Жолдау – өрлеу өзегі

Жолдау – өрлеу өзегі

ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын ыждағатпен тыңдай отырып, егеменді еліміздің жарқын болашағына деген зор сеніміміз одан бетер күшейе түскендей. Ел дамуына қажетті бар саланы жік-жікке бөле отырып, алдағы атқарар жұмыс бағытын жіпке тізіп берді. Жеткен жетістіктен гөрі бағындырар белесті басып айтты. Өз басым жоғары мектеп саласында біраз тәжірибе жинақтадым. Осы жылдар ішінде білім саласында сан рет реформалар болып, оны жүзеге асыруға атсалыстық. Сондағы байқағаным – Елбасының жіті көңіл бөлуі арқасында отандық білімнің көкжиегі кеңіп, халықаралық стандарттарға сәйкестендірілуі.

Ұстаз мамандығы қай қоғамда да қадірлі, қашанда сұранысқа ие дегенімізбен педагогтардың мәртебесі, беделі, осы мамандыққа оқысам деген талапкерлердің ниеті жыл өткен сайын төмендеп отыр. Педагог  мамандығына құлықсыз, жүрек қалауымен келмеген, әйтеуір диплом үшін немесе жұмыс істеп күн көрсем деген ниеттегі мамандардан қандай нәтиже күтуге болады?  Осы тұрғыдан алғанда білім сапасын  мұғалімдер қызметінің сапасымен өлшеуге тура келеді. Демек, білім сапасын көтерудің негізгі тетігі – ұстаз, сондай-ақ, оның теориялық білімі мен кәсіби шеберлігі, шығармашылық қызметі. Оқушыларға нені үйрету керек екенін мемлекеттік стандарттар, бағдарламалар белгілесе,  «қалай оқыту керек?» деген сұраққа жауапты тек мұғалімнің кәсіби даярлығынан, өз ісін жоспарлай алуынан, баланың әрекетін ұйымдастыра алатын шеберлігінен іздеу керек. 
Қазіргі заманда әлемдік оқу үрдісінің өзегі инновациялық технологиялар екені мәлім. Әлемнің бірнеше елінен сынақтан өткізілген жаңаша оқытудың модульдік, дамыта оқыту, сын тұрғысынан ойлау, деңгейлі саралап оқыту сияқты технологиялардың стратегияларын мұғалім өз шығармашылығы, ізденісі арқылы оқушы қабілетіне, қабылдау деңгейіне орай іріктеп қолдана білуі керек. Міне, сонда ғана білім сапасы арта түседі. Мұның бәрі оңай талап емес. Жастар, біріншіден, мұғалімге қойылатын талаптың жоғарылығынан, екіншіден, қағазбастылығынан қашса, үшінші жағдайда жас мамандар жа-    лақысының  төмендігі де әсер етуде. Мемлекет ұстаздар мәртебесін көтеру жолында бірқатар шараларды қолға алып, оларға  әлеуметтік жағынан қолдау көрсетіп-ақ жатыр.   
Педагогтардың статусын көтеру жолында  Білім және ғылым министрлігі де ізденіс жасап,  білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында арнайы бөлім қарастырды. Жолдауда Елбасы осы ізденісті қолдап: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», – деп нақты тапсырма берді. Ендігі жерде педагог мамандығына  кездейсоқ жастар келмесін деген мақсатпен алдыңғы жылдардан  бастап  педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына түсу кезінде талапкердің осы мамандыққа икемділігін анықтайтын шығармашылық емтихан енгізілді.   Дұрысы, әр талапкердің мамандыққа икемділігін мектеп қабырғасында жүргенде анықтау қажет. Оларға дұрыс кәсіби бағдар беру керек. 12 жылдық білім беру бағдарламасына көшкенде  профильдік мектепте жаратылыстану-математикалық және қоғамдық гуманитарлық бағыттармен бірге педагогикалық бағытты да енгізу қажет. Жоғары сынып оқушыларын түрлі шаралар ұйымдастыру арқылы олардың педагог мамандығына қызығушылығын оятып, ынталандыру жолдарын қарастыру да тиімді болмақ.  
Елбасы айтқандай, жоғары оқу орындарын ірілендіру арқылы педагогикалық бағытта маман даярлайтын базалық жоғары оқу орындарын анықтап, оны аймақтық жердің ерекшелігіне қарай жасақтап, шектеулі  оқу орындарына айналдыру керек. Іріктелген педагогикалық жоғары оқу орындары  адам капиталының шоғырлануымен, ғылымы, техникалық жабдықталуы, қаржылық қорымен,  академиялық еркіндігімен ерекшеленіп элиталы педагогикалық жоғары оқу орындарына айналады. Бұған қоса,  аталған оқу орындарына түсу үшін  үлкен конкурс  болады да бәсеке артады, осылайша педагог мамандардың  беделін  жоғарылатуға болады деп ойлаймын. Сонымен бірге, аймақ әкімшілігі өңір бойынша педагогикалық кадрлардың қажеттілігін анықтап, сол бойынша мемлекеттік  тапсырыс берсе, жұмыссыз түлектердің саны азаяр еді. Сапалы білім беру – білім беру саласының басты міндеті. Сондықтан, Елбасының Жолдауда айтқан сын-ескертпелері мен бағыттарын негізге ала отырып, нәтижелі жұмыс істеуіміз қажет.

Марат МӘЛТЕКБАСОВ, 
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, облыстық
мәслихаттың депутаты 


БОЛАШАҚҚА БЕТБҰРЫС

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы егеменді елдің ертеңі үшін атқарылар ұлы істердің нақты құжаты. Осы күнге дейін біз жеткен жетістіктердің бәрі де дер кезінде жолданған Жолдауларды ел болып жүзеге асыруда жатыр. Біз «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асырып, жаһандану заманына сай жасалған игі қадамдарды игілігімізге жаратамыз деп сенемін.

Тәуелсіздік таңының рауандағанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Тарих үшін азғантай ғана уақыт болып саналатын осы жылдар бедерінде біз өткен жол жетістіктерге толы. Егемендігімізді алып, еңсе тіктегелі бері экономикалық жағынан, халықтың тұрмыс-тіршілігі, әл-ауқаты жағынан даму үдерісінде биік межеге құлаш сермеп келеміз. Соның нақты көрінісі ретінде дамыған елдер арасында 36 орынға табан тіредік. Елбасымыз аталған Жолдауында «Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деп ертеңгі күнгі бағындырар белесімізді бекемдеп берді. Бұл ел болып құптар, қуанар жайт.
Мемлекет басшысы экономика, құрылыс, ауылшаруашылығы сынды салалардың жандануына баса мән беріп отыр. Сонымен қатар, білім сапасының жоғарылап, ұлағатты ұстаздардың қажетсіз тапсырмалардан босатылып, тек сапалы білім беруге күш салулары керектігін де қадап айтты. Қарап отырсақ, осының бәрі еліміздің абыройының асқақтауы, ертеңінің кемел болуы жолында жасалынар игі істер. Ал, ең төменгі жалақы 1,5 есеге өсіп, 28 мыңнан 42 мыңға көтерілетіндігінің өзі қарапайым халықтың тұрмыстық жағдайының түзелуіне серпін беретіні анық. Сондықтан да Жолдауда көтерілген мәселелер қаншама саланың тамырына қан жүгіртіп, біздің шынайы жаңғыруымыз бен жандануымызға нақты серпін бермек.


Әли АЛПЫСБАЕВ,
облыстық мәслихаттың депутаты


МАҚСАТ – ТҰРМЫС САПАСЫН ЖАҚСАРТУ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» болып аталуында үлкен мағына бар.​

Біз қазір мемлекетіміздің экономикалық ахуалын тұрақтандырып алдық. Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарды. Ендігі жерде жетістігімізді одан ары еселеуді көздеп отырмыз. 
Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев табыс пен тұрмыстың сапасын арттыруға байланысты жұмыстарды қадап айтып, нақты тапсырма берді. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы  – 2020» бағдарламасы өз жемісін берді. Ел экомикасына өлшеусіз үлес қосып отырған ірі бағдарламаның уақытының ұзартылуы табыс пен тұрмыстың жақсаруына ықпал жасайтыны сөзсіз. 
Мемлекет басшысы келер жылды «Жастар жылы» деп белгіледі. Бұл шын мәнінде қуанарлық жайт. Біздің болашағымыз –жастар. Бүгінде жастарға қолдау көрсетіп, оларға дұрыс бағдар беру болашақты бекемдеудің негізгі тетігі. Мәселен, біздің ұжымда «Жетісу» авиа компания» АҚ-да 134 адам жұмыс істейді. Соның жетпіске жуығы жастар. Жас мамандарға қолдау білдіріп, жұмыстың сапасын арттыру – негізгі міндеттерінің бірі. 
Талдықорған қаласын Елордамыз Астана, Алматы қалаларымен байланыстырып отырған «Жетісу» авия компаниясы. Осы әуежайдың және Үшарал қаласындағы әуежайдың ашылу салтанатына Елбасының өзі келіп, мекеменің жұмысына жақсы баға беріп, жастарымызға сенім артып кеткені біз үшін үлкен абырой. «Жетісу» АҚ бүгінде жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Мұндай үлкен мекеменің тұрақты жұмыс істеуі ел экономикасының өсуіне ықпал ететіні сөзсіз. 
Қалмұхамет Дөңсебаев, 
«Жетісу» авиа компаниясы» АҚ президенті 

Оқи отырыңыз