Төлемі төмен тұрғын үй

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен  «Бес әлеуметтік бастаманың» жұртқа берері мол. Еліміздің әлеуметтік әл-ауқатының артуына септігін тигізетін әр бастама – берекенің бастауы. Соның ішіндегі Елбасының баспананы қолжетімді етуге бағытталған бағдарламасы көпшіліктің көңіл көкжиегін кеңіте түскені анық. Бұған дейін несиеге тұрғын үй алудың әлдеқандай қиындықтары кезіксе, ендігі кезекте жайлы баспана алу жеңілдей түскен. 

Бағдарлама аясында ипотекалық несиенің жылдық мөлшерін 7 пайыздан асырмайтын талап ескерілген. Бұл әрбір тұрғын үшін өте тиімді әрі әлдеқайда жеңілірек болмақ. Міне, осылай әр отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болып, әлеуметтік жағдай тұрақталмақ.
Өткен жылы  облыста түрлі баспана бой көтеріп, халық қуанышын арттырған болатын. Дегенмен, жұртшылықтың біраз бөлігі әлі де баспанаға қол жеткізуді арман ететіні анық. Осыған орай айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселені Елбасы өз назарына алып, нақты шешім шығарды. Биылғы жылы облысымызда пайдалануға берілетін тұрғын үйлер көлемін 1 млн. шаршы метрге жеткізу көзделуде. Бұл орайда екінші деңгейлі банктер несиелік тұрғын үй құрылысына белсенді түрде тартылмақ.  Мәселен, қызметі бар әр тұрғын несиеге пәтер алып, оны төлеу мүмкіндігіне ие болатыны белгілі. Бірақ осының өзіне көпшілігінің мүмкіндігі келе бермейді. Осы орайда Мемлекет басшысы ипотекалық төлемді төмен пайызда төлей алатын тетікті ұсынып отыр. Бұл дегеніміз, ең ғажап шарттармен теңгелік деңгейде несие алудың үлкен мүмкіндігі. Бағдарламаның тағы бір  ерекшелігі, бұған дейін баспана үшін бастапқы жарна негізгі бағаның 30-50 пайызын құраса, ендігі кезекте бұл төлем 20 пайыздан аспайды. Міне, осының нәтижесінде биылдан бастап, миллиондаған қазақстандықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге жол ашылмақ.  Аталмыш бағдарлама бүгінгі таңның ең өзекті деген мәселесін шешуге арналған дара жол десек қателеспегеніміз. Көңіл қуантатын бастамаға бір кісідей атсалысып, қолдап, қосылғанымыз абзал. 

Алмат ХАМИТ,
облыстық «Жетісу» 
телеарнасының журналисі

Оқи отырыңыз