Ең шуақты күндерімнің айнасы

Шам жанатын ауылдан шалғайдағы Тасқұдықтан көшіп келген жылы күзде әкем жазылды ма, шешем жазылды ма, білмеймін, әйтеуір 1967 жылы біздің үйге «Жетісу» газетінің келе бастағаны есімде. Одан басқа да «Балдырған», «Мәдениет және тұрмыс» журналын алып тұрдық. Ол кезде «Балдырғаннан» басқасының бетін ашып оқуға дәрменіміз жетпейтін. Өзіміз де балдырған болатынбыз.

1973 жылы мектептің тоғызыншы сыныбында оқып жүргенде «Жетісудың» бір санын көршіміздің үйінен көріп қызыққаным тағы есімде. Қарғалы шұға комбинатында тоқымашы болып жұмыс істейтін еңбек озаты, коммунист Нұрбала тәтеміз туралы бір мақала жазылыпты. Соны үй-ішіне көрсетіп кәдімгідей масаттанғаны маған да тосын ой салып еді. «Газет деген адамның абыройын көтереді екен-ау» деп пайымдағам, «шіркін, онда қызмет ететін адамның арманы жоқ шығар» деген ой түйгем. Содан кейін оныншы сыныпта жүргенімде Сұлтанғали Қаратаев сияқты «Қайраттың» ойынынан репортаж жүргізетін комментатор болсам деп армандағам. Газетке, журналистикаға жетелеген ынтызарлықтың бастауы екен сол талпынысты ойларым.
Кейін, 1981 жылы көктемде Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» (қазіргі «Атамекен») газетінің фототілшісі атандық. Өмірі қолына фотоаппарат ұстап көрмеген бізге редакторымыздың осы қызметті қалай сеніп тапсырғанына әлі күнге дейін қайранбыз. Сірә, алысты болжаса керек Нағашыбек ағамыз. Бізден бірдеңе шығатынына сенген-ау. Әйтпесе, алдында жеті ай корректор болып, қатені әп-әдемі түзетіп жүрген жерімнен «оқуға түсемін» деп кетіп қалғанымда ренішін жасырмаған еді, қайта айналып келгенімде меселімді қайырмай қабылдағанына риза болғанмен, жазу-сызуға соншалықты қатысы жоқ фототілшілікке «жеккенін» өз басым көпке дейін түсінбей жүргенім рас енді. Сөйтсем, ел танысын, жер көрсін, газеттің ыстық-суығына әбден икемделіп, ысылсын дегендік екен.
Әйтсе де біз бірден фототілші болып кете алмадық. Көп қиналдық. Бірде жарықтан, бірде фоннан, бірде ракурстан қателестік. Шығарған суретіміз бірде қарайып, бірде ағарып кәдеге жарамай пұшайман болдық. Ол кезде газеттің суреті Алматыда, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне қарасты ең үлкен баспахананың (кейін «Дәуір» деп аталған) цинкография цехында дайындалатын. Мырышты тақтаға басылатын суреттердің сапасын Алматы облыстық баспа-полиграфия басқармасының бас инженері Александр Шахворстовқа көрсетіп, сол кісінің батасын алған соң ғана әлгі цехқа өткізу керек. Менің шалажансар «туындыларымның» көбісі кәнігі көзді сарапшының талабынан шықпай қалады. Амал жоқ, екі өкпемді қолыма алып «Жетісудағы» Кенжекеңе жүгіремін. Сол кезде облыстық газеттің суретші-ретушері, марқұм Кенжебек Барманбековтің ағалық қамқорлығын көп көрдім. Жаны жаннатта болғыр Кенжекеңнің «реанимациясынан» шыққан суреттерімді ескі тігінділерден қарап отырып, осы күні езу тартатыным бар. Өмірдің талай-талай кезеңдерінде алдымнан «Жетісу» газетінің жақсы адамдары жолығыпты-ау деп тәуба қылам сондай кездерде. 
«Жетісуда» жалғыз Кенжекең ғана емес, кейін де жақсы ағаларым алдымнан жиі шығып тұрды. Ағалық ақылдарын айтты, жан жылуымен аялады, қолынан келген қамқорлығын аямады.
Журналист болсақ-ай деп ұмтылған жылдардың елең-алаңында редакциядағы әріптес жігіттер: «Ана Нұрманбет ағаңа барып суреттің қыр-сырын меңгер, ана Жұмаш ағаңа апарып берсең суретіңді «Жетісуға» шығарады ғой. Жақында соларға, кеңесін тыңда» дейтін. Біздің мінезіміз ынжықтау болды ма, көбіне батынып бара алмадық. Енді кейде ойлаймын, сонда елгезектеу, жұғымдылау болсақ, мүмкін «Жетісудың»  дәм-тұзы бізге 2007 жылы емес, одан әлдеқайда ертерек бұйыратын ба еді деп. 
Мейлі ғой, тағдыр шығар, 2007 жылы көктемде «Жетісудың» меншікті тілшісі атандық. «Сен бәрібір чиновник бола алмайсың. Бізге, «Жетісуға» кел. Біраз істесең, бөлім меңгерушісі боласың, қаламың ұшталады. Қашанғы біреуге баяндама жазып жүре бересің» деп өзі редактор болып келген 1998 жылы-ақ шақырып еді Жақаң. Ауылдан аттап басып шықпаған қазақтың бірі емеспіз бе, қорқасоқтадық па, әйтеуір әкімшіліктегі қызметімізді тастап кете алмай, біраз жүріп қалдық. Мұнда да оң босағада отырып қалған қыздай, не өспедік. Содан қойшы, «Жынына кеп мұным семіз малайдың, қожасына ұнамайды жүрісім» деп, Мейірхан Ақдәулетов жырлағандай, «қожамызға жүрісіміз ұнамай» бір күні арыз жазуға тура келді. Енді қайда барамын деп қайғырып жатқанымды естісе керек, Жақыпжан Нұрғожаев ағамыздың өзі телефон шалсын. «Енді келесің бе?» деді. «Қандай қызмет ұсынсаңыз да ғайылмын» дедім мен пақыр, көзіме келіп қалған тамшыны бір сипап тастап. 
Сәуір еді. Жақыпжан ағамның арқасында сәуірдің самалы Талдықорған жақтан есіп сала берді. Мың да бір рахмет! Бала-шағасының қызығын көрсін. Қапшағай мен Балқаш ауданын қоса беріп, меншікті тілші етіп бекітті. Бұрын көрмеген ел мен жерді көрдім. Небір ғажайып адамдармен таныстым. Екі жарым жылдан кейін өзім туып-өскен Жамбыл ауданының тынысы мен тіршілігі туралы қалам тербеу міндетін жүктеді редакторым. Шамам келгенше жаздым. Талдықорғандағы редакция аппаратында Әміре Әрін, Жанкүміс Жәмеңке, Нүсіпбай Әбдірахым, Қуат Қайранбай, Болат Абаған, Бидахмет Жаңабаев сынды алтын сақадай әріптестерім әрбір сәтте демеді. Жұматай Әміреев, Нұржамал Әлішева, Қажет Андас, Гүлжан Тұрсын, Гауһар Дүйсенбаева, Алма Есенбаева, Ришат Тұрғанбаев, Жұмабай Мұсабеков, Аслан Қажеке сынды тағы да басқа іні-қарындастарым ілтипатын аяған емес.
Алматыдағы тілшілер қосыны екінші үйіміздей болды. Пейіште нұры шалқығыр Сайлаубек Байдүйсенов, Баянды Зәкіров, Шолпан Жұмаділова қандай еді! Ілияс Жүніс, Асқанбай Ерғожаев, Ұлбосын Исабек, Болат Мәжит, Жауһар мен Гүлімнің орны да бөлек мен үшін. Бәріне рахмет, бәрінің отбасы аман болып, діттеген мақсаттарына жетсін деген тілектемін.
* * *
«Жетісуым» менің! Өзім сені білгелі елу жылдан еркін асты. Өмірімнің әр кезеңінде алдымнан жарқырап шығып отырдың. Тіпті осы журналист мамандығын таңдауыма сенің де бір себепкер болғаныңды жоғарыда айттым. Ең шуақты күндерімнің айнасы да – Сен. Сондықтан сенің ғасыр белесінен асар мерей қуанышына арнайы бір мақала жазу үшін менің сонша тебіреніп, толғатқанымды сезер ме екенсің. Иә, айтпақшы, жуырда бір қызық болды. 
Алпысқа келіп жатсақ, не бітірдік дейміз, елге қай бетімізді көрсетеміз деген оймен қара сөз үшін қаламды сияға малған сәттерімізден жинақталған мақалаларды топтастырып қояйықшы деп ойлағанбыз. Қарасақ, жиырма баспа табаққа жуықтайтын әртүрлі жанрдағы дүниеміздің сексен пайыздан астамы осы «Жетісу» газетінде жүрген кезімізде жазылыпты. Енді осыдан артық «Жетісу» маған қандай жақсылық жасасын. Саған шексіз қарыздар екенімді білемін мен, ардақтым!  
«...Ақ уыз берді, қарыз деп Анам айтпады,
 Мойнымда әлі, әкенің қарызы қайтпады.
Қарыз демей-ақ, қамқоршым болған дос қанша,
Қайтарар едім, қайтейін, мені байытпады...» деп мұңайып еді бір өлеңінде ақиық Мұқағали. 
Өзіңнің алдыңдағы қарызымды қалай қайтарарымды білмей мен де кінәлі баланың күйін кешіп отырмын қазір. Қарыз демей-ақ қамқоршым болған «Жетісуым», алдыңда әрдайым бас иемін. Сенің үнің мен қазақтың тілі ғасырдан ғасырға, дәуірден дәуірге ұлассын. Мәңгілік Елдің мәңгілік газетіне айнал, «Жетісу», жасай бер! 
 
Рәтбек  ТЕРЛІКБАЕВ,
Жамбыл аудандық «Атамекен» 
газетінің бас редакторы.

Оқи отырыңыз