Мол мүмкіндіктер алаңы

Мол мүмкіндіктер алаңы

Аудандық Мәдениет үйінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беретін, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған инвестициялық форум өтті. Жетісу жерінің өндіріс әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Бұл өңірде инвестиция көлемінің еселене түсуіне ықпалын тигізуде. 

Форумда алдымен аудандағы шағын және орта бизнес өкілдері шығаратын өнімдер көрмесі таныстырылды. Мұнда «Кусманова С» жеке кәсіпкерлігі шығаратын заманауи форматтағы «Lego» кірпіштері, «Үштөбе-Айдын» зауытының сүт өнімдері, «Башенов» жеке кәсіпкерлігі өндіретін тәтті сусындар мен басқа да кәсіпорындардың өнімдері назарға ұсынылды. Инвесторларға ауданның даму үрдісін баяндаған бейнеролик көрсетілді. Аудан әкімі Рауан Рақымбеков жиынды ашып, инвестициялық форумның мақсатымен таныстырды. 
– Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Үшінші жаңғырту туралы айтылған. Ауданда 2016 – 2017 жылдары инвестициялық форум өткізілген болатын. Нәтижесінде жобалардың құны 8,9 млрд. теңгені құрайтын 10 меморандумға қол қойылды. Инвестициялық форумның мақсаты – Қаратал ауданының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, сонымен қатар экономиканың нақты секторына инвесторлар тарту, – деді өңір басшысы Рауан Тұрданғазыұлы. 
Ол ауданның қолайлы климаттық жағдайына, өңірдің инфрақұрылымы мен логистикасының барлық талапқа сай екеніне баса назар аударды. Еуропа мен Азияны жалғап жатқан теміржол магистралінің бизнесті дамытуға зор мүмкіндік беретініне тоқталды. Аудандағы Сарыкөл кенішінде кварц, Ащысу-Әулиекөл маңында сульфат-натрий кені, тұрмыста қолданылатын ас тұзының қоры мол екенін айтты. Өткен жылдардағы меморандум нәтижесінде «Тастөбе-Агрофуд» тауарлы-сүт фермасы, «Алматы энерго прожект» күн сәулесінен қуат өндіру, «Секвойя плюс» мұнай өңдеу зауыты секілді бірқатар іргелі жобалар іске асырыла бастаған. Жалпы ауданда 2016 – 2017 жылдары «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 34 жоба жүзеге асқан. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Үштөбе қаласынан өндірістік алаң үшін 50 гектар жер бөлініп, ауызсу, электр жарығы, жол салу секілді инфрақұрылымды дамыту жобасы әзірленуде. 
«Алматы облысының Өңірлік даму орталығы» ЖШС-нің директоры Серік Исембаев облыс әкімінің қолдауымен құрылған орталықтың мақсаты – инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау, бизнес өкілдері мен билік өкілдері арасында алаң құру болып табылатынын айтты. Былтыр шетелдік және отандық инвесторларды тарту бойынша 120 кездесу өткенін мәлімдеді. Ал, аталмыш орталықтың өкілі Ералы Шлембаев «Бизнестің жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020» және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламаларын егжей-тегжейлі түсіндірді. 
«Zhetysu Koy» ЖШС-нің директоры Олег Плотников өзін қой етін өңдейтін Baumann Gmbh&Co.KG неміс компаниясы атынан келіп отырғанын, болашақта қазақ елінің ет өнімдерін экспорттауды жоспарлап отырғанын жеткізді. 1930 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл компанияның Германияда ет өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бұл компания сұраныстың көптігінен Қытаймен тығыз қарым-қатынас жасауды бастаған, әйтсе де Еуропадан ет тасымалдау бірқатар қиындық тудыруда. Сол себепті Қазақстанмен көршілес Қытайға тасымалдау әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Немістер қазақтың қойын арнайы зерттегенде Австралия, Жаңа Зеландияның малынан еш кем түспейтініне, барлық талапқа сай екеніне көз жеткізген. Сөйтіп, компания Қазақстанға 7,2 миллиард теңге инвестиция құймақ. Олег Геннадьевичтің айтуынша, бірінші кезеңде 15 мың тонна дайын өнім шығару, ал екінші кезеңде ет көлемін 30 мың тоннаға жеткізу көзделген. 
– Біз 7-12 айлық тоқтыны аламыз. Салмағы 36 келіден жоғары болуы керек. Яғни, әр тоқтының таза салмағы 20 келі деп есептесек, 15 мың тонна ет алу үшін 75 мың бас мал қажет болады. «Магнум» дүкендері 25 мың бас мал етін сатады, қалған 50 мың бас малды экспортқа шығарамыз. Біздің малшылар қыркүйек-қараша айларында ғана өнім бере алады. Сонда зауыт үш ай ғана жұмыс істейді. Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, Қаратал ауданында 19 мың бас мал бар. Бұлардың көбі ұсақ шаруалардың қолында. Қазір біз таза салмағы 20 келі тартатын тоқтыға 1400 теңгеден төлесек, 28000 теңге аласыз. Қазір мемлекет ірі қара малына берілетін субсидияны бізге де берсе, еттің әр келісіне 150 теңге төленсе деп отырмыз. Яғни, сіз ет комбинатына ет өткізу арқылы қосымша 6 мың теңге аласыз. Бірақ, осының бәрі жүзеге асуы үшін жыл бойы ет өткізетіндермен жұмыс істейміз. Қазір мал төлдету көктемде жүргізіледі, қалған мал жайлауға шығып кетеді. Біз екі рет төлдетуді ұсынамыз. Яғни, наурыз, қыркүйек айларында. Қыркүйек айындағы төлді қалдырып, бордақылау жүргізу керек. Сонда зауытымыз үздіксіз жұмыс істейтін болады, – дейді Олег Плотников. 
Кездесуде «Текелі КазАгроСервис» ЖШС директоры Қахарман Мағыдақасым, «Кири» акционерлік қоғамының өкілі Данара Уразалинова, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілі Жақсылық Тынышбаев өздерінің даму жоспарларымен таныстырып, ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін барынша қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. 
Инвестициялық форум соңында аудан әкімі Рауан Рақымбеков аталмыш серіктестік басшыларымен бірлесе жұмыс істеп, ықпалдастықты арттыру мақсатында екі жақты меморандумға қол қойды. Өңір басшысы аудан экономикасына үлес қосып жүрген бірқатар кәсіпорын басшыларын Алғыс хатпен марапаттады. 

Асхат Өмірбаев
Қаратал ауданы

Оқи отырыңыз