Сақшылар түсті сайысқа

Сақшылар түсті сайысқа

Талдықорған қаласында басталған «Парасатты полицей» республикалық байқауына қатысуға келген командалардың жетекшілері Текелі қаласындағы қарттар үйінің тұрғындарына арнайы барып, естелік сыйлықтар таратып, құрмет көрсетті. «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы деп аталатын қарттар үйінде бүгінде 260-тан астам адам тұрып жатыр.

Олардың бәрі де тағдыр талқысына түскен егде жастағы жандар. Халықаралық қарттар күніне орайластырылған шара негізінен жастардың қарияларға деген сыйластығын, құрметін дамыту мақсатында елімізде 1991 жылдан бері аталып келеді. Арнайы сыйлықтар таратылған соң облыстық ІІД-не қарасты эстрадалық-үрмелі оркестрінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. Қарттар үйінің тұрғындары өз кезегінде полиция қызметкерлеріне қолдарынан жасаған заттарын көрсетіп, сазсырнаймен музыкалық сәлемдеме орындады.
Конкурсқа қатысушылар бұдан соң Рухани жаңғыру орталығында ұйымдастырылған «Тіл – менің тірегім» атты «дөңгелек үстел» отырысына қатысып, полициядағы мемлекеттік тілдің дамуын талқылады. Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған белгілі айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов еліміздің барлық өңірінен келген мамандарды ашық әңгімеге шақырды. Алғаусыз көңіл, шынайы пиғылмен басталған отырыста облыстық ішкі істер департаментінің кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Данияр Аитов байқауға қатысуға келген тәртіп сақшыларына ақжол тілеп, екі күндік жарыста үздіктер қатарынан көрінулеріне тілектестік білдірді. Одан соң Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-не қарасты Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының Криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Гариф Хамзаев, Павлодар ІІД Жол патрульдік полиция батальонының полицейі, полиция сержанты Игнат Сафонов, Батыс Қазақстан облыстық ІІД-не қарасты Орал қалалық ІІБ Абай полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Роман Семилиди, Шығыс Қазақстан облыстық ІІД тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Махфуза Игембердиева, Алматы облыстық ІІД мемлекеттік күзет қызметі басқармасының бөлімше командирі, полиция старшинасы Ержан Гейвель, Сарыөзек қаласындағы №31 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Игорь Зубов, облыстық ІІД жедел жоспарлау басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Лаура Измайлова кезекпен сөз алып, өздерін толғандырған ойларын қазақ тілінде жеткізді. Олардың бірі мемлекеттік тілді қалай үйренгенін айтса, екіншісі көптеген ұлттар мен ұлыстардың дамуына мүмкіндік жасап отырған еліміздің басты бағытына ризашылық білдірді. Жиында сөз алған облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін Ұлы Даланы мекен еткен түркі халықтарының ортақ тілі күллі әлемге қалай әсер еткенін, соның арқасында ағылшын, француз, орыс тілдерінде айтылатын сөздердің түпнұсқасы бүгінгі қазақ тілінде жатқандығын тәптіштей түсіндірді.
Республикалық «Парасатты полицей» конкурсына қатысқан 21 командада барлығы 200-ге жуық тәртіп сақшысы өздерінің дарыны мен талантын паш етіп, өзгелерге үлгі бола білді. Екі күнге созылған байқау үш кезең бойынша өткізілді. Оның біріншісінде жарысқа қатысушы команда ішкі істер органдарында қызмет етудің мәртебесін, жұмыстарының ерекшеліктерін және қызметте қазақ тілін қолданудың мүмкіндігін көрсете отырып, өздерін таныстырса, екінші бөлім «Сәлем, Астана!» атты сахналандырылған көрініс сайысына арналған. Онда командалар биыл 20 жылдығы аталып өткен Астана қаласының ерекшеліктерін, өзге қалалар арасындағы орны мен маңызын, жетістігін қойылыммен көрсетуі тиіс. Ал, үшінші кезең – көркемсөз сайысы болғандықтан қатысушылар ақындардың Қазақстан, Астана, қазақ тілі тақырыбындағы бір өлеңін мәнерлеп оқуы керек. Осы бағыттар бойынша өз өнерлерін көрсеткен тәртіп сақшыларының еңбегіне ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев, Ішкі істер министрлігі кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Оңал Бекеев, «ҚР ішкі істер органдарының медиа-орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары Ербол Дүйсенов, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті жанындағы «Жас түлек» студенттік театрының көркемдік жетекшісі Ғалия Темірбаева, белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев қазылық жасап, жүз жүйріктен шын жүйрікті анықтады. Сонымен І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайын дүр сілкіндірген байқау нәтижесі бойынша Ақмола облысы ІІД-нің «Көкше сақшылары» командасы, Көліктегі ІІД-нің «Көлік сақшылары» командасы және Қызылорда облысы ІІД-нің «Айбынды» командасы жүлделі ІІІ орынды бөліссе, жүлделі ІІ орынға Маңғыстау облыстық ІІД-нің «Каспий» командасы мен Қостанай облыстық ІІД-нің «Қостанай қырандары» командасы лайық деп танылды. Ал, жүлделі І орынға Шымкент қалалық ІІД-нің «Мегаполис»  командасы ие болса, байқаудың бас жүлдесін Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің «15-ші өңір» командасы еншіледі.
Байқауға қазылық жасаған ақын Балғынбек Имашев:
– Конкурс кезінде бірнеше шығармашылық номинация бойынша жарыс жүрді. Атап айтсақ, «Көркемсөз шебері» номинациясын Қарағанды облысынан келген «Алаш айбыны» командасы жеңіп алса, «Көрермен көзайымы» номинациясына Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері лайық деп есептелді, – деп полиция қызметкерлері арасында өткен конкурстың маңыздылығы жайлы айта кетті. – Ал Ақтөбе облысының полицейлерінен құралған «Серт береміз» командасы ең бірлікшіл, ең ұйымшыл ретінде танылды. Қостанай облысындағы ҚР Ішкі істер министрлігі академиясының «Қабылбаев ұрпақтары» командасы ең шығармашыл атағын иеленді. Атырау облысынан келген команда «Үздік сахналық көрініс» номинациясы бойынша жеңімпаз болса, Батыс Қазақстан облысының атынан шыққан команда «Тілі басқа, тілегі бір» аталымынан үздік саналды. Міне, конкурстың осылай тартысты өтуі республикалық «Парасатты полицей» байқауының маңыздылығынан хабар берсе керек. Меніңше, бұл байқау еліміздің тыныштығын, қоғамның тұрақтылығын, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлеріне деген жұртшылықтың ыстық ықыласы мен жанашыр пейілін оятады деп сенеміз.
Байқаудың марапаттау рәсіміне қатысқан Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Берік Бейсенқұлов конкурсқа қатысушыларды құттықтап, жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды тапсырды. Одан соң мінберге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов көпшілікті айтулы біріншілікпен құттықтап, жарыстан үздіктер қатарынан көрінген тәртіп сақшыларына облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Алматы облыстық ІІД-нің бастығы Мұрат Ұрұмханов әр команданың капитанына естелікке сыйлық ұсынып, барша қатысушыларға Алғыс хат тапсырды.
Еліміздің Ішкі істер министрлігі ұйымдастырып отырған «Парасатты полицей» конкурсы 9 жыл бойы өткізіліп келеді. Дәстүрлі байқау келер жылы қарт Каспийдің жағасында Ақтау қаласында өтеді.

Мәди АЛЖАНБАЙ,
“Жетісу”

Оқи отырыңыз