ЖОЛДАУ - ӨРЛЕУ ӨЗЕГІ

ЖОЛДАУ - ӨРЛЕУ ӨЗЕГІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты кезекті Жолдауы жайлы пікір білдіріп жатқан облыс тұрғындары өте көп. Дәстүрлі Жолдауды тікелей эфирде тыңдап, қолдау танытқан азаматтардың арасында өңірдің дамуына өз үлесін қосып, жаңа міндеттер мен мемлекет деңгейіндегі тапсырмаларды орындап жүрген әр саланың өкілдері бар. Сонымен, Алматы облысын өркендету жолында жүрген басқарма, департамент, түрлі мекеме өкілдерінен Жолдаудан түйген ойларын білген едік.

САПА ФОРМАЦИЯСЫ

Серікбай НҰРҒИСАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы:
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнайтын жыл сайынғы Жолдауы көптеген жаңалықпен, ерекше тапсырыстармен елді елең еткізетіні анық. Биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын да көпшілік тапжылмай отырып көрді. Біздің департамент қызметкерлері де ондағы айтылған міндеттер мен мақсаттардың орындалу жолын өзара талқылауға кірісіп те кетті десем артық айтқандық емес.
Биылғы Жолдау барлық салалардың жұмысын жандандыру мен серпілтуге қатысты болғанымен әр салаға бөлек-бөлек тоқталып, ондағы кезек күттірмейтін мәселелерді шешудің жолдарын көрсетіп берді. Сондықтан да болар қазіргідей жаһандық талаптар мен шарттар ұлғайған кезеңде өзінің білім-білігін халықтың дамуына, әл-ауқатының артуына түбегейлі  беретін, сол жолда туралықтан таймай, адал әрі әділ қызмет ететін мемлекеттік қызметші керек екендігі белгілі. Осыған орай Елбасы: «Кез келген реформаларды іске асыру барысында өзінің барлық іс-қимылын халықтың әл-ауқатын арттыруға арнайтын жинақы әрі тиімді мемлекеттік аппарат маңызды рөл атқаратын болады» – деп мемлекеттік аппарат жасақтаудың тиімділігін ұғындырды. Соған орай биыл қолға алынған ведомстволық бағынысты ұйымдарды оңтайландыру бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижелі болғандығын Агенттік басшысы Алик Шпекбаевтан сұрай отырып, нақтылаған Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздегі  4 органдағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 2-2,5 есеге өскенін, сол арқылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне қарасты органдарда жұмыс істеуге деген қызығушылықтың күрт артқанын күллі Қазақстанға паш етті. Шыны керек, мұндай қолдаудың негізінде мемлекеттік қызметшілердің бет-бейнесін қалыптастыру міндеті жатқанын түсіну аса қиын болмас.
Елбасының биылғы Жолдауының аты айтып тұрғандай халықтың әл-ауқатының артуына негізделіп, «Сапа» жаңа формациясы жұмыс істейтінін, мемлекеттік бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, халықтың игілігіне жұмсау керектігін, сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары күшейтіліп, мемлекеттік қызмет толықтай электронды форматқа көшірілетіні, Үкімет мен барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы формализм мен бюрократтықты түп-тамырымен жою қажеттігі айтылып, Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру офисін құру тапсырылды. Бұл тұрғындар арасында өзекті мәселелер жөнінде тұрақты түрде сауалнама жүргізіп, халықтың ойын білуді қамтамасыз етеді. Нәтижелерді тікелей Мемлекет басшысына хабарлап отыруы тиіс офис жұмысының тиімділігі оң нәтиже береді деп сенемін.

 

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨТЕРІЛЕДІ

Бауыржан ЫСҚАҚ, 
облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Медицинаның жүрегі – ауыл дәрігерлері.  Олар ауыл жұртының денсаулығын қадағалап, сырқатқа шалдыққандарына алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қай маманға баратынын анықтап, жол сілтейді. Оқыс жағдайға тап болғандарға орталыққа жеткенше қолдан келген көмегін жасайды. Сондықтан, учаскелік дәрігерлердің еңбекақысын көтеру, қолдау қажет-ақ. Бұл орайда Елбасы халыққа арнаған  Жолдауында: «Ең алдымен, әсіресе, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді», – деді.
Бүгінде медицина компьютерлік жүйеге көшуде. Яғни, сырқаттың емдеу картасы электронды түрде жүргізіледі. Науқас адамның бұрын қандай кеселмен сырқаттанғаны, оған нендей ем жүргізілгені, қанша рет «жедел жәрдем» шақырғаны тіркеледі. Соған қарап, оның денсаулығының жағдайы, алдағы уақытта қандай ем жасау керектігі анықталады. Мемлекет басшысы Жолдауында: «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді.
Елімізде жүрек қан-тамыр ауруы бірінші тұр.  Елбасы жүрекке ота жасауға баса мән беріліп келе жатқанын айтты. Соңғы жылдары барлық облыс орталықтарында жүрекке ашық және жабық ота жасайтын орталықтардың ашылғандығы ауыз толтырып айтар жаңалық. Осының нәтижесінде  өмірі қыл үстінде тұрған көптеген адам ажалдан арашаланды. Елімізді алаңдатып отырған тағы бір мәселе – қатерлі ісік сырқаты.  Кеселді ерте анықтау, емді уақытында бастау оң нәтиже беруде.  Ендеше, шетелде шығатын аппараттарды сатып алып, емді ерте анықтауға барынша күш салу керек.  Жолдауда Президент осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керектігін айтты. Осылайша,  көптеген адамның өмірін сақтап қалуға болатынын меңзеген Мемлекет басшысы елдің ертеңге деген сенімін нығайтты. 


 

ТЫҢ ИДЕЯЛАРҒА ТОЛЫ

Әбілқайыр БЕКСҰЛТАНОВ,
«Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ агротехнология жөніндегі кеңесшісі, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

- Елбасының бұл жолғы Жолдауы да тың идеяларға толы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі көтеруге арналып отыр. Сондықтан, Мемлекет басшысының барлық Жолдауын еліміздің жарқын болашағына арналған стратегиялық құжат деуге болады.  Жолдауда көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда атқарылатын жұмыстар кезең-кезеңімен қарастырылған. 
Осы ретте кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, білім, денсаулық, заң, тағы басқа салаларға жеке-жеке тоқталған Елбасы Қазақстандағы ауылшаруашылығы мамандарын жаңа технологиялар бойынша жаппай оқытуды, 2022 жылға қарай еңбек өнімділігін ұлғайтып, өңделген ауылшаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыруды, сондай-ақ, мемлекеттік қолдаулардың барлық шарасын заманауи агротехнологияларды тартуға бағыттау керек екенін айтты. Айта кетейік, облыста жаңа технология жүйесінде биыл қант қызылшасы 11 мың гектар алқапқа егілген. Әр гектардан орта есеппен 400 центнерден өнім жиналады деп күтілуде. Одан 40-42 мың тонна қант өндіріледі. Бұл дегеніңіз, 2 миллион халқы бар облыс тұрғындарының азық-түлік қажеттілігін толық қамтамасыз етеді деген сөз. Осының бәрі жаңа технологиялардың арқасында қол жеткізілген нәтиже. 
Сондай-ақ, Елбасы бірінші қаңтардан бастап шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистия жүргізілетінін мәлімдеді. Халықты толғандырып жүрген өзекті мәселелерге ден қойған Президент жергілікті маңызы бар жолдарды қалпына келтіріп, ауылды жерлерді сумен қамтуға бөлінетін қаражат көлемін ұлғайтуды, сондай-ақ, өңірлік, қалалық инфрақұрылымдарды дамытып, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мәселесін шешуді назарға салды. Қазақстандағы экологиялық ахуалды жақсартып, келешегі жоқ ауылдарды дамытудың қажет еместігі де айтылды. 
Қолма-қол ақшасыз экономикаға қарай жүрудің маңыздылығы да түсіндірілді. Сондай-ақ, Елбасы Мемлекеттен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы керектігін тағы бір мәрте ескертті. 
Қалай десек те, ел жағдайын жақсартып, экономиканы дамытуға серпін беретін, жан-жақты саланы қамтыған маңызды құжат болашаққа сенім ұялатып, тың бастамаларды жүзеге асыруға жетелейді деп ойлаймын. Сондықтан, ел игілігіне арналған маңызды құжаттың жалпы қарапайым халықтың ойынан шығып, жүрегінен орын алары сөзсіз.


 

МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ АРТАДЫ

Алма МАХАНОВА,
Жамбыл ауданы, Ә. Бейсеуов атындағы орта мектептің мұғалімі:
- Міне, кеше ғана ұстаздар мерекесі қарсаңында мәртебем биіктеп, «Жылдың үздік мұғалімі» байқауының жеңімпазы атанып, облыс әкімі Амандық Баталовтың қолынан арнайы жүлде автокөліктің кілтін алған едім. Бүгін Елбасының  кезекті Жолдауын тыңдап, онда ұстаз беделін арттыруға ықпал ететін «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеуді  ұсынғандығын естіп, тағы бір марқайып қалдым. Бұл құжат мұғалімдер мен тәрбиешілерді артық жүктемеден арылтуға сеп болмақ.
Расында да қазір ұстаздарға артылып жатқан салмақ зор. Жаңа заманның жаңа оқушысын тәрбиелеумен қатар өз міндетіне жатпайтын өзге де міндеттерді атқаруына тура келіп жатады. Осы тұрғыдан алғанда Елбасы ұсынып отырған заң аса қажет.
Мемлекет басшысы мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсартуға да мән беріп, бұл орайда тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбекақысын қайта қарау қажеттігін атап өтті. Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі қажеттігін алға тартты. 
Үш ауысымды мектептерді түбегейлі жоюды да тапсырды. Бұл орайда облысымызда қарқынды жұмыс жүріп жатқанынан, осы мақсатта өткен жылы 38 мектеп салынғанынан хабардармыз. Елбасы Жолдауында Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін мемлекеттік мектептерге бірыңғай стандарт ретінде енгізу қажеттігін, білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс екендігін де айта кетті. Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңыздылығына да тоқталды.
Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді тапсырды.
Осылайша Елбасының Жолдауы білімнің өзекті мәселелерін қозғауымен көңілімізден шықты. Оның оқытудың өзекті мәселелерінің шешілуі мен ұстаз белелінің артуына ықпал етеріне кәміл сенеміз.

Оқи отырыңыз