Астаналық тұрғындарды қуантты

Астаналық тұрғындарды қуантты

Елорда төрінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты Алматы облы­сының күндері өтуде. Мәдениет күндері аясында ауыл­шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке ұйымдастырылып, астаналық тұрғындар экологиялық жағынан таза, әрі бағасы базардағыдан әлдеқайда арзан азық-түлік түрімен қамтамасыз етілді.

Іс-шара барысында Астана қала­сындағы Ұлттық кітапханада «Жер­ұйық мекен – Жетісу» атты жергілікті ақын-жазушылар кітап­тарының көр­месі ұйымдас­тырыл­ды. Сондай-ақ, «Алтын адам ме­кені» деп аталатын музей жәді­гер­лері, қолөнер және қыл­қалам шеберлерінің шығарма­шылық­тары көпшілік назарына ұсы­нылып, аста­на­лықтарды таң-тамаша етті. Жастар театрына бас сұғып, «Ке­рей–Жәнібек» спектаклін тамаша­лағандар да аз болған жоқ. Өнер­кәсіптік өнімдер көрмесі мен облыс­тық өнер ұжымдары қойған кон­церт­­тік бағдарламаға ризашы­лық таныт­қан елордалықтар жетісу­лық өнер­паз­дардың өнері­не тәнті болды. Қазмедиаорталық ғима­ра­тында облыс әкімінің орын­ба­сары Бақтияр Өнербаев баспа­сөз-конфе­ренциясын өткізді. Жамбыл Жа­баев­тың ескерткі­шіне тағзым етіліп, гүл шоқтарын қою рәсімі де ойда­ғыдай өтті.

Бұдан кейінгі кезекте Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов облыс делегациясын қабылдап, жылы шырай танытты. Оқушылар сарайы жанындағы алаңда өткен жәрмеңке де көпшілік көңілінен шықты. Оған облыстың он алты ауданы мен үш қаласы қатысып, барлығы 340 тоннадан астам азық-түлік түрі жеткізілді. Сол күнгі ауа райының жаймашуақтығы да жақ­сы әсер беріп, жұртшылықтың жоғары көңіл-күйде сауда жаса­уына ықпал етті.

Жергілікті жұртшылықтың ойы­­нан шыққан жәрмеңке өнім мол­шы­лығымен де ерекшеленді. Же­тісу өңірінен жеткен еңбек­кер­лер өзде­рінің табанақы, маңдай терімен дайындаған тауар­ларын тұ­тынушы көңілінен шығатындай етіп өткізуге тырысты. Сол күнгі жәр­мең­кеде ет пен көкөніс және бақшалық дақыл­дар жақсы сау­да­­­ланды.

Астаналықтар ет өнімдерін және қап-қап пияз, картоп, көк-қызыл бұрыш­тарды да алып, артынып-тартынып бара жатты. Қазы-қарта, жал-жая да көп болды. Ел­орда­лықтарға Жетісу өңірі­нен ат терлетіп жеткен жүз­ден аса сатушы сапалы қызмет көрсе­тіп, алғысқа бөленді.

Конгресс-холдың фойесінде «Тал­дықорған – кеше, бүгін, ертең» атты көрме ұйымдас­тырылып, онда қаланың өсіп-өркендеуі жайлы сыр шертетін фотошежіре тамашаланды. Өңір­де өндірілетін өнімдер мен ту­ризм­нің дамуын айғақтайтын туындылар да сол жерден табыл­ды. Жетісулықтар аста­на­лық­тарға ауылшаруашылығы тауар­ларымен қоса, ән-күй де ала келді.

Бұл туралы кеңейтілген мақаланы газетіміздің келесі санынан оқи ала­сыздар.

Өз тілшіміз.

Оқи отырыңыз