Бинәлі ЫСҚАҚ: "АТА ТӘЛІМІН КӨП КӨРДІМ"

Бинәлі ЫСҚАҚ:

Еңбекшіқазақ ауданының табиғаты бай, тарихы терең. Бұл өлкенің әрбір атырабы сан алуан заманнан сыр шертеді. Есіктен табылған «Алтын Адам» әлемге әйгіленді. «Қараш-қараш» ұлы Мұхтар Әуезовтің шығармасына арқау болды. Түргені бау-бақшаға тұнып тұр. Есік көлі мөлдіреген сұлулығымен көз тартады. Тау қойнауларындағы таңбалы тастар жұмбақтарымен толғандырады. Сөгетінің сілемдері қырандар жарысының алаңына айналды. Жер көлемі мен ел көлемі жағынан ірі аймақ та осы. Бұл өңірге көшіп келушілердің саны азайған емес. Экономика дамуының бір себебін осы тұстан іздесек, ол да шындық. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ірі өндіріс ошақтары да аудан үлесінде. Руханият пен мәдениеттегі жағымды жаңалықтар бір-біріне сабақтасып жатады. Міне, осындай қойнауы құт, берекелі өңірдің - Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі ЫСҚАҚПЕН сұхбаттасқан едік.

- Бинәлі Әбдіқапасұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кешегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ел дамуына тың серпіліс беретіні анық. Аталған саяси құжатта стратегиялық бағыттар белгіленді. Осыған орай қандай ерекшеліктерге мән беріп, қандай шараларға ден қою керек деп ойлайсыз?

– Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің кезеңдік дамуын қорытындылай келіп, оның шынайы бағасына жан-жақты тоқталды. Өскелең уақыттың талаптарына сай іс-қимылдарды ширатып отырмыз ба деген сұрақтардың шешімдерін анық көрсетті. Ең алдымен әлеуметтік-экономикалық әлеуетіміздің тұрақтылығына және оның өсу мүмкіндіктеріне ден қойды. Бұл арқылы адам факторы деңгейінің жақсаруына көңіл бөлді.

Сондықтан әлеуметтік мәселелер күн тәртібіне шықты. Мәселен, ендігі кезеңде ең төменгі жалақының көлемі 1,5 есеге ұлғаймақшы. Оның еңбек адамдарына ықпал ету әсері зор. Біріншіден, тұрмыстық жанбағыстың қолайлы болуын қамтамасыз етеді. Екіншіден, осы арқылы кадрлардың сапалық деңгейін көтеруге мүмкіндіктер туады. Сонымен қатар, Жолдауда шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетуге арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының мерзімін одан әрі ұзартуды ұйғарды. Бұл кәсіпкерлікті сандық жағынан да, сапалық жағынан да нығайта түсудің негізі болмақ.

Жасампаз қоғам құрудың басты шарты жаңа адамның рухани жаңғырып, жақсы тәрбиеленуінде. Солай етудің негізгі кілті мұғалімде. Елбасымыз осынау өзекті мәселені дер кезінде ескерді. «Ұстаз мәртебесі туралы» Заңды қабылдау керектігін алға тартты. Демек алдағы кезеңдердің еншісінде қоғамға оң өзгерістер әкелетін жаңалықтардың аз болмайтыны белгілі. 2019 жылдың «Жастар жылы» деп аталуы жоғарыдағы шешімдердің құрамдас бөлігі.

Елбасымыздың Жолдауын қалың бұқараға түсіндіру мақсатында игі шараларды қолға алып жатырмыз. Халықтың ойынан шыққан сөз қашан да халықты қанаттандырады.

Өзіңіз де жақсы білесіз, Рухани жаңғыру жолы берік ұстанымға айналды. Ата дәстүрден арна тапқан ой-сананың жаңаша жаңғыруы – ұлттық дамудың тірегі. Бұл бағыттағы іс-шараларды айта отырып, әңгімені ары қарай сабақтасақ.

– Елбасымыз Рухани жаңғыруды өзекті мәселе етіп бекер көтеріп отырған жоқ. Біле білсек, бұл – ұлттық идеологиямыздың алтын арқауы. Ұлы Даламыздағы кешегі озық дәстүрлерді бүгінгі өркениет тәрбиесімен ұштастырудың қажеттігі. Көрдіңіз бе, мақаланың мәні өте терең.

Қазақта «Беліңнің мықтысы бір басыңа, еліңнің мықтысы бір ғасырға» деген тәмсіл бар. Енді міне сол өсиеттерді дұрыстап орындаудың мезгілі жетті. Ұлттық рухани кодтан адаспасақ, жолымыздың оңғарылғаны. Болашағымыз айқындала түседі. Елбасы жүктеген осы міндеттерді дұрыс түсініп, оны ойдағыдай жүзеге асыруымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, жаңа заманға біз озық технологиямен бірге өзімізге тән озық дәстүрлерімізді қалыпқа келтіріп, жаңғыртып қадам басқалы отырмыз. Ұлттық рух ол – ғасырдан ғасырға құнын жоймаған бабаларымыздың бізге қалдырған бағдаршамы.

Елбасымыз Рухани жаңғыруды айтқанда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын» құруды ұсынды және міндеттеді. Ұлы Даламыздың әр аймағы киелі. Солардың бірі – біздің өңір. Өйткені мұнда ықылым замандардан бері өмір сүрген бабаларымыздың көне қорымдары сақталған. Сол жерден табылған «Алтын Адам» қазір Тәуелсіздік символдарының біріне айналды. Сонымен қатар, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бірқатар кешенді жұмыстар істелді. Тарихи-мәдени ескерткіштер бой көтерді. Осы тізімде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі де бар. Бүгінгі таңда бұл орын алыс-жақын шетелдермен халықаралық мәдени байланыстар орнатты. Ел тарихын әлемге паш ететін үлкен мүмкіндіктерге ие болды. Нәтижесінде халықаралық дәрежедегі өзара түсіністік үрдістері қалыптасты.

2013 жылдан бастап Оңтүстік Корея Республикасы өткенге тағзым ету дәстүрін негізге алып «Ұлы Жібек жолы бойындағы достық пен әріптестік» деген жазуы бар ескерткіш-белгілерді қоюды қолға алды. Бүгінгі таңда Қытай, Иран, Өзбекстан, ‡ндістан және Түркия мемлекеттерінде осындай белгітастар орнатылған. ‡стіміздегі жылдың маусым айында елімізде тұңғыш рет сондай белгітас біздің ауданның аумағында, «Есік» қорық-музейінің ауласынан орын тепті. Бұл, сөз жоқ, үлкен тарихи оқиға. Өйткені Ұлы Жібек жолы – қасиетті жол. Адамзатқа ортақ құндылық. Батыс пен Шығысты жалғаған алтын көпір. Кезінде Жібек жолы арқылы өркениеттерге өріс ашылды. Экономикалық және рухани байланыстар қанатын кеңге жайды. Халықтар достығына зор ықпал етті. Осының бәріне байтақ даламыз, ұлттық тарихымыз куә. Ендігі жерде ол жаңаша сипат алады. Міне, аудандағы Рухани жаңғырудың жарқын мысалдары қандай дегенде, алдымен осыларға тоқталар едім.

Сонымен қатар, өлкетануға да үлкен мән беріліп отыр. Оның өріс алуына мүдделіміз. Қарап отырсақ, әр елді мекеннің өзіндік шежіресі, тарихы мен тәлімі аз емес. Көпшілікке үлгі етер азаматтары да жетерлік.

Бір мысал айтайын, осыдан бірер жыл бұрын Есік қаласындағы А. Мәлкеев атындағы білім-иновация лицейінің оқушылары халықаралық олимпиадада топ жарып, жеңімпаз атанды. Ауданнан шыққан озат оқушыларды шақырып, арнайы қабылдадым. Емен-жарқын отырып әңгімелестік. Математика пәнінен жеткен жетістіктеріне тәнті болдым. Сөз арасында мен олардан Мәлкеев деген аталарының кім екенін сұрағанда әлгі озат оқушылардың ешқайсысы менің сұрағыма жарытып жауап қайтара алмады. Бұл нені көрсетеді? Бұл – өлкетану үрдісінің дұрыс жолға қойылмағандығын білдіреді. Сол кісінің атындағы оқу орнының оқушылары бұлай дегенде, қалған жастар оны қайдан білмек? Абылхан Мәлкеев ағамыз еліне еңбегі сіңген қайраткер болған. Кезінде Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарын басқарған. Өңірдің гүлденуіне зор үлес қосқан айтулы тұлға. Осындай азаматтар бізде аз емес. Күллі Алашқа есімі әйгілі болған қаншама тарлан таланттар шықты бұл өңірден. Олардың есімдерін есте сақтап, ізгі істерін әңгімелесек, өмірлерін үлгі тұтсақ қандай ғанибет?! Өз ауылының тарихын жаттап өскен, жақсылары мен жайсаңдарын ардақ тұтқан жастар кемелдікке бет бұрады. Елінің, жерінің қадіріне жетеді. Ешқашан жаман жолға түспейді. Өйткені отансүйгіштік сезімі осы өлкетанудан бастау алады. Сондықтан өлкетану дәрістері мектеп бағдарламасына жүйелі түрде кіргізіле бастады. Аудан тарихын, ондағы жер-су атаулары мен айтулы тұлғаларды әңгімелейтін арнайы кітап шығарып, мектептерге тараттық.

Елбасымыз атап көрсеткен «Туған жер» бағдарламасын халық шын жүрегімен қабылдады. Өз ауылын өркендетуге құлшыныстар пайда болды. Көпшіліктің қошеметіне бөленген жомарт жандар арамызда аз емес екен. Мәселен, белгілі кәсіпкер Руслан Қалиев өз қаражатына Ташкенсаз ауылының тұрғындарына арнап стадион салып берді. Алма өсірумен айналысатын «Амал Био» жауапкершілігі шектеулі серіктестік иелері – Сабировтар отбасы Ащыбұлақ ауылына демалыс саябағын жасап, қалың жұрттың алғысына бөленді. Шелек ауылындағы А. Розыбақиев мектебінің ауласын абаттандыруға жергілікті кәсіпкерлер өз үлесін қосып, үлгі көрсетті. Қуанарлығы сол, мұндай мысалдар көбейіп келеді. Оның ары қарай да сәтімен жалғасатынына сенімдімін.

Қазіргі таңда елімізде азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіру мемлекеттің басты назарында. Сондықтан, аграрлық салаға ерекше көңіл бөлінуде. Солай дегенде, аудандағы ауылшаруашылықтың даму қарқынын қалай сипаттар едіңіз? Бұл салада енгізіліп жатқан жаңа технологиялар туралы не айтасыз?

- Облыстағы өндіріліп жатқан ауылшаруашылық өнімдерінің 15 пайызы біздің ауданның еншісінде. Осыдан-ақ өңірдегі аграрлық саланың қандай сипатта екенін бағамдай беруге болады. Дүние күн санап өзгеруде. Жарыс, күрес, бәсеке. Біз жаћандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Әлемдік озық технологияларды ойдағыдай меңгеріп, оларды қолданысқа енгізу қажет. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Президентіміздің «Аграрлық саланы ел экономикасының драйверіне айналдыру керек» дегені сондықтан.

Аудан халқы, шаруалар мен диқандар жаңа заман талабын біртіндеп түсініп келеді. Еңбек пен білім ұштасқан кезде ғана толайым табыстарға қол жеткізе алатындарын ұқты. Міне, осындай ізденістің және мемлекеттік қолдаудың арқасында 2017 жылы ауданда ауылшаруашылығынан алынатын өнімнің жалпы көлемі 99 миллиард 827 миллион теңгеге жетті. Бәрін салыстырмалы түрде таразылап көрейікші. Мәселен, 2016 жылы ауылшаруашылығын қолдау үшін бюджеттен 1 миллиард 700 миллион теңге бөлінсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 2 миллиард 300 миллион теңгені құрады.

Жер емген диқандар жыл бойы сала-сала бойынша өткізілетін «Егіс алқабы күнінде» арнайы басқосуды жыл сайынғы дәстүріне айналдырған. Соның нәтижесінде олар кең отырып ғалымдармен пікірлеседі. Көкейде жүрген көп жайттардың түйінін тарқатады. Олқылықтардың орнын толтыратын ұтымды жолдарды іздейді. Өзара тәжірибе алмасады.

Биылғы «Егіс алқабы күнінде» шаруалар қытайбұршақ пен жүгері дақылдарын өсірудің технологиялары туралы сөз етті. Жаңашар ауылдық округіне қарасты Космос елді мекенінде өткен облыстық семинар-кеңесте осы тақырып жан-жақты талқыланды. Түрген ауылында жаңғақ өсірудің озық технологиялары туралы да дәл осындай алқалы жиын өтті. Италиядан келген мамандар жергілікті кәсіпкерлермен тізе қоса отырып өз тәжірибелерімен бөлісті. Осындай әріптестіктің арқасында италияндық кәсіпкерлер «Интеграция Түрген» ЖШС-ға қарасты 20 гектар алқапқа жаңғақ пен фундуктың 34 түрін өсіретін эксперименттік бақ отырғызды. Келешекте оның көшеттерімен Қазақстанның Оңтүстік өңірі мен Орталық Азияны қамтамасыз ететін болады. Бәйдібек би ауылындағы «Даврешев» шаруа қожалығында өткен ғалымдар мен диқандар бас қосқан жиында алма өсірудің озық тәжірибелері әңгіме арқауына айналды. Ең бастысы, осы шаралардың бәрі ортақ іске молынан пайдасын тигізуде.

Бүгінде ауданымызда алма мен жүзім өсіру қарқыны ойдағыдай. Алма бақ пен жүзім плантацияларының аумағы    9868 гектарға жетті. Оның 1500 гектары интенсивті бақтар. Заманауи технологияларға бет бұрудың арқасында бір гектар аумақтан 100 тонна алма алатын жағдайға жетіп отырмыз. Сол сияқты Қаратұрық ауылдық округінде 23 гектар алқапта «Алматы-Жидек» ЖШС ұзақ бұзылмайтын құлпынай өсіруді бастады. Оның өнімдерін сатып алуға Өзбекстан мен Грузия кәсіпкерлері қызығушылық танытып отыр.

Келесі жылы ауданда интеграция «Түрген» италияндық ғалымдармен бірігіп ТМД елдері мен Орталық Азияда теңдесі жоқ микроклоналдық зертхананы іске қосады. Ол арқылы жоғары сапалы аудандастырылған көп жылдық өсімдік көшетін өсіру біздің жерімізге тиімді ме және ол қаншалықты өнім бере алады деген сұрақтарға күні бұрын анық жауаптар табатын боламыз.

Қай заманда да білімділік табысқа жетелейді. Бүгінгі таңда ауылшаруашылығына білікті мамандар ауадай қажет. 2012 жылдан бері аудан әкімдігі мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті арасында аталған істі қамтамасыз ететін меморандумға қол қойылған. Қазір университет ғалымдары мен әрбір шаруашылық тығыз байланыста. Бірлескен іс-қимыл өз нәтижесін көрсете бастады.

Биылғы көктемде АҚШ-тағы белді университеттердің ғалымдары біздің өңірге арнайы ат басын бұрды. Олар бекер келген жоқ. Бау-бақшалардағы түрлі зиянкестермен, ауырулармен қалай күресу керектігі туралы тәжірибелерімен бөлісті. Нәтижесінде бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

Шелектегі фермерлер мектебі, Қаракемер ауылында ашылған 600 орынды кәсіптік-техникалық колледжі білікті орта буын ауылшаруашылық мамандарын даярлауға және қайта даярлауға кірісті. Аудандағы бар орта кәсіптік оқу орындарының жұмысын жаңа талапқа сай бағытқа бұру жұмысы қолға алынды.

- Шағын және орта бизнес – қоғам дамуының негізгі кепілі. Өйткені, бұл саланың жұмысына бұқара халық көптеп қатысатыны анық. Өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы туралы не айтар едіңіз?

- Әрине, шағын және орта бизнестің ел экономикасына тигізер пайдасы жоғары. Кәсіпорындар санының артуы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға орасан зор септігін тигізеді. Мемлекет қазынасына түсетін салық көлемі еселеп өседі. Сондықтан біз бұл саланың жандануына мүдделіміз.

 «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы басталғалы бері аудан кәсіпкерлері үшін 68 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оларға арнап 7 миллиард 591 миллион 738 теңге бөлінді. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнес нысандарының саны 18276-ға жетіп, 453 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған сала бойынша өткен жылы 32 миллиард 750 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Қазынаға 4 миллиард 230 миллион теңге салық түсті. Оның биылғы қарқыны да жоғары. Салық түсімінің көрсеткіші 9 айда 6 миллиард 690 миллион теңгеге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 223%-ға өскені байқалады.

Кәсіпкерлікпен айналысып жатқандардың дені жас отбасылар. Олар қазіргі нарықтық қатынасты және нарық заңын жете түсінуде. Бәсекеге қабілетті болғанда ғана жұмыстарының табысты болатынына көздері жетті. Қазір өңірлерде орналасқан мейрамханалар, дүкендер, басқа да халыққа қызмет көрсететін орындарға көз салып қараңызшы, олар бір-бірінен асып түсетін дәрежеде. Сыртқы келбеттері көз тартады. Ішіндегі қызмет сапасы да соған сай. Кәсіпкерлер бәсекелестік әдістерін сұранысқа сай жетілдіре бастаған. Еңбектерінің арқасында тұрмыстары түзеліп, ауқатты отбасыларға айналуда.

Мәселен, кез келген ауылға жолыңыз түсе қалса жайлы тұрмыс кешіп жатқан адамдар өміріне куә боласыз. Дәулетті шаңырақ иелерін кезіктіресіз. Олардың тіршілігі қаладағы өмірден еш кем емес. «Еңбек етсең емерсің» деген мақал бекер айтылмаған. Еңбек етем, табысқа кенелемін деген адамға тосқауыл жоқ. Қайта оларға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалып отыр. Соны ұтымды пайдаланып, көзін тапқандар жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Әрекетінің берекетін көрген жандарға қарап сүйсінесің.

Халықаралық ЭКСПО – 2017 көрмесі өткелі бері баламалы энергия көздерін пайдалану істері жоғары деңгейде қолға алынды. Сөгеті ауылдық округінде қуаттылығы 150 МВт. болатын, инвестициялық сомасы 80,0 миллиард теңгені құрайтын күн электр станциясы және Масақ ауылдық округінде қуаттылығы 5 МВт. болатын, инвестициялық сомасы 2 млрд. 268 млн. теңгені құрайтын жел электр станциясы құрылыстары басталды. Шелек өзенінің бойында салынатын қуаттылығы 50 МВт. 3 су электр станциясының жобалары мақұлданды. Сонымен бірге ауданға 97 миллиард теңге мөлшерінде инвестиция әкелетін 3,3 миллион тонна вольфрам рудасын өндіріп, өңдейтін Бұғыты тау-кен комбинаты құрылысының жобасы бекітілді. Бұл нысандар, біздің ауданда бұған дейін болмаған. Ол – жаңа мамандық иелерін қажет ететін мыңдаған жұмыс орны деген сөз.

Бес әлеуметтік бастаманың тағы бірі – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» еді. Өткен жылдың соңында Есік қаласы мен Шелек ауылына алғаш рет газ тартылып жұртшылық қуанышқа бөленді. Өңірге көгілдір отынның келуі жылыжайлар мен ауылшаруашылық өнімін өңдеу кәсіпорындарының көптеп ашылуына септігін тигізетіні анық.

- Еліміздің ертеңі – жастар. Олардың сапалы білім алуына, бос уақыттарын тиімді пайдалануына септігін тигізетін қандай шаралар қолға алынуда? Осы жайларға да тоқтала кетсеңіз.

- Білімді ұрпақ – кемел келешегіміздің кепілі. Сондықтан мемлекет жастар мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырмаған. Келесі жылдың «Жастар жылы» болып аталатыны көп жайды аңғартады. Бұл бағыттағы іс-шаралар жаңа мазмұнмен байытыла береді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан заманауи мектептер өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына мол мүмкіндік беретін фактор. Мәселен, біздің ауданда соңғы алты жылдың ішінде 12 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 14 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Өткен жылы Есік қаласы мен Шелек ауылында 600 орынды жаңа оқу орындары қолданысқа берілді. Биылғы оқу жылында Қаратұрық ауылындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтсе, Өрікті ауылындағы мектепке 300 орынды ғимарат жапсарласа салынып, оқушылардың қысылмай-қымтырылмай алаңсыз білім алуына жағдай жасалды.

Мектептерде ұстаздардың білікті болуы бірінші талап екені рас. Осыны іске асыру мақсатында жақында аудан әкімдігі мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті арасында меморандумға қол қойылды. Енді ауданымыздың мұғалімдеріне университет жанындағы онлайн курстары мен оқыту семинарларына еркін қатысуына мүмкіндік туғызылды. Университет профессорларымен шеберліктерін шыңдап, қажеттілігінше қарым-қатынаста болады.

Ауданда «Балапан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы да жүйелі түрде жүзеге асуда. Биылғы жылы жалпы жоспарланған 18 балабақшаның 12-і бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Жаңа жылға дейін қалған 6 балабақшаның құрылыстары толығымен аяқталуға тиіс. Соның нәтижесінде жыл соңында балабақшамен қамту деңгейі 98 пайыздан асатын болады.

Жастар салауатты өмір салтын берік ұстануда. Ауылдардағы мәдениет үйлері, спорт нысандары осы мақсатта жұмыс істеуде. Қаракемер ауылындағы игі істер оның жарқын мысалы. Бұл жерде жергілікті өнерпаздар үшін үйірмелер тұрақты жұмыс істейді. Балалар театры көпшіліктің көзайымына айналды. Осындай жетістіктері үшін ауылдағы Мәдениет үйі өткен жылы облыс бойынша үздік деп танылды.

Есік қаласындағы жаңадан ашылған «Жастар» саябағында өскелең ұрпаққа арналған өнегелі шаралар жиі ұйымдастырылады. Осының бәрі жастардың жан-жақты болып өсуіне септігін тигізіп жатқан игі істердің топтамасы.

Еңбекшіқзақ ауданы – туризмнің қайнар көзі екені рас. Осылай деуімізге өңірдің тамыры тереңде жатқан тарихы да, тамылжыған табиғаты да дәлел бола алады. Бұған не дейсіз?

– Жер жаннаты – Жетісудың табиғаты демалуға да, ем алуға да таптырмайтын орын. Соның бірі де бірегейі – біздің өңір. Ауданымызда туристік әлеуеттің болашағы зор деп сеніммен айта аламын. Түрген шатқалына, Асы жайлауына, Есік көліне демалатын адамдар саны жылдан-жылға көбею үстінде. Жеке кәсіпкерлер де бұл салаға ерекше қызығушылық танытуда. Өткен жылы Саймасай ауылдық округіне қарасты аумақта «ASSORTI RANCHO» демалыс орны салынды. Малыбай ауылдық округіне қарасты Шелек өзенінің бойында «Рафт Сервис» ЖШС салмен жүзу спортына үйрететін кемпинг лагерьлерін іске қосты. Шарын шатқалына апаратын 10 шақырымдық автожол салынып бітті. Алдағы уақытта ‡лкен Алматы каналының бойындағы жолды жөндеу толығымен аяқталған кезде осы аймақта экотуризм дамитын болады. Демалыс күндері велосипедшілер Алматыдан Бартоғайға дейін еркін жүретін болады. Жаяу жүргіншілердің саны артады. Қалалықтар жол бойында жайқалып өскен экологиялық таза бау-бақшаларға барып жеміс-жидектерді өсіріп, күтіп жинасуға араласады. Олар осы арқылы табиғатпен етене жақындаса түсетін болады.

Көктемде Жапонияда «Сакура гүлдегенде» атты мереке өтеді. Жұрттың бәрі ағаштың гүліне ондағы сұлулыққа елжіреп қарайды. Туған жер табиғатынан әдемі әсер алады.

Ал, бізде Түрген шатқалында өсетін жабайы өрік ағаштары күзде ерекше құлпырады. Алтын түсті жапырақтары көздің жауын алады. Біздің өріктің сакурадан қай жері кем?! Осынау көріністі көпшілікпен бірге тамашаладық. Түрген шатқалында «Алтын өрік» күнін демеушілермен бірге ұйымдастырдық. Басында оған адамдар аз жинала ма деп күмәнданғанымыз рас. Алайда, екі мыңнан астам адамның келгенін көріп әрі риза болдық, әрі таңғалдық. Мұндай ізгілікті шараны тұрақты өткізу керек екен-ау деген ойға келдік.

Әңгіме барысында аудан өмірінің жалпы сипатының басты-бастыларына ғана тоқталдым. Бір сұхбатта оның бәрін қамтып шығу мүмкін емес. Қай тұсқа назар салсаңыз да оң өзгерістерді байқайсыз. Ал оң өзгерістер дегеніміз – қоғамның үнемі өркендеу үстінде екенін көрсететін белгі.

- Сөз соңында тағы бір сұрақ қойғым келіп отыр. Әкім ретіндегі толғамдарыңыз түсінікті. Енді әке ретіндегі пікіріңізді білгіміз келеді. Бұған не дейсіз?

- Меніңше, әке болу әкім болудан қиын болмаса, оңай емес. Мен атамның тәлімін көп көрген адаммын. Одан кейін әкенің талқысында шыңдалдым. Қазір сол кезеңдерді көзіме елестетсем, атамның ақылға тұнған асқақ тұлғасын есіме түсіремін. Ауыл қарияларының бәрі осы тектес еді. Олар өз балаларына жақсы тәрбие беру арқылы отансүйгіштіктерін дәлелдеді. Ұрпақтарын көзден таса еткен жоқ. Олардың әр қадамын бақылап отырды. Балалары текті, намысты болып өссе бүкіл елге пайдасын тигізетін дәрежеге жететінін өздеріне ғана тән табиғи түйсікпен сезінді. Сондықтан әкелік қасиеттердің бүгінгі қазаққа керек ерекшеліктерін де жаңғыртқан жөн дер едім.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы

Оқи отырыңыз