Кең болсаң, кем болмайсың

Ауылдың саф ауасын жұтып, тұнығынан шөл қандырып есейген Арман Рахманов, Бинали Агададиев, Арзыгүл Амиралиева, Төлеген Қадырсизов сынды атпал азаматтардың ұйымдастыруымен «Нұрбастау Шапағат» қайырымдылық қоры құрылып, игілікті істердің ұйытқысына айналғалы сегіз жылдан асып барады.

Еселі еңбекпен тапқан табыстың бір бөлігін қайырымдылық жасауға жұмсауды көздеген аталмыш қордың мақсаты – туған ауылын көркейту, тұрмысы төмен, көпбалалы, асыраушысынан айырылып, ауыртпалық арқалаған мұқтаж жандарға қол ұшын беру, қоғам дамуына рухани және материалдық тұрғыда қолдау көрсету. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын қалыптастыруда аудан жастары арасында атаулы жарыстар өткізуді де дәстүрге айналдырғаны ерекше қуантады. Жылына үш рет ұйымдастырылатын бұл іс-шараның шапағатын өздері түлеп ұшқан Тұздыбастау, бесағаштықтар ғана емес, аудан мектептері де көруде. Құрылғалы бері материалдық көмекке зәру жандарды құрықол қалдырмаған қордың қызығын әлеуметтік аз қамтылған отбасылар да көріп келе жатқанын атап айту абзал. Бұдан бөлек, аудандағы талантты да дарынды балаларға материалдық қолдау көрсету, спорт алаңдарын құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, оқушылардың жазғы лагерьде демалуына жолдама беру, тізбелей берсек, бірталай игі істерге мұрындық болып жүргендерін жасыруға болмас. 
Қайырымдылық қоры жуырда ұлттық сананы ояту, туған елге деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру мақсатында игілікті іс-шара өткізді. «Үлкеннің мыңына емес, баланың біріне бер» деген даналықты темірқазық еткен қор жетекшілері әлеуметтік тұрмыс-жағдайы төмен 35 баланы тәтті толы қорапшаларымен және 12 баланы жылы киімдермен қамтамасыз етіп қуантты. Бұлардың арасында Аяз атаға хат жазып, планшет сыйлауын сұраған үш жасар Р. Першньнің де арман-тілегі орындалды.
– Туған жер мен елден артық қастерлі ұғым жоқ. Азамат боп, атқа мінген соң елдің бар-жоғына, кем-кетігіне қарайласу – парыз. Жұдырықтай жұмылғанда ғана мардымды, мағыналы іс тындыруға болатындығын сезінген кәсіп иелері әрі қатарластар «Нұрбастау Шапағат» қайырымдылық қорын құрып, бірлесе жұмыстар атқарып келеміз. Қайырымдылық шаралары өткен сайын кішкене балалар мен қарттардың азын-аулақ сый-сияпатымызға қуанғанын көріп, көңіліміз марқайып жатады. Жылдан-жылға көмекке зәру жандарға бөлінер қаржы қоры да артып отыр. Бүгін жаңажылдық тарту-таралғымен қатар, баскетболдан өткен жарыс қорытындысында анықталатын жеңімпаздарға да қомақты сыйлықтар әзірлей келдік, – деді аталмыш қайырымдылық қордың президенті, аудандық мәслихат депутаты Арман Рахманов.
Бесағаш ауылындағы №29 орта мектептің спорт залында ұйымдастырылған қайырымдылық шарасына мектеп директоры Жанар Сағындықова, ауылдың ардақты азаматы, спорт ардагері Зейтнұр Қазиев, қоғамдық қор мүшелері мен ауыл тұрғындары, ауданның баскетболшы командалары қатысты. Салтанатты шарада жиылған қауымды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаған Арман Қалықұлы жарысқа қатысушыларға жеңіс, мектеп ұжымына оқуда табыс тіледі. 
Дәстүрге сай Көк Туымыз көтеріліп, Гимн орындалған соң тартысты жарыс басталып кетті. Ал кең жүректі, жомарт жандардан сыйлығын алған балалар қуанышында, тіпті, шек жоқ. Осылайша, бесағаштықтардың бір күні жүрек жылытар жып-жылы істермен артта қалды. 

Ұлбосын ИСАБЕК.

Бесағаш ауылы,
Талғар ауданы.

Оқи отырыңыз