КҮНДЕЛІК ЖАЗАТЫН ӘКІМ

КҮНДЕЛІК ЖАЗАТЫН ӘКІМ

Қарасай ауданы – экономикалық және әлеуметтік әлеуеті жағынан облыстағы іргелі өңірдің бірі. Кие қонып, бақ дарыған осынау өлкенің тұрғындары ынтымақ-бірлігінің арқасында тәуелсіз еліміздің гүлденуіне қомақты үлес қосып келеді. Алматы іргесіндегі өңірдің бүгіні мен болашағы жайында ой бөлісу үшін басшылық тізгінін жуырда ғана қолға алып, алғашқы сәтті қадамдарын жасап үлгерген Қарасай ауданының әкімі Жандарбек ДАЛАБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

- Жандарбек Ермекұлы, Қарасай ауданы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасының туған жері болғандықтан басшыға ерекше жауапкершілік жүктейді емес пе?!  Осы ауданның әкімі қызметін  қалай қабылдадыңыз?

- Сіздің сөзіңізбен келіспеуге болмайды. Бұл өлке тарихы тереңнен басталып, ұлтымызға небір дара тұлғаларды тарту еткен қасиетті мекен. Сонымен қатар,  Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кіндік қаны тамған, балалық, жастық шағы өткен өлке болуымен де ерекшеленеді. Осы тұрғыдан келгенде, Қарасай ауданы барлық жағынан өзге өңірлерге үлгі көрсетуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан аудан әкімі қызметіне тағайындалар кезде өз мүмкіндіктерімді тағы бір електен өткізіп, білім-білігімді безбенге салғаным рас. Дегенмен, ұзақ жыл бойы атқарған қызметім, өмірлік тәжірибем ескерілген болуы керек, ауданды басқаруға сенім білдірілді.

- Тәжірибе дегеннен келіп шығады ғой, осы орайда меңгерген мамандығыңыз бен атқарған қызметтеріңіз жайлы біле отырсақ.

- Мен мына іргелес Жамбыл ауданында дүниеге келіп, бүкіл саналы ғұмырымды сол жерде өткізген екенмін.  Әкем Ерекең Ұлы Отан соғысының ардагері, қарапайым еңбек адамы болатын.  Мектепте үздік оқыдым десем мақтан бола қоймас. Ол кезде ауыл балаларының дені инженер немесе мал дәрігері болуды мақсат етуші еді ғой. Неге екенін қайдам, мен мұғалім болуды армандадым. Әсіресе, тарих пәні қатты қызықтыратын.  Сол арманымды алау етіп, мектеп бітірісімен құжаттарымды тарих факультетіне тапсырмаймын ба?! Алайда ол заманда мектеп қабырғасынан келген жеткіншектердің бірден оқуға түсіп кетуі неғайбыл болатын.  Емтихандардан сүрінбей өтсем де, конкурстан құлап, ауылға қайттым. Екі жыл еңбектің дәмін татып барып, сол кездегі С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетіне дайындық курсы арқылы түсіп, осы мамандықтың иесі атанып шыққан едім. ҚазМУ  еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы ретінде институттарға сабақ беретін мамандарды даярлаушы еді ғой. Осылайша мені алдымен Жамбыл қаласына, соңынан Семейдегі педагогикалық институтқа жолдамамен жіберген. Ол жақта мамандар жеткілікті болғандықтан жұмыс орнын таңдау өз құзырыма берілді. Үйім Алматының іргесінде тұрғанымен біздің жастық шағымызда қалаға тіркеуге тұру пәтер алғаннан да қиын болатын. Сондықтан туған ауданыма келіп, жұмыс іздей бастадым. Осы тұста аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметінде жүрген әпкем Жадыра осы ұйымға жұмысқа тұруыма жәрдемдесті. Міне,1982 жылы менің ауданның  ақ үйіндегі ұзақ жылғы қызметім осылай басталған.

Комсомолдағы қызметім партия жұмысында жалғасын тауып, аупарткомның насихат бөліміне нұсқаушы болып ауыстым. Ал, 1986 жылы мені жалпы бөлімнің меңгерушісі қызметіне обкомның бюросында бекіткен. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін осы қызметті мінсіз атқардым деп ойлаймын. 1991 жылы партияның тарауына байланысты  «Салқынсаз» шаруашылығына директордың орынбасары болып аттандым. Онда біраз жыл еңбек еткеннен кейін заманның ағымына сай ауданда жаңадан ашылған маркетинг және менеджмент орталығының директоры  қызметіне шақырды.  Сірә, әу бастағы мамандығым философия мен экономикаға байланысты екенін ескерген болулары керек. Мұнда екі жыл еңбек еткеннен кейін, 1999 жылы «Отан» партиясына кеңесші қызметіне тағайындалдым.  Сол жылы аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қайта оралып, осы жерде аппарат басшысы, әкімнің  орынбасары қызметтерін жемісті атқарған едім. Соның айғағы болар, 2012 жылдың қаңтар айында маған Жамбыл ауданына басшылық жасау сеніп тапсырылды.

Аздаған уақыт облыстық білім басқармасының басшысы, облыс әкімі аппаратының жетекшісі болып еңбек етіп, 2014 жылы Жамбыл ауданына әкім болып қайта оралдым. Ал, биылғы жылдың мамыр айында Қарасай ауданының әкімі қызметіне келгенімді жұртшылық  жақсы біледі.

- Қарасай Жетісу өлкесіндегі экономикалық әлеуеті өте жоғары аудан екені мәлім. Бұл қызметке келгеннен бері мұндағы ахуалмен танысып, болашақта атқарар шаруаларды бағамдап үлгерген боларсыз?

- Расында, аудан көптеген көрсеткіштер бойынша өзге өңірлер арасында көш бастап келеді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, үстіміздегі жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің көлемі – 162 507,4 млн; ауылшаруашылығы – 23 506,7 млн; негізгі капиталға жұмсалған инвестиция – 53 418,2 млн; орындалған құрылыс жұмыстары бойынша – 14 629,1 млн; бөлшек тауар айналымының көлемі – 62 905,4 млн. теңгеге орындалып, өзге салаларда да жоғары нәтиже көрсетіп отырмыз. Қарасай ауданы даму қарқынын 2 –3 пайызға түсіріп алса, ол бірден облыс көрсеткіштеріне кері ықпалын тигізеді. Сондықтан, ауданның экономикалық-әлеуметтік индикаторларын осы қалыптан төмендетпеуді бірінші кезектегі міндеттердің бірі деп санаймыз.

Ауданда өнеркәсіп саласы жақсы жолға қойылғанын айта кету керек. Мұнда бүгіндері жүйе қалыптастырушы алты өндіріс орны өз қызметін атқарып келеді. Олардың қатарында бюджетке қомақты қаржы түсіретін «Хамле», «Эфесс», «Кока-кола», «Алматы машина жасау зауыты», «Қазақстан қағазы», «Алматыпродукт» сияқты  ірі кәсіпорындар бар. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша «МОЛЛ Апорт» сауда, ойын-сауық орталығын кеңейту-жаңғырту  жұмыстарына «Хоум Март» және «Агро ленд» серіктестіктері арқылы 8,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, қазіргі уақытта мұнда 3600 жұмыс орны құрылған. Орталықта Азиядағы ең ірі сауда орталығының үшінші кезеңінің ашылуы жалпы аумағы 210 мың шаршы метрге жетіп отыр. Қосымша салынған ғимаратта «гипер» форматында Қазақстандағы ең ірі «Магнум» сауда орталығы, «Сулпак» тұрмыстық техника сауда кешені, 25 мың шаршы метрлік «Маями СПА» аквопаркі, 1000 шаршы метрлік «Фуд галерея» фудкорті, аумағы 4 мың шаршы метр болатын, 70 жұмыс орнына арналған «Фанки Уорд» отбасылық көңіл көтеру паркі Алматы қаласы мен облыс тұрғындарына өз қызметін көрсетуде. Осы тамыз айында әлемнің 12 елінде 400-ден астам дүкені бар «Леруа Мерлен» халықаралық компаниясы аумағы 12 мың шаршы метрді құрайтын  құрылыс заттарын, саяжай және баққа арналған заттарды сатуға арналған сауда орнын пайдалануға берді. Бұл жобаға франциялық компания 6 млрд. теңге инвестиция салғанын айта кету керек.

Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуына арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Шамалған бекетінде «Азияагрофуд» акционерлік қоғамы крахмал, сірне, жүгері өсімдік майын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, «Хамле Компаний ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Райымбек ауылына қарасты «Шульгин» жеке кәсіпкерлігі, Әйтей ауылындағы  «Сұңқар Таң» ЖШС шағын бизнесті дамыту арқылы инвестиция мен жұмыс орындарын арттырып келеді. Алматы қаласының сыртынан өтетін айналма жолдың құрылысы және «Алтын орда» сауда орталығы мен «Асыл арман» тұрғын үй кешені арқылы өтетін жолдардың салынуы ауданымыздың экономикалық дамуына септігін тигізеді деп сенеміз.

Ауданның даму қарқынын бәсеңдетпеу үшін шағын және орта бизнестің үлесін арттыруды қолға алғанбыз. Бұл жерде әрбір ауылдың әкімі өзіне қарасты аймақта нақтылы жұмыстар жасайтын болады.

- Қарасай ауданында халық саны күн санап артып келеді.  Бұл өз кезегінде әлеуметтік мәселелер туындататыны түсінікті. Шешімін таппаған әлеуметтік мәселелербар ма?

- Оныңыз рас. Бүгін ауданда 266,7 мың адам тіркелген. Шын мәнінде тұрғындар саны бұдан әлдеқайда көп деп ойлаймын. Себебі, алыс-жақын шет елдерден келіп, Алматыда жұмыс жасап жүрген жандардың біршамасы аудан аумағында орналасқан саяжайлар мен жалдамалы үйлерде тұрып жатқаны жасырын емес.

Дегенмен, тұрғындарды баспанамен, өзге де әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету біздің басты міндетіміз.  Осы орайда тұрғын үй салу бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Мысалы, биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 14,6 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 960 млн. теңгеге артық орындалып отыр. Қазірдің өзінде Қаскелеңдегі «Қарлығаш» ықшамауданында 50 пәтерлік екі көп қабатты үйдің құрылысы аяқталып, оған адамдарды қоныстандыру үшін екінші деңгейдегі банктермен келіссөздер жүргізілуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Елтай ауылдық округі аумағынан 10 гектар жер бөлініп, бүгіндері инженерлік коммуникациялар жүргізу мәселесі қолға алынып отыр. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін кезекте тұрғандарға берілетін болады.

Ауданда ауыз су мәселесі өзектілігін жоғалта қойған жоқ. Кезінде салынған су құбырлары қазіргідей көп адамдарға есептелмеген. Соның салдарынан тұрғындар ауыз су тапшылығын тартуда. Осыны ескере келіп, 2013 жылы Қаскелең топтама су жобасы жасалып, жүзеге асырыла бастапты. Бұл жоба бойынша Қаскелең және Казачка өзендерінің суын үлкен құбырлар арқылы ауылдарға жеткізу көзделген. «2З+1» жобасы ауданның 23 ауылы мен Қаскелең қаласын сумен толық қамтамасыз етуге қабілетті. Алайда қаржы тапшылығына байланысты бұл жоба жартылай жүзеге асырылып, тоқтап қалыпты.  Біз осы бастамаға  қайтадан жан бітіріп, жоғары жақтың батасын алып келіп отырмыз.  Мұндай ірі шаруалар бірден біте қоймайтыны түсінікті. Мұның сыртында Жандосов, Жаңатұрмыс, Қырғауылды ауылдарына су құбырлары тартылуда. Осылайша, таяу жылдары өңірдегі ауыз су мәселесі толығымен шешімін табады деп сенеміз.

«Жол азабын тартқан біледі», – дейді дана халқымыз. Жол мәселесі тұрмыс жайлылығы үшін де, экономиканың өркендеуі үшін де өзекті болып қала бермек. Алдымен аудан аумағынан өтетін республикалық дәрежедегі екі жолды айтайық. Төменгі «Алматы – Бішкек» күре жолы талапқа сай дейтін болсақ, «Жандосов жолы» деп аталатын жоғарғы трасса көңіл көншітпейді. Алматы қаласының аумағынан шыға сала көңіл құлазытар көріністерге тап боларыңыз анық.  Жетісу өңірінен сайланған депутаттардың қолдауының арқасында сала министрлігінен  бұл мәселе бойынша да қолдау тауып отырмыз. Алматы қаласынан шығып, Жандосов ауылы арқылы Қырғызстанға шығатын жолды Шамалған ауылына дейін абаттандыру көзделіп отыр. Себебі, Шамалғанда халықаралық стандарттарға сай салынып жатқан дене шынықтыру және спорт кешені болашақта республикалық, әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізетін орынға айналады.

Жобалық құны 9,1 млрд. теңгені құрайтын, «Алтын орда» сауда кешені арқылы өтетін жол толық өңдеуден өткеннен кейін тұрғындар 15-20 минуттың ішінде Алматыға жете алатын болады.  Сонымен бірге, «Асыл арман» тұрғын үй кешеніне кіріп-шығу, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін көпірлер салынуда.  Осындай жаяулар өтетін аспалы көпірлерді Алмалыбақ ауылында, «Үшқоңыр» көлік вокзалынын тұсынан да салу көзделген. Қаскелең қаласындағы кептелістерді азайту мәселесі де болашақта шешімін табады деп сенеміз.

 

СӨЗ АРАСЫНДА...

  • Арманыңыз бар ма?

  • Қазір біраз жасқа келіп қалдық қой. Ендігі арман – елдің қамы. Ел іші тыныш болып, ұрпағымыз бақытты ғұмыр кешсе одан өзге қуаныш бола ма?! Балалардың, немерелердің амандығы мен жеткен биіктері, олардың өмірден өз орындарын табуы – ата-ана үшін бір ғанибет деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келгенде қыздарым Жанна мен Ардақ, ұлым Дінмұхамед сенімімізді ақтап келеді. Менің өмірлік мұратым – хал-қадірімше халыққа қызмет жасау.

  • Адам бойындағы қандай қасиеттерді ұнатасыз?

  • Адалдық пен шыншылдықты. Не болса да турасын айтып, жан-жағыңа адал болғаннан артық ештеңе жоқ.

  • Уәдеге беріксіз бе?

  • Уәде – Құдай сөзі деген бар. Қолымнан келмейтін шаруаны жасаймын деп уәде бермеймін. Өзім білмейтін жайларды өзгелерден сұрап алуға арланбаймын.

 

- Білім беру мен денсаулық сақтау саласы жұртшылық көңілінен шығып жүр ме? Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар?

- Ауданда бүгіндері 53 мектеп бар десек, олардың 9-ы үш ауысымда. Бұл, әрине, бізді алаңдатып жүрген мәселе. Жылына 4-5 мектептен салынып келе жатса да мұндай жағдайдан арылар емеспіз. Бұл бір жағынан қуанышты да. Себебі, балалар санының артуы демографиялық ахуалымыздың айнасы емес пе?! Биыл облыс бойынша 49 мың бүлдіршін бірінші сыныпқа барса, оның 8 мыңы Қарасай ауданының үлесіне тиетіні қуантады. Дегенмен, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу маңызды. Осы орайда бүгіндері  М. Мәметова атындағы, Керімбеков атындағы, Абай ауылындағы  мектептерге жапсаржайлар салынуда.  Болашақта жаңадан салынатын бес мектептің жобасы жасалып қойылған. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда.

Мектепке дейінгі мекемелер мәселесі де оң шешімін табуда. Бүгіндері бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 92 пайызды құрап отыр. Жуырда «Қарлығаш» ықшам ауданында заманауи технологиямен жабдықталған балабақшаның құрылысы аяқталды. Оның ерекшелігі, ата аналар үйде, жұмыста отырып-ақ қалта телефоны арқылы балаларының қай жерде, не істеп жүргендерін бақылай алады. Балабақшаның барлық аумағы бейнекамералармен жабдықталып, ол ғаламтор жүйесіне қосылған. Мұнда ғылымның өзге де жетістіктері бала тәрбиесіне қызмет жасайтын болады.

Денсаулық сақтау саласында да шешімін күткен мәселелер баршылық. Соның ең бастысы – Қаскелең қаласында үлкен аудандық аурухана салу. Қалада халық саны көп. Оның үстіне жол апаты, өзге де төтенше жағдайда ауруханаға жеткізілетін жандардың қатары сирейтін емес. Қолданыстағы аурухана осы жүктемені толықтай игере алмай келеді. Қуанарлығы, ауруханаға арналған 4 гектар жер бөлініп қойған.  Бұл – жұмыстың жартысы деген сөз.   Енді осы бастаманы аяғына дейін жеткізсек деген мақсаттамыз.

- Қарасай ауданы – өнері мен мәдениеті, спорты өркендеген өлке. Осы саланың болашағы қандай деп ойлайсыз?

- Аудан өнерпаздары қандайда бәсекеге қабілетті деп ойлаймын. Мұнда бүгіндері «Үшқоңыр» атты тамаша өнер ұжымы халықтың көңілінен шығып келеді. Аудандық Мәдениет үйінің жұмысын жандандыру үшін басшылыққа жаңа адам әкелдік. Шамалған ауылындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіледі.  Қаскелең Мәдениет үйінің айналасын абаттандырып, жастар сейілдейтін, көпшілік шаралар өткізетін тамаша демалыс аймағына айналдырсақ деген жоспарымыз бар.

Мен келгелі аңғарғаным, аудан әкімдігінің алдындағы үлкен алаң жылдың төрт мезгілінде де бос тұрады екен.  Осы орайда Қарасай бабамыздың алыстан көзге шалынатын еңселі ескерткішін жұртшылық барып тәу ететін көрнекті жерге   орнатып, орталық алаңды сәнді де жайлы демалыс аймағына айналдырсақ  қайтеді деген ой мазалап жүр.  Кітапханадан шыққан адамдар осында қойылған сәкілерде тынығып,  гүлзарлар мен субұрқақтың жанында серуендеп жүрсе тамаша емес пе?!

Ауданымызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында бой көтерген «Анаға тағзым» мұражайы, «Батыр бабалар» мемориалы, Елбасының «Атамекен» орталығы ел көлемінде ғана емес, шет елдік қонақтарға мақтана көрсететін тарихи әрі мәдени жәдігерлерге айналып үлгерген. Біз осы жақсы үрдістің желісін үзбей, қайта еселей түссек болашақ ұрпақ алдындағы парызымызды ақтағанымыз.

Спорт саласында да ауданның алар орны айшықты. Біздің мұндағы жетістіктеріміз болашақта еселене түсетініне сенімдіміз. Себебі, аудандағы балалар спорт мектебі жуырда ғана жаңадан бой көтерген тағы бір дене шынықтыру және спорт кешенімен толықты. Әлгінде айтқандай, Шамалған ауылында әлемдік талаптарға сай үлкен спорт кешені салынуда. Ол келесі жылы пайдалануға берілмекші. Сонымен қатар, Райымбек ауылдық округінің аумағында жеке меценаттардың демеушілігімен тағы бір дене шынықтыру және спорт кешенінің құрылысы қолға алынған. Осының бәрі жастардың салауатты өмір салтын таңдауына, спортпен кәсіби деңгейде айналысуына жол ашады деп ойлаймын.

- Сіз өзіңіз қызмет еткен жерде үнемі өнер адамдарына, қаламгерлерге қамқорлық жасап келесіз. Бұл қасиет сіздің бойыңызға қайдан дарыған?

- Жамбыл ауданы батырлар мен ақындардың өлкесі деп аталады емес пе?! Осы жерде туғаннан кейін өнер мен әдебиетке бір табан жақын жүруім заңдылық деп есептеймін. Жалпы, ақын-жазушылар мен өнер адамдарына ғана емес, еліміздің атын асқақтатып жүрген ғалымдар мен спортшыларға да құрмет көрсету біздің парызымыз болмақ. Қарасай ауданында да сол үрдісті жалғастыру ойымда бар. Лайықты азаматтардың мерейтойлары болып жатса ел болып неге қолдамасқа?!

- Өзіңіз өлең жазбайсыз ба?

- Жоқ, мен күнделік қана жазамын. Әр күні болған маңызды, елеулі оқиғаларды қағазға түсіріп тастайтын әдетім ежелден бар. Егер қажет деп жатса кейінгі ұрпақ шығарып алар.

- Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Жалпы хобби деп аталатын әуестігіңіз бар ма?

- Бос уақытым көп бола бермейді-ау. Аптаның алты күні таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жұмыста отырамын. Жексенбіде де бірер сағат жұмысқа келіп кетемін. Кешкі алтыдан кейін газет-журналдарға арнайы уақыт бөлемін. Мұнда жаңалықтармен танысып қана қоймай, өз қызметіме керекті көптеген тың идеяларды кездестіруге болады.  Сондықтан әріптестеріме: «Баспасөзді қалт жібермей қадағалаңдар. Ол деген сендердің жұмыстарыңа керекті дайын «шпаргалка» ғой. Өзге өңірлерде өткізіліп жатқан игі бастамалар мен берекелі шараларды өз жұмыс жоспарларыңа ендіріп қойыңдар!» – дегенді жиі қайталаймын. Жақсы кітап қолыма түссе жата-жастана оқуға дайынмын.

- Одан қолым босай қалса, табиғат аясына шығуды ұнатамын. Ауылда өскендіктен бір адамдай атқа міне аламын. Бірер сағат тау жағалап келсең, денеңнін құрыс-тырысы жазылып, ағзаң бір демалып қалатыны бар.

- Оқырмандарға айтар тілегіңіз?

- Ең алдымен баршаларының шаңырағында бақыт пен береке, ынтымақ және денсаулық болуын тілеймін. Арамыздан ауызбірлік пен ынтымақ кетпесін. Олар барда бізді ешқандай жау ала алмайды. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Оқи отырыңыз