Бағлан ТӘНЕКЕНОВ: "ТҮС МЕЗГІЛІНДЕ ГАЗЕТ-ЖУРНАЛ ОҚИМЫН"

Бағлан ТӘНЕКЕНОВ:

Облыс бойынша ауылшаруашылығы тұрғысынан даму мен жаңарудың тың үлгісін көрсетіп келе жатқан Ескелді ауданына ат басын бұрудың сәті түсті. Ескелді ауданы әкімі Бағлан ТӘНЕКЕНОВПЕН тілдесіп, осыған дейінгі істелген және жоспарда тұрған жұмыстармен таныстық.

– Ескелді ауданына әкім болып тағайындалғаныңызға бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде қандай істер шешімін тапты, әлі де қолға алатын қандай мәселелер бар?

- Иә, шынымен де көзді ашып-жұмғанша бір жылдан артық уақыт өте шығыпты. Тағайындалған сәтте бірінші кезекте тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету, жол жөндеу, санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстарын қолға алдым. Биыл ауданның автомобиль жолдарымен қатар ауылдардың көшелерін жаңартып, қалыпқа келтірдік. Осыған дейін аудан орталығындағы А. Пушкин, Ә. Дайыров және К. Байсейітова көшелерінің жартысында асфальт төселмеген болатын, салып шықтық. Ал С. Сейфуллин көшесіндегі жол толықтай салынып, қауіпсіздік белгілері орнатылды. Қосымша тағы да біраз көшені жөндеу жоспарда бар.

Үстіміздегі жылы Сырымбет ауылында дәрігерлік амбулатория салынып, ел игілігіне берілді. Болашақта ауданды әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту мақсатында маусым айында «Тау Жетісу» демалыс аймағында облыстың беделді кәсіпкерлерінің қатысуымен инвестициялық форум өтті. Шарада кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп, үш маңызды жоба бойынша меморандумға қол қойылды. Аудан аумағында «Каскад Қаратал СЭС» ЖШС ұсынған қуаты 25,8 МВт «Шажа өзенінде СЭС-2 құрылысы» инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Он сегіз адамды жұмыспен қамтып отырған жобаның жалпы құны  –  9,3 млрд. теңге.

– Бағлан Сағындықұлы, аудандағы құрылыс саласының қарқыны жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз.

 Ауданда биыл қаңтар-қыркүйек айларында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 1846,0 миллион теңгені құрады, яғни, 2017 жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда 36 пайызға жоғары. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы арқылы ауданымыздағы Шымыр ауылында он жалгерлік тұрғын үй салынып, өткен жылдың қарашасында пайдалануға берілді. Әр үйдің көлемі – 70 шаршы метр. Баспана салуға бюджеттен 77,0 млн. теңге бөлініп, толықтай игерілді. Үйлер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің теңгеріміне өткізіліп, кезекте тұрғандарға берілді.

Биыл ауданымыздың сегіз ауылында үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттері салынды. Сонымен қатар, Көкжазық ауылында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасының біріншісі – әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру. Осыған байланысты 2019 жылы Қарабұлақ ауылында 60 пәтерлі тұрғын үйді «7-20-25» бағдарламасы арқылы салу жоспарланған. Ал аталған бағдарламаға қатысуға ауданның 48 азаматы ниет білдірді.

– Биыл Қарабұлақта «Радуга» балабақшасы ашылды. Балабақшамен қамту кезегі қалай жолға қойылған? Аудан орталығындағы «Айкүн» балабақшасына тіпті қаладан келетіндер де бар деп естідім.

- Ескелді ауданы бойынша 9 мемлекеттік, 2 жекеменшік балабақша және 20 мектеп жанындағы шағын орталық жұмыс істейді. Балабақшалардағы бала саны жыл сайын өсіп келеді (қазір 9 мемлекеттік балабақшада  750 бала, 2 жекеменшік балабақшада 177 бала және 20 шағын орталықта 537 бала бар). Қарабұлақтағы жеке кәсіпкер Л. Иманбаеваның «Березка» балабақшасында 77 бала, ал биыл «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігінің қаражатымен аудан орталығында бой көтерген «Радуга» балабақшасында 100 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Аудан бойынша мектепке дейінгі білім берумен қамту 98 пайызды құрайды. Бүгінде 1-6 жас аралығында аудан бойынша  760 бала, ал Қарабұлақ ауылы бойынша 510 бала кезекте тұр.

Осыған дейін Алдабергеновтегі «Қарлығаш», Қоңырдағы «Қызғалдақ», Ақын Сарадағы «Балапан», Сырымбеттегі «Айгөлек», Жетісудағы «Балдырған», Бақтыбайдағы «Балбөбек», Көкжазықтағы  «Күншуақ» балабақшалары күрделі жөндеуден өтті. 2015 жылы Қарабұлақ ауылындағы «Айкүн» балабақшасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір аудан орталығындағы «Балдәурен» балабақшасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатпен балабақшаға 133 168 000 теңге бөлінді. Бақтыбай ауылында кәсіпкер Арайлым Раисова 90 орынға арналған  балабақша ашуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта  Қарабұлақ ауылында «Гүлім и К» ЖШС  2019 жылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы 320 орындық балабақша салуды ойластырған. Бүгінде жобалық сметалық құжаттары сараптамадан өтуде.

– Осы тұрғыда аудан әкімінің жұмыс кестесі қызықтырады. Күнделікті жұмыс кестеңіз қандай?

- Қай қызметті алып қарсаңыз да өз қиындығы бар. Аудан әкімі болып тағайындалғанда жауапкершілік салмағы өсе түсті. Шынын айтқанда, мемлекеттік қызметкердің өмірі мемлекеттік жүйемен сабақтаса өріледі. Сондықтан да бар күш-жігерді, білім-білігімізді халық пен мемлекет жолына арнаймыз. Күнделікті жұмыс аудан орталығын, елді мекендерді аралаудан басталады. Одан кейінгі кезекте халықтан келіп түскен хаттарды оқып, тиісті жауаптарды беремін. Түсте газет-журнал, ғаламтор беттеріндегі жаңалықтармен танысамын. Айтылған сын-ескертпелердің орындалуын қадағалау мақсатында кешкі уақытта маңайды тағы аралап шығамын. Қабылдау кезінде аудан тұрғындары әртүрлі мәселемен келіп жатады. Халықтың әрбір сөзі, пікірі мен үшін маңызды. Кез келген тұрғынның ұсынысы мен пікірін соңына дейін тыңдауға, айтқан мәселесін өз ретімен заң аясында шешіп беруге дайынмын.

– Әлеуметтік желіні көмекші құрал есебінде пайдаланатын әкімдердің қатарындасыз. Атқарылған әр істі желіге жүктеп отыру қайдан келген идея?

– Дамыған қоғамда адам да бірге дамып отыру керек деген пікірді ұстанушылардың қатарынанмын.Әлеуметтік желілерде күнделікті отырамын деп айта алмаймын. Халыққа жақын болудың бір жолы – әлеуметтік желі. Арнайы ресми парақшаларым бар. Ол жерде көбінде тұрғындар мәселелерін айтып, пікірлерін білдіріп отырады. Мен әрқайсына ретімен жауап беруге тырысамын. Ауданның тұрмыс-тіршілігін әлеуметтік желі арқылы халыққа жеткізіп отыру тез әрі ыңғайлы деп есептеймін.

– Осыған дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында басшы болдыңыз. Дәл осы мәселе Ескелді ауданында кенжелеп қалған сияқты.

- Қазіргі уақытта үш елді мекенде: Биғаш, Қаратал және Жетісу ауылдарында су құбырларын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал Көктөбе ауылындағы нысан күрделі жөндеуден өтіп, қыркүйекте пайдалануға берілді. Жастар ауылында ауызсу жүйесін жөндеуге 41 миллион теңге бөлініп, бүгінде жұмыстар аяқталды.

Бақтыбай, Қоңыр және Қарабұлақ ауылдарының сумен жабдықтау жүйесін қайта құрылымдау және салу бойынша  жобалық-сметалық құжаттары дайын және олар сараптамадан өтті. Ауызсумен жабдықтау жүйесін жаңғырту мен құрылыс жұмыстарына бөлінген 370,7 млнтеңге толық игерілді. Осы жобалар аяқталғаннан кейін аудан халқының 97 % орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылады.

Қарабұлақ ауылындағы орталық саяжайға 41,7 млн. теңге бөлініп,  абаттандыру жұмыстары аяқталды. Саяжай ауылдың көрікті жерлерінің біріне айналды.

Аудан орталығындағы Панфилов көшесіндегі №13032 көп пәтерлі тұрғын үйлердің спорттық алаңына және жүру жолдарын жөндеуге 8,6 млн. теңге бөлініп, жұмыстары толық аяқталды. Сол сияқты Алдабергенов, М. Байысов, Қоныр, Ақын Сара, Жалғызағаш және Шымыр ауылдарындағы қатты қалдықтар полигонын санитарлық тазалау жұмыстары сәтімен бітті.

Алматы-Өскемен автожолының бойын абаттандыру бойынша жобалық сметалық құжаттар сараптамадан өткізілді. Абаттандыру жұмыстарына биылғы жылы 50,0 миллион теңге бөлініп, жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр.

Қарабұлақ ауылының орталық жылыту қазандығын қайта құрылымдау және сыйымдылығын арттыру бойынша жобалық сметалық құжаттама жасау үшін «ЭлМ» ЖШС мен келісімшарт жасалынып жатыр. Топографиялық және геодезиялық жұмыстар жүргізілді, бастапқы құжаттар жиналуда.

– Ауданда ауылшаруашылығы жақсы дамыған, жұмыс белгілі бір жүйеге түскен. Алдағы уақытта басымдық берілетін шаруалар жайына тоқтала кетсеңіз.

Ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 21834,5 миллион теңгені құрады, нақты көлем индексі – 102,8 пайыз. Ауданда барлық егістік жер көлемі 54131 гектар болса, масақты дәнді дақылдар 26634 гектарға, ал қант қызылшасы 2236 гектар жерге себілді. Статистикалық деректер бойынша ауданда 36644 бас ірі қара, 136598 қой мен ешкі, 2829 шошқа, 10036 жылқы, 46 түйе және 57474 құс бар. Жалғызағаш ауылында орналасқан  «Бимуратов Е» ЖШҚ 120 бас бұқа бордақылап, Қырғыз Республикасына 30 млн. теңгеге ет экспорттады. Алдағы уақытта басымдық беретін шаруа өнімді қайта өңдеу болып табылады. Ауданда жаңадан тауарлы фермасы сүт ашылмақ. "Сүт-Мастер-М" атты компания 600 басқа арналған сүт тауарлы фермасының құрылысын жүргізіп жатыр. Бақтыбай ауылында 2000 басқа арналған қой-ешкіні бордақылау және 1500 бас ірі қара малды  бордақылау  алаңы салынуда. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатымен "Сәлем құс"  бөдене   жұмыртқасы мен етін өңдейтін кәсіпорын ашылмақ. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,0 %-ға артып, 2885 бірлікті құрады. 9 айда шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 578,18 миллион теңге түсті. Аудан халқының көбісі ауылда тұрғандықтан ауылшаруашылығы саласын дамыту бірінші кезекте жолға қойылған. Бұл бағытта әлі атқарылар жұмыстар бар.

– Жол - бүгінгі күннің басты мәселесі. Ескелді ауданы бойынша жол жөндеу мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?

– Ауданымыздағы жол жөндеу мәселесі оң шешімін тауып жатыр. Биыл аудан орталығы Қарабұлақ ауылындағы 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 114 жол белгісі орнатылды. Бақтыбай ауылындағы Б. Римова мен Кенесары көшелерінде орташа жөңдеу жұмыстары жүргізіліп, 10 жол қауіпсіздік белгілері бейнеленген қазықтар қағылды. Сондай-ақ Төлеңгіт ауылдық округіндегі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 34 жол қауіпсіздік белгісі орнатылды. Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту үшін көлік тұрағы белгілері салынды. Әлі де көптеп салу жоспарда. Көкжазық, Қаратал, Қарабұлақ ауылдарындағы көпірлер жөндеуден өтті. Жалпы барлық ауылдық округтер бойынша жөндеу жұмыстарына 20 миллион теңге бөлініп, жұмыстар аяқталды.

- Рухани жаңғыру ұғымын қалай түсінесіз?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бәрімізге үлкен міндеттер жүктеп отыр. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бұл идеяның ұсынылуы қазіргі уақыт талабына сай қабылдаған маңызды шешім  дер едім. Жалпы Рухани  жаңғыру ұғымы еліміздің  ұлттық салт-дәстүрлерін, өнерін, мәдениетін, тарихы мен  ана  тілімізге деген құрмет сезімін жаңғыртуды көздейді. Мұны еліміздің ұлттық даму жолына түсуі деп білемін.

Елбасы жаңа ғасырдағы ұлттық санамызды жаңғыртудың бірнеше басым бағыттарын атап өтті. Онда бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, еліміздің революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы жайында жазылған. Сондай-ақ, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарынан бастап, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасын  және  «Туған жер»  бағдарламасын қолға алып, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет»  және  «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларын іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Елбасының мақаласы жарияланғалы бері тұрғындардың қатысуымен мекеме және кәсіпорындарда, шаруа қожалықтары мен ұжымдарда  талқылау болып, бірқатар іс-шаралар өткізілді. Осындай кездесулерде мақаладан туындайтын  міндеттер түсіндіріліп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау жайы насихатталды.

Ауданда қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөнінде  арнайы  аудандық комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. «Рухани жаңғыру»   бағдарламасының  құрамдас бөлігі болып табылатын «Туған жер»,  «Тәрбие және білім»,  «Атамекен»,  «Рухани қазына», «Ақпарат  толқыны» бағдарламалары бойынша  тиісті  47  жобаны   іске  асыру  жоспарланған. Нақтыласақ, «Тәрбие  және білім»    –  12 жоба,   «Атамекен»  – 19  жоба,  «Рухани Қазына» – 12  жоба,  «Ақпарат  толқыны»  –  4 жоба.

2017 жылы «Атамекен» бағдарламасы бойынша 10 жоба, «Тәрбие және білім» бойынша 1, «Рухани қазына» бойынша 3, «Ақпарат толқыны»  бойынша 4, яғни, барлығы 18  жоба мен іс-шара жүзеге асты. Атап айтатын болсақ, өткен жылы «Атамекен» бағдарламасы бойынша Бақтыбай ауылы мен Елтай ауылына дейінгі аралықтағы 9 шақырым жол жөнделді. Ескелді би кесенесіне су құбыры жүргізілді.

«Тәрбие және білім» бағдарламасы бойынша «Армандар тоғысқан мерейлі мекен»  атты  тақырыпта  жастардың  қатысуымен  экскурсия ұйымдастырылды. Шара барысында жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесі жайлы насихат жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ,  өткен жылы Ақын Сара ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы  орта мектебінің ұжымы өздерінің  туған  өлкелеріндегі  киелі жерлер туралы «Тарихы терең заманның жерұйығы – Жетісу» атты бейнефильмді көпшілік назарына ұсынды.  Жетісу ауылының түлегі композитор Ағайша Исағұлова туралы «Әнді сүйсең, менше сүй» әдеби кеші өтсе, ауданымыздың беделді азаматы В. Хильниченко туралы «Жаныңда жүр жақсы адам» атты бейнефильм түсірілді.

Тамыз кеңесінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру жолдары тақырыбында тұсаукесер жасалынды. Сонымен қатар «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша мәселе көтеріліп, тіл мамандары  өз  ойларын  ортаға  салды.

«Рухани қазына» бағдарламасының «Өнегелік құндылықтар», «Туған  өлке мәдениеті», «Тарихи-мәдени мұра», «Жергілікті туризм» бағыты бойынша 12 жобамен іс-шара  бекітілді. Өткен  жылы  үш жоба орындалды. Қапал батыр, Ақын Сара, Сөк  төре, Қоғыл әулие  кесенелерін зерттеу мақсатындағы арнайы сапар, «Қарттарым қазынам» атты қайырымдылық концерті, Шымыр ауылында орналасқан репрессия құрбандарына  арналған  ескерткішке экскурсия ұйымдастырылды.

«Ақпарат толқыны» бағдарламасы бойынша әзірленген 4 жоба орындалды.  «100 жаңа есімге Ескелді ауданының тұрғындарын таңдайық»  акциясы,  аудандық  "Жетісу шұғыласы" газетінде Рухани жаңғыруға байланысты арнайы айдар бойынша материалдар жариялап тұру, Ескелді бидің 325 жылдығына арналған бейнеролик, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау мақсатында ауданның танымал  азаматтарының қатысуымен сұхбат жүргізу сияқты шаралар жүзеге асты және әлі де жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

2018-2019  жылдары 30-ға жуық  жобаны жүзеге асыру жоспарға қойылған. Биыл мамырда Н. Алдабергенов ауылындағы орта мектепте Кеңес Одағының Батыры М. Байысов атындағы тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Бақтыбай Жолбарысұлы мен Мәйкенің ескерткіштеріне және  Ешкіөлмес тауындағы петроглифтер бейнеленген жерге экскурсия ұйымдастырылды. 2018 жылдың екінші жартыжылдығында меценаттардың көмегімен Алдабергенов ауылындағы «Қыз құлаған» аңызы көрсетілген жерге, Қаратал ауылындағы  «Солдат сай  ескерткішіне  экспедиция ұйымдастырылды.

«Өткенге ізет, бабаға құрмет» жобасы аясында  «Қапал Батыр», «Қоғыл әулие», «Сөк төре» ескерткіштеріне,  «Тоғызқұмалақ» тауында болған аңыз және ақиқат туралы, сондай-ақ Ақын Сараға арналған ескерткішке  арнайы сапар ұйымдастырылды.

Ауданда «Қазақстандағы  100 жаңа есім»  жобасы  бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.  Осы жоба бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. «Қазақстандағы  100 жаңа  есім»  жобасына  қатысамын  деп  тілек білдірген  азаматтардың  өтініштері  қабылданды. Арнайы жұмыс тобы келіп түскен өтініштерді іріктеп, мәліметтерді облыстық өңірлік жобалық офиске  жіберді. Олар: Алғысбек Дауен – айтыскер ақын, әуесқой композитор; Олжас Абай – актер; Шонку Хайратхан – грек-рим күресінің балуаны; Жанат Төлегенов– кәсіпкер, меценат. Аудандық "Жетісу шұғыласы" газетінде «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы  туралы арнайы айдар ашылып,  қазіргі  уақытта 150- ге жуық  мақала жарияланды.

Елбасы  Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласы  аясында жұмыстар жалғасын табады.

– Талдықорғанға газ келді, Текеліге де. Ал Қарабұлақта әлі де газ құбырын тарту ісі аяқталған жоқ. Осы мәселе турасында қандай жұмыс жасап жатырсыздар?

– Иә, дұрыс айтасыз, Талдықорған қаласына іргелес аудандардың біріміз. Облыс орталығына, Текеліге «көгілдір отын» келді. Ал біздің аудан туралы айтар болсақ, Қарабұлақ ауылында 15 көшеге 8,5 шақырым газ құбыры тартылды. Жалпы Сырымбет елді мекені бойынша жобалау жұмыстары аяқталды, құжаттары мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Одан басқа төрт елді мекенге (Шымыр, Ешкіөлмес, Абай, Жетісу) газ құбырларын тарту бойынша жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Құрылыс жүріп жатқан жерде кейде кемшілік те болады. Мұның бәрі назарымызда, үнемі бақылау үстіндеміз. Бұдан бөлек, тозығы жеткен инженерлік желілерді ауыстыру жұмыстары тағы бар. Қысқы жылыту маусымын өз деңгейінде өткізді өз алдына үлкен шаруаны талап етеді.

– Ауданның спорттағы жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз.

– Аудан спортшылары барлық спорт түрінен белсенді. Күні кеше Түркияның Анталья қаласында өткен армрестлингтен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектебінің түлегі Евгения Телятникова қола жүлдегер атанды. Жалпы аудан спортшыларының нәтижесі  қанағаттанарлық. Самбодан Балжан Алғабек жасөспірімдер арасында күміс жүлдегер, ал қазақ күресінен Санжар Сейдуалиев облыс чемпионы атанды. Мирас Ғалимұратов 2016 жылы «Жас барыс» атанғанын да білесіздер. Әмина Мақажан дзюдодан республикалық турнирдің женімпазы, облыс жүлдегері және спорт шеберлігіне үміткер. Қысқа қайырғанда спорттағы нәтижеміз осындай.

– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен өз ісін бастап жатқан аудан тұрғындары өте көп. Еңбектері сіздің көз алдыңызда. Жылдағымен салыстырғанда бизнес бастап жатқандар көп сияқты.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында еліміздің дамуы үшін шағын және орта бизнесті дамыту керектігін айтады. Шағын және орта  кәсіпкерлік  жұмыссыздықтың азаюына, нарықтағы  бәсекелестіктің өсуіне, ішкі өнімнің  көлемі мен сапасының  артуына ықпал ететіні анық. Осыған орай ауданымызда шағын және орта бизнестің даму мәселелеріне әрқашан бірінші кезекте назар аударылады.  «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2011 жылдан бастап жалпы сомасы 346,2 млн. теңгеге 37 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді, оның ішінде пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бойынша 13 жобаға, кепілдік алған 7 жобаға, мемлекеттік грантқа ие болған 16 жоба, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға арналған – 1 жобаға демеу жасалынды. Сонымен қатар «Шағын және орта кәсіпкерлікті несиелендіру мақсатында аумақтық қаржыландыру» бағдарламасы шеңберінде 4 жоба иегері 165,8 млн. теңге көлемінде несие алды.

– Адам бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?

– Мен адамгершілікті жоғары бағалаймын. Өйткені, адам – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен ардақты. Адамгершілік – адамның рухани арқауы.

- Сұхбатыңызға рақмет!

                                                              Сұхбаттасқан - Серік ҚАНТАЙ

Ескелді ауданы

Алматы облысы

Оқи отырыңыз