Бақтияр ӨНЕРБАЕВ: "ЖҮРЕМІН, ЖҮГІРЕМІН, ВЕЛОСИПЕД ТЕБЕМІН"

Бақтияр ӨНЕРБАЕВ:

Текелі – тау қойнауында орналасқан, тұмса табиғатымен тамсандыратын, самал желімен баурап алатын, саф алтындай ауасы бар, ел ғана емес, алыс-жақын шетелдерден қонағы үзілмейтін, туризмі мен өнеркәсібі ерекше дамыған, жер жаннаты Жетісудың шұрайлы жерлерінің бірі. Қысы-жазы меймандары үзілмейтін моноқаладағы атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын білу үшін ат басын Текелі қаласының әкімдігіне бұрдық. Бізді қала әкімі Бақтияр ӨНЕРБАЕВ күтіп алды. Шаһар басшысымен өрбіген әңгімеміз де қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігінен басталды.

– Бақтияр Әлтайұлы, әңгімемізді өзіңіз басқаратын Текелі қаласының тіршілігінен бастасақ. Моноқаланың бүгінгі жай-күйі қалай?

Құрылғанына 66 жыл болған, ауасы ем, биік тауларымен ерекшеленетін моноқалада 33 мың тұрғын бар. Жұртшылықтың әлеуметтік жағдайы жақсы болуы үшін барлық жұмыстар атқарылуда. Қай саланы алып қарасақ та, қарыштап дамып, өңіріміз жылдан-жылға өркендеп келеді. Мұнда қаламыздың кірісін кіргізіп жатқан мыңнан астам жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Аймақта пайдалы қазба байлығы мен инфрақұрлымдық тиімділігін айтпағанда, ауылшаруашылығы, туризм, құрылыс, өнеркәсіп өндірісі, жаңартылған энергия көздері сынды бизнестің перспективті бағыттарында көптеген жақсы өзгерістер бар. Соның ішінде аймақ экономикасының негізгі күші ретінде өнеркәсіп саласы танылған. Жуырда ғана шойын шығаратын Тау-кен комбинаты ашылды. Сонымен қатар, электр мен жылу энергиясын шығаратын «Текелі энергия комплексі»  жұмыс істеп тұр.  Қора өзенінің бойында қуаттылығы 24,5 МВт болатын «АСПМК-519» ЖШС СЭС-і іске қосылды. Қазіргі таңда қала тұрғындары қуат тапшылығын көрмейді. Оған қоса Шажа өзеніндегі су электр  стансысының құрылысы басталды.

Текелінің болашағы үлкен. Парламенттен халықаралық хаттама ратификациядан өткен жағдайда 2019 жылдан бастап 1200 студент  оқытатын Орта азиялық университет бой көтермек. Студенттерді толықтай қамтамасыз ету үшін жатақхана, оқу корпустары және қосымша қызмет көрсететін нысандардың құрылысы басталады. Бүгінде жұртшылық дүкен, мейрамхана ашып, кәсібін дөңгелетуде. Мал шаруашылығы, ет, сүт, жұмыртқа өндірісі 100 пайызға жетті. Қаладағы Бақтыбай, Қазақстан, Берікбаланов, Қастеев көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Былтыр Ғарышкер, Гагарин көшелерінде тротуарлар жөнделіп, жарық тартылып, орындықтар мен қоқыс салатын жәшіктер орнатылды. 3 млрд. теңгеден артық инвестиция тартылды. «Алма Отаны» деген компания голландық технология бойынша 11,5 гектар жерге келесі айда жылыжай құрылысын бастайды. Жылыжай көктемге дейін салынып бітетін болса, күзде жемісін жейміз. Соның нәтижесінде 250-ден аса адам еңбекпен қамтылады деп жоспарланған. Бұл жерден жылына 14 000 тонна өнім шығаруды көздеп отырмыз. Халық дән риза. Алда өңірімізді өркендету үшін жасалатын жоспарлар жетерлік.

Иә, кенді шаһарда өнеркәсіп қарыштап дамып келеді. Өңірде жаңа ашылған Тау-кен комбинаты қашан толықтай жұмысқа кіріседі? Текелідегі жұмыссыздық деңгейін төмендете ме?

– Аймақ экономикасының негізгі күші – өнеркәсіп. Мәселен, бұл салаға жыл басынан бері 3,2 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Осының нәтижесінде шаһарда шойын шығаратын Тау-кен комбинаты іске қосылды. Қазіргі уақытта эксперттер шығарылып жатқан шойындардың сапасын тексеріп жатыр. Сапасы халықаралық стандартқа сәйкес болса, өнімді қызығушылық танытып отырған күллі Еуропа мен Қытай елдеріне сатылымға шығарамыз.  Комбинатта 1000-ға жуық адам жұмыс істейді. Оған өңіріміздегі жұмыссыз адамдарды қызметке орналастырамыз. Комбинат мамандарын Қарағанды, Қытайға оқуға жіберді. Әуелі зауыттан шойын шығарады. Одан құрылыс жұмыстары мен машина жасауға пайдаланылатын болат жасаймыз. Болаттың бағасы қымбаттау, сол себепті сұраныс өте көп. Қарашаның ортасында өнеркәсіп 100 пайыз іске қосылады деп күтілуде. Шығарып жатқан өнімді халықаралық стандартқа сәйкес келді деп сол кезде толық айта аламыз. Бұл тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы шойын зауыты.  Болашақта Текелі қаласында үлкен серпіліс болады. Себебі әр отбасындағы әлеуметтік жағдайдың барлығы шешіледі. Зауыт басшылығы «Алдағы уақытта қалаға мектеп, балабақша, мешіт салып береміз», – дейді. Тіпті, мешітке жер бөліп қойғанбыз. Ең бастысы, шойын зауытының жұмысы жүріп кетсе болғаны.

Кезінде Текеліде қорғасын-мыс өндірген уақытта қалдықтар төгілетін палигон бар деп еститінбіз. Соны залалсыздандыру жайында қандай шаралар атқарылады?

Бізде жалпы шешімін таппай тұрған екі мәселе болатын. Су және экология мәселесі. Қаланың ортасында 60-70 жыл бұрынғы көміп тастаған комбинат қалдықтары бар. Қалдықтың беті қазір ашық жатқандықтан жел тұрған кезде қоқыс ұшып, қаланың үстін жауып, жер, суға залалын тигізуде. Бау-бақшалардағы алма ағаштарының бұзылып кетуі де осыған байланысты. Осы мәселенің алдын алу мақсатында жобалық сметалық құжат жасалды. Қаржы  бөлінді. Келесі жылы респбуликалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінсе рекультивация жасаймыз. Қалған қалдықтың үстін топырақпен жауып, газон мен ағаш егеміз.

 Жаз айларында таудан еріген қар қалаға мәрмәр мен кальцийді алып келеді. Ол ішпек түгілі жуынуға да жарамайды. Бұл қаншама жыл бойы шешілмеген мәселе болатын. Былтыр облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының қолдауымен 148 млн. теңге бөлінді. Биыл мамандар жердің астындағы судың халық тұтынуға жарамдылығын тексеруде. Егер барлығы дұрыс десе, сорғыштар орнатып, қалаға қосып береміз. Осы екі мәселе шешімін тапса, бізде экология бойынша ешқандай қиындықтар болмайды. Сонымен қатар, биыл бюджеттен 48 млн. теңге сұрап жатырмыз. Өйткені, Қора өзенінен таудан мұз еріген кезде қап-қара, ал Шажа өзенінен мөп-мөлдір су ағады. Мамандардың айтуынша Чажаның басынан қалаға су тартуға 50 млн.-ға жуық қаржы кетеді. Хлорға қарсы керек дүниелерді қойып береміз.  Егер жер асты суы ішуге жарамайтын болса екінші нұсқамыз осы. Бұйырса келесі жылы күрделі екі мәселенің күрмеуі шешіледі.

Елбасы жер жаннаты Жетісу жеріне инвесторлар тарту керектігін айтып, туризм саласын дамытуды басты назарға қойды. Ал Текелі облыстың ғана емес еліміздің туризмін дамытуға қолайлы өңір. Мұнда елімізбен қоса шетелдерден келетін туристердің саны жылдан-жылға артуда. Сіз де Текелі туризмін дамыту қажеттігін ұдайы айтып келесіз. Айтып қана қоймай, өзіңіз бас болып, нақты жұмыстар жасала бастады. Білгіміз келгені – қалада туризмнің дамуы қай деңгейде?

–  Текелі туризмін дамыту жұмыстары жоғары деңгейде атқарылуда. Өңірімізге келушілер легі де жыл сайын артып келеді. Неге дейсіз ғой? Өйткені, шетелден келген  туристер қазір бес жұлдызды қонақүйлерге қызықпайды, барлығы қарапайым үйде жүргенді жақсы көреді. Мейрамханада беретін түрлі тағамдарды емес, экологиялық  таза өнімдерді тұтынады. Сондықтан біз саф алтындай ауасы бар, туристердің демалуына пайдалы, тарихи, көрікті жерлеріміздің көптігін тиімді пайдаланып, туризмді дамытатын нысандарға әлеуетті инвесторлар тарта білуіміз керек. Биыл қалада ең алдымен экотуризмді өркендетуге көңіл бөлінген. Жоба бойынша  балалар мен жасөспірімдердің туристік өлкетану орталығы мен демалыс аймақтары ашылды. Сонымен қатар, алты қонақүй кешені салынбақ. Туристердің күні қызықты өтуі үшін Артюшененко деген кәсіпкер ат, машина, квадратцикл, велосипедтермен өңіріміздің табиғатын көрсетіп, Текелінің  тау шатқалындағы әсем жерлерін аралатады. Сондай-ақ, ұлттық өнімдерге инвестиция салу басты бағытымыз. «Алма Отаны» компаниясы жылыжай жұмысын аяқтай салысымен ауасы таза, жері құнарлы жерге Апорт алмасын егуге көшеді. Бабамыз «Бір тал кессең он тал ек», – дейді. Жеміс-жидек ағаштарын көптеп отырғызсақ Текелі бақ қала атанып қана қоймай, экологиялық таза өнімнің орталығына айналмақ. Тау шатқалдарын да тиімді пайдалануымыз керек.

Осы таулы жерде Көк байрағымызды желбіретіп, ел намысын асқақтатып жүрген спортшылар дайындалады. Тау шатқалдары жұмысы бойынша «Теке-су» компаниясы шаңғы тебу базасын қолға алған болатын. Аталмыш компания шаңғы тебетін орын мен қонақүйдің жөндеу жұмыстарын жүргізсе, қысқы туризм де өркендейді. Ал жазда Шажа өзенінің бойындағы қыратта тұрған бұрынғы саяжайларды жасаса, нағыз туризм мен бизнестің көзі. Жаз басталғаннан-ақ талдықорғандықтардың өзі «Швейцария», «Словянский двордан» орын алады. Алдағы уақытта өзеннің жағасындағы орталық бассейннің жол, су, жарығын жасауды жоспарлап отырмыз. Ал оны ұтып алған бизнесмендер жаңа заманға сай бассейн салса, туристердің ағылатыны анық. Қазірдің өзінде суға түсу маусымы ашылғаннан мұнда орын болмайды. Тура сол сияқты «Словянский двор» мен «Швейцарияға» келушілер өте көп. Биыл «Туған жер» бағдарламасы бойынша алтыбақан, балалар ойнайтын алаң салып бердік. Жаздай таза ауа, өзеннің бойында асыр салып ойнаған бүлдіршіндердің шат күлкісі бәрімізге қуаныш сыйлады. Болашақта жиырмадан астам тұрғын үйлердің аулаларына бүлдіршіндер ойнайтын алаң саламыз деген жоспарымыз бар.

Туризмді дамыту үшін, ең алдымен, қала тазалығына баса мән беру керек. Елге сөзіммен емес, ісіммен үлгі болу үшін таңертең ерте тұрып, қаланы аралаймын. Бұл, біріншіден, спорт, екіншіден, қалада қандай жұмыстар атқару, қай жерді жинау керектігін біліп, әр маман басшыларына тапсырма беріп отырамын. Сондай-ақ, халықтың бәрімен тығыз қарым-қатынаста жүремін. Қазір Текелі қаласының кішкентай бүлдіршіндеріне дейін танып алған. Жүгіріп келіп, амандасып тұрады. Алғаш аралағанымда көше мен ардагерлерге арналған саябақта шашылып жатқан қоқыстарды көріп, жүрегім ауырды. Жұмысқа келе сала әлеуметтік желідегі парақшама кімде-кім қалаға немқұрайды қарап, қоқыстарды көше бойына тастағандарды көрсе маған хабарласуларыңызды сұраймын деп жаздым. Қала ластаушыны көрген адамға сыйлыққа смартфон сыйлаймын деп мәлімдедім. Өзім жанашырлық танытып, тазалық мәселесі бойынша түрлі жиындар өткізгелі бері қала тазалығы дұрысталып келеді. Оның үстіне күнде жұмысқа дейін, жұмыстан кейін қаланы бір аралап шығуға тырысамын. Өйткені өскелең ұрпаққа өзің үлгі болуың керек. Кішкентай қаланы таза ұстау отыз үш мыңнан астам тұрғынға қиын емес деп ойлаймын. Тазалық –туризмді дамытудың бастауы. Бізге газ келді. Бұл да экологияға тиімді. Ауа тазарады. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білу. Сонда өңірімізде туризм саласы дамиды.

Елбасы өз Жолдауында келесі жылды еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы  Жастар жылы деп айтты. Бабаларымыз: «Жас келсе – іске», – дейді. Шыны керек, Мағжан атамыз сенген жастарымыздың ішінде жоғары оқу орнын тамамдап, дипломын сандыққа салып, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендері жоқ емес. Ендеше осы жастардың жұмыспен қам­тылуын сөз етсек. Қалада бұл мәселе қалай шешілуде?

Иә, сөзіңіздің жаны бар. Елбасы өз Жолдауында: «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», – деп ерекше атап өтті. Қазір мектептер мен ауруханаларда мамандар жетіспейді. Осы олқылықтарды мектеп және аурухана басшылары түзетіп, жастарды жұмысқа тартып жатыр. Сондай-ақ Елбасы «Жайлылық дегеніміз – ең алдымен тұрғын үйдің қолжетімділігі» екенін айтты. Осыған ора, келесі жылға  40 пәтерлі үй салуды жоспарлап отырмыз. Кезекте тұрған әртүрлі мамандықтағы қызметкерлер бар. Осыдан кейін облыс басшысымен сөйлесіп, жас мамандарға да үй салуды қолға алуға тырысамын. Ел ертеңі – болашақ жастарды жұмыс, баспанамен қамтып, барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұйырса, комбинат ашылса инженер, металлург саласында жас мамандар жұмыс істейді. Компанияға  жөндеу жұмыстарын жүргізіп, болашақ мамандарды баспанамен қамтамасыз етсін деп 13 пәтер беріп отырмын.  Жастарға жер беріп, үй жағдайын жасау керек. Сонда ғана олардың жұмысқа тартылысы жақсарады. Текелінің болашағы – жастарда. Өскелең ұрпаққа бүгін жағдай жасасақ, ертеңгі күні туризм де, өндіріс те дамиды, білім жүйесі де көтеріледі. 

Білім саласына ойыссақ. Жалпы білім саласында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Мектеп мәселесі біздің шаһарда толық шешілген. Ата-аналардың алаңдауына еш негіз жоқ, барлық жағдай бар. Шүкір, бізде білім деңгейі де жоғары. Оқушыларымыз жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүр. Қалада 8 мектеп бар. ҰБТ-дан облыс бойынша үш жыл қатарынан екінші орыннан көрініп жүрміз. Мектепте жақсы мамандар көп. Өкінішке қарай  48 пайыз славян халқы тұратындықтан оқушылардың көбі мектепті тамамдағаннан кейін Ресейге кетіп қалады. Президентіміз Жолдауында оқушыларымыз көп жағдайда шетелде оқып, қайта елімізге оралмайтындығын тілге тиек етіп, аталмыш мәселені шешу керектігін айтты. Соның ішінде Текелі қаласының көрсеткіші жоғары. Славян халықтарының балалары Астана мен Алматыда оқығысы келмейді. Олар Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларына барып оқуға түседі. Өкініштісі, шетелге кеткен балалардың ешқайсысы қайтып келіп жатқан жоқ. Өйткені, ол жақта студенттерге жағдай жасалып жатыр. Елбасы «Бес әлеуметтік бастама» аясында жастардың оқуына, жұмыспен қамтылуына мән беру керектігін айтып, жатақханалар салып беруді де алға тартты. Біз енді осы бойынша жұмыс істейміз.

Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Жуырда жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»  Жолдауын іске асыру шеңберінде қандай жоспарларыңыз бар?

Елбасының Жолдауын текелі жұртшылығымен талқыладық. Бүкіл мекеме басшыларына, мемлекеттік қызметкерлер мен өзімнің орынбасарларыма Жолдаудың негізгі міндеттері бойынша арнайы тапсырмалар бердім. Облыстық жоспар құрылғаннан кейін нақты жұмыс жасаймыз. Осыған орай арнайы топтар да құрылды. Алдағы уақытта облыстық мекемелерге, әртүрлі ұйымдарға кездесуге барып, Елбасының Жолдауын түсіндіреміз. Мемлекет басшысының Жолдауын жұртшылық жақсы қабылдады. Әсіресе, мұғалімдер мен дәрігерлер.

Біз мектеп оқыған жылдары ұстаздардың статусы жоғары болатын. Оқушылар да ұйып тыңдап, айтқандарын екі етпейтін. Тіпті, үйдегілерге мұғалім ұрысты деп айтуға қорқатынбыз. Егер сондай сөз шығып қалса, ата-анамыз: «Сен дұрыс оқымай жүрсің», – дейтін. Қазір мүлдем басқаша. Бүгінгі қоғамның оқушыларын мұғалім ұрыспақ түгілі артық сөйлеуге қорқады. Ұстаз – ұлы тұлға. Біз мұғалімдерді құрметтеуіміз керек. Осыған орай келесі жылы «Педагог мәртебесі» деген Заң қабылданады. Сондай-ақ, дәргерлерге алғашқы медициналық жәрдем көрсету мәселесіне көп көңіл бөлініп, жалақыларын көтерейін деп жатыр. Ең төмен жалақы 48 мың теңге болады. Сонымен қатар, Президентіміздің «7-20-25» бағдарламасы бойынша көптеген жұмыс атқарылады. Текеліде 1116 адам пәтерге кезекте тұр.  Оларға облыстық бюджеттен 2 млрд. қаражат бөлініп, 20 пайыздың  алғашқы 10 пайызына тиімді несие берілетін болды. Бұл дегеніміз – өзің үй алуыңа тамаша мүмкіндік. Осы мәселе бойынша үлкен банктер мен кезекте тұрған халықтарды шақырып, жиналыс өткіздік. Бүгінде тозығы жеткен қауіпті тұрғын үйлер тізімге алынған. Ондай үйдің тұрғындарына қаланың жаңа аумағынан жер, болмаса үй беру жайы қарас­тырылуда.

 – Қазір мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдауға көңіл бөлінуде. Моноқаладағы бизнестің әлеуеті қалай?

– Шағын және орта бизнестің қазір барлық мүмкіншілігі бойынша тиімді несие бөлінуде. Ауылға жастарды тартудың бірден-бір жолы – жұмыс орнымен қамтамасыз ету. Жаңа жұмыс орындары ашылып та жатыр. Сол үшін де Қазақстанда «Даму» бағдарламасы жұмыс істейді. Өз ісін ашып, шағын немесе орта бизнеспен айналысамын деген азаматтарды мамандар арнайы оқытып, ­бизнес-жос­парын құрып, төмен бағамен несие алып беріп, ісін дөңгелетіп әкетуге көмектеседі. Бастапқыда несиені төлеуге де жеңілдік қарастырылған. Осы мүмкіндікті пайдалану керек. Бұл, біріншіден, өз кәсібін ашып, кіріс көзін ұлғайтады. Екіншіден, қаламыздың экономикалық әлеуетін арттырады. «Даму» бағдарламасы арқылы бүгінгі таңда 106 млн. теңге қаражат игердік. 6 жоба тапсырылды. Текеліде мейрамхана, кафе немесе өзімнің бизнесімді ашам дейтіндерге 6-18 млн. дейін қаражат бөлінеді. Қалада өз кәсібін ашып, табысқа жетіп жатқан кәсіпкерлердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл өте қуанышты жағдай. Қазір кәсібін ашып, тұрмысын түзеймін деп ниеттенген адамға мемлекет тарапынан барлық қолдау бар. Осыны жете түсініп, тірлік жасап жатқан текеліліктер өте көп. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы да қарқынды жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда біз 160 млн. қаржы банк арқылы несие алуға құжаттар тапсырдық. Соның ішінде 110 млн. ақша игерілді.  Болашақта бір мекеме ашылса қызметкерлер де жұмысқа тартылады. Жұмыс жасауға мүмкіншілік бар. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жасалған.

Сіздің әңгімеңізден Текелі өңіріндегі жағымды жаңалықтардан хабардар болдық. Бұл игілікті істердің барлығы көптің көмегімен жүзеге асып жатқаны анық. Текеліліктерге айтар тілегіңіз де жоқ емес шығар?

Текеліктерге айтар тілегім ел аман, жұрт тыныш болсын. Елбасы саясатын қолдап, соңғы Жолдауындағы барлық  жұмыстарды атқарып, бірге «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршілік, ынтымақтастықтың арқасында жұмыс істесек, біздің ала алмайтын қамалымыз, шықпайтын шыңымыз болмайды. Сондықтан, келешегі кемел, болашағы жарқын Текелі жұртшылығы Елбасының берген тапсырмаларын орындап, ең таза, туризмі мен өнеркәсібі дамыған күшті қалалардың біріне айналады. Ертең ауыз толтырып: «О, Текелі қаласы!» деп айтып жүретін уақыт келеді. Себебі, моноқаланың таза ауасында спортшыларымыз дайындалады, өнеркәсіп пен туризм даму үстінде. Өскелең ұрпаққа спортпен айналыс, темекі шекпе, арақ ішпе, жат қылықтардан өзіңді аулақ ұста деп жиі  айтамын. Сол үшін мен таңнан кешке дейін кемінде үш рет қаладағы жағалауды айналып жүремін, көшеде жүгіремін, велосипед тебемін. Өзім үлгі болуға тырысамын. Сондай-ақ өз елін, жерін жақсы көретін, жаны ашитын адамдар көп болса екен деп тілеймін. Әр тұрғын өзі туып-өскен жеріне қолдан келгенше көмек берсе, өңірдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қазіргіден де жақсы болар еді. Әркім өз туған қаласының тазалығы мен көркеюі үшін үлесін қосса, бұл – үлкен қуаныш. Мәселен, бүгін менің қабылдауыма қала тұрғыны келіп жүргіншілер жолы, тротуар, ашық қалған люктер секілді бірнеше мәселе көтерді. Мен қаланың болашағын ойлаған тұрғынға риза болып, айтылған барлық мәселелерді шешкеннен кейін хабарласып, оған қаланы аралатып шығатынымды айттым. Жерім дейтін жанашыр жандар көп болса, Текелі қаласының келешегі де жарқын деп ойлаймын. Тотыдай таранған әдемі қалада тұрып жатқаныма қуанамын!

 Отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?

Отбасымда бір ұлым, бір қызым бар. Екеуі де студент, екеуіде қазір ҚазҰУ-да оқып жатыр. Ұлым жетінші сыныптан бастап Қазақ-түрік лицейінде оқыды. Содан кейін С.Демирел атындағы университетті тамамдады. Қызым КазҰУ-да журналистика факультетінде оқиды, ұлым осы оқу орнының заң факультетінде білім алуда. Қызым өлең жазады. «Жетісу» газетіне жиі мақалалары басылып тұрады. Сүйіп оқитын газеті де «Жетісу». Менің арманым – ұл-қызым үлкен азамат болып, өмірде өз орындарын тауып, еліміздің нағыз патриоты атануы.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айдар ҚАЛИЕВ

 

 

Оқи отырыңыз