458 МЫҢ АДАМ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

458 МЫҢ АДАМ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру барысында 458 мың азамат жұмысқа орналасты. Бұл туралы кезекті Үкімет отырысында айтылды. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ жұмыспен қамту бағдарламасының тиімділігі халық табысының өсімімен бағаланатынын жеткізді. Заң жобалау жұмыстарының 2019 жылға арналған жоспарының жобасы да осы жиында талқыланды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бағдарламаға оның қолданыстағы тетіктерінің тиімділігін арттыру және жаңа шаралармен толықтыру мақсатында өзгерістер енгізу көзделген. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды өнімді жұмысқа тарту. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова бағдарламаны іске асыруға биыл 112,9 млрд. теңге бөлінгенін, жыл соңына дейін 571 мың азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту көзделіп отырғанын айтты.

Бағдарламаның бірінші бағыты еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша жаппай оқытуды көздейді. Тегін техникалық және кәсіптік оқыту шеңберінде 1 қыркүйектен бастап 20 мың жас оқуға кірісіп, 40 мыңға жуық бағдарламаға қатысушы қысқа мерзімді оқуға жіберілген. Жалпы республика бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған 18 мың адам жұмысқа орналастырылған.

Бірінші бағыттың іске асырылуы ескеріле отырып, мемлекеттік бағдарлама жобасында оқуды аяқтаған адамдарды толық жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тетіктер көзделген. Біріншіден, оқу орталықтары мен оқу орындарына талаптарды күшейту ұсынылмақ. Атап айтқанда, тиісті материалдық-техникалық базаның, білікті педагогтардың болуы, қосарлы білім беру элементтерін пайдалану және оқу бітірушілердің кемінде 60 пайызын жұмысқа орналастыру. Екіншіден, оқыту ұйымдарын сапалы құраммен қамтамасыз ету мақсатында «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары мен оқу орындарының реестрін қалыптастыруды қарастыру. Үшіншіден, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша оқытуды қамтамасыз ету мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту үшін сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылардың тізбесін кеңейту және бекіту көзделген. Төртіншіден, отандық экономика салаларын цифрландыру және технологиялық жаңғырту жағдайында «Индустрия 4.0» үшін еңбек ресурстарын қайта даярлаудың жаңа тетігі ұсынылады. Ол үшін жұмыс берушілерге жұмыскерлерді, оның ішінде қысқартылатын жұмыскерлерді қайта даярлауға мүмкіндік беріледі, бірақ оқудың кемінде 50 пайызын қаржыландыруы керек. Бесіншіден, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін»)» жобасы бойынша жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды дайындау бойынша мемлекеттік қолдау шаралары біріктірілді, түлектер оқыған өңірлеріне жұмыс істеуге жіберілмек.

Бағдарламаның екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Ауылдар мен қалаларда шағын несие беру аясында 42 млрд. теңге, оның ішінде ауылдарда 31 млрд. теңге, қалаларда 11 млрд. теңге игерілген. Жыл басынан бері 9 801 шағын несие берілген. Шағын несиелер стартап-жобалары, зәкірлі кооперацияны дамыту және өз ісін кеңейту мақсатында берілген.

Шағын несиеге қол жеткізгендер қосымша 9 мыңнан аса жұмыс орнын ашып, «Бастау–Бизнес» жобасы негізінде 24 мың адам оқытылған. Шағын несиелерді соңғы қарыз алушыларға жеткізуді тездету үшін мемлекеттік бағдарлама жобасында бірқатар өзгеріс қарастырылған. Олар ауылдық елді мекендерде зәкірлі кооперацияны дамыту үшін шағын несие мөлшері 5 мыңнан 8 мың АЕК дейін ұлғайтылған, зәкірлі кооперация қатысушыларына, ауылдардағы және шағын қалалардағы жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге жұмыс орындарын құру негізінде қойылатын талаптар жеңілдетілген, бағдарламаға қатысушылар саны жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлермен толыққан. Бағдарламаның үшінші бағыты аясында 128 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған. Электрондық еңбек биржасы арқылы 336 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс тапқан.

Жиында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов шағын несие беру кестесіне екінші деңгейдегі жеті банк және екі шағын қаржы беру ұйымының қатысатынын айтты. Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бағытында қолға алынып жатқан шаралар жөнінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев хабардар етті. ҚР Ауылшаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев бағдарламаның екінші бағыты бойынша «ҚазАгро» еншілес құрылымдары арқылы ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда бизнес-жобаларды іске асыру үшін шағын несие беру жұмыстарының қалай жүріп жатқанын мәлімдесе, техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша кәсіби даярлау, біліктілікті арттыру, дағдыларды меңгеру бойынша оқу орталықтары тізілімін жүргізу жұмыстары туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов сөз етті.

ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев алдағы жылы «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі» кодекстерінің жаңа жобаларын, сондай-ақ «Педагогтың мәртебесі туралы», «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» Заң жобаларын әзірлеу көзделіп отырғанын мәлімдеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

 

Оқи отырыңыз