Жол мәселесі талқыланды

Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев газ құбырын тартып жатқан компания өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында қала әкімі жол жағдайының мүлде сын көтермейтінін атап айтты.

«Қазір Талдықорғанда көлік тұрмақ, жаяу жүру мүмкін емес. Оған газ тарту кезінде технологияның дұрыс сақталмауы себеп болып отыр. Осыған байланысты тұрғындар телеарна мен әлеуметтік желі арқылы наразылықтарын білдіруде. Оған белгілі бір компанияны емес, қала әкімі, яғни бізді кінәлайды. Бірақ, газға тапсырыс беруші облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы екендігін білгендеріңіз жөн. Ал онымен ешкімнің шаруасы жоқ. Сондықтан, ендігі кезекте газ құбырының тартылуына өзім бақылау жүргіземін», – деді Бағдат Әбілмәжінұлы.    
Аталған уақытқа дейінгі жасалған жолдың технологияға сай болмауы сырттан келген компаниялардың салғырттығынан болып отыр. Ал жергілікті компанияларды қалалық әкімдіктің бақылауда ұстап отыруы ыңғайлы деген пікір де айтылды. Өз кезегінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Шаяхметов газ жүргізу барысында аздаған кемшіліктердің бар екенін мойындап, жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Жиын соңында бұдан былай газдандырудан кейінгі жұмыстардың қалалық әкімдікпен бірлесе қолға алынатыны жеткізілді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Талдықорған қаласы

Оқи отырыңыз