ЖАҢА МЕКТЕПТЕР УАҚЫТЫНДА БЕРІЛЕДІ

ЖАҢА МЕКТЕПТЕР УАҚЫТЫНДА БЕРІЛЕДІ

   Жыл санап жаңа мектептер қатары өсуде. Үш ауысыммен оқитын білім мекемелерінің мәселесі шешілуде.  Ескі мектептердің орнына жаңасы салынып,  кейбір ауқымы тар оқу орындарының жанынан қосымша құрылыс жүргізілуде.  Биыл облысымызда барлығы 9 жаңа мектеп қолданысқа берілмек.  Облыс әкімі Амандық Баталов қолданылуға бір ай уақыт қалған мектептердің  құрылыс жұмысын, олардың кестеден кешікпеуін және бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын назарда ұстауда.  Әлеуметтік нысандардың инфрақұрылым жүйесі «Нұрлы жол»  мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің Ұлттық қорынан бөлінген қаражатқа жасалуда.   Оқу жылы қарсаңында облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы білім нысандарының құрылыс жұмыстарын тексеру үшін арнайы жұмыс тобын құрды.  Бақылаушылардың құрамында  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері,  аудандық филиал мүшелері және аудандық мәслихаттың хатшылары бар. 

 

   Талдықорған қаласы. Мектептердің Білім күніне дайындығын тексерушілер  Талдықорған қаласындағы солтүстік-батыс тұрғын аумағында салынған 1200 орынды орта мектептің құрылыс жұмысымен танысуға ат басын бұрды.  Сырт келбеті дайындықтың жоғары деңгейде жүріп жатқанынан хабар береді.  Құрылыс жұмысына 1958, 914 млн. теңге бөлінген.  Шараның тиянақтылығы байқалады.  Енді көгалдандыру мен жүгіру алаңдарының  төсеніштерін төсеу жұмыстары жүзеге асырылуда.  Біз барған кезде  парта, тақталар орнатылып жатты.  Құрылыс жұмысының 85 пайызы аяқталып-     ты. Талдықорған қаласы тұрғындарының назарындағы нысан оңтүстік-батыс тұрғын аумағындағы 1200 орынды орта мектеп.  Ғимарат Мұхтар Арын атындағы №24 лицейге берілмекші.  Мұндағы құрылыс  жұмыстары да аяқталуға жақын.  Сыныптар жабдықталған.  Арнайы кабинеттерге көрнекіліктер, тәжірибені шыңдайтын керек-жарақтар қойылыпты.   Бүгінде спортзал мен асхананың құрал-жабдықтары орналастырылуда.  Жұмыс 95 пайызға орындалған.  Аталмыш мектепке  бюджет қоржынынан 2134,726 млн.  теңге бөлінген.  Қаланың жаңа шағынауданынан салынған ғимарат  бүлдіршіндерге лықа толатын сияқты. Себебі, жұмысшы тобы барғанда бірнеше ата-ана осы мектепке балаларды берсек деген ниетте құжаттарын алып келіпті.
   Ақсу ауданы. Қаракөз ауылында 120 орынды жаңа мектеп ірге көтерген. Аудан орталығынан 50 шақырымдық шалғайда жатқан елді мекенде құрылыс жүргізудің өз қиындығы бар.  Біріншіден, жұмысшылар ол жаққа бара қоймайды.  Себебі,  жер шалғай. Дүкен жоқ.  Екіншіден, сар топырақты аумақта үнемі ыстық жел соғып, жұмысты алға бастырмайды.   Оқу ғимараты қараша айында тапсырылуы тиіс.  Бүгінде  құрылыс жұмысы кестеден 37 күнге кешіктірілуде. Бұл жөнінде жұмыс тобының жетекшісі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы  Алмас Мұқаев  мәселенің мәнісін түсіндіріп беруді сұраған еді. Сауалға жауап берген мердігерлер  нысан тұрғызылатын жердегі топырақ  геологиялық  талапқа  сәйкес келмей, сараптама мамандар  тарапынан бірнеше қайталап жасалғандығын айтты. Сол кезде уақыттан ұтылған. Бүгінде мектеп салу қарқын алған. Құрылысшылар жұмысты белгіленген мерзімнен ертерек аяқтаймыз деп уәде беруде.  Бүгінде жоспардағы шаруаның 45 пайызы орындалған.  Ақсу ауданында тағы бір мектеп аяқталуға таяу. Тарас ауылындағы бұрынғы мектепке жапсарлас салынып жатқан  жаңа блок сәулетімен  көз тартады.  Барлық талаптың орындалғаны  байқалады.  Сапалы жұмыс сырт көзге бірден менмұндалап тұр. Бала саны аз болғандықтан спортзал мен акт залы бірге жабдықталған. Бірақ, екі жағдайға да ыңғайлы жасалған. Жобалаушылар  кең бөлмені  балаларға қолайлы тәсілмен салыпты. Мектеп жанынан ойын алаңы ойластырылыпты. Волейбол, баскетбол  ойнайтын алаң қоршауға алынған.  Көгалдандыру шарасы да жүргізілуде.  
   Сарқан ауданы. Орталықтағы 300 орынды  мектепке жапсарлас нысан салынуда.  «Құрылысшы ТБС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  салып жатқан нысан кестеден кешікпей келе жатыр.  Шараға 760,905 млн. теңге бөлінген. Мердігерлер 15 желтоқсанда  әлеуметтік нысанды пайдалануға беретінін айтады.  Бүгінде барлық істелінуге тиіс шаруаның 67 пайызы орындалған.
   Мектептерді аралау барысында құрылысшылар мен аудан атқамінерлерінің ортақ істе біріге еңбек етіп жатқанына куә болдық. Халық қалаулылары нысанның уақытында аяқталуы үшін барын салып қолдау көрсетуде. Ал жергілікті жердің басшылары жұмыстың тоқтаусыз жүруі үшін инфрақұрылым тартуға көмектесуде.

Гүлжан ТҰРСЫН.

Оқи отырыңыз