Жолдау – өрлеу өзегі

Жолдау – өрлеу өзегі

Мемлекеттік қызметке қызығушылық артты

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға ерекше назар аударып отыр.  2019 жылдың 1 қаңтарынан  бастап ең төменгі жалақы көлемі 1,5 есеге, ақшалай есептегенде 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көбейтіледі. 275 мыңдай бюджеттік қызметкерлердің айлығы 35 пайызға өспек.

Осы мақсатқа ел қазынасынан 2019-2021 жылдарға  6 миллиард теңге бөлінбек. Еліміздің бизнес саласына жеке инвестицияларды тарту тапсырмасы міндеттелді. Кәсіпкерлік сала қарқынды дамыса, жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай туады.  Осы ретте  Елбасы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының жұмысын  2025 жылға дейін ұзарту қажеттілігін жеткізді. Оны іске асыруға қосымша 30 миллиард теңге бөлу қарастырылмақ. Бұл 3 жыл ішінде  22 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Өндірілген өнімнен түскен қаражат та еселенеді. Салық түсімі де көбейеді. Импортты азайтып,  халық тұтынатын тауарларды Қазақстанда көптеп шығару да Президенттің  Жолдауда айтқан тапсырмаларының бірі болды.  
Елбасы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру үшін ауылшаруашылығындағы  өңделген тауар экспортын 2022  жылға дейін көбейтуді тапсырды. Мемлекеттік қолдау шараларын заманауи агротехнологияларды енгізуге бағыттау, аграрлық секторда әлемнің озық тәжірибелерін енгізу  мәселесі айтылды.  Осы ретте, Елбасы Үкіметке  3 жыл ішінде қосымша  100 миллиард теңге қарастыруды жүктеді.  Мемлекет басшысы мәлімдеген міндеттемелер іске асса, әлеуметтік саладағы  өзекті мәселелер түбегейлі шешімін таппақ. Елбасы адамға қажетті білім, денсаулық, спорт сияқты мәселелерді шешу үшін  нақты тапсырмалар берді. Ерекше айтып өтетіні, білім сапасы мектепке дейінгі, мектеп және жоғары оқу орнындағы білім сапасын түбегейлі жақсарту,  яғни, ақыл-ой мен шығармашылық қабілетті, креативтік, сыни ойлауды  одан әрі дамыту үшін жұмыс жоспары әзірленбек. Сонымен қатар, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданбақ.
Медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін және учаскелік дәрігерлердің жалақысын көтеру үшін бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте Елбасы, ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің сапалы инфрақұрылымның болуын одан әрі дамытып, жақсарту үшін «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын жаңғыртуды тапсырды. Сонымен қатар, қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болғандықтан, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдап, полиция жұмысын сервистік модельге көшіру қажеттігін атап өтті.
Елбасы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру арқылы, сапа – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс екенін нақты айқындап берді. Биыл төрт мемлекеттік органға жалақы төлеудің жаңа моделі енгізілген болатын.  Бұл пилоттық жобалар оң нәтижесін көрсетті. Мемлекеттік қызметке деген қызығушылық артты. Тиімсіз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен орта буындағы қызметшілердің жалақысы 2-2,5 есе өсті. Кадрлардың жұмыстан кетуі 2 есе қысқарды. Қазіргі уақытта көптеген мемлекеттік органдар жаңа модельге көшуді қалап отыр. 
Елімізді бірлік пен татулыққа шақырған Елбасы қазіргі таңда  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын, яғни оның қоғамдағы жаңғыруға тигізіп жатқан әсері орасан зор екендігін атап өтті. Қорыта айтқанда, Елбасы Жолдауы мемлекеттік қызметкерлерге жауапкершілік жүктейтін, жұмыс сапасын жақсарту жолында қажырлы еңбек ету категорияларын анықтайтын тарихи құжатқа айналғаны сөзсіз.

Т. АЙДАРБЕКОВ,
Алматы облысы 
бойынша қазынашылық 
департаментінің басшысы

Жаңа жоспар бастауы

Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын арнады. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деп білетін  дана халқымыздың жолымен Елбасы келер жылды «Жастар жылы» деп жариялап, олардың  шығармашылық, интеллектуалдық қасиеттері мен білім-ғылым жолындағы ізденістерін танытуға мүмкіндік ашуда. Өйткені, жан-жақты білімді, ой-санасы озық жастар – мемлекет дамуының кепілі. 

Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан барлық өзгеріс, технологияның қарқынды дамуы, ғылыми жетістіктердің өрлеуі тікелей адами капиталға байланысты. Осы орайда І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті студенттердің лайықты білім, тәрбие алып, мамандық сырын меңгеруіне қажетті жағдайлар жасауда. 
Университет ұстаздары жастарға Елбасының өмірі мен еңбек жолын үлгі ете отырып, Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың туған жері, өскен ортасы, оқыған мектебінде болып, сыныптастарымен кездесулер өткізу мақсатында «Елбасы жолы» танымдық керуенін ұйымдастыруды қолға алмақ. Атап айтсақ, студент жастарды Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» мұражайымен, «Батыр бабалар» мемориалды  кешенімен, Наурызбай, Қарасай батыр ескерткіштерімен, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығымен, Елбасы білім алған мектеппен таныстыру жоспарда бар. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп университет базасында «Денсаулық» жастар медициналық орталығын ашу көзделуде. Онда студент жастарға  емдеу шаралары, гинеколог, уролог, психологтардың қызметтері тегін көрсетілетін болады. 
Елбасы Жолдауы ұлт саулығын сақтаумен қатар бұқаралық спортты дамытып, әр адамның денешынықтырумен айналысуына жағдай жасауды алға тартып отыр. Бұл орайда университетте барлық жағдай жасалған. Әрбір студент, оқытушы-қызметкердің бос уақытында стадионда немесе спортзалда жүгіріп, гимнастика жасап, бокс, баскетбол, волейбол, футбол ойнап, тренажер залдарына барып өз қалаулары бойынша жаттығулар жасауларына мүмкіндігі зор. Университет ректоры Қуат Баймырзаев бастаған футбол командасы аптаның екі күнінде студенттер командасымен жолдастық кездесу өткізіп тұрады. Мұндағы мақсат – салауатты өмір салтын қалыптастыру әрі жастармен қарым-қатынасты нығайту. 
Жалпы университет студенттерінің спорттағы жетістіктері де аз емес. Өткен жылы еліміздің жоғары оқу орындары арасында өткен универсиадада студенттеріміз  самбо, регби, ауыр атлетика, еркін күрес, садақ ату, жағажайлық волейбол, бокс бойынша 2-орынға ие болды. Жастардың денешынықтырумен айналысуына одан да қолайлы жағдай жасау мақсатында жабық жүзу бассейнінің құрылысы басталды. Бұл нысан алдағы оқу жылында студенттердің игілігіне берілмек.  
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті жетісулық студенттердің білім-ғылым және мәдени ордасы болғандықтан жастарға қатысты игілікті іс-шаралар осы оқу орнынан бастау алады. Елбасы Жолдауын жастар арасында насихаттау жұмыстарын және «Жастар жылына» қатысты жаңа бастамалар мен тың жобаларды  қолға алып, жүзеге асыруда да университет жоспарлы істер атқармақ. 


Болат СЕРИЕВ, 
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың проректоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор

Оқи отырыңыз