Үздік педагог

Үздік педагог

Ұстаздарды қолдау мақсатында жыл сайын ел көлемінде «Үздік педагог» байқауы өткізіліп келеді. Биылғы байқауда жалпы білім беретін мектептерден 109, колледждерден 37 ұстаз бақ сынап,  оның 64-і жеңімпаз атанды. Алматы облысынан төрт ұстаз байқау жеңімпазы болды. Бұл қатарда №14 орта мектеп-гимназиясы директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Айман Кабдығалиева бар. 

Айман Төлепбергенқызы бұл марапатқа ізденісті еңбегінің нәтижесінде қол жеткізді. Ол соңғы төрт жылда «Сабақты зерттеу» әдістемесі бойынша ізденіс жұмысын жүргізген. «Сабақты зерттеу арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбындағы әдістемелік құралдың авторы. Дәл осы зерттеу еңбегі мен оқушыларының білім сайыстарынан көптеп орын алуы Айман Төлепбергенқызын жеңіске жетеледі. Үздік ұстаз Астана қаласында өткен марапаттау шарасында  ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің  қолынан  «2018 жылдың үздік педагогі» төсбелгісі мен 2 405 000 теңгенің сертификатын алды.
– Еңбегің еленіп жатса адам үшін одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын. Бұл бір сөзбен айтып жеткізе алмас ерекше сезім. Аталмыш байқау мұғалімнің мәртебесін, беделін көтеру үшін  жасалып жатқан шара деп білемін. Сонымен қатар, бұл біздің ары қарай жемісті еңбек етуімізге ашылып жатқан жол екендігі де даусыз, – деді қуанышын бөліскен ұстаз.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін жоғары санатты ұстаз өзінің жаңартылған бағдарлама бойынша ойымен бөлісіп, білім беруде басшылыққа алатын басты ұстанымдарын да айтты. 
– Жаңартылған бағдарламаның талабы ұнайды. Нақты критерийлермен жұмыс жасаймыз. Оқушы қай жерден ақсап жатыр, барлығы тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Жалпы мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болғандықтан балалардың дұрыс сөйлеуіне мән беремін. Сабақ барысында пікірталас ұйымдастырып, оқушыларды көп сөйлетуге тырысамын. Оған қызыға қатысады. Кейбір балалар ойын жақсы жеткізгенмен соны қағазға түсіргенде қиналып жатады. Сол тұрғыда жұмыс жүргіземін. Оқушылардың сауаттылығына мән беремін. «Сауатты жазған адам сауатты сөйлей де біледі» деген қағиданы ұстанамын. Оқушыларды соған жетелеуге тырысамын. Шығармашылық байқауларға көптеп қатыстырамын. Ол баланың қабілетін ашып, тілін, ой-өрісін дамытуға әсер етеді, – дейді Айман Төлепбергенқызы. 
Жиырма жылдық тәжірибесі бар ұстаз бастапқыда Алакөл ауданы Байзерек орталау мектебінде, одан кейін Үшарал қазақ гимназиясында, Талапкер орта мектебінде жұмыс істеп, 2014 жылдан бері Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясында еңбек жолын жемісті жалғастыруда. Аталмыш білім ошағы «Сабақты зерттеу» әдістемесі бойынша тірек мектебі болып табылады. Ал Айман Төлепбергенқызы осы топқа жетекшілік етіп, іс-тәжірибелерін облыс көлемінде таратуға ұйытқы болуда.
Ұстаз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша білімін жетілдірген. Педагогикалық шеберлік орталығынан ілгері (бірінші) деңгей бойынша сертификат алған. «Тәжірибедегі рефлексия» мектеп тренері курсын бітірген. Міне, осы тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар бе-ріп, оқу жүйесіне елеулі үлес қосып жүрген Айман Төлепбергенқызының мектебіне, шәкірттеріне берері көп.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Оқи отырыңыз