәрі сенің балаларың ба?», деп айтатын көрінеді. Сонда ана мен әке мақтанып, марқайып «иә» деп бірге жауап береді. Балаларының үлкені соңы­нан ерген інілері мен сіңлісіне көз қырын салса, кішкентайы балмұздақ алып, жү­гіріп, құлап жатады. Соның күл­генінен, жылағаннан өмірге деген құлшы­нысты сезінетін отағасы әр баласынан жаңа күн­ге деген сенімді энергия алаты­нын жет­кізді. Сонысына қарай әр бала­ның жара­тылысына, табиғатына, ойына, сезіміне қарай көңіл бөлетінін де жасыр­мады. Бұл – баланың толыққанды отба­сын­да ер жетуіне, қоғамға керек екенін се­зіндіру десек артық болмас.

Жер Ана. Отан Ана. Аяулы Ана. Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен елге, жерге деген махаббаты бір бойына жиналған азаматтың болмысы нағыз ел десе еңіреп, жұрт десе жұмылып жанашырлық танытан адамның әрекеті. Олай деуге себеп тым көп. Соның көшін бастап тұрған - Ана. деген ұлы есімнің ұлылығына жетіп, үнемі ұлықтаудан, айтудан шаршамайтын, талмайтын саликалы ұрпақтың болғаны. Ондай адамның бағыты айөын, бағдары анық болатыны ақиқатынан белгілі. Осы әрекеті арқылы ортасына сыйлы, көпке үлгі болады. Мұндай азаматтар қатары көбейсе деген тілектен басқа айтарымыз жоқ.

Бірер жылдан бері Елбасы дәл бүгінгі күнді, яғни, 8-қыркүйекті елімізде "Отбасы күні" деп жариялады. Осы мерейлі мерекемен қатар келген 7 қыркүйек "Аналар күнінде", сәрсенбінің сәтті күні мақала кейіпкері Марлен Қапашұлының асыл жары Сауле Сейіткерімқызы Мемлекет басшысының Жарлығымен "Алтын алқа" иегері атанды. Бұл сыр-сұхбатымызды ата басылымның атынан берілген сый деп қабылдаңыздар, құрметті мерейлі отбасы.

Еңлік КЕНЕБАЕВА

 

Оқи отырыңыз