Өнерімен өрге жүзген әулет

Өнерімен өрге жүзген әулет

Иә, елімізде, өңірімізде текті әулеттің ізгі дәстүрін жалғастырған үлгілі отбасылар жетерлік. Бүгінде егемен елдің туын желбіретіп, күллі әлемге даңқы асқақтап, алыс-жақын елдермен ынтымағы жарасқан қазақ елінің соқтықпалы-соқпақты тарихында осынау жарқын күндерге жол салған, ардақты ұлдары мен қыздары аз болмаған. Елім-жерім деген азаматтарымыз, текті әулеттен уызынан жарып, ізгілікті тәрбие алған мерейлі отбасылар қаншама? Міне, осындай үлгілі де мерейлі отбасының бірі – Дүйсенбековтер шаңырағы. Үштөбе қаласының тұрғындары бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұрпақ тәрбиелеп отырған Аманжол мен Шынар Дүйсенбековтер жұрт сыйлаған өнегелі әулет. Екеуі де өнер айдынында қос аққудай бірге ән шырқап, Алла тағала берген өнерімен жұртшылықтың ықыласына бөленген.  

Отағасы Аманжол қасиет қонған Қараталдың төл тумасы. 1978 жылы Жылыбұлақ ауылында туып-өскен. Жастайынан аңсары ән мен күйге ауып, екі ішекті домбыраның жан тебірентер ғажап та тылсым үніне құлақ салып, елтіп ала жөнелетін. Қоңыр үн шартарапқа жайылып, кең далада көсіле шапқан жылқының дүбіріне ұласып кете баратын. Сондайда Аманжолдың қиялына қанат бітіп, өнер жолына деген аңсары ауып, арманын ойша елестететін. Әлбетте, Аманжолдың өнер жолын таңдауына әкесі Тұрсынбектің ықпалы көп тиген. Әкесі жас кезінде 100 күйді жатқа тартып, талайды тамсандырғаны замандастарының әлі есінде. Қазір де қолынан үкілі домбыраны тастамай, ауылды ән мен күйге бөлеп жүрген жайы бар. Кезінде дәулескер күйші, композитор Уәли Бекеновтен дәріс алған. Әрі қараталдық ақын Назар Қалиевтың нағашысы болып келеді. «Жігіттің жақсысы нағашыдан» демекші, әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған қасиет әкесі Тұрсынбекті өнерге бір табан жақындауына үлес қосты.  Өмір бойы мал бағып, ұрпағын қатарға қосқан әке ұлы Аманжолдың да өнер жолын таңдауына ықылас танытқан. Аманжол Жылыбұлақ орта мектебінде оқып, 9-сыныпты тамамдаған соң арманына қанат бітіп, Талдықорған қаласындағы Қанабек Байсейітов атындағы училищеге түседі. Осында домбыра аспабының қыр-сырын үйреніп, кәнігі шеберлерден дәріс алады. Жас кезінде облыстық «Жетісу жұлдыздары», «Талдықорған шұғыласы» байқауында лауреат атанады. 2000-2002 жылдары Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен соң оқуын жалғастырып, Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Музыка және педагогика» мамандығы бойынша домбыра аспабы сыныбын аяқтайды. Аманжол еңбек жолын 1997 жылы Үштөбе балалар шығармашылығы орталығында домбыра аспабын үйретуден бастайды. Ол 2006-2009 жылдар аралығында Талдықорған қаласындағы Сүйінбай атындағы филармонияның, Мұқан Төлебаев атындағы қазақ ұлт-аспаптары оркестрінде домбырашы болып жұмыс істейді. 2009 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Бастөбе ауылына көшіп келіп, күні бүгінге дейін осы ауылда Мәдениет үйінің директоры қызметін атқаруда.

Биылғы жылы Рақым Тәжібаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Күй құдіреті – ұрпаққа мұра» атты облыстық күйшілер байқауында       3-орын иеленді. Өнерде жолын қуған шәкірт тәрбиелеп, талай жастың томағасын сыпырып жүрген ұстаздардың бірі. Шәкірті Төлеген Дәулетхан көптеген байқаулардың лауреаты атанып, Қ. Байсейітов атындағы саз колледжін аяқтап, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияда домбыра сыныбында оқып жүр. Ал Дәулетхан Алмас Алматы қаласындағы Чайковский атындағы саз колледжінде білім алуда. Қараталдықтарға әсем үнімен танылған шәкірті Серікжан Масжанов Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқиды. Қазіргі таңда Аманжол үлгілі ұстаз ғана емес, бір отбасының тірегі, қамқоршысы. – Әр отбасында әкенің орны бөлек қой. Кезінде әкеміздің қас-қабағына қарап өстік. Анамыздың ақылымен тура жолдан таймадық. Әрбір шаңырақтағы береке – тұтас елдің берекесі. Менің ойымша, адамға еңбекқорлық, отансүйгіштік, жасампаздық пен мейірімділік сияқты асыл қасиеттер отбасы арқылы дариды, – дейді Аманжол.

Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетінде оқып жүргенде болашақ жары, бүгінде бес баланы дүниеге әкеліп, ардақты ана атанып отырған Шынармен танысады. 1981 жылы Панфилов ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген Шынар ауылдағы орта мектепті аяқтаған соң білімін ұштамақ болып Талдықорған қаласына келеді. Ол да осы жоғары оқу орнында Музыка және педагогика факультетін сырнай аспабы бойынша дәріс алады. Студенттік кезде көптеген байқауларға қатысып, жүлдегер атанады. Айталық, Өскемен қаласында студенттер арасында өткен «Жас толқын» республикалық ән байқауында 2-орын иеленсе, Дәнеш Рақышевтың 75 жылдығына арналған байқауда дәстүрлі әннен бас жүлдені жеңіп алған.

   Жас жұбайлар 2003 жылы отау құрған соң Үштөбе қаласына келіп еңбекке араласады. Шынар да еңбектегі алғашқы қадамын 2002 жылы балалар шығармашылығы орталығында әннен сабақ беріп әрі аудандық Мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып қызмет етеді. Сол аралықта 2012 жылы

М. Мақатаев атындағы облыстық «Жырлайды жүрек» атты ән байқауында және 2013 жылы облыстық «Келіндер сайысында» 1-орын иеленеді. Биыл тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған облыстық байқауда дипломант атанды.

Қазіргі таңда ата-енесімен бірге тұрады. Енесі Тұрымхан бар білген ақыл-кеңесін келініне үйретуден жалықпайды. – Енеммен анамдай сырласамын. Енем де мені қызындай көріп, бар көмегін аямайды. Әр отбасында ене мен келін тату болса екен деймін. Қазақ халқы «отбасылы үйде қазан-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді. Үйдегі ұрыс-керістің болмауы екі жастың татулығы ғана емес, ата мен ененің де ықпалына байланысты. Берік отбасылық құндылықтар арқылы ғана мемлекеттің іргесі мығым, ғұмыры мәңгі болады, – дейді Шынар келін.

Дүйсенбековтер отбасы өз ауылдастарының, ұжымы мен көршілерінің арасында ерекше сый-құрметке ие болған, Отанына адал қызмет етіп келе жатқан еңбек майталмандары. Олардың басты құндылықтары – шынайы отансүйгіштік, жоғары рухани адамгершілік қасиеттер, білімге деген құштарлық және еңбексүйгіштік дегеніміз лазым.

Өнерлі отбасы ұрпақ тәрбиесін ұлтжандылық негізде ғана тәрбиелеп қана қоймай, балаларын киелі өнерге де баулып келеді. Үйдің тұңғышы – 12 жасар Әділет Тұрсынбеков  жас болса да осы күнге дейін көптеген конкурстардың лауреаты атанып үлгерді. Жеті жасында облыстық саз мектептері арасында өткен байқауда жүлдегер атанды. Саз мектебін флейта аспабы бойынша бітірді. Бес жасынан домбыра тартып, күй шерткен. Қазіргі таңда аудан көлемінде өтетін мәдени іс-шараларға белсене қатысып, өз өнерін халыққа паш етіп жүр. Азаматы  мектепалды даярлық тобында. Ақпейіл, Ақерке есімді егіз қыздары, Аянат есімді кенжелері тәтті қылықтарымен өзіне баурап тұрады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, өнегелі отбасы бүгінде ата-бабаларының ізгілікті ісін жаңа дәуірге сай жалғастырып, ел тәуелсіздігінің ұлы мұраты, еліміздің ертеңгі жарқын болашағы жолында еңбек етуде. Отбасы бақыты сонысымен де құнды. Ұлттық құндылықтарымызды құлдыратпай ұрпақтан-ұрпаққа мұра еткен отбасына тек жақсылық тілейміз.

Асхат ӨМІРБАЕВ.

Қаратал ауданы.

Оқи отырыңыз