"7-20-25": БАСПАНА АЛУ ТӘРТІБІ ҚАНДАЙ?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында «7-20-25» бағдарламасын одан әрі жандандыру жөнінде тапсырма берген болатын. Осы ретте аталған бағдарлама аясындағы жұмыстарды өрістету үшін облыс әкімдігі мен «Баспана» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. 

Осыған орай салаға жауапты қызметкерлермен кездесу өткізіліп, қос тарап «7–20–25» ипотекалық тұрғын үй несиелеу  бағдарламасын бірлесе іске асыру жөнінде әңгіме қозғады. Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ сөз сөйлеп, бағдарламаның орындалу барысы жайлы жан-жақты айтып өтті. Амандық Ғаббасұлы салаға жауапты мамандар мен аудан, қала әкімдерін орындарынан тұрғызып, аталған бағдарламаны іске асыру бағытында өңірлерде қандай іс-шаралар атқарылып жатыр, әлеуметтік сала қызметкерлері мен халықты баспанамен қамтамасыз етуде нендей іс-шаралар қолға алынуда, үй кезегінде тұрған адам саны қанша деген сұрақтар аясында жауап алды.

Жиын барысында облыста бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де баяу жүріп жатқанын сынға алған облыс басшысы осы мәселе төңірегінде жыл соңына қарай салаға жауаптылардан есеп алынатынын қатаң ескертті. Сол себепті бағдарламаның тыңғылықты жүзеге асырылуын осы бастан бақылауға алып, бұл бағыттағы жұмысты күшейту жөнінде тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге, Райымбек, Балқаш, Ақсу сияқты шалғай аудандардағы құрылыс қарқынын арттырып, көпқабатты тұрғын үйлер мен коттеджді баспаналарды көптеп салуға көңіл бөлу қажет екенін, сондай-ақ, Алматы қаласының маңынан орын тепкен өңірлерде бой көтеретін тұрғын үйлерді қай жағынан болсын талапқа сай сапалы да әдемі етіп тұрғызу керектігін, осыны орындауда әкімдіктер банк пен құрылыс жұмыстарын жүргізетін мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуі керек екенін назарға салды.

Бұдан кейінгі сөз «Баспана» Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Қайрат Алтынбековке ұсынылды.

Бес бастаманың «Әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағыты аясында «7-20-25» бағдарламасы  4 шілдеден бастап, ресми түрде өз жұмысын бастады. Бағдарлама шарттарын жақсы білесіздер, ол 7 пайыз жылдық үстеме, 20 пайыз алғашқы жарна және 25 жылға дейін ұзартылған мерзім. Оған атында үйі жоқ, тұрақты табысы бар, басқа ипотекалық несиелері жоқ кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық аймағынан 40 миллиард теңгенің өтініші келіп түсті. Қазіргі таңда банктер тарапынан 28 миллиард теңгенің несиелері, оның ішінде, облыс бойынша 640 миллион теңгеге 53 өтініш мақұлданды. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру бойынша қазір "Баспана" ипотекалық ұйымы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен бірқатар бастаманы жүзеге асыра бастады. Осының аясында ипотекалық несие бойынша алғашқы жарнаны арзандату үшін тұрғын үй сертификаттарын шығаруда әкімдіктермен тығыз жұмыс істей бастадық, – деді Қайрат Төреқұлұлы.

Сондай-ақ, ол санды көбейту үшін бастапқы тұрғын үй ұсынысы негізінде өңірлерде «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына атқарушы органдар үшін 150 миллиард теңге бөлетінін, қазіргі таңда аталған бағдарламаға «Халық банк», «Альянс банк», «Форте банк», «АТФ Банк», «Цесна банк», «РБК банк» және Еуразиялық банктердің» қатысып жатқанын және банктер тарапынан барлық технологиялық дайындық жұмыстары үшін халыққа несие беру аяқталғанын мәлімдеді. Бұдан соң қос тарап аталған бағдарламаны бірлесе іске асыруда ынтымақтаса жұмыс жүргізу жөніндегі меморандумға қол қойды. Жиын соңында облыс әкімі бұл келісімнің аталған бағдарламаны орындау бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Оқи отырыңыз