Жетісудың киелі жерлері

Жетісудың киелі жерлері

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселелердің бірі – еліміздің қасиетті рухани құндылықтары мен киелі жерлерінің географиялық картасына байланысты. Қазіргі таңда «Жетісудың киелі жерлері» жобасын жүзеге асыру тарихи-өлкетану музейлерінің танымдық, ағарту жұмыстарының өзегіне айналып отыр.

Ғылыми деректерде ұлан-байтақ еліміздің аумағында 220 мыңға жуық өзен, көл, тау-тас атаулары бар десек, осыншама жер-су атауларының қойнауында тұнып жатқан өзіндік тарихы, шежірелі сырлары бар. Осындай өлкеміздегі жер-су атауларының шығу тарихын білу әркімді-ақ қызықтырары сөзсіз.
«Киелі жерлер географиясы» арнайы жобасы бойынша қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын  іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия құрылды. Музейдің ғылыми кеңес мүшелері және жергілікті өлке тарихын танушылар бірлесе отырып, аудандағы  қасиетті  жер мен киелі орындар жайлы мәліметтерді кеңінен талқылауда. Аталған орындардың фотосуреттері, олар жайлы ел аузындағы аңыз-әңгімелер топтамасы жинақталып, география, тарих, тіл білімі, этнология ғылымдарымен тығыз байланысы зерделенуде. Жер-су атауларының шығу тарихы мен пайда болуын, мағынасын, дамуын, таралу аймағын, қазіргі жағдайын, жазылу мен екінші бір тілде берілуін зерттейтін топонимика ғылымының деректеріне толықтырулар енгізіледі. Сондай-ақ, ел аузындағы аңыздар желісі мен көнекөз қариялардың айтуына сүйеніп, еліміздің киелі жерлері мен қасиетті орындары, ашық аспан астындағы мұражайлар жайлы жаңа тарихи ақпараттар арта түсері кәміл. Жер-су атауларының шығу тарихын зерттеу, зерделеу жұмыстары қолға алынды. Сол нышанның негізінде «Бастау–2017» танымдық экспедиция маршрутының жобасы дайындалып, өз жұмысын бастады.
Соған орай облыста «Жетісудың киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы жүзеге асуда. Кеңес мүшелерінің алғашқы отырысы 2017 жылдың 28 маусымында өткен еді. Енді Жетісудың қасиетті жерлерінің тізімін қалыптастыру мақсатында Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында екінші рет бас қосты.
Жиынға сараптамалық кеңес мүшелері, облыстық мәдениет басқармасы, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық, аудандық, қалалық  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары және жұмыс тобының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Әр ауданнан келген зерттеу топ мүшелері өз өңірлерінен шыққан әулие-әмбиелердің, киелі жерлердің, музейлердің, тіпті елеулі ескерткіштердің шығу тарихын түп-тұқиянына шейін таныстырды. Олардың қасиеттілігін, ерекшелігін көрем деп келген арнайы туристік топтардың бар екендігін мақтанышпен жариялады. Жергілікті жерлердегі жасампаз дүниелерді бейне-ролик арқылы көрсетті.
Жоба бойынша ұсынылған 57 сакралды нысанынан кеңес мүшелерінің шешімімен «Қазақстанның киелі жерлері» картасына алтауы енетін болады. Елбасы мақаласына білек сыбана кіріскен жұмысшылардың еңбегі ерен екені даусыз. Түптеп келгенде, осының бәрі Жетісу жерінің рухани мұраға мол екендігін айқындай түсетіндей.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Оқи отырыңыз