Жаңалыққа толы

Жаңалыққа толы

Елбасы осы уақытқа дейін 23 Жолдауын халқына арнап, әр жыл сайын атқарылған ауқымды істер мен келешекке жоспарланған жүйелі жұмыстардың ретін қазақстандықтарға таныстырып келеді. 

«Нұр Отан» партиясының бастамашыл 22 жобасының негізгі  тірегі – білім мен денсаулық саласына ерекше көңіл бөліп, «Ұстаз мәртебесін» жоғарылату үшін арнайы заң енгізіп, мұғалім тұғырын биік көтеруге ұсыныс жасауы биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі дер едім. Жаңа әлемге жол бастауымыз үшін жаһанның жаңалықтарынан қалмай, Big Data, ақпараттар алмасу, ІТ білімді дамыту мәселесіне жылдам көшуімізді ұсынғаны да партиялықтар үшін қуанышты жағдай. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының қарқынды жүргізіліп жатқан тұсында партия өз қызметін жаңғыртып, «Цифрлық партия» жобасын қолға алды.
Жаңа Жолдаудың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталуының өзі елімізде әлеуметтік мәселеге ерекше назар аударылып, алдағы жылы тұрмысымыздың түзелуі үшін барлық жағдай жасалатынын аңғартады. Біз қашанда адами капиталды сақтап, ұлттық тәрбиеміздің тұғырын ұстап тұрған ұстаздар қауымының мәртебесін көтерсек, еліміздің тыныштығын сақтауда қырағылық танытып жүрген сот және ішкі істер қызметінің жұмысын оңтайландырсақ, кәсіпкерлікпен табысты ұлғайтып, 30 алдыңғы қатарлы елдің көшіне ілесуге ұмтылыс жасасақ, тұрмыстың сапасы сөзсіз артпақ. Елбасы алдағы жылы Үкіметке бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының қомақты бөлігін әлеуметтік саланың жақсаруына бөліп, мақсатты жұмсалуына қадағалау жасауды тапсырды.
Біз, «нұротандықтар», Елбасының бұл бастамасын қолдап қана қоймай, өз тарапымыздан берілген барлық тапсырмалардың уақытылы орындалуына бірлесіп күш жұмсаймыз.

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
 «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары

Оқи отырыңыз