ЕЛДІКТІҢ, ӨРЛІКТІҢ НЫШАНЫ

ЕЛДІКТІҢ, ӨРЛІКТІҢ НЫШАНЫ

Облыс әкімдігінің жанындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері жөніндегі облыстық комиссияның отырысы селекторлық режимде өткізіліп, аудан, қала әкімдерінің орынбасарларына тапсырма берілді. Облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевтің жетекшілігімен өткізілген жиында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиев баяндама жасап, ҚР Мемлекеттік рәміздерінің қолданылуы мен насихатталуын зерделеу мақсатында Ақсу ауданы мен Текелі қаласына тексеру жасаған комиссия жұмысының нәтижесімен таныстырды.

 

   Баяндамашының айтуынша, екі өңірдің мемлекеттік мекемелеріне орнатылған Ұлттық стандартқа сай келетін Мемлекеттік Ту, Елтаңбаның тозығы жеткені, пайдалануға жарамсызы алынып, жаңасы орнатылған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін таныстыру мақсатында жергілікті халық пен оқушылар арасында көптеген шаралар өткізіліп, жергілікті мерзімді баспасөзге мақалалар жарияланып тұрады. Дегенмен, бірқатар кемшіліктер анықталған. Атап айтсақ, Ақсу аудандық білім бөлімі ғимаратының сыртына орнатылған Мемлекеттік Елтаңбаның түсі өзгеріп, өңі жауын мен күн сәулесінен оңса, Текелі қаласындағы екі мекемеге маңдайша жазуын ауыстыру және бланкілерін жаңалау керектігі ескертілді. Осыған орай Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев пен Текелі қаласы әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы өздерінде атқарылған жұмыстың нәтижесімен таныстырып, кеткен кемшілікті түзегендерін жеткізді.
Селекторлық отырысты қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев:
– Барлық мемлекеттік мекемелердің басшылары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін талапқа сай қолдануды, насихаттауды басты назарға алып, Мемлекеттік рәміздерге байланысты жұмыстардың заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуын қатаң бақылауға алуы қажет. Бұл – бір. Екінші, мектеп, кітапханалар қорын Мемлекеттік рәміздер жөніндегі және өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне арналған кітаптар мен брошюралармен, әдістемелік және көрнекі құралдармен толтыру бойынша жұмыстар ұйымдастырылсын, сондай-ақ, кітапханаларға Мемлекеттік рәміздер жөніндегі эстетикалық ресімделген бұрыштар және стендтер орналастырылсын, – деп аудан, қала әкімдеріне тапсырма берді. – Үшінші, «Жетісу» телеарнасында, облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінде, аудандық мерзімді басылымдарда Мемлекеттік рәміздердің  тарихын баяндап, оларды орналастыру, пайдалану, насихаттау бойынша іс-шараларды тұрақты түрде жариялау керек. Төртінші, Ақсу ауданы мен Текелі қаласының әкімдіктері Мемлекеттік рәміздерді қолдану және пайдалану бойынша анықталған кемшіліктердің жойылғаны туралы есепті 2019 жылдың 1 ақпанына дейін берулері қажет.
Бұдан соң облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов селекторлық режимде баяндама жасап, өңірде атқарылған жұмыстарды таныстырды. Оның айтуынша, биыл «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған Тұжырымдасы» аясында әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылды.

Мәди АЛЖАНБАЙ.

Оқи отырыңыз