Оңалту орталығы ашылды

Отыз үш жасар Асылбек Жалдыбаевтың жол апатына түсіп, арбаға таңылғанына биыл алты жыл болды. Жол апаты кезінде жұлын жарақатын алып, бірнеше жыл бойы төсекке таңылып жатқан еді. Соған қарамастан әртүрлі жаттығулар жасап, бір мезгіл дене қимылына ерік беретін. Осылайша өмір тауқыметін тарта жүріп бар қиындықпен күресе білді.

Қайсарлығы мен шыдамдылығының арқасында алдағы күндерден үміт үзбей, болашағының жарқын боларына сенді. Нәтижесі жаман емес. Бірте-бірте денсаулығы жақсарып, өзін-өзі күте алатындай дәрежеге жетті. 
Осы жағдайға дейін Асылбектің арманы көп болатын. Заң саласы бойынша мамандық алып, болашағын адам құқығын қорғаумен байланыстырған еді. Үкілеген үміт жас жігіттің жігерін жанып, тек алға жетеледі. Сөйтіп, мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан белгілі бір іспен айналысуды ойлады. Ол – өзі секілді азаматтарға қол ұшын созып, көмектесу еді. Бұл туралы ой көптен бері мазалады. Ойындағысын іске асыру үшін Асылбек Жалдыбаев кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалына барып, кәсіпкерлік негіздерін үйрену үшін «Бизнес Кеңесші» жобасына жазылып, білімін жетілдірді. 
Сөйтіп, жеке кәсіпкер атанды. Палата мен әкімдіктің қолдауымен Қаскелеңдегі «Алтын ауыл» ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің біріндегі жертөледен орын алды. Ғимараттың іші-сырты сырланып, ретке келтірілді. Қажетті құрал-жабдықтармен де жабдықталды. Бұл жұмыстарға Асылбектің ата-анасы көп көмегін тигізді. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы ашылды. Кәсіпкер жігіт орталыққа «Күш-қуат» деген ат берді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығында қазір қырық шақты адамды қабылдайтын үш кең бөлме бар. 
– Бұл Қарасай ауданында мүгедектерді оңалтуға бағытталған бірінші қоғамдық орталық. Осылайша, кәсіпкерліктегі алғашқы ісімді әлеуметтік мәселені шешумен байланыстырып отырмын. Алдағы уақытқа басқа да бизнес жоспарларым бар, – дейді Асылбек. 
Облыстық кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалының директоры Қонысбай Юсупалиевтің сөзіне қарағанда, жас кәсіпкердің жобасын сүйемелдеу үшін барлық қажетті құқықтық қолдау көрсетілмек. Айта кетейік, ауданда «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша отыз азамат оқып, кәсіптерін ашқан. Сөйтіп, жас кәсіпкер мүгедектерге арналған оңалту орталығын ашып, көпшіліктің ризашылығына бөленуде.

Айгүл Байжұмақызы.
Қарасай ауданы.

Оқи отырыңыз