Араша түсіп алып қалды

Біз газет оқып өскен ұрпақпыз. Газет қашаннан қалың оқырманның жанашыры,  қиянат көрсе әділет іздер қорғаушысы. Әсіресе, қарапайым қауым биліктегілерге не қолы, не тілі жетпей жатса газетке жүгінеді, журналистерге үміт артады. Менің де басымнан осындай бір жағдай өткен.

 Бес баланың анасымын. Кеңес дәуірі келмеске аттанып, елдің бәрін қыспаққа алған  тоқырау деген қиын уақыт болатын. Бар қызығым, бақытым, байлығым – балаларым. Тұңғыш ұлым университетке түсіп, одан кейінгі егіз қыздарым студент еді. Нан тауып жеудің өзі қиынға соққан сонау жылдары үш студент оқыту ауыл мұғалімі үшін қандай қиын болғанын, бұл күні тіпті есіме алғым келмейді. Егер демалыс күндері Алматыға келіп, шемішке сатып, студенттеріме нан алатын 200 теңге тапсам қуанатынымды айтсам, соның өзі түсінікті болар. Жұт жеті ағайынды дегендей, осылайша ілініп жүргенде 21 жастағы ұлым Айдосты бірге оқитын Берік Қараманов деген бала әпкемнің үйіне барып келеміз деген сылтаумен бір үйге алып барып, оны есік алдына қалдырып кетіп, ұрлық жасайды. Сигнализация жұмыс істеп, полиция келгенде қараптан-қарап есік алдында  тұрған менің балам да бірге ұсталады. Не керек, ұзын сөздің қысқасы, айран да ішпей, шелек те жаламаған балам үш жылға сотталып кете барды. Жылағаннан өзге амал жоқ.
Төрт ай өткен кезде үлкен өзгеріс болды. Биыл 100-ге толып жатқан «Жетісу» газетінің 1997 жылғы 7 наурыздағы нөмірі мен үшін өте ыстық. Содан бері, міне, 21 жыл газетті бойтұмардай сақтап жүрмін. Газетті қарап отырсам, облыстағы әртүрлі салада қызмет істеп жүрген бірнеше әйелмен «дөңгелек үстел» жүргізген журналист Жанкүміс Жәмеңкенің мақаласын көзім шалды. Сол уақыттағы Парламент Мәжілісінің депутаты, Президент жанындағы Кешірімділік комиссиясының мүшесі Мәрия Жүйріктаеваның сөзін оқыған соң қолыма газетті ұстап, мереке өтісімен бірден Алматыдағы Көк базар алдындағы «Жетісу» редакциясына келдім. Алтыншы қабаттағы адамдардан сұрастырып жүріп, Жанкүміс Жәмеңкені тауып алып, жағдайымды айттым. Дереу Мәрия Жүйріктаевамен хабарласып, сол кісімен кездестіру ұйымдастырып, ол кісінің айтуы бойынша Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өтініш-арызымды жазып берді. Қысқарта айтқанда, «Жетісудың» көмегі, жанашырлығы арқасында аққа Құдай жақ болып, ұлым бес айдан кейін босап шықты.
«Жетісудың» менің өмірімдегі орны айрықша. Жылағанда көз жасымды құрғатып, демеу болған бұл ата газет мен үшін аса құрметті. Беделі өсіп, көркейе берсін дегім келеді. Осылайша жылап келіп, қуанып шыққан «Жетісудан» мен осы басылымда отыз жылдан астам жемісті еңбек істеген Жанкүміс сияқты журналиспен апалы-сіңлілі сияқты туысқандық қарым-қатынас орнаттық. Қызым Шолпан тұрмысқа шығып, кішкентайлы болғанда қыз болса атын Жанкүміс  деп қоямын деген ойда болдым. Өмірге ұл бала келді. Атын Жанбота деп қойып, Жанкүміс кіндік шеше болды. Қазір Жанбота студент.
Міне, газеттің 100 жылдығы келді. Құтты болсын! Еліміздегі баспасөз айдынындағы ең үлкен қара шаңырақ, облыс айнасы «Жетісудың» беделі арта берсін. Оқырманы көп болып, мерейі үстем болсын. Ұжымның барлық журналисіне табыс тілеймін.

Нұрыш МОЛДАБАЕВА
Ащыбұлақ ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы

Оқи отырыңыз