СӘРУАР СӘТ

СӘРУАР СӘТ

Беу, сарбаздарына сауға үлестірген ұлық қағандарымыздан мирас ұласқан сауырлы сары далам-ай! Кеуде кере керіле тыныстауыңның өзі ғажап-ақ. Пәлі, мынау ақ шақарлы айнала өзінің дәл осы кербез кейпіне алдымен өзі сүйсінгендей мамық кірпігін қағып-қағып та қояды-ау! Әсіресе, жел-қамзау ақ желеңін алақайлай көтерілген күн арайына айқара ашып тастауын айтсаңызшы! Күміспен күптелген ақзер реңі одан бетер көз жандырып, көңіл күйлей береді. 

Қалай десек те, күллі адамзат арқау етер уақыт түзімі – күнтізбелік жыл ауысар бұл мезетте жүрегіңіздің бейсаналы бөлекше бүлк етері бар. Солай екен, Ұлысты еліңнің жылдармен жоталанар жаңа бір жылнама парағы бас алар ақтұмада – әсіреленбей, әрленбей көріңіз енді?! Отбасы-әулетіңіз, ауыл-аймақ, алты Алашыңыздың үкілі үмітке құндақтаулы асыл мұраттарын айшықтауға ден қояр осынау сәруар сәтте есті адамның тәтті сезім мөлдіріне шомылары рас. Әйтеуір, бұқараның бойынан ұққанымыз – қартаң тарих дөңгелегінің дәл осы бір шағынан бөлекше бір демеу тауып, шұғыла күйге бөленетіндер шоғыры әлі де басыңқы.
 Мейлі дерсің. Мерей асса – елге құт! Бастысы – отаншылдық пен опагерлікке ұйытар көркем аңсарымыз көктегі Тәңірге қол созғандай тұла бойы табиғатымызды көмкере кестелеп тұрса дейміз әмісе! Ұлы Дала қайта оянып, ұлы дүбір дәл құлақ түбінен шыққан қазіргі таңда кеткенің мен келеріңнің, бет-бедерің мен береріңнің қадіріне жетер наркескен рухты жандарға аса зәруміз. Бұл шетін дүниеге Елбасымыз бас болып, ел-жұртымыз хош көріп көтеріле кірісуіміздің түпкі мән-мағынасы да осында. Дос көңіл, қош пейілді, қобыз-дала, лала лебізді: атадан қалған алтын көмбеден адаспас, ашөзек пиғылмен жанаспас, алғы күнді парықтап, жалғанның жарығында шарықтап жүрер ары да, жаны да азат телегейлер топтасса, қанеки! Ұлттық ата
мұра арнасында мүдірмесек – ақ әлем көшінде кідірмесіміз хақ! Тоғызымен жалғасар торқалы тойымыз да осы бұлақтан шөлін басады! 
Күнтізбе күндер күн сөнбес Алаштың ажарын аймаңдай аша түскей!

Әміре ӘРІН

Оқи отырыңыз