Жаңа ауданда жұмыс қызу

Жаңа ауданда жұмыс қызу

Райымбек ауданының орталығы Нарынқолда көңіл тоғайтар істер аз емес. Жиырма жылдан астам уақыт құлазып қалған ауылды көркейту, абаттандыру, жаңа құрылыстармен іргесін нығайту сияқты міндеттер аудан әкімі Жолан Омаров бастаған өңір тұрғындарының алдында тұр.    

Қазір аудан орталығында, әсіресе, тұрғын үй құрылысы қызу жүріп жатыр. Біз үш бөлмелі жалдамалы 20 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысып қайттық. Азат Естаев басқаратын «Байқоңыр» ЖШС-нің 50-ге жуық құрылысшысы онға тарта үйді аяқтауға таяу қалыпты. Құрылыс қасында екі «КамАЗ», 2 басқыш техника,         1 эксковатор жүр.
– Құрылысшылар өз істерін жақсы біледі. Оларға барлық жағдай жасалған. Қажетті материалдарымыздың бәрі бар. Жиырма үйдің құрылыс жұмыстарын қыркүйекке дейін бітіруді жоспарлап отырмыз, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Тұрлыбек Қолдашев.
Дәл қазір Райымбек ауданында сегіз ауылдық округте тұрғын үймен біріктірілген полиция пункті салынуда. Нарынқол ауылдық әкімшілігі мен аудандық прокуратураға, мұрағатқа жаңадан ғимарат салу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге аудандық әкімдік орналасқан үш қабатты ғимарат пен прокуратураның ескі үйі күрделі жөндеуден өткізілмек. Облыстық құрылыс басқармасы арқылы спорттық-сауықтыру кешенін салу, халыққа қызмет көрсету орталығы мен ішкі істер бөлімінің, өрттен қорғау мекемесінің қосымша ғимараттарын салу жоспарда тұр. 
Облыс әкімі Амандық Баталов Нарынқол ауылына арнайы келгенде Кеңес одағы тұсында салынып, құрылысы бітпей қалған 4 қабатты аудандық емхананың жұмысын қайта қолға алуды тапсырған. Райымбек аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Тілепбердиевтің айтуынша, ғимаратты қалпына келтірудің жобалық, сметалық  құжаттары дайындалуда. 

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы

Оқи отырыңыз