ҚАЛА ІРГЕСІНЕН ҚЫМЫЗ ІШІП ТҰРЫҢЫЗ

ҚАЛА ІРГЕСІНЕН ҚЫМЫЗ ІШІП ТҰРЫҢЫЗ

Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бөлігіне айналып кеткен. Жарынан кейінгі жақсы көретін жан серігі - қасиеті қанына сіңген жануар. Қазақ баласының Қамбарата түлігін төресіндей көретіні сондай, қазақ жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлық, бітім-болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден-бір нышаны саналады. Осы құндылықты бүгінде өміріне шырақ, тіршілігіне арқау еткен азаматтар арамыздан көптеп табылуда. Сол мүмкіндікті пайдаланып, шаруасын дөңгелентіп отырғандардың бірі – Көктал ауылының тұрғыны Еркін Қазыбаев.

Қазақта: «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөз бар. Еркін Нәукенұлы да әкесінің шаруасын шалқытқан, шешеден ата-баба құндылығын санасына құйып өскен азамат болды. Жетпіске жетіп қалған Нәукен аға да көргенді елдің перзенті еді. Әкесі Нүсіп Қасымбай мен шешесі Жанар Нұрғазықызы мыңғырған байлығы болмаса да қонаққа ұсынар шайлығы бар, қысы-жазы бие байлап, қымыз сапырмаса таңдайлары жібімейтін адамдар еді. Сол көргенділік Нәукен ағаның бойына бала кезінен ұялады. Өкінішке орай, әке-шешеден ерте айырылған Нәукен аға қанша биік арманы болса да бәрін тәрк етіп, әке-шешеден жастай жетім қалған бес бауырын жеткізу үшін өмірдің сынағына ерте араласады. Оның бағына Гүлнар Нүсіпова апамыз құт болып кездеседі. Қанша қиындық көрсе де сыр алдырмай, бауырларының көңіліне қаяу салмай, бәрін оқытып, ержеткізіп, өмір жолын таңдауға жол ашады. Өзі де өмір бойы білім беру саласында еңбек етіп, оның денін басшылық жұмысқа арнады. Десе де, қоғамдық жұмыста жүріп, қолы босай қалғанда жылқы баптап, қой өсіріп, қосымша тіршілікпен де шұғылданады. Ал 2008 жылы зейнетке шыққаннан кейін бірден мал шаруашылығына беттейді. Оның бағына ұлы Еркін де малдың жайын білетін, әке-шешенің қиындығына иіліп тұратын азамат болып ержетеді. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, ұстаздар отбасынан шыққан Еркін университетті бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын мұғалімдіктен бастайды. Он жылға жуық уақытында бала оқытып, болашақты тәрбиелейді. Бірақ, кішкентайынан әкесі қолда өсірген жылқылармен жағаласып өскендіктен сол атакәсіптің тізгінін ұстап, тілін табуды ойлайды. 
– Ұстаздар отбасынан шыққаннан кейін әке-шешенің жолын жалғастыру бұлжымас қағида сияқты сезілетін. Бірақ бала күннен жылқы баптап, тазы жүгіртуге құмар болып өскендіктен өз алдыма шаруа қожалығын құрып, армандаған кәсібіммен айналысқым келді. Ол кезде қолымызда қаржы тапшы, кәсіптену дегеннен де тәжірибеміз аз. Мұғалімдіктен кетсем жан баға алмайтындай сезімде болдым. Бірақ, ішімдегі атакәсіпке деген бұлқыныс ақыры мені өз дегеніне көндірді. Басында бұл ойымды әкеме айта алмай жүрдім. Бірақ, менің аңсарым жылқы бағып, қымыз ашытуға қарай ауып жүргенін әкем де сезген екен. Бір күні шақырып алып, осы жайлы сұрады. Мен ішіме бүккен жоспарымды бүге-шігесіне дейін қалдырмай айттым. Әкем жобамды қолдады, – дейді Еркін Нәукенұлы.
Басында оның шаруашылығы тым жұтаң еді. Ауладағы екі жылқыға сенім артып, оның асты-үстіне түсіп баптап, күнделікті қымызын базарға апарып сатып жүрді. Ай сайын байып кетпесе де, күн көріске жететін қызметін жол ортада тастап кеткеніне өкінген кезі де болды. Осы шаруасынан жайланып тіршілік ететін кәсіп көзінің де табыла қоярына сенбеген күндері де кездесті. Бірақ «Асықпаған арбамен қоян алар» дегендей, қымыз сатумен де қаржы табуға болатынына көзі жетті. Сонымен 2010 жылы жеке кәсіпкер ретінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 3 млн. теңге төмен пайызды несие алып, оған 10 бие сатып алады. Ол кезде Көктал ауылында жылқы ұстап, қымыз сатумен айналысатын 10-ға тарта отбасы бар еді. Ал Талдықорғанға көрші ауылдардан қалаға қымыз тасып жататын шаруалардың да қарасы көп болатын. Бірақ, көзі ашық, көкірегі ояу Еркін Қазыбаев қымыз сатып жүріп, нарықтың кейбір құпиясын да ақырындап меңгере бастайды. Ол сауда жасай жүріп, шаруашылықты шалқытып, кәсіп көзін ашу үшін біріншіден, сенімділік, екіншіден, табандылық, үшіншіден, сапалы өнім шығару керектігін түсінеді. 
Арудан асқан жар бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма?
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма? – деп Ақтамберді жырау жырлағандай, қымыздан асқан дәм де, ас та, сусын да жоқ. Бірақ қымызды тек қымыз сияқты баптай алған адам ғана ұстай алады. Сондықтан қазақтар: «Жылқының перісі болса, қымыздың киесі бар», – дейтіні шындық. Оның бағына шешесі Гүлнар Нүсіпова да көп көмектеседі. Жас кезінде әке-шешесінен үйренген қымыз ашытудың түрлі құпиясын ұлына үйрете бастады. Апамыз қымыздың емдік қасиетін терең біледі екен.
– Қымыздың емдік қасиеті көп. Ол денені қуаттандырады. Құрт ауруының алдын алып, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді. Саумалды ем ретінде буын ауруына ішсе тіпті пайдалы. Салданудың алдын алады. Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алады. Ашығудан кейін қымыз ішу буын ауруларына өте пайдалы. Бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара  (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді. Қымыз адамның физикалық жағдайын жақсартады, тәбетін ашады, ас қорытуды жақсартады. Оның құрамында 28 түрлі микроэлемент, көптеген дәрумен бар», – деп қымыздың қасиетін тізіп берді. 
Осы тұста Еркін сөзге араласып: 
– Ең алғаш жылқы ұстап, кәсіптене бастағаннан бері 10 жылға жуық осы сөзді күнде естіп келемін, – деп күлді. 
– Күнде емес, сағат сайын, минут сайын қымыздың адам денсаулығымен тікелей қатысты екенін естен шығармауымыз керек. Көзбояушылықпен қымыз саудалау берісі адам ағзасын бүлдірсе, ең жаманы ұлттық құндылықты бұзады, – деп қосты шешеміз. 
Жасыратыны жоқ, қазір қымыз сататындар көп болғанымен, оның дені қымыздың көлемін көбейту үшін түрлі әдіс-амалға жол беріп жатады. Су қосады, қымыранды көбейтеді немесе басқа түліктің сүтін араластырып сата салады. Тіпті, қымыз баптаудың да жолын білмейтін қымыз сатушылар көп. Осы тұрғыдан келгенде Нәукен отбасының биелерді қолда бағу мен қымыз баптаудағы өзіндік қалыптасқан қағидасы бар. Олар ең алдымен биелердің күтіміне ерекше көңіл бөледі. Бір қызығы, бүгінде Еркін бағымындағы жиырма шақты биені күндіз жайып, түнімен сауады. Әрине, қымыздың құрамындағы емдік қасиеті мол элементтер бие құнарлы жерге жайылған сайын арта түсетіні бар. Таң ата Талдықорғанның іргесіндегі Көктал ауылының Талды көшесіндегі үйден өріске шыққан жылқыны жылқышылар Ескелді ауданына қарасты Қоңыр ауылына дейінгі аралыққа жайып қайтады. Көбінесе жылқыны даланың мал аяғы тимеген изен, жусанды аумаққа қарай жаяды. Ал кешке қарай үйге оралған соң түні бойы арпа, бидай, ұн, тұз, тағы да басқа қымызды құнарландыратын жемшөпті үзбейді. Әрбір бие күніне төрт келе жем жейді. Осындай күтімге алынған биелер сүтті көп беріп қалмастан саумалы мен қымыз бал татып тұрады. Оның ағзаға пайдалы жағы одан да көп екендігі анық. Бие басынан күніне орта есеппен 10-12 литр сүт алса, кей биелер 15-17 литрге дейін сүт береді екен. 
Еркіннің тұтынушыларының дені сырқатына ем іздеген жандар. Олар кешке қарай келіп, жаңадан сауылған саумал ішуді әдетке айналдырған. Саумалдың бағасы да қалыпты, 600 теңге. «Ең бастысы, саумал ішіп, ауру азабынан айығып жатқан ауылдастарымды көріп іштей қуанып тұрамын», – дейді кәсіпкер азамат. Ал бие сүтінен қымыз ашытып сатады. Сатып алатындардың да, тапсырыс беретіндердің де қатары көп. Оларға қымызды Нәукен ағамыз өзі жеткізіп береді. «Басында қымыз алатын адам таппай қиналушы едік. Міне, енді қымыз бітіп қалды деп айтудан қиналатын болдық», – дейді Нәукен ағамыз. Өйткені олардың қымыз баптауының да отбасылық құпиясы бар.
– Біз қымызды арша ағашынан ойып жасаған күбіде баптаймыз. Бұл күбіні Шымкенттен арнайы тапсырыспен алдырып едім. Әсілінде арша ағашы әрқандай ортада микробты өлтіріп, заттың тазалығын сақтайды. Олар аршадан жасалған күбіге заманауи технологияны пайдаланып, электронды піспек орнатып қойыпты. Кеш батқаннан таң атқанша электр желісіне қосылған піспек жай, ритммен қымызды пісіп, бабында ашытуға сеп болады. Осы тұста арша ағашынан жасалған күбіні тек біз пайдаланатымызды айта кеткен жөн. Көршілеріміз көбіне пластмасса ыдыстарға қымыз ашытатындықтан, оның иісі шығып кететіні белгілі. Ескеретін бір нәрсе – күбіні жиі ыстап отыру керек. Ысталған күбіде ашытылған қымыз әрі дәмді, әрі ұзақ уақыт сақталады, – дейді Еркін Қазыбаев. 
Басында екі биемен жұмыс бастаған кәсіпкердің қорасында бүгінде 20-ға тарта бие сауылады. Ал оның жыл сайынғы төлінің еркектерін бордақылап, базарға шығарып сатып отырса, ұрғашыларын қатарға қосып, биенің санын көбейтеді. Айталық, екі бие небәрі 10 жылда өсіп, жиырмаға жетіп отыр.  Биелердің басы көбейген сайын оларға жұмсалатын шығым да көбейіп келеді. Оны күтіп-баптайтын адам күші де арта түскен. Бүгінде бұл шаруаның басы-қасында Еркінмен бірге тағы да оның алты ауылдасы жүр. Бірі жылқы бағады, бірі сауады, енді бірі жем береді, сондай-ақ, күн сайын биелердің денсаулығын қарап, емдеп отыратын мал дәрігері де бар. Онсыз болмайды. Өйткені, биенің дені сау, түрлі дерт-дербезден аулақ болғанда ғана сапалы да құнарлы қымыз өндіруге болады.
– Мен бұрын Қызылағаш жылқы зауытында 30 жыл мал дәрігері болып жұмыс жасадым. Кейін қалаға көшіп келіп, Еркін бауырыммен танысып, бүгінде оның бие шаруашылығын өркендетуге септесіп жүрмін. Жасыратыны жоқ, жылқы түлігінде 510 түрлі ауру болады. Бірақ тілсіз жануар оны айта алмайды. Қашанда жылқының ішкен-жегені оның сүтіне тікелей әсер ететінін ескерсек, жылқы ауруынан уақытында сезіп, емдеп отырғанда ғана сақтануға болады. Рас, қазір бие байлап, қымыз сатып отырғандар көп. Бірақ сауданы ойлап, аурудан келетін зардапты ескермей жүргендері бар. Еркін осы жағдайды ескеріп, мені көмекке шақырды. Ұсынысын қабылдап, бес-алты жыл болды, осында мал дәрігері болып істеп жүрмін. Айына 50-60 мың жалақы төлейді. Былай қарағанда, бұл Еркінге де аз шығым әкелмейді. Бірақ, өзін емес, елдің жайын ойлаған осындай кәсіпкер жігіттің жұмысы алға басып, нәсібі артпағанда қайтсін, – дейді мал дәрігер Өмірұзақ Әбішев.
Өкінішке қарай, Нәукен ағамыз өмір бойы тап-таза адам болу жолында еңбек еткендіктен қолында құқығы тұрғанда да бір адым артық жер меншіктенбепті. Отбасылық кәсіпті жалғастырып отырған Еркін Қазыбаевты қинап жүргені де жердің жоқтығы. Сондықтан жұрт қалаған кәсібін тек ауыл ішіндегі аядай аулада жүргізіп келеді. Алдағы уақытта сарқырап су аққан тау бөктерінен жер алып, қора салып, атакәсіпті бұдан ары өркендетпекші.

«Жігітте де жігіт бар, базар тонның бауындай» дегендей, ауласына жиырмаға жуық бие ұстап, қымыз баптап, кәсіптенген Еркін Қазыбаевты осындай азаматтар қатарына қосуға болады. Әрине, 100 биенің қымызын сатып, құлшынып жүргендер көп. Бірақ оның бәрі елдің алғысына бөлене қойды дегеннен аулақпыз. Қымыз іштік деп қымыран жұтып, езілген қатықтың дәмін татып жататынымыз жасырын емес. Осындай адам санасын қым-қуыт қулық жайлаған кезде адалдықпен кәсіп етіп, тұтынушылардың көңілін дөп басып жүрген Еркіндей азаматтың ісіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мүмкін, осы жазбаны оқып шыққан соң: «Асыра мақтап, жақындық танытып отырған жоқ па?», – деген ойға да бойлап қалатыныңыз анық. Егер сондай бір қиял бойыңызды билесе 87029418676 немесе 87014929521 нөмеріне телефон шалып, саумал не қымызға тапсырыс берсеңіз үйіңізге дейін жеткізіп береді. Сондай-ақ, отбасында қымызды қалай ұзақ сақтаудың жолын да көрсетіп кетеді. Мақтанғанымыз емес, арша күбіде ысталып, бапталған нағыз қазақы қымыздың дәмін татып, шөліңізді басатыныңызға сеніміміз кәміл. Осылай бізге де, қымыз сатып шаруасын шалқыта бастаған Еркін Қазыбаевқа да сеніміңіз нықталып, оның тұтынушысына айналып шыға келесіз.

Қажет АНДАС,
“Жетісу”​

 

Оқи отырыңыз