Жылы жүздесу, баянды бастамалар

Жылы жүздесу, баянды бастамалар

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алматы облысына жасаған жұмыс сапары Талдықорған қаласының әуежайын жаңарту жұмыстарымен танысудан басталды. Облыс әкімі Амандық Баталов биыл ұшу-қону жолағына, перронға, әуежай маңындағы алаңға күрделі жөндеу жүргізілетінін жеткізді. Биыл әуежайда жаңа аэронавигациялық кешен пайдалануға берілді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Талдықорған әуежайы келешекте Қырғызстан, Ресей, Қытай және басқа да көршілес елдермен облыс орталығын байланыстыратын болады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Ескелді ауданындағы «Нам Г.Н.» шаруа қожалығының жұмысымен де танысты. Шаруашылық басшысы Герман Нам қожалық жетістіктерін егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Іргетасы 2002 жылы қаланған «Нам Г.Н.» шаруа қожалығы меншігіндегі 75 мың гектар жерге негізінен ауылшаруашылық дақылдарын өсіреді. Оның ішінде 25 гектарға қант қызылшасы, 11 гектарға соя, 30 гектарға картоп, 9 гектарға күздік бидай егілген. Атшаптырым алқаптағы қант қызылшасы мен соя егістіктерін аралап көрген Мемлекет басшысы арнайы жайылған шатыр астына қойылған көрсеткіштер тақтасындағы мәліметтерді саралады. Осыдан екі жыл бұрын, 2014 жылы тамызда Жетісу жеріне жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы осы өңірде ертеден қалыптасқан қызылша шаруашылығын қайта жаңғыртуды тапсырған болатын. Осыған орай облыста ауқымды жұмыстар атқарылып, қызылша өсірушілерге жан-жақты қолдау, көмек көрсетілді. Атап айтқанда, мемлекеттен бөлінген 240 миллион теңге субсидияға арнайы техника, сапалы тұқым, тыңайтқыш, гербицид, жанар-жағармай, өнімді шалғай аудандардан жеткізуге қажетті жүк көліктері сатып алынды. Одан бөлек, қант зауыттары мен қызылша қабылдау пункттері қалпына келтіріліп жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров келтірген мәліметтерге қарағанда биыл облыстың 932 мың гектар алқабына ауылшар­уашылық дақылдары себілген. Оның ішінде Елбасы өзі ерекше көңіл бөліп отырған қант қызылшасы 6,8 мың гектар алқапты алып отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан қаржыландырылып отырған салалардың шығынын азайтуды тапсырды. Оған жауап ретінде облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров:

– Алдағы 2020 жылға қарай қант қызылшасының егістігін 14 мың гектарға ұлғайтып, орташа өнімділік гектарынан 375 центнерге дейін жетеді деп отырмыз. Сол арқылы облыс көлеміндегі қантқа деген сұранысты толығымен жабамыз, – деді.

– Облыс тұрғындарының сұранысын ба?

– Иә, Жетісу жеріндегі халықтың сұранысын.

– Республикаға қашан көмектесесіңдер?

– Сәтін салса, содан ары қарай еліміздің барлық аймақтарын қамтамасыз етеміз.

Облыс басшылығынан қант қызылшасынан бөлек жүгері өсірудің өзекті мәселелерін сұрап білген Елбасы бұл мәселе жөнінде де арнайы тапсырмалар берді. Әсіресе, қант зауыттарын іске қосудың өзектілігін жеткізіп, сол арқылы халықты жұмыспен қамтуға болатынын айтқан Серікжан Іслямұлы былтыр 6 мың адамның жұмысқа орналасқанын, келер жылы Ақсу қант зауыты іске қосылғанда тағы 7 мың адам жұмыспен қамтылатынын атап өтті. Биыл облыстағы 6,8 мың гектарға егілген қант қызылшасы Көксу қант зауытын шикізатпен қамтуға жеткілікті. Сонымен қатар, былтыр іске қосылған жүгеріні кептіріп, үгітіп дайындайтын екі қырманда 27 мың тонна өнім өңделген.

Көрмеге қойылған алма, алқоры, алмұрт секілді жемістерді қолмен ұстап, олардың бәрі де Алматы облысында өсірілгенін білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев суармалы жерлерді тамшылатып суару тәсілін кеңінен қолданудың тиімділігін ескертіп, су жүретін көне арықтар мен арналардың көзін аршу, тазарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, игерілмей жатқан, қараусыз қалған жер телімдерін анықтап, мемлекет меншігіне алу жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті. Осыған байланысты облыс әкімі Амандық Баталов:

– Ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарының арқасында біз 126 мың гектар жерді қысқа уақыттың ішінде қолданыстағы 486 мың гектар жердің қатарына қоса аламыз. Оған қажетті жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс­тарды жүргіземіз, – деп қомақты жобамен таныстырып өтті.

Жетісулықтардың мал басын өсірумен, ет өнімдерін өндірумен айналысуға мүмкіндігі мол екендігін, соған сай 18 ет зауыты жұмыс істейтінін сұрап білген Мемлекет басшысы мынадай тапсырма берді.

– Біз алдағы уақытта кооперацияны дамытып, жұмыс істеп тұрған ет өңдеу зауыттарының жұмысын жандандырамыз. Өңірдегі  зауыттар 40 пайыздық қуатпен жұмыс істеуде. Солай ғой?! Солай. Неге? Өйткені, етке жарамды малдың бәрі жекешенің қолында. Оны сатып алып, зауытқа жеткізуді ешкім ойластырып жатқан жоқ. Соның есебінен жұмыс істеп тұрған зауыттарды шикізатпен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Жаңасын салудың керегі жоқ. Біздегі ет-сүт комбинаттарының бәрі де 30-40 пайыздық қуатпен жұмыс істейді. Шикізат жетіспейді. Сондықтан шаруа қожалықтары мал басын көбейтіп, семіртуді қолға алса, ақшасын беріп, сатып алуды ғана ойластыру керек. Осындай жұмыстарды тиімді жолмен жүргізу қажет.

 

Бос жатқан жер

болмауы тиіс

Сүт қабылдайтын зауыттар мен жекеменшіктің, жекеменшік пен мемлекет арасындағы әріптес­тікті нығайту арқылы қомақты жетістіктерге жетуге болатынын ескертіп өткен Елбасы бұдан соң облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Жолан Омаровты тыңдап, облыс жерлерінің электронды картасымен танысты. Жаңа технологияның көмегімен аудан, ауылдық округ бөлінісіндегі жалпы облыстың жер қоры, оның санаттары, игерілмей жатқан жер көлемі, суару жүйелері туралы мәліметтерді алуға болатынын жеткізген басқарма басшысы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану үшін былтыр жүргізілген түгендеу жұмыстарының көмегімен 272 мың гектар жердің бос жатқандығы анықталғанын атап өтті. Оның ішінде 137 мың 610 гектар жер әкімшілік шараларды қол­данудың арқа­сында қайта­ры­лып, жер пайдалану­шы­ларға бе­рілген. Сонымен қатар, 48 мың 800 гектар жер иесіз мүлік ретінде есепке алы­нып, 87 мың гектар алқап жер­­ді пай­далану мен қорғау басқар­ма­сының қада­ға­лауына берілген. Осыған байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы:

– Бұрын алып, пайдаланылмай отыр­ған жерлердің бәрін кері қайтару керек. Әсіресе, Алматы жақтағы жерлерді ал­ған­дардың бәрі шенеуніктер. Қолында тұр­ғанда алып, құжаттарын дайын­дап, жер телімі ретінде сатуға кі­ріседі. Өйтуге бол­майды. Ол жер­ге егін егемін, бақша са­ламын деп алды ғой. Егін екпесе жерді қай­таруы керек. Осыған байланысты Бас прокуратураға арнайы тап­сырма бер­ген­мін. Айтқанын орын­дамай, келісілген мер­зімді өткізіп алса, мемлекетке қай­тар­сын! – деп арнайы тапсырма берді.

Электронды карта арқылы Ақ­су ауда­нында 119 мың гектар жер­дің пайдала­ныл­май жатқанды­ғын, соның 55 мың гек­тарының мем­лекет меншігіне қайта­рыл­ғанын білген Мемлекет басшысы бұдан соң Талғар ауданының электронды кар­та­сын ашуды тапсырды. Онда 2 мың гектар жер пайдаланылмай, қараусыз жатқанын, 308 гектар жер иесіз мүлік ретінде тіркеліп, 664 гектар жердің пайда­ла­ну­шы­ларға берілгенін анықтап білді. Одан соң Қарасай ауданында бір­де-бір гектар жердің бос жатпа­ған­дығын білген Прези­дент осы жұмысты ары қарай жалғас­ты­ра беруді тапсырды.

Бұдан соң Жаркент крахмал зауы­ты­ның, «Дәулет-Бекет» ЖШС-нің, алма сорт­тарын өсіре­тін шаруашылықтардың өнім­дерімен танысқан Елбасы облыс­тық мәс­лихат депутаттарының өтінішін тың­дап, ұсыныстарына құлақ салды.

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы об­лы­сына жұмыс сапары барысында кен­шілер қаласы Теке­лідегі «Текелі кенді қайта өңдеу кешені» ЖШС-де болды.

Мемлекет басшысы моно­қа­ла­дағы тір­­ліктің уақыт көшінен қа­лыспауына өзін­­дік үлесін қосып отырған  кәсіп­орын­­ның жұмысы­мен танысты.

Кешен басшылары   иннова­ция­лық технологияларды қолдана отырып, қайта бал­қытылған шойын алу арқылы темір өн­діру және өңдеу жөніндегі жобаның іс­ке асырылу барысын, болашақта жү­зе­ге асы­рылар жобалардың жай-жапсарын баян­дады.

 

КӨПСАЛАЛЫ

ауруханада

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев осыдан біраз уақыт бұрын пай­далануға беріліп, қала тұрғындарына қыз­мет көрсетуге кіріскен Талдықорған қа­ласының көп­салалы ауруханасына да ар­найы ат басын бұрды.

Жаңа денсаулық сақтау меке­ме­­сінде Қазақстан Президентіне облыстың ден­сау­­лық сақтау жүйе­сін дамытудың басты ба­ғыттары жә­не тиісті мемлекеттік бағ­дар­ламалардың іске асырылу барысы баян­далды.

Сондай-ақ,  Нұрсұлтан Назар­баев ау­ру­хана қызметкерлерімен кездесті. Ақ же­леңді абзал жандар мемлекетімізде жүр­­гізіліп жатқан әлеуметтік саясатқа қол­дау біл­ді­ріп, денсаулық сақтау сала­сы­на көр­сетіліп отырған қамқорлық үшін Елбасына риясыз алғыс­тарын айтты.

300 адамға шақталған меди­циналық мекеме стационарлық, стационарды ал­мас­тыратын жоға­ры мамандандырылған ме­ди­ци­налық көмек көрсетеді. Көпса­ла­лы аурухана жаңа медициналық құ­рыл­ғы­лармен жабдықталған.

Құрылысына 9 371,0 миллион теңге жұм­салған көп бейінді ауру­ханаға құны 4 094,0 миллион теңге тұратын заманауи ме­дициналық жабдықтар алынған. Бар­лы­ғы 676 адамды жұмыспен қамтып отыр­ған ауруханада 143 дәрігер жұмыс іс­тейді. Жалпы алаңы 33 885,6 шар­шы метрге тең ауруханада терапия, хирургия, поли­жа­ра­қат, қалпына келтіру орто­хи­рургиясы, нейрохи­рургия, миниинвазивті хи­рургия, оториноларингология және жақ-бет хи­рур­гиясы, урология, офталь­мо­логия бө­лім­шелері жұмыс істейді. Одан бөлек, магниттік-резонанстық то­мограф, экси­мерлік лазер, баро­камера, эн­довидео­хи­рургиялық құ­рылғы және т.б. жаңа тех­но­ло­гиялар бар.

Елбасы жаңадан ашылған Оқу­шылар сарайында болып, 1800 ба­лаға арналған өнер-білім орта­лы­ғының химия, физика кабинеттерін аралап көрді. Галереяға қойылған балалар қолымен салынған туын­дыларға да ерекше назар аударды.

Мұнда 52 үйірме жұмыс істей­ді. Қы­рық жылдық тарихы бар «Сол­нышко» хорео­графиялық би ан­самблі де осы Оқу­шылар са­райын­да орын тепкен.  Нұр­сұл­тан Әбішұлы  би үйірмесіндегі бала­лар­дың өнерін тамашалап,  «Қама­жайды» мың бұрала билеген жас өнерпаздарға сүй­сіне қарады.  Бұ­дан соң домбы­ра­шы­лар үйірмесіне бас сұғып, Құрман­ға­зы­ның күйі «Балбырауынды» күмбірлете ой­­на­ған жет­кіншектерге шынайы көңі­лі­мен риза­шы­лығын білдірді.

– Жарайсыңдар, «Балбы­рауын­ды» та­маша орындадыңдар. Дом­быраны тас­та­май, өнерлеріңді өріс­тете беріңдер. Ол сен­дердің бола­шақтарың үшін қажет. Та­лаптарыңа  нұр жаусын! Бақытты болың­дар! – деп ақ тілегін ақтарды.

Осындағы үлкен концерт за­лын­да да болып, кішкентай бүл­дір­шіндердің ән-биін тамашалады. Бү­гінгі заман талабына сай салынып, балалардың өнерін дамы­ту­ға ба­рынша мүмкіндік жасалған, ше­бер­­хана, лаборатория, көрме-конфе­ренц зал­дар­мен, музей, медиатека, дыбыс жазу сту­диясы және обсер­ваториямен қам­тыл­ған  Оқушылар сарайының жұмысына ақ жол ті­леп, шағын автобус сыйға тартты.

Елбасы Жетісу жеріндегі ісса­парында Талдықорған қаласындағы Жастарға қыз­мет көрсету орта­лы­ғында болып, жас көш­басшы­лар­дың жұмысымен танысты.  Мұн­да барлығы 52 жас қызмет етеді.  Ашыл­­ғанына екі ай болған  ор­та­лыққа осы уақыт ішінде 10  мың адам әртүрлі мә­селемен бас сұққан.  Олардың көбі жұ­мыс, білім алу барысында көмек-кеңес сұ­ра­ған. Келушілерге  «Серпін» бағдар­ла­масы  бойынша оқуға түсуге бағыт бері­ліп, нәтижесінде  54 жас  білім­гер  атан­ған. Орталық мамандары  ең­бек еткісі ке­ліп, бірақ соның ыңғайын таппай  жүрген  отыз шақ­ты  қыз-жігітті  жұмысқа орна­лас­­­тыр­ған.  Ішкі саясат басқар­ма­сы­ның басшысы Рустам Алпысбаев  ел Прези­ден­ті Нұр­сұлтан Әбіш­ұлына жастар  сая­саты орталы­ғы­ның атқарып жатқан жұ­мы­сы жай­лы егжей-тегжейлі айтып берді.  Ор­талық жастарды елжандылық пен көш­бас­шылыққа  тәрбиелеу мақсатында  әр­түр­лі шаралар өткі­зіп тұрады. Соның бірі – «Ор­бұлақ» шайқасынан көрініс көрсе­ту. Арнайы  тақтадағы суреттер кө­ріністің жо­­ғары дәрежеде ұйым­дастырылғанынан сыр берген еді. Облыста  жастар саясаты мәсе­ле­лері басқармасының қарқынды жұ­мыс істеп жатқаны  өткізілген ша­раларды баяндау арқылы жеткі­зіл­ді.  «Көшбасшы, «Ай­бын»  байқау­лары ауыл-қаладағы боз­бала мен бой­жеткендердің  салауатты өмір салтын ұстанатындығын паш етті.  Ел Президенті  жастарға қызмет көр­сету орталығындағы  интернет-кітапхана жұ­мы­сымен танысты.  Нұрсұлтан Назар­баев компьютер столына отырып,  монитор арқылы  Қазақстан Республикасы Консти­ту­циясын оқудың әдіс-тәсілін бағам­дады.  Ке­луші жастардың, әсіресе   қандай мәсе­ле жайлы ақпарат із­дей­тіндігін сұрап, қа­нықты.  Орта­лық­тың басқа да  деректе­рі­не назар салған  Президент облыста бар­лығы  521737 жастың тұратын­ды­ғына на­зар салды.  Оның 407728-і ауылда, 114009-ы қалада  еңбек етіп, білім алуда.  Жалпы  жастар саясаты басқармасының бөлімдері облысымыздың барлық қаласы мен ауылдарында бар.  Олардың жұмыс жа­сауына, игілікті шаралар өткізіп тұ­руы­на  барлық жағдай жасалған.  Мысалы, 2012 жылы  жастар саяса­тын қаржы­лан­дыруға 42 млн. 410 мың теңге бөлінген бол­са,  2015 жылы – 462 млн.-нан аса қа­ра­жат қарастырылған.   Жастар орталығы­ның атқарып жатқан игілікті іс-шарасына  қа­ныққан ел Президенті  Нұрсұлтан Назар­баев: «Жарай­сың­дар!» деген жылы лебізін білдірді.

Президент  жастар  орталы­ғын­да  қа­ла­мыздың болашақтағы  жоба­сымен та­ныс­ты. Талдықорғанда құрылыс қар­қы­ны  ар­­тады. Елді­мекенде 8, 9, 10 деген ша­ғын ау­­дандар бой көтермекші. Сондай-ақ, жаңа­дан Неке сарайы мен  сауда ор­та­лық­тары, демалыс орындары, білім ошақ­та­ры көптеп  бой көтер­мек. Нұрсұл­тан Назар­баев құры­лысты жобалаушылардың сөзін тың­­дай келе,  салынатын үйлердің  жер дүм­пуіне шыдамдылығы жай­лы сұ­рақ қой­ды. Іргетасты қала­ған­да алды­мен оның шыдамдылығын ес­керу керек­тігін қа­дап айтты.  Қа­ланың тұрғындар игі­лі­гіне сай  болуын естен шығармауды тап­сырды.

 

ЗАМАНАУИ НЫСАНДАР КӨҢІЛ ҚУАНТАДЫ

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жетісу же­ріндегі ресми сапарында биыл ғана ел игі­лігіне тапсырылған «Жастар» саяба­ғы­­мен танысып шықты. Алдымен сая­бақ­­қа кіре­беріс қақпаның алдындағы «әнші» субұрқақтың жанында қаланың белсенді ақсақалдары және  зиялы қауым өкіл­де­рімен әңгімелесті. Олар Мемлекет бас­шы­сына өңірі­мізде кейінгі жылдары мәдени-көпшілік шараларды ұйымдасты­ратын орындардың көптеп салы­нып, жұрт­тың ықы­ласына бөленіп жатқанын сөз етті. Осыдан кейін облыс әкімі Аман­дық Бата­ловтың бастауымен саябақты аралап көрді.

Осы орайда облыс басшысы Пре­зи­дент­ке жалпы құны 1,6 млрд. теңге, ау­мағы 115639 шаршы метр саябақтың  жал­пы құрылымымен таныстырып өтті. Заман талабына сай демалыс орнына ай­налған сая­бақтың  жасыл желекпен көм­ке­ріліп, бұл жерге Тянь-Шань шыр­шасы мен қарағайлар отырғы­зы­лып, орын­дықтар орнатылып, му­зы­калық субұр­қақ­тар салынғанын жеткізді. Ондағы негізгі аллея, «ән­ші» субұрқақ, балалар кафесі, мә­дени-көпшілік іс-шаралар өткізуге ар­нал­ған алаң, жа­санды тоған, «Қыз бен жігіт» монументі, шағын сәулет нысан­да­ры, тағы да басқа көпшіліктің алаңсыз демалуына арналған орындар сәулеттік-көр­кемдік жағынан көз тартатын ерек­ше демалыс аймағына айналғанын да көрсе­тіп шықты. Бұл орайда жасалынған жұ­мыс­тар Елбасының көңілінен шықты. Бұл кезде алаңда Қала күніне орай ұйым­дас­тыры­латын мәдени шараның дайын­дық жұмысы жүріп жатыр еді. Елбасы уақыт бөліп, жетісулық өнерпаз­дар­дың өнерін тамашалады.

Осындай жағымды жаңалыққа куә бо­­лып, жетісулықтардың өне­рін тамаша­ла­ған Елбасы журна­лис­тер­мен кездесіп, көр­ген-білгендерін ек­шеп, көкейге түй­генін тілге тиек етті.

– Бүгін, міне, Жетісу жеріне ке­ліп, мұн­­дағы жағдаймен таны­сып, мемлекет­тік бағдарламалардың жер­гілікті жерде қа­лай орындалып жатқанын  көріп шық­тым. Өткен жылы Жетісу өңіріне келе ал­маға­нымды білесіздер. Ал алдыңғы жы­­лы өңірде болғанымда облыс бас­­шы­сына жә­не барлық жеті­сулыққа берген тапсыр­ма­ла­рым бар еді, со­ның бәрі толығымен орын­далып жат­қанын көрдім. Бұл  Ал­ма­ты об­лысының, Талдықорған қаласы­ның ешкімде жоқ өзгеше­лігі мен өмір­шең­дікке ие екендігін біл­ді­реді. Бұл өңір бі­рін­­ші­ден, қант қызыл­шасын көптеп өсі­ретін өңір. Екін­шіден, жүгері өсіруде маңыз­ды ай­мақтың бірі. Үшін­ші­ден, бау-бақ­ша, ал­ма өсірудегі ар­қалайтын жүгі де айрық­ша. Атал­ған дақыл­дар елі­міздің басқа өңі­рін­де көп­теп өс­пейді. Соның бә­рінің Ал­ма­ты об­лы­сында көптеп өсіріп жат­қанына шы­найы риза­мын. Талды­қор­ған қа­ла­сы­ның да өзгеріп, түр­ленгеніне куә болдым. Ай­шықты көшелері мен жаңа­дан со­ғыл­ған ғи­мараттар, «Жастар» сая­­бағы, Қа­ратал өзе­нінің жаға­лауында са­лынған дема­лыс орны,  тағы басқа да са­лынып жатқан нысандар көңіл қуантады.

Биыл Тәуелсіздіктің 25 жыл­дық ме­ре­кесін атап өтеміз. Бұл тек той тойлау ға­на емес, әр адам, әр­бір Қазақстан тұр­ғыны осы жыл­дарда жеткен жетістік­терді кө­руі, өздеріне қандай жағдай жасал­ға­нын сезінуі керек. Талдықорған қала­сын­да салынған қазіргі заман­ға сай ау­ру­хананың әртүрлі ауруды емдеуге толық қуатты екенін көр­дім. Жаңадан бой кө­терген пер­зентхана, мектеп, балабақ­ша­ның да орны бөлек. Осындай жұмыс­тар­­дың нәтижесінде облыс тұр­ғын­­дарының өмір сүру деңгейі ұза­рып, бала туу са­лыс­тырмасы артып келеді. Ал ауыл­ша­руа­шы­лық, өндіріс салаларында тың сер­пін бар. Барлық сала иықтасып, дамып келе жатыр екен. Сондық­тан мен Алматы облысының, Тал­дықорған қаласының жағ­дайын түзеу үшін Алматы қаласынан Өскемен қаласына дейін автожол, тағы да басқа нысандарды тұр­ғы­зуға мүмкіндік бер­дім. Осыған дейін электр қуатын та­сы­малдауда қиындықтар кездесіп жата­тын. Десе де, ол мәселені шешу үстін­де­міз. Демек, алдағы уақытта қа­ланы да, ауылды да, даланы да өр­кендетудің үлкен мүмкін­ші­лік­тері күтіп тұр. Сондықтан облыс әкі­мі­не, облыс әкімдігіне жемісті жұ­мыс­тары үшін зор ри­за­шы­лы­ғым­ды білдіремін.

Еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болып, «Мәңгілік Ел» деп атаған идеямыз орын­далып, келер ұрпақ біз­ден де жақсы өмір сүретін бол­сын, – деді Мемлекет бас­шысы.

Расымен, бұрын шаңы шығып жатқан жерден көңіл қуантар сая­лы бақ тұрғы­зып, жұрт демалатын тамаша алаң салған жетісулық­тардың еңбегі ерен. Бұл Ел­басы тап­сырмасын мұқият орындаған облыс әкімі Амандық Баталовтың іскер­лігі екендігін айғақтайтын­дығы анық. Елбасы да өз сөзінде облыс басшысының іскерлігі мен біліктілігіне дән риза екен­дігін білдірді.

ӨЗ ТІЛШІЛЕРІМІЗ.

Оқи отырыңыз