көгілдір отын кешікпеуі тиіс

көгілдір отын кешікпеуі тиіс

Жұмыс қарқынына инвесторлар  тікелей  жауапты. Бұл туралы  облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов мәлімдеді. Осы барыста ол өңірде газ тарту жұмысының кенжелеп тұрғанын айта келіп, көгілдір отынға жауапты инвесторлардан аталған мәселенің себептерін анықтап сұрады.

Облыста 700-ден астам елді мекен бар. Олардың шамамен 500-ге жуығына  газ тарту қажет. Алайда газдандыру мәселесіндегі атқарылуы тиіс жұмыс деңгейінің төмендігі байқалуда. Айталық, Текеліге көгілдір отын жеткізуді «Ас-тас Инвест» компаниясы өз міндетіне алған. Десе де, мекеме басшыларының салғырттығынан бір жарым жыл  бойы жұмыс жүргізілмепті. 
Осы орайда «Ас-тас Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа басшысы Дмитрий Овчинников қазірде аталған бағыттағы жұмыстың сметалық құжаты  дайындалып жатқанын жеткізді. 
– Бүгінде Текелі қаласында 32 мыңнан аса тұрғын бар. Қалаға газ жеткізетін құбырдың ұзындығы – 179 шақырым. Оның құрылысы енді басталады. Яғни,  биыл жыл соңына дейін моноқаланы көгілдір отынмен толық қамтитын боламыз, – дейді Д. Овчинников. 
Жиында Айдарбек Естебекұлы инвесторлардың халықпен тығыз жұмыс істеу керектігін алға тартты.
– Қазір қарапайым тұрғын газ қостыру үшін қайда баратындарын білмейді. Тіпті, көгілдір отын құнының қанша тұратынын, қаншалықты үнемді әрі экологиялық тиімді екендігін де түсіне бермейді. Осы себепті жиі кездесу өткізіп, аталмыш мәселе бойынша үгіт-насихат тобын құрыңыздар, – деді өңір басшысының орынбасары. 
Облыс орталығы да назардан тыс қалмады. Айдарбек Байжанов шаһарда атқарылған  жұмыспен танысты. Мамандардың айтуынша, қазір қала бойынша 315 абонент көгілдір отынға қосылған. Жыл соңына дейін шаһар 100 пайыз табиғи газбен қамтылмақ. 
Басқосу аясында облыс әкімінің орынбасары газ тартуда жүйелі жұмыс атқарып жатқандардың бар екенін тілге тиек етті. Атап айтсақ Қапшағай қаласы, Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ және Панфилов ауданында жұмыс қарқынды. Сонымен бірге, инвесторларға  аталған бағыттағы жұмыстарды жылдамдату тапсырылды. 

Қ. ӘБДІҒАПАР

Оқи отырыңыз