Адал еңбек абыройға бөлейді

Адал еңбек абыройға бөлейді

Жазиралы Жаркент жері – кең-байтақ еліміздің оңтүстік-шығыс шебіндегі шұрайлы өңір. Табиғаты тамаша, тарихы терең осынау құтты мекенде талай-талай тарландар туып, ежелден-ақ елі мен жерінің қорғаны болғаны, жалпы исі қазақтың игілігін молайтуға зор үлестерін қосқаны баршаға мәлім. Шүкір, сом алтындай солардың сынығы, тұлпардың тұяғындай лайықты ізбасарлары қазір де аз емес. Солардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елеусіз Жанпейісұлы. Қатардағы қарапайым оқытушыдан мемлекеттік деңгейдегі мәдениет және өнер қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген тұғырлы тұлға жетпіс жасқа толып отыр.
Елағаң туып-өскен Еңбекші – жазиралы Жаркент жеріндегі ең көрікті елді мекен. Ауыл қоныс тепкен кең аңғар іші жап-жасыл тоғай. Ортасынан қақ жарып Өсек өзені сарқырай ағып жатыр. Өзенге таяу Еңбекші ауылының етегін баса салынған бөгеттен шығысқа қарай «Бабилян» каналы бөліне ағып жатыр. Дәл осы тұста көз алдыңдағы көрініске қарап тұрып ұлы суреткер ақын Мұқағалидың: «Шардара! Шалқадан жатыр адамдар салған арнада...» деген жыр жолдары еріксіз тіл ұшына үйіріледі. 
Табиғаты таңғажайып бұл ауылдың атақ-даңқы айбынды азаматтарымен де асқақ. Әйгілі әнші, саңлақ сазгер, көзі тірісінде-ақ Жетісудың бұлбұлы атанған Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышевты, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтановтай перзентін шексіз мақтаныш тұтады. Сондай-ақ, аядай ғана ауылдан шығып, мұқым жұртты аузына қаратқан З. Кіндікбаев, А. Қалиев, Х. Талғаров, М. Молдахмет,   Т. Әбдірешов, М. Мұқаманов, И. Тастандиев, әйгілі Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Е. Сыпатаев, талантты ақын, қаламы жүрдек журналист Е. Манапұлы да осы ауылдың түлектері. 
…Бабаң шешен болса егер,
Қара қылды қақ жарған.
Сен де кемшін түспейсің,
Алмас қылыш қанжардан, – деп жырлаған екен осы өңірдің есімі мәшһүр адуынды ақыны Әдепхан Төреханұлы. Рас-ау, алдыңғы буын ауылдастарының бар асыл қасиеттерін бойына сіңіріп ержеткен Елеусіз де ел ішінде қалайша елеусіз қалсын?! 
Елеусіз ЖАНПЕЙІСҰЛЫ 1947 жылы 30 қазанда дүниеге келген. 1967 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесін домбыра және баян мамандығы бойынша үздік бітіргеннен кейін еңбек жолын Панфилов педагогикалық училищесінің ән-күй сабағының оқытушысы болып бастаған. 1970-74 жылдары Н. К. Крупская атындағы Ленинград мемлекеттік Мәдениет институтының ұлт-аспаптар бөлімінде оқыды. Жоғары оқу орнын бітірген соң Алматыға келіп, Мәдениет министрлігінің ұсынысы бойынша Республикалық халық шығармашылығы үйінің аға нұсқаушысы болды. Одан кейін 1976 жылдан 1998 жылдың тамыз айына дейін жиырма екі жыл бойы Алматы қалалық мәдениет басқармасында аға нұсқаушы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, ал 2000 жылдан бастап Алматы облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, 2005 жылдан басқарма бастығы болып жемісті қызмет атқарды. 2010-2014 жылдары «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи-қорық мұражайының директоры, зейнетке шыққаннан кейін кеңесші болып, археологиялық бедерлі петроглифтері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген республикалық мекемеде де халықаралық маңызды да мәнді мәдени істерді жүзеге асырды. 
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі орынды бағаланып, оған 2006 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері», 2008 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атақтары берілді. «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» атанды. «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астана қаласына 10 жыл» және «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, бірнеше рет ҚР Мәдениет министрлігінің, Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ, 2013 жылы «Успешные люди» энциклопедиясының «Құрмет» орденімен наградталған. 
Ресми мәлімет Елағаңның өмірбаянын осылай өрнектеп, қызмет баспалдақтары туралы осылайша баяндайды. Әйтсе де оның әр сөйлемінің, әрбір сөзінің астарында қаншама сыр, қаншалықты қыруар қаракет жатыр десеңізші? Ол бала күнінен тұрмыстың тауқыметін тартып, өмірдің ыстық-суығын көріп өсті. Анасы Рахима мектепте еден жуушы болып еңбек етті. Шаршап-шалдықса да қос құлынын тұмсығымен жем тасыған қарлығаштай бағып-қаққан осынау қайран анасының еңірегендегі көз жасына малшынып жүріп ес жиды. Етегіне орала жүріп еден сыпырысты, от жағысты. Есейе келе қой да бақты. Көрік басуға көмектесіп, таға иді. Топса соғып, ағаш өңдеумен де айналысты. Ал оның әнге, әуенге деген құштарлығын алғаш оятқан мамандығы математик болса да, атағы айтыскерлігімен шыққан ауыл мұғалімі – Асылақын Қалиев. Одан домбыра тартуды, ән айтуды үйренді. Туған ағасы Тұрсынның өнері де бұған қатты ықпал етті. Ауылдағы жиын-тойларда ол бірде сықақ оқып ел-жұртты қыран-топан күлкіге кенелтсе, енді бірде шырқата ән салып, құлақ құрышын қандыратын. Кей-кейде ауылда би кештері өтеді. Сонда ағасынан үйренген машығы бойынша Елекең баянмен құйқылжытып «Амур вальсін» тартады, басқалар дөңгелене би билейді. 
Жастайынан өнерді өмірінің өзегіне айналдыруды аңсаған Елеусіз сегіз жылдық мектепті тамамдаған соң Жамбыл мәдени-ағарту училищесі халық аспаптары бөлімінің домбыра мен баян мамандығы бөлімшесіне оқуға түсті. Бұл оқу орнын қызыл дипломмен бітірген соң Панфилов педагогикалық училищесіне арнайы жолдамамен келіп, 1967 жылы алғашқы еңбек жолын бастады. Оның басқаруымен өнерпаз студенттер ұжымы облыстық, республикалық өнер байқауларында ерекше көзге түсіп, жүлделі орындарды иемденді. Тұңғыш рет республикалық теледидардан концерт көрсетіп, училищенің атақ-даңқы күллі Қазақстанға жайылды. 
Елекеңнің алдына қойған арманы асқақ, мақсаты биік болатын. Тараздан алған арнаулы музыкалық білімін одан да жоғары оқу орнында шыңдау туралы ойы есінен еш шықпайтын. Сонымен келешекке деген сенімін серік, жігерін жолдас етіп, 1970 жылы сонау Нева өзені жағасындағы бекзат шаһарға қарай сапар шекті де, бағы мен бабы қатар жанып, Н. К. Крупская атындағы Ленинград мемлекеттік мәдениет институтының ұлт аспаптар бөлімінің студенті атанды. Баяғы қайсарлығы мен еңбекқорлығы екі жақтап дегеніне жеткізді. Мұндағы оркестрдің құрамында балалайка, прима, альт, бас домра, баян, сырнай, арфа, және тағы да басқа музыкалық аспап болды. Елекең примаға машықтанып, соны шертті. Институтта көрнекті композитор   С. Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» симфониялық поэмасын орыс ұлт-аспаптар оркестріне арнап өңдеп түсіріп, дипломдық жұмысын қорғады. 
Ленинград қаласындағы қазақ студент жастарының оқудан тыс кездегі мәдени-тұрмыстық өмірін ұйымдастыруда көптеген игі істерге ұйытқы болды. Көпшілік оны қазақ өнерпаз студенттерінен құрылған «Арай» ансамблінің белсенді мүшесі ретінде жақсы танитын. Сонымен қатар, ол институтта арнайы қосымша дәріс алып, «Театрландырылған қойылымдардың ұйымдастырушысы» деген куәлікке ие болды.
Расында да, ананың бауыр еті баласына деген жанашыр, ақ көңілінен артық не бар екен бұл дүниеде?! Рахима апа көзінің ағы мен қарасындай Тұрсыны мен Елеусізін азамат етіп, ел қатарына қосу үшін бүкіл саналы ғұмырын сарп етті. Ол аздай оқу сорған кенжесінің шайын қайнатып, тамағын жасап беру үшін сонау ит арқасы қияндағы алып қалаға баруға бел шешті. Содан анасы екеуі институтқа таяу Грибоедов каналының бойындағы пәтерде оқуы аяқталғанша бір жыл тұрды. Рахима апай аз уақытта осы қалада оқитын бүкіл қазақ балаларын бауырына басып, аналық мейіріміне бөледі. Оларды қаймақ қосылған күрең шайымен сусындатып, дәмі тіл үйіретін томпиған сары бауырсақтарымен бақты. Студенттер де оны өз аналарындай жақсы көріп, қатты құрметтеді. 
Елеусіз Жанпейісұлы халық шығармашылығы орталығында қызмет еткен жылдары республикамыздың түкпір-түкпіріне іссапарға барып, жергілікті жерлердегі көркемөнерпаздар ұжымына, халық оркестрлеріне тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсетті. 1975 жылы жарық көрген «Алғашқы дирижерлік қадам», «Массовые народные праздники и их развитие в Казахстане» атты әдістемелік шығарылымдары соның айғағы. Алматы қалалық мәдениет басқармасында аға нұсқаушы кезінде шаһардағы 105 ескерткіштің ғылыми құжатын жасап, тұңғыш рет мемлекет қарауына алдырды. Сонымен қатар, Алматы қаласының тарихи музейін ұйымдастырушылардың бірі болды. Ал өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында оның мәдениет пен өнер қайраткері және мәдениет ісінің ұтқыр ұйымдастырушысы ретіндегі жұлдызы жарқырай жанды. Ол ұмытыла бастаған ұлттық мереке Наурыздың қайта түлеуін алғашқылардың бірі болып қолға алып, осы бағытта Алматыда өткен барлық сахналандырылған шараның бас көркемдік жетекшісі әрі қоюшы режиссері болды. Соның ішінде «Наурызнама» мерекесі ұйымдастырылып, оған шетелдік елшілер де ресми түрде шақырылды. Салтанатты мерекеге 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей өзі келіп қатысты. Елаға аталған шараның бастамашысы болып, ұйымдастырған «Наурыз – көш керуен», «Наурыз айтыс», «Қыз сыны», «Жігіт сыны» «Алатау аруы», «Қазақ аруы», «Қымызмұрындық», «Соғым» сияқты байқаулар мен мерекелер қазір республиканың түкпір-түкпірінде жарасымды жалғасын тауып, бүкілхалықтық мерекеге айналып кетті. 
1993 жылы ол Еуропа елдерінде (Испания, Германия, Бельгия, Швейцария, Австрия, Түркия) өткен «Достық көпірі» фольклорлық-этнографиялық фестивалінің бүкіл Азия бойынша басты ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі болды. 1997 жылы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен «Азия апталығы – 97» фестивалінде ол басқарған өнерпаздар Шығыс Азияның мәдениеті мен өнерін, фольклорын қазақ өнері арқылы танытып, алтын жүлдемен оралды. Оның басқаруымен 2003-2004 жылдары Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония шығармашылық іссапарға шығып, Астана қаласында, Ресейде, Түркияда, Қырғызстанда, Қытайда, тағы да басқа бірнеше шетелде мәдени шараларды өте тартымды өткізді. Райымбек батыр мен Наурызбай батырдың 300 жылдық, халық суретшісі Ә. Қастеевтің 100 жылдық, Қарқара көтерілісінің 90 жылдық, екі мәрте Еңбек Ері Н. Алдабергеновтің 100 жылдық, Д. Рақышевтың 80 жылдық мерейтойлары, қобызшы Молықбайдың 150 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференция, тағы да басқа облыс көлемінде аталып өткен шаралардың барлығы да оның басшылығымен өте жоғары деңгейде өтті. 
Негізі, Еңбекші ауылына батыс жақтан да баруға болады. Жол Көктал ауылын көктей өтіп, Әулиеағаш ауылына жетеді. Дәл қабақтың қырқасына арнайы темір тақта берік темір тіреулерге бекем етіп орнатылып: «Қызыл Еспе өңірі. Еңбекші ауылы» деп әсем безендіріліп жазылған. Едәуір көлемді жерге оюлы тас төсеніштер төселіп, ортасына төбесі қаңылтыр шифермен жабылған бастырма орнатылған. Жан-жағы шарбақпен қоршалған. Ішінде үстел және оны айнала орналастырылған жайлы орындықтар бар. Бүгінде еңбекшіліктер мен ауыл қонақтарының сүйікті орнына айналған бұл жер туралы біздің тәптіштей жазып, егжей-тегжейлі суреттеп отырған себебіміз де жоқ емес. Оны бастан-аяқ жасатқан біздің Елеусіз ағамыз.
Атымтай жомарт перзентінің туған ауылына тигізген шарапаты мұнымен шектелмейді. Өнер дегенде өзегі өртеніп, «Мәдениет» дегенде мәрттік танытып, тірсегі майысқанша нардың жүгін көтеруге әзір ағамыз облыс мәдениетін басқарып тұрған кезінде ауылдағы еңселі Мәдениет үйін іргетасымен қоса жаңадан тұрғыздырып, осы заманғы озық үлгімен қайта салдыртты. Иә, адал еңбек абыройға бөлейді. Шын жан-тәнімен беріле атқарған жұмыс атақ-даңқыңды арттырады. Еліміздің мәдениет пен өнер саласындағы небір марқасқалары бүгінде Елекеңнің жарқын істерін сүйсіне тілге тиек етеді. Осылайша өмірдің, оның ішінде мәдениет пен өнердің де талай-талай өткелінен сүрінбей өтіп, машақаттарын жеңген Елеусіз Жанпейісұлы мен зайыбы Қаншатайдың отбасы қазір саясын кеңге жайған мәуелі бәйтерек тәрізді. Еділ, Естай, Ұлағат атты ұлдарынан он шақты немере сүйіп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ берекелі отбасы.


Нұр ӘДІЛ, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оқи отырыңыз