ТЕҢІЗГЕ ҚҰЙҒАН ҚОС БҰЛАҚ

ТЕҢІЗГЕ ҚҰЙҒАН ҚОС БҰЛАҚ

Додаға түсе алмай жүріп бәйге алуды арман ететінің секілді, әдебиет әлеміне ене алмасаң да тұлғалар сапынан табылғың келетіні бар. Бірақ осы жолдағы қиыншылықтарды жеңудің бастысы табандылыққа келіп тіреледі. Күн сайын жарияланған материалдарды шолып, әр жылдарда шыққан жинақтарды қалдырмай оқитын жан ғана әдеби үрдістен қалмай, түптеп келгенде арманына жетіп тынады. Осыны мақсат еткендіктен де жылт еткен кітапты тауысуға ұмтылып, автордың айтары бар ма? деген сауалға жауап іздейсің. Жазуды меңгерген жанның шығармасы қалыпты болғанымен де, ғибрат алар дүние таба алмауың мүмкін. Алайда, ондай кемшіліктің орнын толтыратын да кеудесі кенді қаламгерлердің шырайлы шығармалары мен көркем туындылары.

          Әдебиет әлеміне үздіксіз еніп тұратын көзі қарақты оқырманнан сүйінші сұраудың сәті келгендей. Қара домбырасын қолына алып жыр құмар халықты тапқыр теңеуі, ойдым-ойдым ойларымен сусындатқан Әбікен Сарыбаевты білмейтін жан кемде кем. Сол ақтаңгердің өмірінің жалғасы болған Серік Әбікенұлы қазақ тележурналистикасына жиырма жылға жуық уақытын арнап қана қоймай, қаламын қарымды етіп, жанайқайын жазуды қалыс қалдырмаған. Оған дәлел, жуырда Алматы қаласындағы «Асаба» баспасынан шыққан «Жегі» мен «Құлжа асық» атты екі бердей кітабы.

         Серік Сарыбаевтың «Жегі» кітабына соңғы он жыл бойы республикалық басылымдарда үзбей жарияланған мақалалары мен «Қазақ. Бітеу жара» циклды ойтолғамы толық топтастырылған. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі ақын, бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының академигі Әміре Әріннің «Аман бол, айналайын!» атты жыры алғысөз болған жинақтың іші ғибратты дүниелерге толы. Зейін қойып оқыған жанның зердесіне сына болып қағылар маржан сөздер мен даналардың парасатты ойлары да автордың қаламына арқау болып, толғақты тақырыптарға жазған шығармаларының шырайын кіргізіп-ақ тұр. Мұның өзі қаламгердің іздемпаздығы мен білімділігін айғақтайтын дүние.

         «Қазақ. Бітеу жара» циклды шығармасындағы әр тақырыпшаның өзі мазмұнына сай көркем ойлармен көмкеріліп, қаламгердің ұлтына деген махаббатын танытатын туынды. Ел болуды арман еткен алашордашылардың алашапқынға түсіп, жегідей жеген ойларын ашына жазған шығармаларымен үндесіп  жатқан аталмыш жазбасында оқырманның керегіне жарар, дерегі етіп пайдаланар құндылықтар жетерлік. Мысалы: «Мұртымыздың аузымызға түсіп, асымызды арамдап жатқанын ашық айтпақ түгілі меңзейтін ешкім жоқ. Қанға құнар беретін жыр жазуға тиіс шайырлардың жүрегі шайлыққан, даналардың дарыны «дара» тұлғалардың отауының маңында оттап жүр», – деп ашына жазған автор, Оралхан мен Мұхтар Әуезовтердің тектілігін, жанқиярлық істеріне сүйсініп, Несіпбек Дәутайұлы сынды жалынды жазушыларды кей тобырдан арашалап алады. Олардың барлығының әдебиет әлемі мен қазақ руханияты үшін атқарған еңбектерін алға тартып, ұлы халықтың «жүрегін» жырға қосқан. Мұның өзі қаламгердің өзіндік пайымы болғанымен де, ұлттық көзқарастан шалғай жатқан жоқ. Осындай ойдым-ойдым ойлардан құралған, жаңа тіркестермен көмкерілген шығарма оқырманға ой салып, толғандырары сөзсіз.

         Ал «Жегі» кітабының қалған тарауы қаламгердің әр жылдарда жазған жалынды мақалаларымен айшықталған. Онда Серік Әбікенұлының өзіндік көзқарасы мен жанайқайы ғана емес, бабалардың еңбектерімен бүгінгі күнді сабақтастырған танымдық дүниелер де жетерлік. «Қазақ тілінің бетін аш», «Орыс тіліне түркілерден енген сөздер» сынды өзге де материалдары жазушының ішкі толғанысы мен шамырқанған шағынан туындаған соқталдай дүние, сыни шығармалар. Қай-қайсысына тоқталса да ел мен жердің, тіл мен діннің, жалпы айтқанда ұлттық құндылықтарды құрдымға кетірмеуді ойлаған жанашырлығы мен ел азаматы екенін тануға жол ашатындай.

         Ал Серік Әбікенұлының «Құлжа сақа» кітабына қаламгердің әр жылдарда жазған прозалық шығармалары, әзіл-ысқақ, өлеңдер мен аудармалары енген. Журналистика әлемінде жүріп әдебиетке қалам тартқан жанның әр туындысы өзінің тазалығымен, шынайылығымен, адам жанын тебірентер көркемдігімен ерекшеленетіндей.

         Аталмыш жинақтағы повесть, хикаят, әңгімелердің өзі қаламгердің қуатын, әдеби өресінің биік, талғамының терең екенін танытады. Әсіресе «Түнек», «Үміт», «Кетеусіз өмір», «Құлжа сақа», сынды әңгімелері мен «Айбатыр» хикаяты, «Айқас» сынды повестері ерекше айтпай кетуге болмас шығармалар. Мұның ішінде жинақтың атына арқау болған «Құлжа сақа» әңгімесі өзінің шынайылығымен, кейіпкерлердің ішкі мінезі жақсы берілгендігімен ерекшеленбек. Сақаға таласқан сары баланың жалғыздықтан жасып жүрсе де, алыстағы ағасын пана тұтып, әкесіне еркелеп, анасының айтқанына бірде көндігіп, кейде илікпей кететін сотқарлығының өзі әр оқырманды балалық шаққа еріксіз саяхат жасататын, езу тарттырып, ерекше әсерге бөлейтін туынды.

Ал Серік Әбікенұлының сатирасының өзі соқталдай дүние десек артық айтқандық бола қоймас. Кешегі Оспанхан мен Шона, Қалтайлардың қалжыңына қаныққан қаламгердің жүрегінен «Жұмыртқа», «Қай позиция», «Ұлтшыл», «Уа, кімсің?» және басқа да шымшып алар дүниелері қоғамдағы келеңсіздікке құрылған өткір әзіл болса, әкеден дарыған ақындығын «Шайтан мен сүйек», «Ауыз», «У», сынды өлеңдері арқылы пайымдай беруімізге болады. Осы арада кешегі Ахмет Байтұрсынұлы сынды арыстарымыздан жеткен қазақ поэзиясында мысал жанрын Серік Әбікенұлының терең меңгергенін тілге тиек ете кеткен жөн. Ол кейбір туындыларын мысал арқылы өрнектеп, оқырманға ой саларлықтай шығармаға айналдырыпты. Ал бізде дәл осы бағыттың ақсап тұрғандығы да жасырын емес.

Әдебиет айдынында желкен көтерген жанның бірі болсаң да, ең қиын дүниеге бара бермеуің мүмкін. Ол өзге ұлт өкілдерінің шығармаларын аудару мәселесі. Шетел әдебиетіндені інжу-маржандарды оқып, оны қазақша сөйлету айтарлықтай қолға алынған дүние болғанымен де, Абай сынды қазақы наным, болмысты қосу екінің бірінің қолынан келе бермес шаруа екендігі хақ. Міне, осындай талғамға бой ұрған халықтың көзқарасына қарамастан Серік Әбікенұлы әлем классиктері мен даңқты ақындарының шығармаларын тәржімалапты. Мысалы, Р. Каплинг, А. Пушкин, Франц Кафка, Роберт Томпакинс, Хорке Луис Борхестерді қазақша сөйлетіп, қазақ әдебиетінің қоржынына әлем әдебиетінің маржандарын тоғыта білген. Осының өзі қаламгердің руханият үшін жасаған еңбегінің жарқын көрінісі деп пайымдаймыз.

Серік Әбікенұлының «Жегі» мен «Құлжа сақа» кітаптары өзінің бай тілімен, тапқыр теңеулерімен, мөлдірлігімен оқырмандардың санасында қалар жақсы жинақ. Әдеби үрдістен қалмауды көздеген жандардың іздеп оқитын туындыларының бірі десек болады. Ал қаламгердің қазақ әдебиеті атты теңізге құйылған қос бұлағының өмірі Мәңгілік елмен тағдырлас  болса нұр үстіне нұр болмақ. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Оқи отырыңыз